1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылдың наурыз айындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

  1. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банк 2022 жылы 9 наурызда базалық мөлшерлемені +/- 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 13,5% деңгейінде сақтап, 25 сәуірде инфляциялық қысымның өсуін ескере келе +/– 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14%-ға дейін 0,5 п.т. көтерді.

Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме – TONIA индикаторы[1] 2022 жылғы наурызда пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. 2022 жылғы наурызда TONIA-ның орташа алынған мәні жылдық 14,1% болды (2022 жылғы ақпанда – 11,4%).

Ақша-кредит саясатының құралдары

2022 жылы наурыз айының соңында ақша нарығындағы Ұлттық Банк операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 2,6 трлн теңге болды.

Кері репо операциялары арқылы өтімділікті ұсыну операциясының көлемі 205,9 млрд теңге, тікелей репо арқылы өтімділікті алу көлемі – 173,9 млрд теңге болды.

Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі – 779,6 млрд теңге, Ұлттық Банктегі банктік депозиттер – 376,7 млрд теңге болды. 

2022 жылғы наурыздың соңында айналыстағы қысқа мерзімді ноттар көлемі бір айда 21,97%-ға қысқарып, 1 432,9 млрд теңгені құрады.

2022 жылғы наурызда жалпы сомасы 855,3 млрд теңгеге – 5 аукцион, оның ішінде 707,9 млрд теңгеге – 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 3 аукцион (орташа алынған кірістілік – 13,44%), 113,6 млрд теңгеге – 3 айлық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 13,65%), 33,7 млрд теңгеге – жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 13,77%) өткізілді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2022 жылғы наурызда 1 448,16 млрд теңге болды.

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 2022 жылы наурызда 204,9 млрд теңгеге қысқа мерзімді (МЕККАМ), орта мерзімді (МЕОКАМ) және ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік 10 бағалы қағазды орналастырды. 2022 жылғы наурызда барлығы 106,2 млрд теңгеге 1 жылдан 4 жылға дейін өтеуге дейінгі мерзімі бар облигациялардың 6 шығарылымы орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған жылдық кіріс 12,50%-дан 13, 70%-ға дейін болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2022 жылғы наурызда 11 151,4 млрд теңгеге[2]  дейін 0,21%-ға өсті.

2022 жылғы наурыздың соңында тәуекелсіз кірістілік қисығы[3] алдыңғы айдың соңына қатысты 5 жылға дейінгі қысқа және орта мерзімді кезеңде жоғары кірістілікті сипаттай отырып, инверсиялық нысанды көрсетті.

  1. Валюта нарығы

2022 жылғы наурызда теңгенің биржадағы бағамы 1 АҚШ доллары үшін 459,15 – 512,17 теңге аралығында өзгерді. 2022 жылғы наурыздың соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 5,7%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 467,03 теңге болды.

Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 9,9 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 3,4 млрд, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 6,5 млрд АҚШ доллары болды. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 78,6% немесе 5,1 млрд АҚШ долларын құрады (2022 жылғы ақпанда – 58,5% немесе 6,0 млрд АҚШ доллары), бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысы арақатынасына әсер етпейді.

2022 жылғы наурызда халық нетто-негізде 140,6 млрд теңгеге балама сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Алдыңғы аймен салыстырғанда, бұл шығыстар 2,1 есе төмендеді (2022 жылғы ақпанда – 292,5 млрд теңге), 2021 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда (131,6 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 6,8%-ға ұлғайды. Шығыстардың негізгі көлемі 64,9 млрд теңге немесе 46,2% – АҚШ долларын, 58,8 млрд теңге немесе 41,8% – Ресей рублін, 16,1 млрд теңге немесе 11,4% – еуро сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрі бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 3,0 есе төмендеді (өсу 25,2% ж/ж), Ресей рублін сатып алуға арналған шығыстар 22,0%-ға (өсу 2,7% ж/ж) және еуроны сатып алуға арналған шығыстар 16,0%-ға төмендеді (төмендеу 27,7% ж/ж). 

  1. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

2022 жылы наурызда алынған алдын ала деректер бойынша, Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 0,9%-ға төмендеп, 33,2 млрд АҚШ долларын құрады.

Алтын-валюта резервтерінің төмендеуі валюталық интервенциялар жүргізу және сыртқы борышты төлеу есебінен болды. Теріс факторлардың әсері алтын бағасының өсуімен және екінші деңгейлі банктердің валюталық шоттарындағы қалдықтардың ұлғаюынан ішінара реттелді.

Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (52,7 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, елдің жалпы халықаралық резервтері 2022 жылы наурыздың соңында 85,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақша базасы 2022 жылғы наурызда 0,3%-ға кеңейіп, 10 791,8 млрд теңгені құрады (жыл басынан бастап 1,5%-ға тарылды). Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 7 211,7 млрд теңгеге дейін 8,8%-ға тарылды (жыл басынан бастап 3,8%-ға кеңейді).  

2022 жылғы наурызда ақша массасы 3,9%-ға төмендеп, 29 517,0 млрд теңге болды (жылдың басынан бері – 1,9%), айналыстағы қолма-қол ақша 3 058,6 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға өсті (жыл басынан бастап 2,0%-ға өсті). 

