Мамырдағы валюта нарығындағы жағдай туралы
Мамырдағы валюта нарығындағы жағдай туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың негізгі тезистері
Экономикаларды қолдаудың теңдессіз шараларынан туындаған инфляция тәуекелдері әлемнің жетекші елдерінің орталық банктерінің бұдан былайғы қадамдары бойынша әлемдік нарықтар үшін жаңа белгісіздікті туындатады.
Жаһандық инвесторлардың үміттерін қайта қалпына келтіру активтердің барлық түрлері үшін, оның ішінде дамушы нарықтардың валюталары үшін де құбылмалылық факторы болып табылады.
Сыртқы нарықтардағы жағдай туралы
Мамырда коронавируспен сырқаттану бойынша негізгі статистиканың жақсарғаны байқалды. Әлемде ауруды жұқтырудың расталған жағдайлар саны сәуірмен салыстырғанда 20%-ға төмендеді. Еуропадағы тұрақты эпидемиологиялық ахуал және Үндістанда сырқаттанудың төмендеуі пандемияның үшінші толқынының бәсеңдеуіне ықпал етті. Үндістанда аурудың жаңа жағдайлары тәулігіне 414 мың ең жоғары көрсеткіштен 86 мыңға дейін қысқарды. Еуропаның көптеген елдері карантиндік шектеулерді алып, вакцина алған туристерге шекараларын ашып жатыр. Әлемде іскерлік белсенділіктің қалпына келуі жалғасуда, мұны мамырда қызмет көрсету секторының белсенді түрде қалпына келуі аясында тарихи ең жоғары көрсеткіштерді жаңартуды жалғастырған Global Composite PMI индекстері растайды.
Инфляциялық күтулердің өсуі және соның салдарынан әлемдік орталық банктердің монетарлық саясатты күшейтуіне қатысты алаңдаушылық бір ай ішінде әлемдік қор индекстерінің аралас динамикасына және әлемдік валюта нарығына әсер етті.
Өткен айда валюта нарықтары инфляция туралы хабарламаларға және АҚШ ФРЖ-ның одан кейінгі қадамдарына әлеуетті түрде әсер етуі мүмкін макроэкономикалық деректердің шығуына аса сезімтал болды. Атап айтқанда, АҚШ-тың еңбек нарығы бойынша сәуірдегі әлсіз есеп АҚШ доллары бағамының айтарлықтай әлсіреуіне алып келді, 7 мамырда АҚШ долларының дамыған елдердің валюталар қоржынына қатысты индексі (DXY) бір күнде 0,8%-ға төмендеді. Алайда, сәуірде инфляцияның рекордтық қарқыны туралы деректердің жариялануы (+4,2% ж/ж, 12 жылдан астам уақыттағы ең жоғары қарқын) доллардың бағамына тағы да әсер етіп, 12 мамырда DXY индексі 0,6%-ға ұлғайды.
Инфляциялық күтулердің өсуіне қатысты алаңдаушылық дамыған елдердің орталық банктерін монетарлық ынталандыру бағдарламаларын қайта қарауға итермелейді. Англия Банкі мен Канада Банкінің активтерді сатып алу көлемін төмендету туралы бұрын жарияланған шешімдеріне қосымша АҚШ ФРЖ таяу уақыттағы отырыстарында қаражат салу көлемін кезең-кезеңімен қысқартуды талқылауды жоспарлап отыр.
Мамырдың екінші жартысында АҚШ ФРЖ белсенді коммуникациялық саясаты инвесторлардың инфляцияның үдеуі жайындағы қауіптенуін төмендетуге мүмкіндік берді. Реттеушінің бірқатар өкілдері нысаналы көрсеткіштен жоғары орнықты инфляцияның орын алу ықтималдығының аздығы, соның салдарынан күшейту кезеңіне өту қажеттілігінің жоқтығы туралы мәлімдеді. Нәтижесінде, айдың қорытындысы бойынша DXY индексі 1,6%-ға әлсіреді, АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигацияларының кірістілігі де біршама (-3 б.т.) төмендеді.
