1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

«Зейнетақы активтерін басқару нәтижелері» туралы ҚРҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Н.Тұрсынхановтың баяндамасы

Қайырлы күн, құрметті БАҚ өкілдері және жиынға қатысушылар!

Бүгінгі іс-шарамыздың аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы айтып беруге рұқсат етіңіздер.

1. Зейнетақы активтерін басқару туралы

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтері 22,3 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2014 жылдың сәуірінен, яғни зейнетақы активтері БЖЗҚ-да біріктірілген сәттен бері 5 еседен аса өсті.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің қазіргі портфелі мынадай құрылымнан тұрады: 60%-ы – теңгемен номинирленген қаржы құралдары, 40%-ы – шетел валютасымен номинирленген қаржы құралдары. Яғни, валютадағы активтердің үлесі ақшалай есептегенде 17,7 млрд АҚШ долларын немесе 9 трлн теңгені құрайды.

Теңгедегі портфель құрылымында негізгі инвестициялар мемлекеттік бағалы қағаздарға тиесілі – олардың көлемі 9,3 трлн теңгені немесе теңгелік портфельдің 69%-ын құрайды. Бұл бағалы қағаздар Қазақстан қор нарығындағы ең сенімді әрі өтімді қаржы құралы саналады. Зейнетақы активтері, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің облигацияларына – бұл шамамен 15%, және екінші деңгейлі банктердің облигацияларына инвестицияланады, бұл шамамен – 5% .

Айта кету керек, БЖЗҚ зейнетақы активтері қандай да бір эмитенттердің түріне немесе олардың қаражатты жобаларға инвестициялауға қатысты түпкі мақсатына қарамастан, тек нарықтық мөлшерлемелермен инвестицияланады.

Мұндай тәсіл зейнетақы активтерінің тұрақты инвестициялық табыс әкелуіне ғана емес, сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді.

2016 жылдан бері зейнетақы активтеріндегі валюталық үлес кезең-кезеңімен 17%-дан 40%-ға дейін ұлғайды. Валюталық активтердің болуы инвестициялаудың географиясын кеңейтіп, қаржы құралдарының түр-түрін пайдалануға, сондай-ақ инвестициялық портфельдің сапасы мен өтімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Валюталық портфельді тиімді басқару үшін тәуекел мен табыстылық арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын мақсатты стратегиялық аллокация әзірленген. Бұл стратегия АҚШ-тың қазынашылық облигациялары, дамушы елдердің мемлекеттік облигациялары, инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялар мен акциялар секілді түрлі активтерге инвестиция салуды көздейді. Осылайша, акциялардың жоғары құбылмалылығын ескере отырып, оны азайту мақсатында өзара корреляциясы әлсіз АҚШ-тың қазынашылық облигациялары портфельге қосылды. Бұл – біз соңғы екі аптада байқағанымыздай, акциялар құны қатты құбылып, төмендеген кезеңдерде, валюталық портфельдегі облигациялар сол шығынның орнын толтыра алады дегенді білдіреді.

Валюталық активтер индекстік негізде басқарылады, яғни инвестиция таңдалған нарықтардағы бағалы қағаздардың кең жиынтығын қамтитын индекстерге негізделеді. Мысалы, акциялар индексі Apple, Microsoft, Tesla және басқа да компанияларды қоса алғанда, 1 000-нан астам эмитентті қамтиды.

2. Зейнетақы активтерін басқару нәтижелері туралы

2025 жылдың бірінші тоқсанында зейнетақы салымшылары өз шоттарында инвестициялық табыстың төмендегенін байқады. Алайда бұл жағдай уақытша сипатқа ие, сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Төмендеу үрдісі зейнетақы активтері қайта бағаланғандықтан орын алды.

Атап айтқанда, теріс инвестициялық табыстың негізгі себептерінің бірі – инфляция мен инфляциялық күтулердің өсуі аясында мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің артуы. Бұл өз кезегінде олардың нарықтағы құнын төмендетті. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі тарапынан осы бағалы қағаздар көп ұсынылғандықтан, ол да нарықтағы бағаға әсер етті.

