Зерттеу ісі жоғары оқу орындарының ресурстарын жұмылдырады – Ұлттық Банк
Ұлттық Банк экономика саласында зерттеу ісімен айналысқысы келетін ізденушілер арасында іріктеу жүргізілетінін хабарлайды. Ұлттық Банктің Зерттеу және талдау орталығы – департаментінің директоры Сәбит Хакімжанов байқаудың тақырыптарына тоқталып, ерекшеліктері мен кезеңдері туралы айтып берді.
– Сәбит Темірханұлы, Ұлттық Банктің зерттеулерге грант бөлу туралы мүддесі неге байланысты және бұл бастаманың нәтижесінен не күтесіздер?
– Біздің мақсатымыз – экономика саласындағы зерттеулерді дамыту. Біз өзіміз үшін қызықты тақырыптарға студенттерді, профессорларды, нарықтағы мамандарды тарта аламыз деген үміттеміз. Грант үшін ұсылынған кейбір тақырыптар ішінара біздің жүргізген кейбір зерттеулермен ұқсас. Зерттеулерге қатысты академиялық қауымдастықпен бірге жұмыс істеу – зерттеушілерге жаңа шабыт беріп, жаңа бағыттарға жол ашпақ, яғни, тәжірибедегі өзекті мәселелерді айқындауға мүмкіндік береді.
Әрине, бұл тақырыптардың барлығы Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мандатты міндеттеріне тікелей қатысты болады. Яғни, зерттеу тақырыптары ақша-кредит саясаты, қаржылай тұрақтылық пен фискалды саясат аясында болмақ.
Гранттар бөлінетін зерттеу тақырыптарының толық тізімі, сондай-ақ, әрбір тақырып бойынша толыққанды ақпарат, соның ішінде, техникалық тапсырма, байқаудың өтетін уақыты мен жауапты адамдардың байланыс деректері конкурстық құжаттамада жазылған.
ЖОО-лар мен зерттеулер орталықтарының ресурстарын бір ортаға топтастыру – қоғамның ақпарат алу мүмкіндігі мен экономика тақырыбында пікірталас деңгейін арттырады деп санаймын.
– Бұған дейін Ұлттық Банк гранттарға тек заңды тұлғалар ғана өтінім жолдай алады деп хабарлаған еді. Ал, өзінің қызықты ұсыныстары мен идеялары бар жеке тұлғалар қайтпек?
– Дұрыс айтасыз, грант алу үшін ЖОО-лар мен ғылыми-зерттеу ісімен айналысатын ұйымдар өтініш бере алады. Сауалнама жүргізу керек болатын тақырыптар бойынша біз осындай мәліметтерді жинап, өңдей алатын ұйымдардың өтініштерін қарастыруға дайынбыз.
Біз жеке тұлғалардан тікелей өтініш қабылдамаймыз. Алайда, бұл грантқа қызыққан адамдар үшін кедергі болмауы керек. Демек, зерттеу орталығының немесе академиялық ұйымның штаттан тыс қызметкері бола отырып, жеке тұлға ретінде солар арқылы өтініш беруге болады деген сөз. Яғни, өтінішті ЖОО жібере алады, ал, орындайтын ұжым, тіпті, аға орындаушы ол мекеменің штаттағы қызметкері болуға міндетті емес. Зерттеу тобын жетектейтін адамның ғылыми дәрежесі, тәжірибесі мен зерттеп отырған тақырыбы бойынша мерзімді немесе ғылыми баспаларда рецензияланған мақаласы жазылған болу керек.
Бұл талаптардың барлығы экономикалық зерттеулердің сапасын арттыруға бағытталған.
– Байқауға қатысу тетіктері туралы толығырақ айтып беріңізші?
– Байқауға қатысамын деген ЖОО Ұлттық Банктің порталына кіріп, ұсынып отырған зерттеу жұмысының әдістемесін, бюджетін, жұмыс жоспарын, нәтиженің қандай болатынын сипаттап, өтініш жолдауы керек. Сонымен қатар өтініш берген тараптың біліктілігін тексеру үшін орындаушы туралы мәліметтерді қоса жазуы қажет.
Өтінішті қалай толтыруға болатыны туралы әдістеме Ұлттық Банктің порталында жарияланған.
– Экономикалық зерттеулер үшін 150 млн теңге бөлінгені белгілі. Бұл қаражат қалай үлестіріледі?
– Бұл қаражат өтініштердің сапасына, немен негізделгеніне қарай бөлінеді. Өтініштерді қараған соң Ұлттық Банк бір зерттеу тақырыбы бойынша бірнеше грант бөлуге немесе ізденушілерден сапалы өтініш келмесе, бірқатар тақырыптарға мүлде грант бермеуге құқылы.
– Гранттарды ұсыну тәртібіне тоқталсақ, Ұлттық Банк қаражаттың қалай игеріліп жатқанын бақылай ма?
– Бұл гранттар зерттеу жүргізуге кететін шығындарды жабуға арналған. Грантқа ие болған тарап «Грант ұсыну туралы» келісімшартта көрсетілген мерзім ішінде Ұлттық Банкке аралық және қорытынды есеп беруге міндетті. Бұдан өзге, дәлелдейтін құжаттарды ұсына отырып, бөлінген қаржыны қалай пайдаланғаны туралы есеп ұсынуы керек.
Біздің жоспарымыз бойынша, зерттеу аяқталған соң орындаушы рецензияланған академиялық баспаларда зерттеу нәтижесін жариялайды. Бұл жерде автор зерттеуге қаржы бөлген Ұлттық Банк екенін және оның рөлін айқындап өтуі керек. Мұндай талап типтік келісімшартта, конкурстық құжаттамада жазылған.
– Жеңімпаздар қалай іріктеледі?
– Грант ұсынатын комиссия біз академиялық ортадан тартатын тәуелсіз рецензенттердің қорытындысын негізге ала отырып, грант кімге бұйыратынын шешеді.
Комиссия құрамында Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан қор биржасы мен Қазақстан қаржыгерлер қауымастығының өкілдері бар.
– Өтінім жолдау үшін ізденуші тараптың қанша уақыты қалды және зерттеу нәтижесін жариялау үшін қанша уақыты бар?
– Өтінім хабарландыру жарияланған күннен бастап 45 күн ішінде, яғни, осы жылдың 10 тамызы мен 24 қыркүйегі аралығында қабылданады. Өтінім берушілерге соңғы күнге дейін созбай, өз ұсыныстарын ертерек жіберуге кеңес береміз, өйткені соңғы күндері порталға көп салмақ түсіп кетуі мүмкін.
Алдын ала болжам бойынша, өтінімдер осы жылғы қазанның соңына дейін қаралып, грант жеңімпаздары анықталады, кейін олармен келісімшарт жасалады. Ал, зерттеу жүргізу уақыты зерттеудің тақырыбына байланысты белгіленеді және ол мерзім техникалық міндеттемеде жазылады. Тақырыптарға байланысты зерттеу уақыты 4, 6 немесе 8 айдан ұзақ болмайды.