Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі
Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!
Құрметті журналистер!
Қайырлы күн.
Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Бүгінгі шешім болжамдық раундқа негізделді. Оны қабылдау кезінде біз инфляция мен экономикалық өсу болжамын жаңарттық. Ағымдағы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескердік. Болжамымызды жаңарттық. Тәуекелдер балансын жан-жақты бағаладық.
Экономикада инфляциялық қысым сақталып отыр. Қысқамерзімді инфляциялық күтулер құбылмалы күйінде. Инфляцияның орнықты бөлігі біраз төмендегенімен, жоғары болып қалуда.
Экономика жоғары қарқынмен өсіп келеді. Сұраныс ұсыныстан артып, бағаларға әсер етіп отыр. Сұраныстың жоғары деңгейде сақталып қалуына тұтынушылық кредиттеу қосымша себеп болды.
Сыртқы жағдай саудадағы шектеулердің өсуі мен геосаяси шиеленіс жағдайында қалыптасуда. Әлемдік азық-түлік бағасының тоқтаусыз өсіп келеді.
Осы факторлардың жиынтығы бағалардың өсуіне әкелді.
Біз үшін инфляциялық күтулерді тұрақтандырып, инфляцияны төмендету – басым міндет. Сол үшін Ұлттық Банк ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаңдығын ұзағырақ сақтайтын болады.
Проценттік саясатпен шектелмей, қатар қосымша шаралар кешені де маңызды рөл атқарады.
Енді шешім қабылдауға негіз болған факторларға тоқталып өтейін.
БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.
Шілденің қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,8%-ды құрады. Сервистік инфляция едәуір төмендегенін көрсетті. Ол 16,1%-тік ең жоғары көрсеткішке жетіп, шілдеде 14,9% болды. Бұған тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің реттелетін бағасының өсім тұрғысынан тұрақтануы да, нарықтық инфляциясының баяулауы да ықпал етті. Бұған дейін біз тарифтік реформаны іске асыру қарқыны мен мерзімі бойынша Үкіметпен кеңесіп отырғанымызды атап өткенбіз. Тиісті шешім Үкімет тарапынан қабылданып, нәтижесі көп күттірмеді. Енді, міне, қызметтердің инфляцияға қосқан үлесі төмендей бастағанын көріп отырмыз.
Азық-түлік инфляциясының өсуі жалғасуда, ол 11,2% деңгейінде қалыптасты. Оның себебі – ауылшаруашылығық өнімдері қымбаттап, басқа салаларда өндіріс шығындарына алып келді және импорт құнының өсуінен азық-түліктің көтерме бағасы өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 9,5%-ға өсті.
Шілде айында айлық инфляция 0,7%-ға дейін төмендеді, алайда ол әлі де жылдық орташа мәндерден жоғары қалыптасып отыр. Соңғы 10 жылда шілдедегі инфляция орта есеппен 0,4% деңгейінде болған. Базалық және маусымдық әсерден тазартылған инфляция көрсеткіштері де біршама төмендеді. Соған қарамастан, проинфляциялық қысымның сақталуы жағдайында көрсеткiштер әлі де ортамерзiмдi таргеттен айтарлықтай жоғары.
Халықтың бір жылға арналған инфляциялық күтулері маусым айындағы 12,6%-тен 14,2%-ке дейін көтерілді, бірақ белгісіздік деңгейінің жоғары болуына байланысты құбылмалы болып тұр. Сондай-ақ бағаның өсуіне қатысты халықтың ұзақмерзімді күтулері де артты.
Кәсіби қатысушылар бағалауында барынша ұстамды болғанымен, олардың да болжамы өсу жағына қарай ығысып отыр. Яғни 2025 жылға инфляцияның медианалық бағалауы 11,3%-ке, ал 2026 жылға 9,5%-ке дейін көтерілді.
ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.
