1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк Төрағасының кеңесшісі Б. Жаленовтің Қазақстан қаржыгерлерінің XII Конгресінде жасаған баяндамасы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының кеңесшісі – Ұлттық Банктің цифрлық трансформация жөніндегі жетекшісі Б.М. Жаленовтің Қазақстан қаржыгерлері Конгресіндегі «Цифрлық Ұлттық Банк» тақырыбында жасаған keynote презентациясының тезистері

Құрметті ханымдар мен мырзалар,

Сіздерді Ұлттық валюта күнімен құттықтаймын. Бүгін жарияланғандай, Қазақстанның қаржы нарығы –цифрландырудың табысты әрі тиімді үлгісі. Жоғары технологиялық нарық жоғары технологиялық реттеушілерді қажет етеді. Осыған байланысты сіздерге цифрландыруға қатысты көзқарасымыз туралы айтуға рұқсат етіңіздер.

Ханымдар мен мырзалар,

Қазақстанның қаржы нарығы ұлттық экономиканы цифрландырудың басты қозғаушы күші болып қана қоймай, көп елге үлгі болып отыр.

Біз қолма-қол ақшасыз төлем бойынша әлемде көшбасшы елдердің біріміз. Мобильді банк қосымшалары күнделікті қаржылық қызметтердің ғана емес, сонымен қатар сауда-саттық, мемлекеттік қызмет алу және басқа да көптеген қызметтердің негізгі интерфейсіне айналып үлгерді. 

Қазақстанда қаржылық қызмет алудың толық циклі – банк шотын ашудан бастап соңғы есеп айырысуға дейін – цифрландырылған деп сенімді түрде айта аламыз.

Бұл прогресс нарыққа қатысушылардың таланты мен кәсіпкерлік бастамалардың арқасында мүмкін болды деп есептейміз. Ал оның негізі – нарықтағы ашық және қарқынды бәсекелестік. 

Бұл ретте, мұндай бәсекелестіктің басты факторлары – прогрессивті реттеу және барлық банкке бірдей мүмкіндік беретін банкаралық инфрақұрылым болды. Осы екі аспектіні Ұлттық банк тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардан бері белсенді түрде дамытып келеді.

Бүгінгі күні Ұлттық банк экономиканың барлық қолма-қол ақшасыз айналымының шамамен 87%-ын өңдейтін тұрақты банкаралық инфрақұрылым құрды. Біздің сәйкестендіру деректерін алмасу орталығымыз қаржы институттарына қызметтерді қашықтан, цифрлық форматта ұсынуға көмектеседі. Мұнда ай сайын шамамен 2,5 млн сұраныс өңделеді.

Бірақ бұл – бір орында тоқтап қалуға болады деген сөз емес. Цифрландыру қаржылық қызметтерді қашықтан алынатын форматқа ауыстырып қана қойған жоқ, ол нарық табиғатын өзгертіп жатыр. Банктер енді дәстүрлі қаржы институты ғана емес, электрондық коммерция, мемлекеттік қызметтер және тағы басқа қызметтерді қамтитын үлкен цифрлық экожүйеге айналды. ESG күн тәртібі, геосаяси тұрақсыздық және жасанды интеллект сияқты жаңа технологиялардың қарқынды дамуы және басқа да жаһандық үрдістер орталық банктер мен қаржы саласын реттеушілердің алдына жаңа міндеттер қойып отыр.

Біз осы бағытта шетелдік әріптестеріміз не істеп жатқанын талдадық. Маңызды трендтерден мыналарды айтып өтуге болады: 

- BIS мәліметтері бойынша, орталық банктердің басым көпшілігі (94%) ұлттық цифрлық валюталарды енгізу мәселесін қарастырып жатыр; 

- геосаяси сын-қатерге байланысты 70-тен астам ел өздерінің төлем жүйелерін енгізді; 

- жасанды интеллект талдау және қадағалау мақсатында кеңінен қолданылуда.

Кей реттеушілер инновацияларды өздерінің ішкі процестеріне енгізуге назар аударса, енді бірі нарыққа арналған цифрлық инфрақұрылымға көбірек көңіл бөліп отыр. Алайда барлық қаржы реттеушілерінің пікірі бір арнада тоғысады: цифрлық талдауды белсенді түрде арттыру және реттеу тәсілдерін өзгеріп жатқан нарық табиғатына бейімдеу. 

Біздің амбициямыз – қарыштап алға қадам басу. Бұл амбиция Цифрлық Ұлттық Банк концепциясында көрініс тапқан.

Бұл – қаржы реттеушілерінің цифрлық экожүйесі. Ол негізгі 5 бағыт бойынша дамиды. Олардың әрқайсысына толығырақ тоқталамын.

