1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту және қаржылық активтерді реттеу тәсілдері туралы брифингке арналған ҚР ҰБ Төлем жүйелері департаментінің директоры Е. Ашықбековтің тезистері

Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі цифрлық активтердің айналымын жүйелі түрде реттеуге бағытталған заңнамалық түзетулер кешенін әзірледі.

Бұл шаралар инвестициялаудың жаңа цифрлық құралдарын дамыту және тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында криптоактивтер айналымын теңгерімді реттей отырып, тұтас құқықтық базасы бар цифрлық активтердің Қазақстанда толыққанды экожүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Әзірленген шаралар келесіні көздейді:

1. Цифрлық қаржы активтерін (ЦҚА) айналымға енгізу.

ЦҚА – бұл ақша және қаржы құралдарымен қамтамасыз етілген цифрлық активтер. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер түріндегі криптовалюталардан айырмашылығы – ЦҚА-ның эмитенті, яғни, заң жүзінде міндетті тұлғалары болады.

Цифрлық қаржы активтерінің 3 түрі бойынша құқықтық базасы әзірленіп, жіктелуі айқындалды:

  • ақшамен қамтамасыз етілген стейблкоин;
  • ақшаны есепке алмағанда, қаржы құралдары мен қаржы активтеріне құқықты куәландыратын ЦҚА;
  • және дәстүрлі қаржы құралдарының (облигациялар, акциялар, вексельдер) цифрлық баламасы.

Нарық қатысушыларының субъектілік құрамы, лицензиялық режимді қоса алғанда, олардың қызметінде реттеушілік шарттар айқындалды.

Эмитенттерге рұқсат беру жүйесі, сондай-ақ цифрлық платформалар мен олардың провайдерлеріне қойылатын талаптарды қоса алғанда, ЦҚА айналыс тәртібі әзірленіп отыр.

Нарықтың іске қосылуын жеделдету үшін ЦҚА шығаруды, есепке алуды және олардың айналымына қызмет көрсетуді ұйымдастыру үшін инфрақұрылымдық ұйым ретінде Орталық депозитарий мен Қазақстан қор биржасы секілді қаржы инфрақұрылмының институттарын іске қосу да жоспарда бар.

ЦҚА ерекшелігі қаржы құралдарын токендей алатын мүмкіндігімен айшықталады. Ол өз кезегінде:

  • бұрын қолжетімсіз болған цифрлық қаржы құралдарының пайда болуы есебінен капитал нарығының тиімділігін арттыруға;
  • бизнес үшін қаржыландыру арналарына қолжетімділікті жеңілдетуге және кеңейтуге;
  • транзакциялық шығындарды азайтуға;
  • инвесторлар мен пайдаланушылар аясын кеңейтуге жағдай жасайды.

ЦҚА құралдардың жаңа класы ретінде қаржы жүйесіне еніп, дәстүрлі капитал нарығы мен цифрлық технологиялар арасын жалғайды.

2. Қызмет провайдерлерін лицензиялау арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің (криптовалюталардың) айналымын реттеу енгізіледі.

Негізгі заңнамалық шаралар келесіні қамтиды:

1) криптоайырбастау платформа операторларының құқықтық мәртебесін бекіту және олардың қызметін лицензиялау;

2) біліктілік талаптарын, қызметті жүзеге асыру тәртібіне қойылатын талаптарды, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесі, активтер мен деректерді қорғау бойынша пайдаланушылармен өзара іс-қимыл жөніндегі талаптарды, сондай-ақ операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету тетіктерін белгілеу;

3) криптоайырбастау платформа операторларының қызметін қадағалау.

Осылайша, Қазақстанның жалпы юрисдикциясында қатысушылардың жаңа санаты — криптовалюта айырбастау жөніндегі қызмет провайдерлері енгізіледі. Олар қызметін лицензия негізінде және Ұлттық Банктің қадағалауымен жүзеге асырады. Провайдердердің функциясы криптовалюталарды фиат ақшаға айырбастау операцияларын қамтиды.

Мұндай ұйымдар арқылы сатып алуға немесе сатуға болатын криптовалюталардың тізімін Ұлттық Банк бекітеді.

Сонымен қатар, криптобиржа түріндегі мұндай криптопровайдерлердің қызметі АХҚО юрисдикциясында жеке реттеледі және бұл шаралармен қамтылмайды. Дегенмен, цифрлық нарықтың тұтас инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін криптовалюта айырбастау провайдерлері мен АХҚО криптобиржалары арасында функционалдық өзара іс-қимыл қарастырылған.

Бұл шаралардың мақсаты – қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің реттелетін айналымын кеңейту, жүйелік тәуекелдерді азайту және тұтынушының қорғалуын қамтамасыз ету.

Реттелетін ортаны құру қауіпсіз инвестициялауды, қатысушылардың сенімін және операциялардың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Цифрлық активтердің айналымын реттеуде қаржы реттеушілерінің бірлескен құзыреті бекітіледі:

Ұлттық Банкке:

  • криптовалюта айырбастау пункттерін бақылау және қадағалау қызметін;
  • базасында Цифрлық қаржы активтері шығарылып, айналысын жүзеге асыратын ЦҚА платформасы операторларының қызметін;
  • ақшаға құқықты куәландыратын стейблкоиндерді шығару мен айналымын бақылауды ұйымдастыруды реттеу және лицензиялау өкілеттігі жүктеледі.

Қаржылық реттеу агенттігі мен Ұлттық Банктің бірлескен құзыретіне Цифрлық қаржы активтерін шығару мен айналымын реттеу, оның ішінде ЦҚА эмитенттері мен инвесторларына, ЦҚА шығаруды қамтамасыз ететін базалық активтің сапасына қойылатын талаптарды айқындау кіреді.

Сонымен қатар, Ұлттық Банк цифрлық активтер саласында реттеуші ортаны құруға бастама жасады. Бұл инновациялық технологияларды, бизнес-модельдерді және токенизация құралдарын нарыққа толыққанды енгізілгенге дейін және реттеу режимін әзірлей отырып, бақыланатын ортада сынауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда цифрлық активтерді реттеу тәсілдерін қалыптастыру негізгі халықаралық ұйымдардың: ФАТФ, IOSCO, ХВҚ, BIS ұсынымдарын ескере отырып, сондай-ақ үздік әлемдік тәжірибелерге — ЕО-дағы MiCA регламентінің Ережесіне және дамыған цифрлық инфрақұрылымы бар елдер – БАӘ, Сингапур, Гонконг, Швейцария және басқалардың тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асырылды.

Криптовалюта нарығына тән тәуекелдер жүйелі түрде талданып, ескерілді. Әзірленген шаралар цифрлық қаржы экожүйесінің тұрақты және теңгерімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында осы тәуекелдерді жан-жақты басқаруға бағытталған.

Қабылданған модель технологиялық инновацияларды қолдауды, тұтынушылардың мүддесін қорғауды және жалпы қаржы жүйесінің тұрақтылығын үйлестіреді.

Жоғарыға