1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі   

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн.

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Шешім қабылдау кезінде инфляциялық процестердің динамикасы мен ішкі және сыртқы факторлар ескерілді.

Экономикадағы бағаларға қысым әлі де бар. Ақылы қызметтер мен азық-түлік бағасының жоғарылауы инфляцияның өсуіне бірден-бір себеп. Сонымен қатар, инфляцияның тұрақты бөлігі де біршама өсті.

Соңғы айларда айлық инфляция баяулап келеді, бірақ әлі де орташа тарихи көрсеткіштен асып отыр. Халықтың инфляциялық күтулері біршама төмендеді, дегенмен әлі де жоғары.

Экономика өткен жылғы 4,8%-тен осы жылғы бес айда 6%-ке дейін жеделдеді. Сұраныс әлі де ұсыныс мүмкіндіктерінен жоғары болғандықтан, бағаға қысым бар. Осыған байланысты тұтынушылық сұранысты тежеп, бағаның өсуін ұстап тұруға Ұлттық Банктің ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты ықпал етіп отыр.

Сыртқы нарықтарда тұрақсыздық күшейіп, әлемде белгісіздік артып келеді. Оған саудадағы шиеленіс пен Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы әсер етті. Әлемдік азық түлік бағасы әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр.

Бұл жағдайда инфляциялық күтулерді тұрақтандыру, инфляцияны төмендету маңызды. Сол үшін Ұлттық Банк ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын ұзағырақ сақтайтын болады.

Енді шешім қабылдауға негіз болған факторларға тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

Маусым айында жылдық инфляция 11,8%-ке дейін өсті. Өсуге бірден-бір себеп – қызмет көрсету секторы болып қалып отыр. Сервистік инфляцияның жылдық көрсеткіші маусым айының қорытындысы бойынша 16,1%-ке жетті. Тек реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің емес, сонымен қатар нарықтық қызметтердің құны да өсіп келеді, бұл экономикадағы тұрақты ішкі сұранысты көрсетеді. Сонымен қатар, ауылшаруашылық өнімдері мен импорт бағасының көтеруінен азық-түлік инфляциясы өсіп, 10,6%-ды құрады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 9,4%-ке көтерілді.

Маусым айында айлық инфляция 0,8%-ке дейін төмендеді, бұл мамырдағы 0,9% және сәуірдегі 1,2%-бен салыстырғанда аз). Алайда, базалық және маусымдық әсерден тазартылған инфляция көрсеткіштері біршама өсті. Бұл проинфляциялық қысым жағдайында бағаның тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Халықтың алдағы жылға арналған инфляциялық күтулері 12,6%-ке дейін төмендеді, бірақ олар тұрақсыз күйінде қалып отыр. Респонденттердің жартысынан көбі келешек инфляция бойынша нақты болжам айтуға қиналады. Бұл халықтың күтулеріндегі белгісіздікті көрсетеді. Ал, бағаның ұзақмерзімді өсімі бойынша халықтың күтулері 14,2%-ға дейін өсті.

Қаржы нарығындағы кәсіби қатысушылардың осы жылғы бағаның өсіміне қатысты болжамдары 10,7%-тен 11,0%-ке дейін аздап өсті, ал 2026 жылға арналған болжамдары 9,4%-тен 9%-ке дейін төмендеді.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.

2025 жылғы қаңтар-мамыр айларында экономика
6,0%-ке өсті
. Ең көп өсім көлік, құрылыс, сауда саласында байқалады. Тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде де іскерлік белсенділік артып келеді.

Ішкі сұраныс экономикалық өсуді жеделдетудің негізгі драйвері болып қалып отыр. Оның қарқыны әлі де болса өндірістің мүмкіндіктерінен асып түсіп, баға қысымының тәуекелін туындатады. Халық табысының бірқалыпты өсуі, сондай-ақ тұтынушылық және корпоративтік несиеленудің жоғары көлемі сұранысты қолдайды. Бөліп төлеу әдісін көп пайдалану, белсенді маркетингтік науқандар мен инфляциялық күтулер де маңызды рөл атқарады. Осының бәрі осы жылдың басындағы біршама төмендеуден кейін қайта өскен бөлшек сауда көрсеткіштеріне әсер етеді.