Жалпы, негізгі идея өте қарапайым – Ұлттық банк жүйелі және барлығына бірдей қарайтын ойыншы ретінде «әдепкі қалыпта цифрландыру» қағидасымен дамуы керек, бұл тек біздің өз тиімділігімізді арттырып қана қоймай, сала үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Бірінші бағыт – Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту. Берік банкаралық төлем инфрақұрылымын құра отырып, біз адамға бағдарланған қағиданы қамтамасыз ететін жаңа жүйелерді әзірлеп жатырмыз. Ойға алған жоспарымыз орындалған кезде, нарықтағы билік толықтай тұтынушының қолында болады. Яғни, халық пен бизнес өз қаражаты мен деректерін арзан, қауіпсіз және толық цифрлық форматта басқара алатын болады. Осы мақсатта біз бірнеше жобаны іске қоспақпыз:

  1. Open API платформасы – бұл бір уақытта бірнеше тапсырманы орындауға көмектесетін жүйе. Мысалы телефон нөмірі бойынша ақша аударып, банктер арасында QR-төлемдер жасай аласыз. Сондай-ақ, бұл өз қалауыңыз бойынша барлық шотыңызды бақылауға, әртүрлі банктегі қаражатыңызды өзіңіз таңдаған қосымшада басқаруға мүмкіндік береді. Бүгін арнайы ұйымдастырылған стендте біз серіктес банктермен бірге осы жүйені пайдаланудың бір мысалын көрсетеміз.
  2. Цифрлық теңге платформасы бұл – мемлекет шығыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге, трансшекаралық есеп айырысуларды арзандатуға және жеделдетуге, сондай-ақ басқа да инновацияларды енгізуге көмектесетін жүйе. Биыл осы платформаны алғаш рет тәжірибеде сынап көрдік. Соның бірі – Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің өз мақсатында пайдаланылуын бақылау. Алдағы күндері цифрлық ҚҚС жобасы іске қосылады. Ол кәсіпкерлерге бюджеттен салықты қайтаруды жеделдетуге мүмкіндік береді. Біз жылдың аяғына дейін цифрлық теңгедегі транзакция айналымы 200 млрд теңгеден асады деп болжап отырмыз. Ал 2025 жылы платформа іске қосыла бастайды. Бұл жобаны бүгінгі Конгресс сессияларының бірінде әріптестерімізбен бірге егжей-тегжейлі таныстыратын боламыз.
  3. Ұлттық Антифрод-орталық қаржы саласын реттеушілердің, құқық қорғау органдарының және нарық қатысушыларының алаяқтыққа қарсы тиімді күрес жүргізу үшін күш біріктіретін платформаға айналды. Биылғы шілдеден бері жұмыла істеген жұмыс нәтижесінде 500 млн теңгеден астам қаражатты алаяқтардан алып қала алдық. Біз бұл бастаманы жасанды интеллектті белсенді түрде пайдалану арқылы одан әрі дамыта түсеміз деп үміттенеміз.Соның арқасында Ұлттық карталық свитч және банктер арасындағы жалпы есеп айырысу жүйелері секілді қолданыстағы төлем жүйелері де дами түседі.

Тағы да айтып өтетін жайт – бұл жүйенің барлығы банктер арасындағы байланысты дамыту үшін қажет. Біз нарық қатысушыларымен бәсекелеспейміз, керісінше, ашық әрі әділ бәсекеге жол ашатын бәріне бірдей қолжетімді, бәріне теңдей мүмкіндік ұсынатын инфрақұрылым құрамыз. 

Бұл инновациялар барлығын біріктіре отырып, тиімді әрі сыртқы шоктарға төзімді төлем экожүйесін құруға және финтех саласындағы көшбасшылық орнымызды бекітуге мүмкіндік береді. 

Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының барлық компоненттері осы жылдың аяғына дейін іске қосылады.

1. Біз өздеріңізбен бірлесіп Банкаралық төлем карталары жүйесінің мақсатты моделін ауқымды түрде жүзеге асыруды аяқтадық.

2. Осы айда төлем хабарламаларының халықаралық стандарты ISO 20022-ге бір мезетте көштік.

3. Біз Антифрод-орталық механизмін жетілдіру, жасанды интеллект элементтерін енгізу бағытында бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Оның қалай жұмыс істейтінін біздің демонстрациялық стендтен көре аласыздар.

4. Биыл біз сіздермен бірлесіп телефон нөмірі арқылы банктен-банкке ақша аудару және QR төлемдерге қатысты негізгі шарттарды әзірлеу бағытында үлкен жұмыс атқардық. Біз жүйені іске қостық, қазір нарықтағы барлық қатысушыны қосу бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, осы бастамаларды белсенді түрде қолдаған барлық банкке алғыс білдіргім келеді. Осының арқасында біз жылдам алға жылжып, нәтижеге жетуге мүмкіндік алып отырмыз.

Тимур Мұратұлы айтып өткендей, біз жаңа заңда осы аталған жүйелерге қосылу мәртебесі мен шарттарын бекітуді жоспарлап отырмыз.