Экономикалық белсенділік артып келеді. Алдын ала деректер бойынша биыл қаңтар-шілде аралығында жалпы ішкі өнімнің өсімі жылдық мәнде 6,3%-ке дейін жеделдеді. Оған шикізатқа жатпайтын салаларда инвестицияның ұлғаюы, тұрақты тұтыну және мұнай секторының қалпына келуі әсер етті.
Көлік пен қоймада сақтау саласында белсенділік артты (22,5%). Ал құрылыс саласы (18,5%) өрге басты. Тау-кен өндіру (8,5%), өңдеу (6,1%) өнеркәсібінде және саудада (8,6%) да іскерлік белсенділік айтарлықтай өсіп келеді.
Дегенмен, экономиканың өндірістік мүмкіндіктері ішкі сұраныстың өсуін қамтамасыз ете алмай отыр. Инфляциялық қысым күшейіп, cұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық сақталуда.
Тұтынушылық белсенділік ұлғайып келеді. Биылғы сәуірден бастап біз бөлшек сауда айналымының кеңейгенін байқап отырмыз. Алдыңғы айларда белгілі бір тұрақтанудан кейін ол шілде айында жылдық 6,6%-ті құрады.
Ірі заттарды сатып алуға, мысалы, автокөліктерге сұраныстың артуы тұтынушылық белсенділіктің өсуін көрсетеді. Оған жеңілдік беретін көптеген бағдарламалары бар дилерлердің ұсынысы ықпал етті. Тұрғын үй сатып алуға байланысты мәмілелер сегментінде де жоғары белсенділік байқалады.
Халықтың нақты табысының қысқаруынан, нақты жалақының өспеуінен жаппай тұтынушылық кредиттеуге сұраныс өсіп келеді. Бөліп төлеу, маркетингтік акциялар мен жоғары инфляциялық күтулер де соған себеп болып отыр.
Инвестициялық белсенділік жоғары болып, биыл қаңтар-шілдеде 16,1%-ке өсті. Бұл өсім мемлекеттік және жеке инвестициялардың жандануынан орын алды. Сонымен қатар, жыл басынан бері жалпы инвестициялар құрамындағы бюджеттік қаражаттың үлесі артқанын байқап отырмыз. Ол 22,4%-ті құрап, өткен жылдың көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары.
ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ОРТА ФАКТОРЛАРЫ.
Сыртқы инфляциялық қысым әлі де бар. Бұған әлемдiк азық-түлiк нарығында бағаның өсуi себеп болды.
ФАО мәліметі бойынша, шілдеде азық-түлік бағасының индексі 130,1 тармаққа дейін көтеріліп, жыл басынан бері өсу үрдісін жалғастыруда. Ет пен өсімдік майының бағасы тарихи тұрғыдан жоғары деңгейде қалды. Бұл жағдай астық пен қант бағасының төмендеуін теңестірді.
Біздің ірі экономикалық серіктесіміз – Ресейге келер болсақ, онда инфляциялық қысым біршама бәсеңдеп, инфляция 8,8% болды. Осыған байланысты Ресей Банкі шілде айында негізгі мөлшерлемені 18%-ке дейін төмендетті, бірақ инфляцияны өздерінің нысаналы деңгейіне қайтару үшін жеткілікті қатаң саясатты ұзақ уақыт сақтау қажет екенін атап өтті.
Ресейдегі баға өсімінің баяулауына қарамастан, Қазақстан үшін сыртқы инфляциялық қысым әлі де сақталады. Оның ішінде рубльдің теңгеге қатысты берік бағамына байланысты.
Дамыған елдерде инфляция таргетке жақындап келеді. Ол Еуроодақта 2,4%-ке дейін, АҚШ-та 2,7%-ке дейін баяулады. Ал реттеушілер саудадағы белгісіздік пен геосаяси тәуекелдер жағдайында саясат жүргізуде сақтық танытып отыр.