Дамушы елдер валюталарының көпшілігі мамырда АҚШ-тың жағымсыз макроэкономикалық деректері аясында: Оңтүстік Африка ранды 5,2%-ға, Бразилия реалы 4,0%-ға, Ресей рублі 2,5%-ға қалыпты түрде нығайды. Ресей рублінің өсуіне РФ мен АҚШ Президенттерінің жоспарланған кездесуі қарсаңында геосаяси тәуекелдердің төмендеуі ықпал етті. Түрік лирасы инфляцияның жоғары қарқыны жағдайында ОБ-ның шешім қабылдаудағы шорқақтығына байланысты инвесторлардың қауіптенуі аясында 2,4%-ға әлсіреді. Кейбір экономистер (Goldman Sachs) АҚШ ФРЖ-ның өзгермейтін саясаты мен экономиканың қалпына келу географиясының кеңеюі аясында әлсіз доллар үрдісі жалғасуы мүмкін деп болжайды, алайда, жетекші елдердің ОБ риторикасын қайта қарау тәуекелдері сақталып отырғанын және олардың негізгі болып табылатынын атап өту қажет.
Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының динамикасы туралы
Мамырда эталондық Brent сұрыпты мұнайдың бағасы бір баррель үшін 69,32 АҚШ долларына дейін 3,1%-ға өсті.
Халықты вакцинациялауды жалғастырумен және карантин шектеулерін жеңілдетумен қоса АҚШ экономикасы бойынша жағымды статистикалық деректер маусымның басында мұнайға баға белгілеуде 70 АҚШ доллары деңгейінен шығуға мүмкіндік беріп, екі жылдық жоғары көрсеткіштерге жетті.
ОПЕК+ мұнай өндіру жөніндегі қолданыстағы келісім ұзартылғаннан кейін қосымша оң көрсеткіштер байқалады, оған сәйкес мамырдан бастап шілде аралығындағы үш ай ішінде нарыққа тәулігіне 2,1 млн баррель қайтарыладыде нарыққа тәулігіне 2,1 млн баррель алығындалғаннан кейін қосымша оса АҚШ экономикасы бойынша жағымды статистикалық деректер маусымның басында мұнайға баға белгілеуде тәулігіне 97,7 млн баррельге дейін 5,4 млн баррельге өсуін болжайды.
Нарыққа қатысушылар Иранның ядролық мәміле жөніндегі келіссөздерін мұқият бақылады. Айдың екінші жартысында мұнайға баға белгілеу Иран президентінің батыс елдерінің санкцияны алып тастау ниеті туралы мәлімдемесі аясында біршама төмендеді: үш сауда сессиясында Brent бағасы бойынша 6%-дан астам жоғалтты. Алайда АҚШ мемлекеттік департаменті өкілдерінің Иранмен болған келіссөздерінде қиындықтардың орын алуы туралы түсіндірмелері Иран мұнайының әлем нарығына жақын арада оралуына күмән тудырып, мұнай бағасы түзетілді.
Маусымның басынан бері мұнай бағасы көмірсутектерге сұраныстың тұрақты қалпына келуі аясында оң серпінді көрсетті. Иранмен ядролық мәміле бойынша келіссөздер бір аптаға кейінге қалдырылғаннан кейін маусымның алғашқы күндерінде мұнай бағасы 2019 жылғы мамырдан бастап алғаш рет бір баррель үшін 72 доллардан жоғары көтерілді. Бұл ретте, тараптар арасында сақталып отырған келіспеушіліктерге қарамастан, жақын арада мәміле жасасу ықтималдығы жоғары болып қалуда.
Соңғы күндері Қытайдағы мұнай импорты бойынша әлсіз статистика аясындағы айтарлықтай өсу кезеңінен кейін мұнай бағасының түзетілгені байқалады.
Мұнай бағасының өсуі аясында ұлттық валютаның динамикасы туралы
Мамырда теңге бағамы мұнай бағасының өсуі аясында 428,71 теңгеге дейін 0,1%-ға нығайды. Салық аптасы мен бейрезиденттер инвестицияларының ұлғаюы теңге үшін қосымша оң факторлар болды: экспорттаушылар салық кезеңінде шамамен 290 млн АҚШ долларын биржада конвертациялады, ал бейрезиденттердің ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарына келуі шамамен 100 млрд теңгені құрады.
