1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылдың мамыр айындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

  1. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

2022 жылғы 6 маусымда Ұлттық Банк қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің ағымдағы балансы мен жаңартылған болжамдарын ескере отырып, базалық мөлшерлемені жылдық +/- 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен 14% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. 

Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме саналатын  TONIA индикаторы[1] 2022 жылдың мамыр айында пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. TONIA орташа алынған жылдық мәні 14,4% болды (2022 жылғы сәуірде – 13,8%).

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2022 жылы мамырдың соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 2,5 трлн теңге болды.

Кері репо операциялары арқылы өтімділікті ұсыну операциясының көлемі 270,5 млрд теңге, тікелей репо арқылы өтімділікті алу көлемі – 16,3 млрд теңге болды.

Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 686,0 млрд теңге, Ұлттық Банктегі банктік депозиттер – 403,5 млрд теңге болды.

2022 жылы мамырдың соңында айналыстағы қысқа мерзімді ноттар көлемі бір айда 1,9%-ға азайып, 1 701,4 млрд теңгені құрады.

2022 жылғы мамырда жалпы сомасы 1 341,9 млрд теңгеге Ұлттық Банк ноттарының 5 аукционы, оның ішінде 1 241,9 млрд теңгеге 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 13,97%), 100,0 млрд теңгеге 3 айлық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 14,11%) өткізілді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2022 жылғы мамырда 1 350,5 млрд теңге болды.

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары

2022 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 198,8 млрд теңгеге 1 жылдан 5 жылға дейін өтеуге дейінгі мерзімі бар орта мерзімді (МЕОКАМ) және ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. Олар бойынша кірістілік жылдық 13,62-14,50% болды.

2022 жылғы мамырда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздар көлемі 11 244,7 млрд теңгеге[2]  дейін 1,35%-ға төмендеді.

2022 жылғы мамырдың соңында тәуекелсіз кірістілік қисығы[3] алдыңғы айдың соңына қатысты қысқа және орта мерзімді кезеңде жоғары өсті.  

Дереккөз: ҚҚБ  

  1. Валюта нарығы

2022 жылғы мамырда теңгенің биржалық бағамы 1 АҚШ доллары үшін 414,79 – 442,44 теңге аралығында өзгерді. 2022 жылғы мамырдың соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 6,8%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 415,16 теңге болды.

Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 10,8 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,2 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 8,6 млрд АҚШ доллары болды. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 81,5% немесе 7,0 млрд АҚШ долларын құрады, бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысы арақатынасына әсер етпейді.

2022 жылғы мамырда халық нетто-негізде 249,7 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Алдыңғы аймен салыстырғанда, бұл шығыстар 10,5%-ға өсті (2022 жылғы сәуірде – 226,1 млрд теңге), 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (157,3 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 1,6 есе ұлғайды. Шығыстардың негізгі көлемі 83,8% немесе 209,3 млрд теңге – АҚШ долларын, 5,7% немесе 14,2 млрд теңге – Ресей рублін, 10,3% немесе 25,6 млрд теңге – еуроны сатып алуға бағытталды. Валюта түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 10,6%-ға өсті (өсу 2 есе ж/ж), Ресей рублін сатып алуға арналған шығыстар 19,0%-ға өсті (төмендеу 3,2 есе ж/ж) және еуроны сатып алуға арналған шығыстар 4,3%-ға өсті (өсу 3 есе ж/ж).   

  1. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

Алдын ала деректер бойынша, 2022 жылы мамырда Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 1,9%-ға төмендеп, 32,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Алтын-валюта резервтерінің азаюы АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің артуы аясында алтын бағасының төмендеу есебінен болды. ЕДБ-ның Ұлттық Банктегі корреспонденттік шоттарының төмендеуі және мемлекеттік қарыздың төленуі алтын-валюта резервтеріне ықпал еткен қосымша факторлар болып табылады. Жергілікті валюта нарығында шетел валютасын сатып алу АВА валюталық бөлігін ішінара қалпына келтірді.

2022 жылғы мамырдың соңында Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (53,8 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, елдің жалпы халықаралық резервтері 86,6 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақша базасы 2022 жылғы мамырда 0,9%-ға тарылып, 9 875,0 млрд теңгені құрады (жыл басынан бастап 9,9%-ға тарылды). Тар ақша базасы, яғни, екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 7 037,7 млрд теңгеге дейін 2,8%-ға тарылды (жыл басынан бастап 1,3%-ға кеңейді).  

2022 жылғы мамырда ақша массасы 2,3%-ға төмендеп, 28 319,2 млрд теңгені құрады (жылдың басынан бері 5,9%-ға азайды), айналымдағы қолма-қол ақша 3 076,8 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға азайды (жыл басынан бастап 2,0%-ға өсті).

  1. Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 2,5%-ға азайып (жылдық мәнде өсу 3,1% болды), 2022 жылғы мамырдың соңында 25 242,4 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 12 755,2  млрд теңгеге дейін 3,6%-ға төмендеді, жеке тұлғалардың депозиттері 12 487,2 млрд теңгеге дейін 1,3%-ға төмендеді.

Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 16 828,5 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға артты, шетел валютасындағы депозиттердің көлемі – 8 414,0 млрд теңгеге дейін 7,6%-ға азайды. Долларландыру деңгейі 2022 жылғы мамырдың соңында 33,3% (2021 жылғы желтоқсанда – 36,0%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2022 жылғы мамырда 8 447,2 млрд теңгеге дейін 0,03%-ға, шетел валютасындағы депозиттер 4 308,0 млрд теңгеге дейін 9,9%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінің 33,8%-ы) біршама төмендеді. 

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 381,3 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға артты, шетел валютасындағы депозиттер 4 106,0 млрд теңгеге дейін 5,1%-ға (жеке тұлғалар депозиттерінің 32,9% ы) кеміді.

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 1,4%-ға азайып, 16 942,6 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 11 527,2 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар 5 415,5 млрд теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы мамырда 11,5% (2021 жылғы мамырда – 7,3%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 11,0% (8,6%) болды.

  1. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 0,6%-ға ұлғайып, 2022 жылғы наурыздың соңында 19 521,4 млрд теңгені құрады (жылдық мәнде өсу 24,8% болды). Заңды тұлғаларды кредиттеу шетел валютасындағы кредиттерді төмендету нәтижесінде, әсіресе, теңгенің айырбастау бағамының нығаюы аясында қайта бағалауға байланысты бір айда 7 893,2 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға төмендеді, жеке тұлғаларды кредиттеу 11 628,2 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 17 906,8 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,3%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредиттер 2,2%-ға өсті. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 614,6 млрд теңгеге дейін 8,4%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 8,3%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер 16,0%-ға төмендеді. 2022 жылғы мамырдың соңында теңгелік кредиттердің үлес салмағы 91,7% (2021 жылғы желтоқсанда – 89,7%) құрады. 

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 16 140,4 млрд теңгеге дейін 0,6%-ға, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 3 380,9 млрд теңгеге дейін 0,9%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2022 жылғы мамырда 3 988,5 млрд теңгеге дейін 1,3%-ға төмендеді (корпоративтік сектор кредиттерінің жалпы көлемінің 50,5%-ы).

2022 жылғы мамырда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 15,8% (2021 жылғы мамырда –  11,6%), жеке тұлғаларға – 17,0% (17,5%) болды.

  1. Төлем жүйелері

2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударым жүйелері, төлем карточка жүйелері жұмыс істейді.

2022 жылғы мамырда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 52,8 трлн теңгеге 5,1 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы сәуірмен салыстырғанда саны бойынша 7,1%-ға, сомасы бойынша – 5,2%-ға азаю байқалады). Орташа алғанда бір күнде көрсетілген төлем жүйелері арқылы 2,8 трлн теңгеге 268,9 мың транзакция жүргізілді.

2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, 19 банк пен «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 58,5 млн бірлікті құрады. Оның ішінде 2022 жылғы мамырда төлем карточкаларының 51,2%-ы (30,0 млн төлем карточкасы) қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылды.

Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, 2022 жылғы мамырда 9,7 трлн теңгеге 739,2 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы сәуірмен салыстырғанда транзакциялар саны 10,4%-ға, сомасы – 4,4%-ға ұлғайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкалары пайдаланылған операциялардың саны бойынша қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 96,9% (716,7 млн транзакция) құрады. Осы кезеңдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің үлесі 81,6% (7,9 трлн теңге) болды.

2022 жылғы мамырда халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 110,2 млрд теңгеге 0,33 млн аударым болды. 2022 жылғы сәуірмен салыстырғанда, ақша аударым көлемі 2,6%-ға азайды. Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілген аударымдардың жалпы көлемі ішінен транзакциялар санының 77,1%-ы (0,26 млн транзакция) және жалпы сомасының 89,3%-ы (98,4 млрд теңге) жіберілді. Қазақстан бойынша ақша аударым жүйелері арқылы жалпы санының 22,9%-ы (0,07 млн транзакция) және жалпы сомасының 10,7%-ы (11,8 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аударым жүйелері арқылы 69,2 млрд теңгеге 0,15 млн транзакция алынды.

  1. Зейнетақы жүйесі

2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2022 жылғы мамырда 168,8 млрд теңгеге немесе 1,3%-ға азайып, 12 770,7 млрд теңге болды.

2022 жылғы мамырда зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 2022 жылғы 1 маусымда 6 741,1 млрд теңгеге дейін 292,1  млрд теңгеге азайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескере отырып) 2022 жылғы 1 маусымда 10,9 млн шотты құрады.

2022 жылғы мамырда зейнетақы төлемдерінің сомасы 26,1 млрд теңгені құрады.

2022 жылғы 1 маусымда БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 42,5%-ы және 22,8%-ы) алады.

[1] Ең төменгі және ең жоғары кірістілігі бар мәмілелердің 5%-ын қысқарта отырып, МБҚ қоржынының бағалы қағаздармен бір күндік репо операциялары кірістілігінің орташа алынған мәні

[2] Теңгемен айналыстағы МБҚ (шетел валютасындағы МБҚ есепке алмағанда)

[3] Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға