Банктер арасында жүргізілген сауалнама: бизнес сегментінде кредиттердің өсуі бірқалыпты және бөлшек несиелердің динамикасы әркелкі
ҚҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаевтың түсіндірмесі
Ірі, орта және шағын бизнесті кредиттеу
2025 жылғы III тоқсанда бизнестің несиеге жиынтық сұранысы артты. Өсімнің негізгі бөлігі ірі кәсіпорындар тарапынан сұраныстың артуымен және шағын бизнес сегментіндегі қалыпты өсіммен қамтамасыз етілді.
Ірі бизнес тарапынан сұраныстың ұлғаюы алдыңғы тоқсанда байқалған төмендеуден кейін іскерлік белсенділіктің қалпына келуі аясында ірі банктердің бірінде өтінімдер санының көбейуімен байланысты болды. Ал бірқатар орта банктер қазіргі экономикалық және кредиттік жағдайлар әсерінен сұраныс төмендегенін алға тартты. Кейбір банктерде шетел валютасындағы қарыздарға қызығушылық артты. Бұдан бөлек, орта банктердің бірі кепілдік талаптарын жеңілдетіп, кепіл ретінде қабылданатын активтер тізімін ұлғайтты. Осылайша ірі бизнес тарапынан берілген несие өтінімдерінің жалпы саны тоқсандық есеппен (т/т) 19%-ға өсіп, 237-ге жетті, ал өтінімдердің орташа көлемі 6%-ға азайып (т/т), 12,1 млрд теңгені құрады.
Орта бизнес тарапынан сұраныс тұрақты деңгейде сақталды, ал шағын бизнес сегментінде қалыпты өсім байқалады. Несиелеуді ынталандыруда «Өрлеу» бағдарламасы мен «Даму» қорының портфельдік кепілдендіру тетігі негізгі құрал ретінде қолданылды. Бірқатар банкте кепіл орнына жаңа өнімдер пайда болды. Микробизнес бағытында банктер бір жағынан қарыз алушылардың қаржылық тұрақтылығына қатысты талаптарды күшейтсе, екінші жағынан өз өнімдерін дамыту бағытында жұмыстарын жалғастырды – арнайы қосымшалар енгізді, кірісті растау тәсілдерін кеңейтті және скорингті жетілдірді. Орта бизнес өтінімдерінің жалпы саны 5,3 мың деңгейінде сақталды, ал орташа өтінім көлемі 2%-ға төмендеп (т/т), 905 млн теңгені құрады. Шағын бизнес өтінімдері 10%-ға өсіп (т/т), 999 мыңға жетті, орташа өтінім көлемі 9%-ға азайып (т/т), 27,7 млн теңгені құрады.
Орта бизнес сегментінде өтінімдерді мақұлдау деңгейі тоқсандық есеппен 4 п.п.-ке өсіп, 36%-ға жетті, ал шағын бизнес үшін 3 п.п.-ке өсіп, 36%-ға жетті. Ірі бизнес сегментінде мақұлдау коэффициенті 3 п.п.-ке төмендеп, 53%-ды құрады.
2025 жылғы IV тоқсанда банктер бизнестің несиеге деген сұранысы алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталады деп күтеді, алайда пайыздық мөлшерлемелердің жоғарылауына байланысты несиелеу шарттары біршама қатаңдайды деген болжам бар.
Ипотекалық және тұтынушылық кредиттеу, автокредит
2025 жылғы III тоқсанның қорытындысы бойынша бөлшек несиелеу сегментінде банктер ипотекалық несиелерге сұраныс төмендегенін, ал автонесиеге сұраныс артқанын атап өтті. Сонымен қатар, кепілмен және кепілсіз берілетін тұтынушылық несиелерге сұраныс өткен тоқсан деңгейінде сақталды.