Еуропа орталық банкі таргетке жету фактісін алға тартып, ортамерзімді перспективада инфляцияны нысанаға келтіруді қамтамасыз ететініне сенімді. Федералды резервтік жүйе риторикасы біршама жеңілдеді. Алайда, сыртқы монетарлық жағдайлар мамыр айындағы алдыңғы болжамдық раундпен салыстырғанда мөлшерлеменің баяу төмендеуі күтіліп отырған аяда сәл нашарлады. Бұған Федералды резервтік жүйенің таргетінен жоғары тұрған инфляция, АҚШ-тың сауда саясаты мен басқа елдердің қарсы шараларына байланысты тәуекелдер, сондай-ақ инфляциядан озып келе жатқан жалақы өсімі ықпал етті.
Мұнай нарығындағы жағдай әлі де құбылмалы. Сауда шектеулерінің енгізілуі мен экономикалық өсімнің баяулауы салдарынан энергия тасымалдаушыларға деген сұраныс төмендеуі мүмкін деген қауіп пен ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін ұлғайтады деген күтулер бағаға қысым көрсетіп отыр.
Біздің базалық сценарийдегі ағымдағы шарттарды ескерсек, Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 60 доллар деңгейінде сақталды.
* * *
Енді болжамдарға тоқталып өтейін.
Осы жылға арналған инфляция болжамы нақтыланды. 2025 жылы инфляция 11-12,5% аралығында болады деп күтілуде. Келесі жылдарға арналған болжам өзгерген жоқ: 2026 жылы баға өсімі 9,5–11,5%, ал 2027 жылы инфляция 5,5–7,5% деңгейіне дейін төмендейді.
Сонымен бірге инфляцияның тұрақты құрамдас бөлігі – яғни реттелетін бағалар, ЖЖМ (жанар-жағармай) және басқа да құбылмалы факторлар алынып тасталған инфляция – болжамдық кезең, яғни 2027 жылдың соңына қарай 5% нысаналы деңгейге жақындайды.
Инфляция болжамының тәуекелдері ішкі сұраныс тарапынан қысымның күшеюіне, инфляциялық күтулердің тұрақсыздығына, сыртқы инфляцияның жеделдеуіне байланысты. Сонымен қатар, белгісіздік факторы ретінде реттелетін бағаларды, соның ішінде жанар-жағармайды реформалау қарқыны мен мерзімі, сондай-ақ инфляциялық күтулер мен инфляцияның тұрақты бөлігіне тигізетін жанама әсері қарастырылып отыр.
2025 жылға жалпы ішкі өнімнің өсу болжамы қалыптасқан инвестициялық белсенділіктің жоғары қарқынына және тұрақты тұтынушылық сұранысқа байланысты 5,5-6,5% аралығында жоғарылау жағына қайта қаралды.
Кейінгі жылдардың болжамдары өзгеріске ұшырамады. 2026 жылға – 4-5%. 2027 жылы экономиканың өсу қарқыны теңгерімді деңгейге жақындайды деп күтеміз.
Жалпы ішкі өнім болжамының тәуекелдері Ұлттық қордан қаражат алуды төмендету жоспарын іске асырумен қатар фискалдық тәртіпті сақтауға, ішкі сұраныстың күшеюіне және басты экспорттық позициялар бағасының төмендеуіне байланысты.
* * *
Құрметті журналистер!
Қорыта келе, экономикадағы проинфляциялық қысым әлі де сақталып отыр және инфляциямен күрес жалғасуда.
Ақша-кредит саясаты бойынша бұдан кейінгі шешім нақты инфляцияның болжамды траекторияға сәйкестігіне және тәуекелдер балансындағы өзгерістерге байланысты қабылданатын болады.
Алдағы айларда инфляция қарқыны айтарлықтай бәсеңдемеген жағдайда Комитет инфляцияны 5%-тік мақсатқа қарай бағыттау үшін қалыптасқан ақша-кредит шарттарын қатаңдатуды доспарлап отыр. Осыған байланысты алдағы отырыстарда базалық мөлшерлемені көтеру мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.