Инвестициялық табысқа АҚШ долларына қатысты теңге бағамның құбылмалылығы да әсер етті. 2025 жылдың басында доллар бағамы 525,11 теңге болса, наурызда 504,44 теңге болды. Бұл жердегі маңыздысы: теңге нығайған кезде шетел валютасындағы активтердің теңгемен есептегендегі құны уақытша төмендейді. Бұл есептеулерде теңгемен көрсетілген мәнде шығын ретінде көрініс табады.

Жыл басынан бері тіркелген теріс инвестициялық табыс – есеп түріндегі ғана мәлімет, яғни түбегейлі шығын болып саналмайды. Бұл –активтер құнының уақытша құбылуына байланысты қалыптасқан көрсеткіш. Қаржы нарығындағы жағдай тұрақталған сайын, бұл активтердің құны қайта қалпына келеді.

Мысалы, алдын ала мәліметтерге сәйкес, сәуір айының тек алғашқы аптасында ғана теңге бағамының құбылмалылығы мен сыртқы нарықтардағы өзгерістердің нәтижесінде инвестициялық табыс көлемі шамамен 400 млрд теңгені құрады. Бұл өз кезегінде қаңтар–наурыз айларындағы теріс инвестициялық табысты айтарлықтай өтеуге мүмкіндік берді.

Жалпы алғанда, зейнетақы активтері әлемдік тәжірибеде ұзақмерзімді инвестиция ретінде қарастырылады. Орта есеппен алғанда, зейнетақы жинақтарының толық өмірлік циклі кемінде 40 жылға созылады.

Сондықтан, жекелеген қысқамерзімді кезеңдердегі табыс көрсеткіштері зейнетақы активтерін басқару тиімділігінің нақты көрсеткіші болып саналмайды. Себебі қысқа мерзімде қаржы құралдарынан және өзге де операциялардан алынатын табыс бағалы қағаздар мен валюталар құнының құбылуын әрдайым өтей бермейді. Сол себепті, инвестициялық табысты объективті бағалау үшін кемінде бір жылдық кезеңді қарастырған орынды.

Осылайша, 2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы наурызға дейінгі соңғы 12 айдағы кірістілік көрсеткішінің қысқамерзімді ауытқуларына қарамастан, алдын ала мәліметтер бойынша, есептелген инвестициялық табыс көлемі шамамен 2,4 трлн теңгені құрады. Осы кезеңдегі кірістілік 11,99% болса, 2025 жылғы ақпан айының соңындағы инфляция 10,0% деңгейінде болды. Бұл көрсеткіш сол шамада сақталады деп күтілуде. Ал, 2024 жылдың қорытындысы бойынша табыс 17,84% болып, инвестициялық табыс көлемі 3,4 трлн теңгеге жетті. Бұл кезеңде инфляция 8,6% болды. Осылайша, салымшылар үшін 9,24% мөлшерінде нақты табыс қамтамасыз етілді.

Ұлттық Банк зейнетақы активтерін басқаруды тұрақты бақылауда ұстайды. Ұлттық Банк зейнетақы активтері портфеліне тұрақты мониторинг жүргізіп, олардың сақталуы мен табыстылығын қамтамасыз ету үшін нарықтағы жағдай мен мүмкіндіктерді ескере отырып қажетті шараларды қабылдап отырады.

Жалпы, зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық саясат – теңгерімді және ұзақмерзімді табыстылық пен сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай тәсіл зейнетақы жинақтарының сақталуын ғана емес, сонымен қатар ұзақмерзімді кезеңде олардың нақты өсімін де қамтамасыз етеді. Мысалы, 2020 жылы пандемияға, ал 2022 жылы геосаяси және экономикалық тұрақсыздыққа байланысты құбылмалылық күшейген кезеңдер болғанымен, зейнетақы активтерінің табыстылығы номиналды мәнде әрдайым оң болды. Бұл 2014 жылдан бастап (активтерді біріктіру кезеңінен бері) жинақталған табыстылықты 180,2%-ға жеткізсе, дәл осы кезеңдегі жинақталған инфляция 156,0%-ды құрады. Нәтижесінде, аталған кезеңдегі кірістілік, жалпы алғанда, инфляция деңгейінен 24%-ға жоғары болды. Осылайша, соңғы 10 жылда салымшылар үшін орташа жылдық нақты кірістілік 1,16%-ды құрады.

Ұлттық Банк болашақта да салымшылар мүддесін ескере отырып, зейнетақы активтерін ұзақмерзімді мақсаттарға сай инвестициялауды жалғастырады.

Жоғарыға