Есептік тоқсанда ипотекалық несиеге сұраныс төмендеуіне ипотекалық несиелеу бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің 25%-дан 20%-ға дейін төмендейтіні[1] әсер етті. Осыған орай бірқатар банктер нарықтық ипотекалық кредиттеу талаптарын қайта қарады. Ипотекалық несиелеуге түскен кредиттік өтінімдер саны 19%-ға (т/т) өсіп, 288 мыңға жетті, ал олардың орташа көлемі 21%-ға артып, 21 млн теңгені құрады.
Кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге сұраныс 2025 жылғы II тоқсан деңгейінде сақталды. Өтінімдер санының артуы осы сегментте орта банктің пилоттық цифрлық сервисін іске қосуымен және өтінім беру белсенділігінің кеңеюімен байланысты. Осы өнімге түскен өтінімдер саны 94%-ға (т/т) өсіп, 94 мың болды, ал өтінімдердің орташа көлемі 21%-ға (к/к) төмендеп, 12 млн теңгені құрады.
Кепілсіз тұтынушылық несиелеу сегментіндегі сұраныс 2025 жылғы II тоқсанның деңгейінде қалды. Банктер реттеуші талаптары қатайғанын атап өтті. Осылайша, аталған сегменттегі сұранысқа әсер еткен негізгі факторлар 5 жылға дейінгі мерзімнің қысқаруы, жасы 21-ге дейін және 55 жастан жоғары тұлғалар үшін займ шартын жасасу кезінде қойылатын қосымша талап, «суыту кезеңі», сондай-ақ несие тарихы жоқ қарыз алушының займ алу барысында банк бөлімшесіне келу қажеттілігі болды[2]. Сөйтіп, өтінімдер саны 6%-ға (т/т) төмендеп, 17,2 млн, ал орташа өтінім көлемі 7%-ға (т/т) өсіп, 1 млн 50 мың теңге болды.
Автонесиеге сұраныс 2025 жылғы бірінші жартыжылдықта бірқатар банктер іске қосқан автосалондар субсидиялайтын бағдарламалардың кейінгі әсеріне байланысты өсуді жалғастыруда. Автокредиттерге түскен өтінімдер саны өткен тоқсан деңгейінде (1,52 млн) қалды, ал олардың орташа көлемі 5%-ға (т/т) төмендеп, 6,9 млн теңгені құрады.
Ипотекалық өнімдер бойынша мақұлдау коэффициенті 6 т.п.-ға (т/т) төмендеп, 23% болды. Кепілмен берілетін тұтынушылық несие бойынша – 23 т.п.-ға (т/т) төмендеп, 22%-ды, автонесие бойынша – 2 т.п.-ға (т/т) төмендеп, 17%-ды құрады. Ал кепілсіз несиелеу бойынша көрсеткіш өзгеріссіз қалып, 32% деңгейінде сақталды.
2025 жылғы IV тоқсанда банктер ипотекалық несиеге, кепілсіз тұтынушылық несиеге және автокредитке сұраныс аздап төмендейді деп күтеді. Кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге сұраныс деңгейі өзгеріссіз сақталады деген болжам бар.
2025 жылғы II тоқсанда кредиттеу бойынша банктердің сауалнамасына екінші деңгейлі 21 банк қатысты. Сауалнаманы Ұлттық Банк тоқсан сайын несие ресурстарына сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау мақсатында жүргізеді.
[1] Осы норманың қолданылуы 2025 жылғы 1 қарашаға дейін тоқтатылады. Бұл Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы № 62 және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2024 жылғы 19 тамыздағы № 45 «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті өлшемдерін айқындау туралы» бірлескен қаулысының құрылымдық элементінің қолданылуын тоқтату туралы» бірлескен қаулысына сәйкес іске асырылады.
[2] Аталған өзгеріс Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 маусымдағы № 205-VIII «Қаржы нарығын дамыту, қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын қорғау, байланыс мәселелері және артық заңнамалық реттеуді алып тастау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес енгізілді.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz