1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Контрциклді ереже – бюджеттік тәртіп пен экономиканы ынталандыру арасындағы тепе-теңдік

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың  Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмасына орай, Үкімет Қазақстан Ұлттық Банкімен бірлесе отырып, Мемлекет қаражатын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.

ҚҰБ қаржы тұрақтылығы мен зерттеулер департаментінің директоры Олжас Күбенбаев жаңа бюджеттік ереже Ұлттық қордан қаражат алу деңгейін қалай төмендетіп, мемлекеттік шығындар жүйесін қалай тәртіпке салуға көмектесетінін айтып берді.

– Қазақстанның бюджет ережесі дегеніміз не?

– Бюджет ережесі дегеніміз мемлекет қаражатының мұнай цикліне тәуелділігін төмендетуге бағытталған және екі элементтен тұратын ереже.

Бірінші кезеңі Ұлттық қордан консерватизмнің жеткілікті деңгейін қамтамасыз ететін кесімді баға кезінде (мұнайдың есептік бағасы) Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін қаражаттан аспайтын деңгейде мемлекеттік трансферт көлеміне шектеу қоюды көздейді.

Екінші кезең инфляцияға қатысты ұзақмерзімді мақсатқа қарай түзетілген ұзақмерзімді экономикалық өсім деңгейінде мемлекеттік шығындардың арту қарқынына тікелей шектеу қояды. Бұл бюджеттік тәртіпті күшейтуден басқа, ақша-кредит және салық-бюджеттік саясатты еселеуге мүмкіндік береді. 

Контрциклді бюджет ережесін толыққанды пайдалану мемлекеттік шығынды мұнайдың құбылмалы бағасынан толық шектеп, жүргізіліп отырған фискалды саясаттың болжамын арттырады. Бюджеттеу жүзеге асырылатын кесімді бағаны белгілеу – жүргізіліп отырған бюджеттік саясатты мұнай цикліне тұрақты етіп, қысқамерзімді шоктардың әсерін азайтады.

– Бюджет ережесін қашан қолдану жоспарланып отыр?

– Бюджет ережесін 2023-2025 және одан кейінгі жылдардың бюджетін қалыптастырған кезде 2022 жылы енгізу жоспарланып отыр. Айта кететін маңызды жайт, ұзақмерзімді перспективада консервативтіліктің жеткілікті деңгейі Ұлттық қордың қаражатын сақтап, оны еселеуге мүмкіндік береді, бұл өз деңгейінде мұнай қоры таусылса да, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады.

– Фискалды ережені енгізу арқылы бюджеттік тәртіпті арттырудан басқа, тағы қандай сұрақ өзекті және маңызды болып отыр?

– Менің ойымша, назар аударатын сұрақтың бірі – мемлекеттің қарыз тұрақтылығы. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көбіне қарыз тұрақтылығы деген мәселе – қандай да бір қауіп төніп, реактивті шешім қабылдау керек болған соң, яғни, постфактумнан кейін ғана күн тәртібіне шығып жатыр.

Осыған байланысты, төнуі мүмкін қауіп-қатерлерді мақсатты, жоспарлы түрде үнемі анализден өткізіп, мониторинг жүргізіп отыру керек. Тәуекелерді анализден өткізу кезіндегі маңызды элементтің бірі – макро-фискалды стресс-тест. Соның арқасында болжамды макроэкономикалық және бюджетті параметрлерді ескере отырып, әртүрлі шоктарға қандай дайындық бар екенін бағалауға мүмкіндік туады. Бұл салада тиісті аналитикалық құрал жасаудың негізі бола алатын көптеген зерттеулер бар.

– Сіздің ойыңызша, мемлекеттің шартты міндеттерін ескеру қаншалықты маңызды?

– Бұндай міндеттерді уақытында анықтап, мониторинг жасау өте маңызды. Сонымен қатар, шартты міндеттер мемлекет қатыспайтын және мемлекеттік міндеттермен қамтамасыз етілмеген компанияларға да қатысты пайда болуы мүмкін екенін түсіну керек.

Жеке және квазимемлекеттік сектордағы шартты міндеттердің пайда болу қауіпіне Evegrande және Роснано кейістері мысал бола алады.

Бірінші кейсте тәуекел – құрылыс саласына өте көп компания шоғырланған соң және дефолт жағдайында Қытайдың қаржы жүйесіне әлеуетті түрде айтарлықтай әсер етуіне байланысты туындаған болатын. Компания жекеменшік болғанына қарамастан, нарықтағы сарапшылардың пікірінше, компанияға мемлекет тарапынан bail-out түріндегі қолдау жасалатыны айқын еді. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, Fitch  агенттігі компанияның рейтингін шектеулі дефолт деңгейіне дейін төмендетіп тастаған. Осының әсерінен Қытай Халық Банкінің басшысы мәселе нарықтық әдістер арқылы шешіледі деп мәлімдеді, яғни, бұл – мемлекеттік қолдау болмайды дегенді меңзегені.

Екінші кейсте мемлекеттің қатысуын және компанияның облигациялық қарыздары бойынша мемлекет кепіл ұсынғандығын ескерсек, тәуекелдер бойынша міндеттемені мемлекет өз мойнына алады деген болжам басымдыққа ие еді. Бірінші кейстегідей, компанияның дефолдқа ұшырауы, яғни, өз міндеттерін орындамауы қаржы нарығына айтарлықтай әсер етеді, ал, мемлекеттік кепілдік орындалса, бюджетке салмақ түсіреді.

Екі кейсте де жағдай соңына дейін тұрақталған  жоқ және бюджет пен мемлекеттік қаржы жүйесіне төніп тұрған жанама қатерлер сақталып отыр.

Бұл мысалдар тікелей шартты міндеттерді, гипотетикалық, бәлкім туындамайтын, бірақ мүмкін болатын шоктарды ескере отырып, қарыз тұрақтылығына баға беру қаншалықты маңызды екенін анық байқатып отыр.

Жоғарыға