  1. Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы жинақ көлемі бір айда 4,5%-ға азайып (жылдық мәнде өсу 13,2% болды), 2022 жылы наурыздың соңында 26 458,4 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиті бір айда 13 522,2  млрд теңгеге дейін 4,3%-ға, жеке тұлғалардың депозиті 12 936,2 млрд теңгеге дейін 4,9%-ға төмендеді.

Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 16 701,1 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға, шетел валютасында 9 757,2 млрд теңгеге дейін 8,2%-ға төмендеді. Долларландыру деңгейі 2022 жылғы наурыздың соңында 36,9% (2021 жылғы желтоқсанда – 36,0%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиті 2022 жылы наурызда 8 348,9 млрд теңгеге дейін 4,0%-ға қысқарды, шетел валютасында 5 173,3 млрд теңгеге дейін 4,7%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінен 38,3%) төмендеді. 

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиті 8 352,2 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға азайды, шетел валютасында 4 584,0 млрд теңгеге дейін 12,0%-ға төмендеді (жеке тұлғалар депозиттерінен 35,4%).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 5,6%-ға қысқарып, 16 962,0 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 10 833,6 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар 6 128,4  млрд теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиті бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы наурызда 10,9% (2021 жылғы наурызда – 7,2%), жеке тұлғалардың депозиті бойынша – 10,0% (9,4%) болды.

  1. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 0,6%-ға ұлғайып, 2022 жылғы наурыздың соңында 19 225,5 млрд теңгені құрады (жылдық көрсетуде 30,0% болды). Заңды тұлғаларға берілген кредит көлемі бір айда 8 057,3 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға төмендеді, жеке тұлғаларға – 11 168,2 млрд теңгеге дейін 1,2%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 17 358,0 млрд теңгеге дейін 1,7%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредит 2,4%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредит 1,2%-ға өсті. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 867,5 млрд теңгеге дейін 8,0%-ға төмендеді. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредит 8,0%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредит 6,9%-ға азайды. 2022 жылғы наурыздың соңында теңгемен кредиттердің үлес салмағы 90,3% (2021 жылғы желтоқсанда – 89,7%) болды. 

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 15 971,9 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 3 253,6 млрд теңгеге дейін 2,8%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2022 жылғы наурызда 4 534,6 млрд теңгеге дейін 16,4%-ға өсті (корпоративтік сектор кредиттерінің жалпы көлемінен 56,3%).

2022 жылғы наурызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 14,5% (2021 жылғы наурызда –  11,5%), жеке тұлғаларға – 18,0% (17,0%) болды.

  1. Төлем жүйелері

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударым жүйелері, төлем карточка жүйелері жұмыс істейді.

2022 жылғы наурызда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 59,3 трлн теңгеге 5,6 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда, саны бойынша 2,3%-ға азайғаны, сомасы жағынан – 5,4%-ға ұлғайғаны байқалады). Орташа алғанда бір күнде көрсетілген төлем жүйелері арқылы 3,1 трлн теңгеге 292,3 мың транзакция жүргізілді.

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, 19 банк пен «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карталарын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карталарының жалпы саны – 57,7 млн бірлік. Оның ішінде 2022 жылғы наурызда төлем карталарының 50,9%-ы (29,3 млн төлем карточкасы) қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылды.

Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, 2022 жылғы наурызда 9,9 трлн теңгеге 680,9 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда транзакциялар саны 13,4%-ға, сомасы – 16,6%-ға ұлғайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкалары пайдаланылған операциялардың саны бойынша қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 96,8% (658,9 млн транзакция) болды. Осы кезеңдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің үлесі 81,3% (8,0 трлн теңге) болды.

2022 жылғы наурызда халықаралық ақша аударым жүйелері арқылы жіберілген қаражаттың жалпы көлемі 88,9 млрд теңгеге 0,23 млн аударым болды. Ақша аударымдары көлемінің өсуі 2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда 28,1% болды. Жіберілген аударымдардың жалпы көлемінің ішінен транзакциялардың жалпы санының 72,4%-ы (0,17 млн транзакция) және жалпы сомасының 91,2%-ы (81,1 млрд теңге) Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілді. Қазақстан бойынша ақша аударымдары жүйелері арқылы жалпы санының 27,6%-ы (0,06 млн транзакция) және жалпы сомасының 8,8%-ы
(7,8 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы 25,6 млрд теңгеге 0,1 млн транзакция алынды.

  1. Зейнетақы жүйесі

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинағы 2022 жылғы наурызда 605,6 млрд теңгеге немесе 4,5%-ға азайып, 12 979,5 млрд теңге болды.

2022 жылғы наурызда зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 2022 жылғы 1 сәуірде 7 203,3 млрд теңгеге дейін 230,6  млрд теңгеге азайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескере отырып) 2022 жылғы 1 сәуірде 10,9 млн шот болды.

2022 жылғы наурызда зейнетақы төлемдерінің сомасы 567,4 млрд теңгені құрады.

2022 жылғы 1 сәуірде БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 40,7%-ы және 22,6%-ы) алады.

[1] Ең төмен және ең жоғары кірістілігі бар мәмілелердің 5%-ын қысқарта отырып, МБҚ себетінің бағалы қағаздармен бір күндік репо операциялары кірістілігінің орташа алынған мәні

[2] Теңгемен айналыстағы МБҚ (шетел валютасында МБҚ есепке алмағанда)

[3] Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға