1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

2025 жылғы 11 сәуір, Астана

 

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн.

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Шешім инфляцияның ағымдағы динамикасы мен тәуекелдер балансын ескере отырып қабылданды. Наурызда жылдық инфляция өсу үрдісін жалғастырды. Бірақ инфляцияның айлық және тұрақты бөлігінің көрсеткіштері аздап баяулады.

Бүгінгі шешім АҚШ-тың сауда саясатына байланысты  нарықтардағы жоғары құбылмалылық пен әлемде артқан белгісіздік жағдайында қабылданды. Сыртқы ортада Қазақстанның негізгі сауда-серіктесі – Ресейдегі инфляциядан және азық-түліктің әлемдегі жоғары бағаларынан да инфляцияға қысым сақталып отыр.   

Біз тұтынушылық сұраныстан баға өсуіне қысымның жеңілдегенін байқап отырмыз. Оған ақша-кредит саясатының ұстамды қатаңдығы мен пруденциялық шаралар ықпал етті.   

Біз қараша және наурыз айларында базалық мөлшерлемені көтеріп,  ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаңдығына қол жеткіздік. Сонымен қатар, алтын сатып алуға байланысты операцияларды теңестірдік, секторлық контрциклды капитал буферінің енгізілуі туралы жарияладық. Енді минималды резервтік талаптар механизміне өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Осы шаралар базалық мөлшерлеменің ықпалын күшейтіп, инфляцияны шектеуге көмектесіп, оның 5%-тік таргетке төмендеу траекториясына қайтуына жағдай жасайды.

Енді шешім қабылдауға негіз болған факторларға тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

Наурызда жылдық инфляция 10%-ке дейін өсіп, біздің 10-12% болжамымыздың шегінде қалыптасты. Наурызда азық-түлік инфляциясы айтарлықтай жеделдеп, 7,6%-ке жетті, ақпанда ол 6,5% болды. Азық-түлік инфляциясының айлық және жылдық мәнде жеделдеуінен оның – бағаның жалпы өсуіне қосатын үлесі артты.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы ақпандағы 8,7%-тен  9,1%-ке дейін жеделдеді. Ақылы қызметтер инфляциясы 14,3%-ке (ақпанда – 14,1%-ке) дейін артып, бағаның жалпы өсуіне айтарлықтай үлес қосуда.

Наурызда нарықтық қызметтер мен азық-түлікке жатпайтын компонент есебінен айлық инфляцияның тұрақтанғанын байқадық. Айлық инфляция ақпандағы 1,-%-тен – наурызда 1,3%-ке дейін төмендеді. Базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляция көрсеткіштері де баяулады. Дегенмен айлық инфляция тарихи көрсеткіштерден әлі де жоғары. Ал қаңтар-наурыз айларындағы және 1-тоқсандағы маусымдық факторларға түзетілген ағымдағы инфляция әлі де жеделдеп, бір жылға есептегенде 14,2% деңгейіне жетті.

Халықтың бір жыл алға жасаған инфляциялық күтулері ақпандағы 13,7%-тен 12,6%-ке дейін төмендеп, ал ұзақмерзімді күтулер 13,5% деңгейінде өзгеріссіз қалды. Есесіне, қаржы нарығына кәсіби қатысушылардың күтулері өсті. Олар макросауалнаманың қорытындысы бойынша инфляцияның жаңартылған және айтарлықтай өскен болжамдарын ұсынды. Осылайша, биылға болжам 8,7%-тен 10,6%-ке дейін, 2026 жылға – 7%-тен 9%-ке дейін өсті.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.

1-тоқсандағы жедел мәліметтерге сәйкес, экономиканың өсімі 5,8% болды. Ішкі сұраныспен байланысты секторлар, яғни көлік, құрылыс және сауда секторлары жоғары қарқынмен өсіп отыр. Өңдеу және тау-кен өнеркәсібінде де іскерлік белсенділік артып келеді.

Ішкі сұранысқа халық табысының бірқалыпты өсуі, тұтынушылық кредиттеу және инвестициялық жобаларды іске асыру қолдау көрсетті.

2024 жылдың соңында шектен тыс өскен тұтынушылық сұраныс 2025 жылдың басында бұрынғы көрсеткіштерге қайта оралды. Тұтынушылық сұраныстың қалпына келуін бөлшек сауда айналымының және ірі сатып алу көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуінен көруге болады. Мысалы, ақпанда бөлшек сауда көлемі 5,1%-ке өсті, ал өткен жылғы қазанда ол 19,3%-ке дейін жеткен болатын. Халық арасында өткізілген сауалнамаға  сәйкес соңғы 3 айда ірі көлемде сауда жасаған респонденттердің үлесі қазандағы 27,3%-тен – наурызда 19,9%-ке дейін азайды. Қайталап айта кетейін, бұл – тұтынушылық сұраныс қалыпқа түсіп келе жатқанының белгісі.

Ұлттық Банк қадағалайтын іскерлік белсенділік индексі бір жылдан аса оң аймақта қалыптасып, кәсіпорындардың іскерлік орта тұрақтылығына сенім білдіретінін көрсетті.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

Әлемдік азық-түлік нарығындағы жоғары баға мен негізгі сауда-серіктесіміз – Ресейдегі жоғары инфляцияға байланысты сыртқы инфляциялық қысым сақталып отыр. АҚШ-тың жаңа сауда саясатына байланысты әлемде белгісіздік айтарлықтай артып келеді. Бұл мұнай бағасына, сондай-ақ қор және сауда нарықтарына қысым жасап тұр.

