Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есебі бойынша түсіндірмесі
Қазақстан Ұлттық Банкінің қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Олжас Көбенбаевтың 2020 жылға арналған Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есебі бойынша түсіндірмесі
Қазақстан Ұлттық Банкі қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал ету жөніндегі міндетті іске асыру аясында 2006 жылдан бастап мерзімді негізде қаржы секторының негізгі тәуекелдері мен осал факторларын кешенді талдау және бағалау нәтижелерін қамтитын Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есепті жариялайды.
Қазақстанның 2020 жылғы қаржылық тұрақтылығы туралы есебі аясында Ұлттық Банк макроэкономикалық жағдайларға талдау жасап, кредиттік, валюталық, және пайыздық тәуекелдерді, банк секторының өтімділік, қорландыру және долларлану тәуекелдерін бағалады.
Өткен жылы әлемдік экономика коронавирустық инфекция індеті салдарынан бұрын-соңды болмаған шокты бастан кешірді. Бұл жаһандық экономикалық белсенділіктің күрт, әрі терең төмендеуіне әкеліп, ішкі карантиндік шектеулерді қоса алғанда Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етті. Мұнайдың сыртқы бағасының айтарлықтай төмендеуімен қатар сыртқы сұраныстың азаюы елдің экономикалық өсу қарқынының күрт төмендеуіне әкеп соқты, ал жаһандық жеткізілім тізбегінің үзілуі тұтынушылық бағалар мен төлем балансының ағымдағы шотына қысым жасады. Карантин шараларын мәжбүрлі енгізу салдары еңбек нарығы мен халықтың табысына кері әсерін тигізді.
COVID-19 індетінің экономикаға кері әсерін жұмсарту үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, халықты, экономиканың нақты және қаржы секторларын қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар пакетін қабылдады. Ұлттық Банк Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыруға белсенді қатысты. Дағдарысқа қарсы бұрын-соңды болмаған шаралардың арқасында ЖІӨ-нің төмендеуін (-)2,6%-дан аспайтын деңгейде ұстады, оған қоса бір мезетте қаржылық тұрақтылықты сақтап, халық пен бизнесті қолдау арқылы экономиканың терең құлдырауынан құтылуға мүмкіндік туды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, инфляция 7,5% деңгейінде қалыптасып, төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда (-)3,7% немесе (-)6,3 млрд АҚШ долларын құрады.
Тәуелсіз активтер түріндегі қаржылық қауіпсіздік қорының болуы дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру үшін қажетті мемлекеттік шығыстарды кеңейтуді қаржыландыруға мүмкіндік берді. Алайда, 2021 жылы экономиканы қолдау ауқымын өткен жылғы Ұлттық қордан берілген трансферттердің бұрын-соңды болмаған көлемімен салыстыруға болады. Бұл макро-фискалды тәуекелдерді жинақтауға әкеп соғады, сонымен қатар контрциклдік фискалды ережені жедел енгізуді талап етеді.
Өткен жыл ішінде жоғары борыштық жүктемеге байланысты
қарыз алушы кәсіпорындардың банктік қарыздарды тарту қабілеті шектеулі болып қала берді. Өткен жылдың басында экономикадағы кәсіпорындардың үштен бірінен көбі нақты сектордағы банктік кредиттердің жалпы көлемінің 74%-ға жуығын өзіне шоғырландыратын төмен немесе теріс капиталға ие болды. Бұл кәсіпорындар карантиндік шектеулер кезеңінде ең осалы болып шықты. Қайта кредиттелген кәсіпорындарды одан әрі кредиттеу банк секторының қаржылық орнықтылығының ұзақ мерзімді тәуекелдерін тудырып, экономиканың күйзелістерін сіңдіру жөніндегі мүмкіндіктерін төмендетеді.
Банк секторының өзі жылды жүйелі күйзелістерсіз аяқтады. Банк активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау (AQR) банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын талдауға және олардың жұмысын жақсартумен қоса бизнес-процестерді, саясаты мен рәсімдерді трансформациялау бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Банк секторы үшін кредит тәуекелі маңызды болып қала береді. Коронавирустың салдарынан қарыз алушылардың төлем қабілеті төмендеп, кредиттік тәуекелдердің артуына қарамастан, 2020 жылы банк активтерінің сапасы AQR кезінде активтердің сапасын жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру, жекелеген банктердің проблемалық қарыздарын біріктіру процесінде дербес реттеуі, сондай-ақ дәрменсіз банкті жүйеден шығару есебінен өсуін жалғастырды. Тарихи тұрғыдан алғанда, кредиттік тәуекелдің маңызды деңгейі корпоративтік сегментте шоғырланған. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, корпоративтік портфельдің сапасы жақсарды, бірақ бөлшек портфелінен төмен болып қалды.
Карантиннен зардап шеккен халық пен ШОБ субъектілерінің борыштық жүктемесінің өсуін бәсеңдету үшін өткен жылы қарыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шарасы іске асырылды. Жеке тұлғалар арасында кейінге қалдыру кепілсіз тұтынушылық және ипотекалық қарыздар бойынша анағұрлым сұранысқа ие болды (кейінге қалдырылған қарыз жалпы санының тиісінше 40% және 28%). ШОБ арасында төлемдерді кейінге қалдыру бойынша сауда (24%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (20%), өнеркәсіп (13%), қызмет көрсету (11%) секторларының кәсіпкерлері пайдаланды. Уақытылы асырылған төлемді кейінге қалдыру шарасы қарыз алушылардың дефолт деңгейінің айтарлықтай өсуіне жол бермеуге жағдай жасап, қарыз алушылардың көпшілігіне қарыздарын өтеу үшін қызмет көрсетуді жалғастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, 2020 жылы берілген қарыз төлеуді кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін тәуекелдерді банктердің балансында сақтай отырып, ШОБ қарыздарының бір бөлігі қайта қаржыландырылуы мүмкін.
Қарыздарға қызмет көрсету бойынша кейінге қалдыруды ұсынуға қарамастан, банк секторының өтімділік тәуекелдері төмен деңгейде қалды. Жоғары өтімді активтер бір жыл ішінде 35,1%-ға ұлғайып, 2020 жылдың соңында 12,9 трлн теңге немесе банк секторы активтерінің 41,5%, ал банктердің көпшілігінің өтімділік коэффициенттері нормативтен едәуір асатын деңгейлерде болды.
Қорландыру тарапынан негізгі тәуекелдер оның жеделдігіне байланысты болды. Жеке тұлғалардың нақты мерзімді депозиттерінің үлесі 12,8%-ға дейін өскенімен, әлі де жеткіліксіз күйінде қалып отыр (трансакциялық шоттар мен шартты депозиттерді есептемегенде – 15,7%).
2020 жылға арналған қаржылық тұрақтылық туралы есеп біздің сайтта орналасқан.