Жеке инвестициялардың артуына байланысты инвестициялық белсенділіктің қарқыны жақсы: биылғы қаңтар-мамыр айларындағы өсім 18,2%-ті құрады. Инвестицияларда бюджет қаражатының үлесі де артты. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында оның үлесі жалпы көлемнің 22%-тін құрады және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге жуық өсті.

Ұлттық Банк қадағалайтын іскерлік белсенділік индексі (ІБИ) бір жылдан астам уақыт бойы оң көрсеткіш көрсетіп, кәсіпорындардың іскерлік ортаға қатысты оптимистілігін білдіреді.

Осылайша, инфляцияның қазіргі кездегі динамикасында көрінетін экономикағы үрдістер бағаға қысым сақталып отырғанын көрсетеді.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

Әлемдегі белгісіздік деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Бұл мұнай бағасының, қор және сауда нарықтарының айтарлықтай құбылмалы болуына әсер етуде. Сонымен қатар, негізгі сауда серіктесіміздің бірі – Ресейде баға өсімі біртіндеп баяулағандықтан, сыртқы инфляциялық қысым біршама әлсіреді.

Әлемде азық-түлік бағасы әлі де жоғары. Маусым айында ФАО азық-түлік бағасының индексі алдыңғы аймен салыстырғанда біршама өсті және былтырғы деңгейден 5,8%-ке жоғары болды.

Дамыған елдерде жыл басынан бері инфляция баяулағаны байқалады, алайда реттеушілер белгісіздік артып келе жатқанын ескертті. Осы жағдайда жетекші орталық банктер ұстамды саясатты ұстанып отыр.

Мамыр айында Еуроодақтағы инфляция 2%-тік таргетке жақындап, 2,2%-ке дейін төмендеді. Еуропа Орталық банкі экономикадағы белсенділікті қолдау мақсатында мөлшерлемелерді төмендетуді жалғастыруда. Айлайда, ол сауда саясатына және өсіп келе жатқан бюджеттік шығыстардың бағаға қосымша қысым түсіру қаупін атап өтті.

АҚШ-та мамыр айында баға 2,4%-ке өсті. Федералды Резервтік Жүйе АҚШ-тың сауда және фискалдық саясаттағы өзгерістеріне байланысты белгісіздік жағдайында мөлшерлемелерді төмендетуді уақытша тоқтатты.

Ресейде инфляциялық қысым біртіндеп төмендеп келеді. Мамыр айында инфляция 9,9% болды. Осыны ескеріп, Ресей Банкі маусым айында негізгі мөлшерлемені 20%-ке дейін төмендетіп, инфляцияны 2026 жылы таргетке қайтару үшін қажет ақша-кредит шарттарының қатаңдығын қолдайтынын атап көрсетті.

Мұнай бағасы Ұлттық банктің оптимистік сценарийіне жақындай қалыптасуда.

* * *

Құрметті журналистер!

Қазіргі таңда экономикада баға қысымы сақталып отырғанын атап өткім келеді. Болжамымыз бойынша инфляция жылдың соңында 10,5-12,5% аралығында қалыптасады. Ел ішінде тұрақты ішкі сұраныс, фискалдық ынталандыру, тұтынушылық несиелеу, жоғары инфляциялық күтулер, сондай-ақ тарифтік реформа мен салық-бюджет саясатына қатысты реформалар сақталып отыр.

Бұл – ақша-кредит саясатының қазіргі қатаң деңгейін мейілінше ұзақ уақыт бойы сақтап тұру қажет дегенді білдіреді. Базалық мөлшерлеме 2025 жылдың соңына дейін қазіргі деңгейінде сақталуы әбден мүмкін. Біз ішкі және сыртқы макроэкономикалық факторларды бақылауда ұстаймыз, бірақ бүгінгі ахуал осылай қалыптасып отыр.

Алдыңғы шешімдерде атап өткенімдей, тікелей құралдардан басқа, біз ақша-кредит және макропруденциялық саясат аясында қосымша шараларды іске асырып жатырмыз. Біз банктер үшін минималды резервтік талаптарды қатаңдату бастамасымен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Жеке тұлғалардың несиелері бойынша контрциклдік капитал буферін енгізу туралы да шешім қабылданды.

