1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн.

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18%-ке дейін, яғни 150 базистік тармаққа көтеру туралы шешім қабылдады.

Шешім инфляцияның қазіргі динамикасын, оның факторлары мен тәуекелдер балансын ескере отырып қабылданды.

Инфляциялық ахуал нашарлап тұр. Тамыз, қыркүйек айларында жылдық инфляция қарқын алып, 12,9%-ке жетті. Инфляцияның барлық компоненті өсіп жатыр. Бұл бағаларға бір сәтте ішкі және сыртқы бірнеше фактордан қысым көрсетіліп жатқанын білдіреді. Инфляцияның өсуіне негізгі үлес қосып отырған фактор – азық-түлік пен ақылы қызметтердің қымбаттауы. Айлық инфляция және оның тұрақты бөлігі айтарлықтай жеделдеп келеді. Инфляциялық күтулер де жоғары болып қалып отыр. 

Биыл 8 айда экономика 6,5%-ке өсті. Бұл – 14 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Фискалдық және квазифискалдық қаражаттың бөлінуі сұраныстың тұрақты болуын қамтамасыз етіп отыр. Бұл сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтықтың өсуіне әкеліп, бағаға қысым көрсетіп тұр.

Азық-түліктің де әлемде бағасы өсіп, инфляцияның импорттық бөлігін күшейтті.

Инфляцияның жеделдеуі, инфляциялық күтулердің жоғары болуы және айырбастау бағамының әлсіреуі жиынтық ақша-кредит шарттарының жұмсаруына алып келді. Қыркүйекте нақты, яғни инфляцияны есептен алып тастаған жағдайдағы базалық мөлшерлеме 3,5%-ке дейін төмендеп, саясаттың бұрынғы қатаң деңгейіне сай болмады. 

Ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаңдығын қайтару және инфляцияның шамадан тыс өсуін болдырмау үшін, базалық мөлшерлемені едәуір арттыру қажет болды. Тамыздағы шешімді жариялаған кезде инфляция қарқыны біршама баяуламаса, саясатты қатаңдату мәселесін қарастырамыз деген едік. Енді инфляцияны төмендету үшін осы қағиданы іске асырып жатырмыз.

Базалық ставка туралы осы жылдағы соңғы шешім қараша айында қабылданады. Сол шешім қабылданғанда инфляция мен басқа да макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған болжамдары ескеріледі.

Ұлттық Банк проинфляциялық және дезинфляциялық факторлар балансын, инфляция динамикасы мен оның баяулау траекториясын жан-жақты бағалап отырады. Саясаттың қатаңдылық деңгейі инфляцияны тұрақтандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда, қосымша қатаңдату мүмкіндігін қарастыратын боламыз.  

Енді шешім қабылдауға негіз болған факторларға тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

Қыркүйекте жылдық инфляция 12,9%-ке жетті. Біздің болжамнан жоғары қалыптасып отыр. Өсімнің негізгі драйвері – азық-түлік пен ақылы қызмет бағасы. Шілде айында біраз бәсеңдегеннен кейін сервистік инфляция тамызда 15,3%-ке дейін жеделдеп, қыркүйекте осы деңгейде сақталды. Реттелетін (30,4%) және нарықтық қызметтердің (13,4%) құны өсіп жатыр. Қыркүйекте азық-түлік инфляциясы 12,7%-ке жетті. Бұл шілдедегі 11,2% және тамыздағы 11,7%-бен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Өсімге әлемдік азық-түлік бағасының жоғары болуы мен өндіріс шығындарының артуы бірден-бір себеп болды. Азық-түлікке жатпайтын инфляция да 10,8%-ке дейін жеделдеді. Бұған жанар-жағармай бағасының өсуі мен экономика тарапынан тұрақты сұраныс ықпал етті. Атап айтқанда, қыркүйекте жанар-жағармай бағасы 11,9%-ға қымбаттады.

Қыркүйекте айлық инфляция 1,1%-ке дейін (шілдеде 0,7% және тамызда 1,0%) жеделдеді. Базалық және маусымдық факторларды ескермегендегі инфляция көрсеткіштері айтарлықтай өсіп, экономикадағы проинфляциялық қысымның күшейгенін көрсетті.

Халықтың инфляциялық күтулері алдағы бір жылға 13,2%-ті құрады. Бұл көрсеткіш құбылмалы болып, респонденттер жауабында белгісіздіктің жоғары деңгейі сақталып отыр.  Бағаның өсуіне қатысты халықтың ұзақмерзімді болжамдары 14% деңгейін көрсетті.

Нарыққа кәсіби қатысушылардың 2025 жылға бағаның өсуі жөніндегі болжамы 11,3%-тен 12%-ке дейін, ал 2026 жылға болжамы 9,5%-тен 10%-ке дейін өсті.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР

Қазақстан экономикасы тез өсіп келеді. Жалпы ішкі өнімнің биылғы сегіз айдағы өсімі 6,5%-ке жетті. Көлік, құрылыс, сауда салаларында және тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібінде жоғары өсім байқалады.

Халықтың тауарлар мен қызметтерге сұранысы тұрақты. Нақты кірістің төмендеуінен тұтынушылық кредиттеу мен жинақталған қаражатты ықтимал пайдалану есебінен сұраныс аясы кеңейді.

Бөлшек сауданың да өсу қарқыны жеделдеді. Оған негізгі үлес қосқан – азық-түлікке жатпайтын тауарлардың сатылуы. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру есебінен тұрғын үйге сұраныс артты. Соның салдарынан жиһаз, тұрмыстық техника сияқты ілеспе таураларға сұраныс көбейді. Бұл да бағаның өсуіне қосымша қысым көрсетті.

Инвестициялық белсенділік жеткілікті деңгейде жоғары, қаңтар-тамыз айларында өсім 14,3%-ті (ж/ж) құрады. Инвестициялар құрылымында бюджет қаражатының үлесі жалпы көлемнің 23%-іне жетті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда олардың көлемі 42,6%-ке ұлғайған.

Іскерлік белсенділік индексі (ІБИ) 2024 жылғы наурыздан оң аймақта болып, іскерлік ортаға қатысты кәсіпорындардың оптимизмін көрсетті.

Экономика ішіндегі үрдістер бағаға жоғары қысымның сақталып отырғанын көрсетті. Бұл қазіргі инфляция динамикасынан көрініс тауып отыр.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

АҚШ-тың сауда саясаты, геосаяси тәуекелдер мен сауда-саттықтағы шектеулердің әсерінен әлемдегі белгісіздік деңгейі жоғары қалпында қалды. Азық-түліктің әлемдік бағасы да жоғары деңгейде қалыптасып отыр.

ФАО азық-түлік бағасының индексі өткен жылғы қыркүйектегі деңгейден 3,4%-ке жоғары. Ет пен өсімдік майы бағасының индексі соңғы жылдары рекордтық деңгейге жетті. Дәнді дақылдар, сүт өнімдері мен қант бағасының төмендеуі, жалпылай алғанда, ФАО индексінің өсуін шектеді.

Әлемдік экономиканың перспективаларына қатысты жоғары белгісіздік жағдайында жетекші орталық банктер өз саясатын сақтықпен жүргізіп отыр.

Тамызда Еуроодақтағы инфляция 2,4% деңгейінде қалды. Еуропа орталық банкі жаңа деректерге негізделген саясатты жүргізіп отыр. Реттеуші әлемдегі сауда саясатының тұрақсыздығына байланысты инфляцияның болашақтағы бағытын қазіргі уақытта болжау қиын екенін атап өтті.

Федералды резервтік жүйе де барынша сақтық танытып отыр. АҚШ-тағы инфляция тамызда 2,9%-ке дейін жеделдеп, таргетпен салыстырғанда жоғары болды. Жұмыспен қамту тәуекелі арта түсті. Мұндай жағдайда Федералды резервтік жүйе жаңарған деректерді, өзгерген перспективалар мен тәуекелдер балансын жан-жақты бағалай отырып, шешім қабылдайды.

Ресейде инфляция біртіндеп тұрақтанып келеді. Тамызда инфляция 8,1%-ке дейін төмендеді. Осыған байланысты қыркүйекте Ресей Банкі негізгі мөлшерлемені 17%-ке дейін төмендетті. 2026 жылы инфляцияны мақсатқа қайтаруға қажетті ақша-кредит шарттарының қатаңдығын сақтап қалатынын да атап өтті.

Геосаяси тәуекелдер салдарынан мұнай бағасы базалық сценарийге қарағанда біршама жоғары қалыптасып отыр.

* * *

Құрметті журналистер!

Инфляцияның соңғы айлардағы көрсеткіші инфляциялық қысымның күшейгенін аңғартады. Инфляция болжамнан жоғары қалыптасып, мақсатты таргетке жету жолындағы тұрақты төмендеу траекториясынан ауытқып кетті. Теңге бағамының әлсіреуімен бірге инфляцияның жеделдеуі ақша-кредит шарттарын айтарлықтай жұмсартты. Осы жағдайлар ақша-кредит шарттарының қажет болған қалыпты қатаңдығын қайта орнына келтіру және, ең бастысы, инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін базалық мөлшерлемені көтеруді талап етті.     

Базалық ставка туралы осы жылдағы соңғы шешім қараша айында қабылданады. Сол шешім қабылданғанда инфляция мен басқа да макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған болжамдары ескеріледі.

Ұлттық Банк проинфляциялық және дезинфляциялық факторлар балансын, инфляция динамикасы мен оның баяулау траекториясын жан-жақты бағалап отырады. Қазіргі қатаң ақша-кредит шарттары инфляцияны тұрақтандыруға жеткіліксіз болса, қосымша қатаңдату қажеттілігі мен оның орындылығын қарастыратын боламыз.  

Бағаға қысым сақталып отыр. Оған фискалдық ынталандыру, тұтынушылық кредиттеуден туындайтын тұрақты ішкі сұраныс, жоғары инфляциялық күтулер, тарифтердің өсуі мен реформалардың жалғасуы әсер етті. Сыртқы секторда белгісіздік орын алып отыр. Азық-түліктің әлемдегі бағасы да жоғары.

Инфляция – бүгін мемлекеттік саясаттың күн тәртібінде ең маңызды мәселе. Қарқынды дамып жатқан экономика жағдайында инфляцияның жеделдеуі халықтың нақты табысын құнсыздандырып отыр. Өкінішке қарай, халықтың нақты табысы төмендеп отыр, ал нақты жалақы деңгейі  өзгеріссіз қалған. Соңғы 2,5 жылды алып қарағанда, шілде айында табыс максималды түрде төменденгені байқалды. Әрине, бұл үрдіс жоғары инфляция аясында қалып отыр.

Сол себепті, инфляцияны төмендету бойынша кешенді жұмыс – Ұлттық банк пен Үкімет үшін негізгі міндет болып қала береді. Инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша жаңартылған шаралар кешенін әзірлеу барысында біз Үкіметпен бірлесіп тарифтік саясат параметрлерін түзету бағытында тығыз баланыс орнатуды жалғастырамыз.  

Біз ақша-кредит және макропруденциялық саясат бойынша қосымша шараларды іске асыруды да жалғастырамыз.

  1. 2026 жылғы қыркүйекке дейінгі 3 кезеңнен тұратын жоспарға сәйкес ең төменгі резервтік талаптарды (ЕТРТ) көтеру. Бұл шаралар ақша-кредит саясаты құралдары бойынша сыйақы төлеуге арналған ақша эмиссиясын қысқартып, айналымдағы артық ақшаны азайту арқылы инфляцияға қарсы саясаттың тиімділігін арттырады.
  2. Алтын-валюта операцияларын теңестіру. Осы шара аясында биылғы 9 айдың ішінде 2,3 трлн теңге көлемінде өтімділік алынды. Жыл соңына дейін қосымша 1,4 трлн теңге алу жоспарланып отыр. Бұл эмиссиялық және инфляциялық әсерді төмендетіп, жаңа өтімділіктің пайда болуына жол бермейді.
  3. Тұтынушылық кредиттеу нарығын салқындату бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Жеке тұлғалардың несиелеріне қатысты секторалды контрциклдік капитал буфері енгізілді. 2026 жылғы 1 сәуірден бастап банктер жеке тұлғалар портфелінің тәуекелмен өлшенген активтерінің 2%-ы мөлшерінде қосымша капитал буферін ұстап отыруы тиіс, ол ағымдағы деректер бойынша 463,5 млрд теңге шамасында бағаланады.

Агенттікпен де бірлесіп, тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) деңгейі
56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді.

Борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) бөлігінде қарыз алушының табысын растау тәсілдері қатаңдатылды – табыс көздерін қайталау, дебеттік карталарды, депозиттер мен т.б. толықтыру есебінен табысты артық көрсетуге жол бермеу қарастырылды.

Сонымен қатар, Ұлттық Банктің бастамасы бойынша 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бөлшек несиелеуге қатысты дифференциалды салық салу тетігі енгізіледі. Осылайша, банктердің бөлшек несиелеуден және өзге де табыстарынан түсетін КТС мөлшерлемесі 25% (бизнесті несиелеу бойынша 20%) деңгейінде белгіленеді.

Ұлттық Банк Агенттікпен бірлесіп қабылданған шараларды одан әрі іске асыра түседі. Сондай-ақ, тұтынушылық кредиттеу қарқынын және инфляция деңгейін төмендетуне бағытталған қосымша тетіктер әзірлейді.

Жеке тұлғалар несиелеріне қатысты секторалды контрциклдік капитал буферіy одан әрі арттыру мәселесі пысықталады. Әдістемені жетілдіру аясында борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) есептеу кезінде қолданылатын табыс өлшемдерін қайта қарау жүргізіледі. Бұдан бөлек, халықтың жиынтық борыштық жүктемесінің өсуін шектеу мақсатында жаңа макропруденциялық құрал – қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті енгізіледі.

Үкіметпен және Агенттікпен бірлесіп, BNPL секторы, яғни бөліп төлеу жүйесі бойынша реттеу тәсілдері әзірленеді.

Аталған шаралардың барлығы, сөзсіз, инфляциямен күреске өз үлесін қосады. Алайда, ақша-кредит саясатының негізгі құралы – базалық мөлшерлеме болып қала береді. Дәл осы көрсеткіш ақша-кредит шарттарының деңгейін айқындайды. Сондықтан бүгін біз базалық мөлшерлемені ақша-кредит саясатының қалыпты қатаң ұстанымын қалпына келтіретін деңгейге дейін көтердік.

Ұлттық Банк инфляцияны төмендету үшін ақша-кредит саясаты аясындағы барлық қажетті шараны қабылдайды. Төмен және тұрақты инфляция – еліміздің іскерлік ортасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің экономикалық өсімін қамтамасыз етуге қосар басты үлесіміз.  

Жоғарыға