Барлық аталған оң факторлар аясында теңгенің шамалы нығаюы дивидендтер төлеу үшін шетел валютасына сұраныстың артуына байланысты болды. Жылдық аудиттелген есептілік қалыптастырылғаннан кейін компаниялар күн тәртібіне дивидендтер төлеу қажеттігін шығарып жыл сайынғы акционерлер жиналысын шақырады. 2021 жылы да көптеген банктер мен компаниялар наурыз-сәуір аралығында 2020 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер төлеу жөнінде шешім қабылдады. Шетел валютасында төлеу, атап айтқанда, ірі жергілікті банктердің бірі ұсынған шетел валютасында төлеу қажеттілігі мамыр айында нарық тарапынан қосымша сұраныс факторы болды.
Жалпы, валюта нарығындағы жағдай теңгерімді болды, Ұлттық Банк интервенция жүргізген жоқ. Бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін валюта нарығында 553 млн АҚШ доллары конвертацияланды, квазимемлекеттік сектордың сату көлемі шамамен 340 млн АҚШ долларын құрады.
Маусымда теңге бағамының нығаюы жалғасып отыр. Айдың басынан бастап мұнайдың ең жоғары бағалары аясында валюта 428,71-ден 426,70 аралығында немесе 0,5%-ға нығайды.
Халықаралық резервтердің жағдайы туралы
Алтынвалюта резервтері мамырдың соңында айдың басынан бастап 2,2 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 36,5 млрд АҚШ долларын құрады.
Алтынвалюта резервтерінің ұлғаюы ең алдымен алтын бағасының бір унция үшін 1769 АҚШ долларынан 1892 АҚШ долларына дейін қалпына келуі аясында алтын портфелінің 1,9 млрд АҚШ долларына (немесе 7%-ға) өсуі аясында болды. Резервтер құрамындағы алтынның үлесі 67,7%-ға жетті. Бағалы металл бағасының өсуіне АҚШ МБҚ кірістілігінің төмендеуі және АҚШ доллары бағамының жаһандық төмендеуі себеп болды.
Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер 311 млн АҚШ долларына, оның ішінде депозиттер мен ҰБ шоттарындағы қаражаттың есебінен 297 млн АҚШ долларына өсті.
Ұлттық қордағы валюталық активтердің динамикасы туралы
Жедел деректер бойынша мамырдың соңында Ұлттық қордың валюталық активтері бір айда 800 млн АҚШ долларына ұлғайып, 58,5 млрд АҚШ долларын құрады.
Өткен айда Ұлттық қордың валюталық активтерінің өсуі валюталық түсімдердің ұлғаюына және оң инвестициялық кіріске байланысты болды. Мамырда валюталық түсімдер 720 млн АҚШ долларын құрады. Қорға түсетін түсімдердің елеулі деңгейі биылғы жылы мұнай бағасының қалпына келуіне және мамырдағы үлкен салық төлемдерінің кезеңіне байланысты қалыптасты.
Акциялар нарығындағы жалғасын тапқан оң үрдіске, облигациялар мен алтын бағасының қалпына келуге байланысты Ұлттық қордың инвестициялық кірісі мамырда шамамен 660 млн АҚШ долларын немесе 1,15%-ды құрады.
Сонымен қатар, мамырда 251 млрд теңге көлемінде кепілдік берілген және нысаналы трансферттерді бөлу үшін Ұлттық Банк қордың валюталық активтерін 553 млн АҚШ доллары сомасына (баламасы 237 млрд теңге) сатты. Бұл ретте трансферттердің бір бөлігі теңгедегі шоттағы қалдықтар мен теңгедегі түсімдер есебінен қанағаттандырылды.
Болашақ ұрпаққа арналған жинақ қоры ретіндегі Ұлттық қордың рөлін нығайту жөніндегі шаралар туралы
Қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қаражат жинақтауды қамтамасыз ету Ұлттық қордың негізгі функцияларының бірі болып табылады. Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында қорды «жеп қою» тәуекелдерін болдырмау мақсатында ІЖӨ-нің 30%-ы деңгейінде қор көлемінің төмендемейтін қалдығы белгіленді, яғни Ұлттық қордың активтері шекті мәннен төмендеген жағдайда трансферттердің мөлшері тиісті шамаға азайтылуы тиіс.
Активтерді аллокирлеу тәуекелінің теңгерімді деңгейі кезінде инвестициялардан түсетін кірістілік болашақ ұрпақ үшін Ұлттық қорда қаражат жинақтау көздерінің бірі болып табылады. Мен бұған дейінгі сұхбаттарымның бірінде айтып өткендей, Ұлттық Банк дағдарыс орын алған 2020 жылы қордың инвестицияланған активтерін сақтау жөнінде, атап айтқанда, ҰҚ тұрақтандыру портфелінде «қауіпсіздік кепілі» ретінде 5 млрд АҚШ доллары мөлшерінде төмендемейтін қалдықты белгілеу және активтердің консервативті аллокирлеуден теңгерімді аллокирлеуге көшу мерзімдерін ұзарту сияқты шаралар қабылдаған, бұл қолайсыз уақытта активтердің тәуекелді сыныптарына инвестициялауды болдырмауға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта Ұлттық Банк активтердің теңгерімді аллокирленуіне көшу және активтердің неғұрлым кірісті сыныптарының үлесін ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастыруда. 2021 жылдың басынан бастап дамушы елдердің МБҚ-ға салынатын инвестициялары 1,3 млрд АҚШ долларына және инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялар 500 млн АҚШ долларына ұлғайтылды. Алдын ала деректер бойынша осы жылдың 5 айында Ұлттық қор активтерінің кірістілігі 1,64 млрд АҚШ долларын немесе 2,84%-ды құрайды.
Бұдан басқа, ҚР Үкіметі Ұлттық банкпен бірлесіп Ұлттық қордың жинақтау функциясын қамтамасыз етуге ықпал ететін қосымша тетіктерді әзірледі. Осылайша, 2023 жылдан бастап кепілдік берілген трансферттің мөлшерін айқындау контрциклдық бюджет қағидасына негізделетін болады.
Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдаланудың БЖЗҚ инвестициялық портфелінің сапасына әсері туралы
Ең алдымен, осы жылғы бес айдың қорытындысы бойынша 3,5% инфляция кезінде зейнетақы активтері кірістілігінің 5,3% болғанын атап көрсеткім келеді. Осылайша, БЖЗҚ салымшылары үшін 1,8% мөлшерінде нақты кірістілік қамтамасыз етілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес БЖЗҚ салымшыларына тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емделу және жеке компаниялардың басқаруына беру үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға құқық берілді. Биылғы жылғы 31 мамырдағы жағдай бойынша мерзімінен бұрын алу көлемі 1,4 трлн теңге болды.
Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану басталған сәттен бері біз ай сайынғы алу көлемінің азайғанын байқап отырмыз: биылғы жылғы ақпанда 643 млрд теңге, наурызда 302 млрд теңге, сәуірде 283 млрд теңге және мамырда 179 млрд теңге болды.
Осы жинақтарды алу БЖЗҚ инвестициялық портфелінің сапасына әсер етпейді, себебі ол негізінен қаржы құралдары бойынша өтеуден және салымшылардың жарналарынан түсетін шоғырландырылған ақша қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Бұл ретте Ұлттық Банк валюталық портфельді түрлендіру үшін белсенді жұмыс жүргізуді жалғастыруда, оның үлесі биылғы жылғы мамырдың соңында зейнетақы активтерінің 32%-ын немесе шамамен 9,5 млрд АҚШ долларын құрады. Жүргізіліп отырған жұмыс шеңберінде осы валюталық портфельдің құрылымын активтердің неғұрлым кірісті сыныптарына инвестициялауды арттыруды көздейтін активтерді белгіленген стратегиялық нысаналы бөлуге келтіру мақсатында валюталық қаржы құралдарымен операциялар жүзеге асырылады. Атап айтқанда, валюталық портфельдің 25%-ға дейінгі бөлігін жаһандық акцияларға, 25%-ға дейінгі бөлігін дамушы елдердің облигацияларына, сондай-ақ 20%-ға дейіні бөлігін инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигацияларға инвестициялау жоспарлануда.
Жалпы валюталық портфельдің активтерді белгіленген стратегиялық бөлуге өтуі инвестициялардың географиясын және қаржы құралдарының ауқымын кеңейте отырып, құрылымдық әртараптандыруды жақсартуға, сондай-ақ инвестициялық портфельдің сапасын, оның өтімділігін және ұзақ мерзімді болашақта зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыруға мүмкіндік береді.