Екінші стратегиялық бағыт бұл – SupTech-ті енгізу. Күнделікті жұмыс кезінде қаржы реттеушілері қаржы нарығын және салымшылардың қаражатын түрлі қауіптен қорғау, сондай-ақ оны дамыту мақсатында жүйелі шаралар әзірлеу үшін (есептілік, медиа және басқа да материалдар секілді) көлемі үлкен ақпараттарды талдайды.

Цифрлық Ұлттық Банк тұжырымдамасы аясында біз қаржылық бақылау үдерістерін барынша цифрландыруды, сондай-ақ осы мақсатта жасанды интеллект пен машинаны оқыту технологияларын қолдануды жоспарлап отырмыз.

Бұл, бір жағынан, нарықтың реттеу есептілігіне арналған шығындарын азайтуға, екінші жағынан, реттеушінің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге, соның ішінде жасанды интеллектке байланысты сын-қатер мен ауытқуды ерте анықтауға жол ашады. Осы мақсатта ҚНРДА өзінің SupTech платформасын дамытуды жалғастырып, бірнеше жаңа жүйе енгізетін болады. Келесі жылы біз мұндай платформаны енгізудің бірінші кезеңін аяқтауды көздеп отырмыз.

Осы міндеттерді орындау үшін деректерді өңдейтін заманауи және сенімді инфрақұрылымның болғаны маңызды. Бұл ретте, есептеу қуаты ғана емес, деректерді актив ретінде басқару құралдары, мәдениеті туралы да сөз болып отыр. Деректер фабрикасы құрылып жатыр. Оның аясында деректерді жинаудан бастап, талдауға дейінгі барлық деректерді басқару процесі жасанды интеллект және басқа да ең озық құралдарды пайдалана отырып оңтайландырылатын болады.

Біз қажет деректерді нарықтан ыңғайлы, цифрлық форматта жинауды жолға қойып, бір есепті қайта-қайта жинаудың алдын алуды жоспарлап отырмыз. Бұл өзіміздің аналитикалық әлеуетімізді кеңейтуге де мүмкіндік береді.

Біздің data-стратегиямыздағы маңызды элементтің бірі – өзекті мәселелерді зерттеу жұмыстарына сырттан сарапшы тарту. Осы мақсатта Ашық деректер репозиторийін бета-тестілеу режимінде іске қостық.

Жұмысымызға жасанды интеллектті енгізу – жай ғана сәннен қалмау үшін жасалып жатқан жоқ. Біз оны күнделікті аналитикалық жұмысымызда – «шикі» деректерді өңдеуден бастап, «инсайттар» қалыптастыруға дейінгі барлық кезеңде негізгі технологияға айналуға тиіс деп есептейміз.

Біздің Деректер стратегиясына байланысты тәсілдеріміз бен көзқарасымызды толығырақ білу үшін презентация стендіне назар аударуға болады.

Осы айтылған бағыттағы жұмыстарды іске асыру Ұлттық банктің ішкі үдерістерін цифрлық тұрғыдан қайта құруды талап етеді. Стратегия аясында біз цифрлық платформалар мен есептеу инфрақұрылымын қоса алғанда, IT-архитектурамызды айтарлықтай жаңартуды жоспарлап отырмыз. Ресурстарды тиімді және жедел басқаруға мүмкіндік беретін жеке «бұлт» құруды көздейміз. Біздің амбицияларымызды қолдай алатын есептеу инфрақұрылымының жаңа буынын құру да маңызды аспект болмақ.

Бәрі кадрға байланысты. Осы аталған бастаманың барлығын жұмысқа ынтасы зор және нәтижелі командасыз жүзеге асыру мүмкін емес. Олар Agile форматында жұмыс істей алуға тиіс және өздеріне жүктелген міндеттерді нақты түсінуі керек.

Осы мақсатта біз өз қызметімізге жоба басқарудың икемді әдістерін енгізуге мүмкіндік беретін Agile playbook жобасын әзірледік. Бұл тәсілдердің тиімділігі дәлелденген, сондықтан біз оларды тек цифрлық жобаларымызда ғана емес, жалпы қызметімізде де кеңінен пайдалануды жоспарлап отырмыз.

Саламыздағы цифрлық өсімнің жаңа бағыттары мен драйверлерін, соның ішінде цифрлық активтердің қауіпсіз айналымын, жасанды интеллектті тиімді пайдалануды және адамға бағдарланған қаржы экожүйесін құру мен енгізу қаржы реттеушілерінің қажетті инфрақұрылым құруын және тиісті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу арқылы оның «іргетасын нығайтуды» талап етеді.

Құрметті әріптестер,

Цифрлық Ұлттық Банк «өз алдына жеке нәрсе» емес. Біз жоғары технологиялық және инновациялық нарыққа дәл сондай жоғары технологиялық және инновациялық реттеуші қажет деп есептейміз. Цифрландыруға белсенді түрде кірісуіміз барлық нарықтағы инновацияларға серпін береді. Ал бұл елде сенімді, қауіпсіз және ашық цифрлық қаржы экожүйесін бірге құруға мүмкіндік береді.

Жоғарыға