Сонымен қатар, борыштық жүктеменің коэффициенті мен қарыздың табысқа қатынасы сияқты қосымша құралдарды жетілдіру жұмысын бастадық. Бұл шаралар тұтынушылық несиелеу нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған. Біз, сондай-ақ, микропруденциалды сипаттағы бірқатар шараларды іске асыруды жоспарлап отырған Қаржы нарығын реттеу агенттігімен өзара тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Заңнамалық өзгерістерге қатысты да жеке тоқталғым келеді. 30 маусымда Мемлекет басшысы қаржы нарығын дамыту, қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Заңға қол қойды.

ҚНРДА-ның бастамасы бойынша заң шеңберінде несие бойынша қаражат мақұлданғаннан кейін 24 сағаттан соң берілетін кепілсіз қарыздар үшін "салқындату" кезеңі енгізіледі. Бұл адамға несие алудың қажеттілігін байыппен бағалауға, шешімді саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді және осылайша алаяқтардың әлеуметтік инженерия тәсілдері арқылы қысым жасауынан қорғануға жол ашады.

Сонымен қатар, заң халықтың несие алу тәртібін қатаңдата отырып, тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейтеді. Атап айтқанда, кепілсіз тұтынушылық несиелерді рәсімдеу кезінде азаматтың өзі келіп, жеке қатысуы міндеттеледі, сондай-ақ жастар мен егде жастағы азаматардың несие алуына тікелей келісімі талап етіледі. Біз бұл шаралар жиынтығы халықтың қарыз жүктемесінің өсу қарқынын тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз.

Фискалдық саясатты теңгерімді жолға көшіру, инфляцияны бақылауға арналған шаралар кешенін өзектендіру бағытында Үкіметпен белсенді өзара іс-қимыл жалғасуда. Үкімет тарифтік реформаны жүзеге асыру мерзімінің уақытына өзгерістер енгізілетінін жариялады. Жуырда айтылғандай, реформаның бір бөлігі кейінгі кезеңдерге ауыстырылатын болды.

Мәселен, тарифтер о.ж. 4-тоқсанында көтерілмейді, ал жекелеген қызметтер құнының өсу қарқыны төмендейді. 2025 жылы инфляцияға коммуналдық қызметтердің жалпы үлесі 0,5 п.т.-қа төмендейді және 0,82 п.т. құрайды, әуелде ол 1,32 п.т. деп жоспарланған. Үкіметтің бұл батыл шаралары экономикадағы қаржылық жүктемені және бағаға түсетін қысымды азайтады деп үміттенеміз.

Біз сыртқы және ішкі сектордағы үрдістерді жіті қадағалауды жалғастырамыз. Алдағы негізгі отырыста әлеуметтік-экономикалық дамудың толыққанды болжамы жасалады. Сондай-ақ қолданыстағы антиинфляциялық шаралардың жеткіліктілігі мен тиімділігіне баға береміз. Қажет болған жағдайда ақша-кредит саясаты қатаңдай түсуі мүмкін.

* * *

Құрметті журналистер!

Жалпы алғанда, экономикадағы жағдай тұрақты және оң сипатта. Біз ІЖӨ мен негізгі капиталға салынған инвестицияларда жоғары өсім барын байқап отырмыз. Алайда, ерекше назар аударуды қажет ететін мәселе – халықтың нақты табысының өсуі. Ал, ол инфляция деңгейін көрсетеді. ІЖӨ-нің қарқынды өсуі әлі де толықтай халықтың әл-ауқатына әсер ете қойған жоқ. Бұған себеп – жоғары инфляция. Номиналды табыстар өсіп жатқанымен, инфляция да қатар өскендіктен, бұл азаматтардың еңбек табысын сақтап қалуына кедергі келтіреді.

Осыған байланысты Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені бағаның өсуін төмендетуге және халықтың нақты табысын арттыруға мүмкіндік беретін деңгейде белгілейді. Жалпы, ақша-кредит және макропредунцуиалды саясат аясындағы барлық шаралар инфляциямен күресуге бағытталған және біздің басты мақсатымыз – азаматтардың мүддесін қорғау.

Біз бірлесіп күш салып, инфляцияны орта мерзімде тұрақтандыра алатынымызға сенімдіміз.

Жоғарыға