Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі
Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы
ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі
2025 жылғы 17 қаңтар, Астана
Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!
Құрметті журналистер!
Қайырлы күн.
Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Шешім қабылдау кезінде ішкі және сыртқы орта, инфляциялық және экономикалық процестер ескерілді.
Сыртқы ортада баға қысымы күшейіп тұр. Оған еліміздің негізгі сауда-серіктесі — Ресейде инфляцияның күшеюі себеп. Оның үстіне, соңғы айларда жетекші экономикаларда инфляция үдеп келеді. Соның өзі әлемдегі ставкалардың ұзақ уақыт жоғары болып қалуына себеп болып отыр. Бұл өзгерістер доллардың нығаюына әсер етті. Дамушы елдердің валюталарына, оның ішінде теңгеге де қысым күшейіп келеді.
Ішкі экономикадағы инфляциялық факторларды атасақ, олар: фискалдық ынталандырудың жалғасуы; тұрғын үй коммуналдық қызметтер тарифінің өсуі; теңгенің әлсіреуі; тұтынушылық сұраныстың тұрақты артуы.
Осы факторлар тәуекел балансын проинфляциялық жаққа ығыстырып келеді.
Айырбас бағамының әлсіреуі, инфляциялық күтулердің жеделдеуі, сондай-ақ инфляцияның өсуі жалпы ақша-кредит шарттарын жұмсартты. Осыған байланысты келесі шешімде макроэкономикалық болжамды жаңарта отырып, біз инфляцияны 5% таргетке орнықты түрде төмендеу траекториясына қайтару үшін ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату қажеттілігін қарайтын боламыз.
Енді шешім қабылдауға негіз болған факторларға тоқталып өтейін.
БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.
Желтоқсанның қорытындысы бойынша жылдық инфляция 8,6%-ке жетті. Инфляцияға қызметтер мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар көптеп үлес қосуда. Азық-түлік инфляциясы бір жылда тұрақты болғанымен, соңғы екі айда үдей бастады.
2024 жылғы желтоқсанда азық-түлік тауарларының бағасы 5,5%-ке өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 8,3%-ке дейін жеделдеді. Ақылы қызметтер инфляциясы 13,3% деңгейінде тұрақтанды.
Ал реттелетін коммуналдық қызметтердің бағасы жылдық көрсеткіште 21,1%-ке өсіп, нарықтық қызметтер инфляциясы 11,5% болды.
Өткен жылғы желтоқсанда айлық инфляция 0,9% белгісінде тұрақтанып, орташа тарихи көрсеткіштерден жоғары қалыптасты. Базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляцияның көрсеткіштері де жеделдеп, шілдедегі ең жоғары мәндерге жетті. Жаз кезіндегі көрсеткішке қарағанда қазіргі өсім сервистік компонентпен қатар азық-түлік тауарлары мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының тез өсуіне байланысты. Компоненттер бөлігінде ішкі сұраныстың ұсыныс мүмкіндігінен де асып түсуіне қарай инфляциялық қысым артып келеді.
Теңге бағамының әлсіреуі аясында халықтың инфляциялық күтулері желтоқсанда 14,6%-ке дейін көтерілді. Респонденттер азық-түлік, дәрі-дәрмек, тұрмыстық химия, байланыс пен коммуналдық қызметтер бағасының өскенін атап өтті.
Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары өз бағалауларында ұстамдылықты сақтайды. Соңғы сауалнамаға сәйкес нарық қатысушылары инфляцияны 2025 жылдың соңына қарай 7,5% деңгейінде болжайды. Бұл алдыңғы бағалаудан 6,9% жоғары.
Сарапшылар мен халықтың пессимистік бағалауы және инфляцияның тұрақсыз баяу қарқыны ортамерзімді келешекте ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын одан әрі ұстап тұру қажет екенін көрсетеді.
ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.
2024 жылғы қысқамерзімді экономикалық индикатордың өсімі тез баяулап, 6,2%-ке жетті.
Ішкі сұраныс экономиканың өсуіне себеп болған негізгі қозғаушы күш болып қалды. Алайда оның қарқыны экономиканың өндірістік мүмкіндіктерінен асып түсті. Бұл баға қысымын арттыратындай қауіп тудырып, экономиканың тым «қызып кету» белгілерін көрсетеді.
Белсенді фискалдық саясат пен тұтынушылық кредиттеу аясының кеңеюі тұтынушы тарапты ынталандырып отыр. Шикізатқа жатпайтын сектордағы инвестициялық белсенділік ішкі сұранысты қолдауға да үлес қосып, іскерлік белсенділікті күшейтті.
Ұлттық Банк қадағалайтын іскерлік белсенділік индексі 11 ай бойы оң аймақта сақталып келді. Бұл кәсіпорындар тарапынан іскерлік ортаның тұрақтылығына сенім артқанын білдіреді.
2024 жылғы желтоқсанда индекс 50,7 құрап, іскерлік белсенділік артқанын көрсетті. Ең айқын өсім құрылыс саласында байқалады, оған жаңа тапсырыстар мен жұмыспен қамту деңгейінің артуы ықпал етті. Сонымен қатар, тау-кен өндіру саласында индекс 48,8 көрсеткішіне дейін төмендеді.
ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.
Сыртқы инфляциялық қысым сақталып отыр. Оған әлемдік азық-түлік нарығының жағдайы мен біздің ірі сауда-серіктесіміз – Ресейдегі жоғары инфляция ықпал етті. 2024 жылғы желтоқсанда ФАО азық-түлік бағасы индексі төмендегеніне қарамастан, азық-түлік бағасының динамикасы 2023 жылғы деңгейден 6,7%-ке жоғары күйінде қалды.
Дамыған елдердің экономикасында инфляция баяулай келе, соңғы айларда бірқалыпты өсті. Бұл жаһандық монетарлық шарттарға қатысты белгісіздікті күшейтіп отыр.
Қарашада Еуроодақтағы инфляция 2,5%-ке дейін қарқын алды. Ал, АҚШ-та үш ай қатарынан өсіп, желтоқсанда 2,9%-ке жетті. Екеуінің де реттеушілері саясаттың жақында ғана қалыпқа келуіне қарамастан, қабылдаған шешімдерін экономикалық жағдайдың өзгеруіне қарай бейімдеп, сақтықпен әрекет етуге тырысты. Сонымен қатар, Федералды резервтік жүйе болжамдарды қайта қарап, мөлшерлемелердің қыркүйектегі бағалаумен салыстырғанда жоғары болады деп болжайды.
Ресейдегі инфляция біршама күшейіп, 2024 жылғы желтоқсанда 9,5%-ке жетті. Осыған байланысты Ресей Федерациясының Орталық банкі негізгі мөлшерлемені сақтап, бағаны тұрақтандыру үшін ақша-кредит шарттарын қатаңдату қажет деп санайды. Реттеуші орган, бюджеттік саясатты қалпына келтіру инфляцияның тұрақты түрде төмендеуін қамтамасыз ететін фактор екенін атап көрсетті. Болжам бойынша, Ресейдегі инфляцияның 4%-тік нысаналы деңгейге қайта оралуы 2026 жылы орын алуы мүмкін.
Brent маркалы мұнай бағасы қаңтар басында барреліне 80,0 долларды көрсетіп, төрт айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Бағаның өсуі жеткізілім үзілетіндей қауіп тудыратын АҚШ-тың Ресейге қарсы жаңа санкцияларымен, сондай-ақ АҚШ-та мұнай қорының қысқаруымен және Иранға қарсы салынған санкциялардың күшейтілуімен байланысты. Аталған факторлар, сондай-ақ ОПЕК+ шектеулері және геосаяси шиеленістер жақын арада осы жоғары бағаларға қолдау көрсететін болады.
* * *
Құрметті журналистер!
Қорыта келе, қазіргі жағдайда баға қысымы өсіп келе жатқанын атап өткім келеді.
Ақша нарығы мен инфляция динамикасы, сондай-ақ айырбас бағамының әлсіреуі жалпы ақша-кредит шарттарының жұмсаруына алып келіп отыр. Осы өзгерістер түзету шараларына алғышарт жасайды.
Осыған байланысты Ұлттық Банк бірқатар нақты іс-шараларды қарастырады: оның ішінде валюталық заңнаманы жетілдіру, экспорттаушылардың валюталық түсімдерін сату міндеттемелерін күшейту бар.
Сонымен бірге, проинфляциялық тәуекелдерге қатысты алаңдаушылық та бар. Бұл алдымен Ұлттық қордан қаражат алу есебінен жабылатын фискалдық тапшылықты қаржыландыру мәселесінің жүйелі шешілмеуімен байланысты. Осының салдарынан ақша-кредит саясатын теңгерімді жүргізуге төнетін тәуекел де жоқ емес. Қоса айта кететін жайт, инфляциялық қысым реттелетін бағаларды, атап айтқанда, теміржол секторында күтілетін ырықтандыру есебінен және экономикадағы жоспарланған тарифтік реформа арқылы артуы мүмкін.
Бұл факторлар инфляцияға тигізетін ықпалды азайту үшін және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп отырған саясат барысында толық ескерілуі қажет.
Осыған байланысты Ұлттық Банк негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамын жаңарта отырып, келесі шешімде ақша-кредит саясатын қатаңдату шаралары қаншалықты қажет болатынын мұқият бағалайтын болады. Қажет болған жағдайда, инфляциялық күтулерді тұрақтандыру және инфляцияны тұрақты құлдырау траекториясына мақсатты 5%-ға дейін қайтару үшін мейілінше тезірек қатаң шешімдер қабылдауға дайын екенімізді айта кеткім келеді.
* * *
Құрметті журналистер!
Осы орайда инфляциялық қысымды төмендетуге және макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретін тағы да бір шараға тоқталып өткім келеді.
Ұлттық Банк өз қызметі аясында алтын өндіруші отандық кәсіпорындардан алтын сатып алуда мемлекет құқығын іске асырады. Бұл шара халықаралық резервтерді толықтыруға және экономиканың сыртқы нарықтағы өзгерістерге ұшырамай дамуына бағытталған.
Осы саясатты ұстану табысты болып, резерв көлемін 45,8 млрд долларға дейін, оның ішінде алтын көлемін 23,8 млрд долларға дейін өсіруге мүмкіндік берді.
Алайда, мұндай операциялар теңге эмиссиясы есебінен қаржыландырылады. Яғни экономикадағы ақша көлемін арттырып, оның тауарлық массадан асып түсуіне жол береді. Бұл, әрине, инфляцияға әсер етпей қоймайды.
Осындай әсерлерін азайту үшін өткен жылы Ұлттық Банк алтын сатып алудың орнына монетарлық бейтараптылық саясатына көшу туралы пікірталас өткізді.
Сол пікірталастың нәтижесінде және жүргізілген талдауды ескеріп, алтын сатып алуға байланысты операцияларды теңгеру арқылы доллар сатуға кірісеміз.
Бұл операциялар валюталық интервенцияға жатпайтынын атап өтемін. Операциялардың негізгі міндеті – экономикадағы артық ақшаны қысқарту және инфляцияның нысаналы деңгейін 5%-ке жеткізу.
Осы шаралар iшкi нарықта валютаға ұсыныс қалыптастырып, iшкi валюта нарығында балансты сақтауға ықпал етеді.