Негізгі саясаттан бөлек, біз бірқатар қосымша шараларды белсенді түрде іске асыруды жалғастырып келеміз. Ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру аясында біз жуырда банктер үшін ең төменгі резервтік талаптарды қатаңдату жөніндегі бастаманы аяқтадық. Тиісті Қаулыны Басқарма қабылдады. Ол осы жылдың 2 қыркүйегінен бастап күшіне енеді. Ол бізге артық өтімділікті тиімдірек шектеуге, ақша массасының өсуін тежеуге және қосымша дезинфляциялық әсер етуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта ақша нарығындағы операцияларға қатысты қосымша практикалық шаралар қабылданатын болады. Олар ақша-кредит саясатының сигналдарын беру тетігін жақсартуға бағытталмақ. Саясатты айқындаумен қатар, оны іске асыру құралдары да барынша тиімді болуы қажет. Осыған байланысты жақын арада бірқатар техникалық әрі практикалық қадамдар жасаймыз.
Макро- және микропруденциялық бастамалар аясында да жұмыс жүріп жатыр. Жеке тұлғалардың кредиттері бойынша капиталдың контрциклді буферін енгізу туралы шешім қабылданды. Қаржы реттеу агенттігімен бірлесіп, қарыз жүктемесінің коэффициенті мен қарыздың табысқа қатынасы сияқты қосымша құралдарды жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тұтынушылық кредиттеу сегментіндегі қызып кетуді төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Агенттік қарыз алушыларды, әсіресе бұрыннан несиелік мерзімін өткізіп алғандарды неғұрлым қатаң бағалау шараларын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл тұтастай алғанда тұтынушылық кредиттеу саласындағы қызып кетуді төмендетуге ықпал етеді.
Үкіметпен бірлесіп теңгерімді фискалдық саясатқа көшу бойынша да өзара әрекет жалғасып жатыр. Сондай-ақ, Үкіметпен бірге инфляция деңгейін бақылау және төмендету шаралары кешенін жаңарттық. Құжатқа өндірісті ұлғайту, логистика мен жүк сақтау жүйесін дамыту, баға белгілеуде ашықтықты арттыру, үстеме бағаларды бақылау, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу, сондай-ақ біздің тарапымыздан – ақша-кредит саясаты бойынша шаралар енгізу мәселелері қамтылған.
* * *
Құрметті журналистер!
Қазіргі кезде экономиканың өсу қарқыны жоғары екені анық. Алайда, ол халық табысының өсуіне толық әсерін көрсеткен жоқ. Негізгі тежеуші фактор – инфляция. Яғни номиналды табыс өсіп жатқанымен, инфляция оның оң әсерін теңестіріп отыр.
Сол себепті Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені инфляцияны төмендетуді қамтамасыз ететін деңгейде ұстап отыр. Біздің мақсатымыз – бағаның төмен және тұрақты өсуін қамтамасыз ету, азаматтардың жалақысы мен жинақтарының құнын сақтау.
Жоғары инфляция – ең көп зиян келтіретін фактор. Ол, әсіресе, әлеуметтік қорғалмаған топтарға ауыр тиеді. Бұл жағдайда жоғары мөлшерлеме мен қатаң ақша-кредит саясаты – мақсат емес, инфляцияны тежеу құралы. Яғни халықтың әл-ауқатын арттыру құралы саналады. Экономика тұрғысынан тұрақты төмен инфляциялық орта – қолайлы инвестициялық климат пен кәсіпкерлік ортаны қамтамасыз ететін негізгі элементтердің бірі.
Үкіметпен, Агенттікпен және басқа да мемлекеттік органдармен үйлестірілген күш-жігеріміздің арқасында біз баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ортамерзімді перспективада белгіленген нысаналы деңгейге қол жеткізе аламыз деп сенеміз.