Наурызда ФАО азық-түлік бағасының индексі ақпанмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды, бірақ былтырғы деңгейден 6,9%-ке жоғары қалыптасты. Кейбір жеткізуші елдердегі бидай егістіктерінің жағдайынан қауіптенудің әлсіреуінен және елдер арасындағы сауда қатынастарының ушығуы салдарынан әлемдік сұраныстың әлсіз болжамдарына қарай дәнді дақылдар бағасы болжамнан сәл төмен қалыптасып келеді.

Дамыған елдерде инфляцияның баяулауы жыл басынан байқалады. Алайда реттеушілер белгісіздік күшейіп келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты жетекші орталық банктердің саясаты ұстамды бола бастады.

Ақпанда Еуроодақта инфляция 2,7%-ке дейін, АҚШ-та – наурызда 2,4%-ке дейін баяулады. Еуропа орталық банкі экономикалық белсенділікті қолдау үшін мөлшерлемені төмендетті, бірақ тарифтік шаралар мен бюджет шығыстарының ұлғаюынан баға қысымына тән тәуекелдердің артқанын атап өтті.

АҚШ Федералды резервтік жүйесі өз болжамын қайта қарап, мөлшерлемені төмендетуді біраз уақытқа тоқтатты. Реттеуші АҚШ-тағы жалпы ішкі өнім қалыпты өседі және инфляция біршама жоғарылайды деп күтеді.

Ресейде инфляцияның қарқын алу үрдісі жалғасып, ақпанда 10,1%-ке жетті. Ресей Банкі наурызда негізгі мөлшерлемені сақтап, ақша-кредит шарттарының қатаңдылығы 2026 жылы инфляцияны нысаналы мақсатқа қайтарудың алғышарттарын қалыптастыратынын атап өтті. Сонымен қатар ресейлік реттеуші дезинфляция динамикасы мақсатқа жетуге мүмкіндік бермеген жағдайда, негізгі мөлшерлемені көтеру мәселесін қарастыратынын ескертті.

Brent маркалы мұнай бағасы базалық сценарийден төмен қалыптасып отыр. Бұл сауда соғысының ушығуы мен ОПЕК+ тарапынан шектеулердің жеңілдеуі аясында энергия ресурстарына сұраныстың төмендеуі мүмкін деген алаңдаушылыққа байланысты орын алып отыр.

* * *

Құрметті журналистер!

Қорытындылай келе, ақша-кредит және макропруденциялық саясаттың бірқатар шараларын қабылдағанымызды атап өткім келеді. Болашақта осы шаралар дезинфляциялық әсер бере бастайды деп күтеміз. Олардың бірінші әсерін инфляцияның айлық және оның тұрақты әрі монетарлық бөлігіндегі көрсеткіштердің баяулауынан көріп отырмыз.

Дегенмен, бір айдың қорытындысы бойынша инфляцияның жеделдеуі тоқтады деп айтуға болмайды. Оның үстіне тәуекел балансы проинфляциялық аймаққа ауған күйде қалып отыр. Фискалдық ынталандыруды және тұтынушылық кредиттеуден қолдау тауып отырған тұрақты ішкі сұраныс, жоғары инфляциялық күтулер, баға белгілеу және салық-бюджет саясаты саласындағы реформаларды іске асыру бағаның өсуіне қысым жасап тұр.

Әлемдік сауданың перспективасы АҚШ сауда саясатының қатаңдауынан және басқа елдер қабылдауы мүмкін шаралардан белгісіз. Бұл экономикалардың бөлшектенуі мен өзара байланыс жоқтың, сондай-ақ логистикалық проблемалардың жаңа кезеңін  көрсетеді. Осыған байланысты жаһандық рецессияның жалпы қаупі артып келеді.

Бұл жағдайда бізге инфляцияны 5%-тік мақсатқа төмендеу траекториясына қайтаруымыз керек. Бұл қалыпты қатаң саясатты жалғастыруды талап етеді. Өз кезегінде, алтын-валюта операцияларын теңестіру, секторлық контрциклды капитал буферін енгізу бойынша қабылдайтын шараларымыз және минималды резервтік талаптар механизміне жоспарланған өзгерістер базалық мөлшерлеменің әсерін күшейтетін болады.

Үкіметпен болған талқылаулар барысында баға қалыптастыру және салық-бюджет саласында іске асырылып жатқан барлық реформаларды, олардың қарқынын – экономикалық, әлеуметтік және инфляциялық салдарын ескере отырып бірлесе қарастыру және талдау қажеттігі туралы шешімге келдік.

Инфляция факторларының балансы, оның қазіргі қарқынының динамикасы және сыртқы ортадағы проинфляциялық үрдістер болашақта шешім қабылдау кезінде базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейде сақталу ықтималдылығын көтереді. Комитет әлемдік нарықтағы жағдайды қадағалап, елдегі инфляциялық процестерге тигізетін әсерін бағалап отырады. Әлемдік экономика конъюнктурасы күрт өзгеріп, сыртқы сектордың тәуекелдері іске асқан жағдайда Комитет бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін базалық мөлшерлеме туралы кезектен тыс шешім қабылдауы мүмкін.   

Алдағы болжамды раунд кезінде біз тәуекелдер балансын, соның ішінде салық реформасының әсерін және жаһандық экономика мен Қазақстанмен сауда-серіктес елдердің перспективасын бағалап көреміз. Бұл болжамдар сауда және инвестициялық ағындарда күтілетін өзгерістер мен жаһандық жеткізілім тізбектерінің қайта құрылуын ескере отырып жасалады.

Жоғарыға