Ұлттық Банктің Төрағасы Т. Сүлейменовтің Қазақстан қаржыгерлерінің XII Конгресіндегі Алғы сөзі
Құрметті Конгреске қатысушылар!
Құрметті әріптестер!
XIІ Қазақстан қаржыгерлері конгресіне қош келдіңіздер!
Қалыптасқан дәстүр бойынша, Конгресті Ұлттық валюта күні мен қаржыгерлердің кәсіби мерекесіне орайластырып өткізіп отырмыз. Бұл іс-шара – мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары арасында сапалы сұхбат орнатуға, дәйекті ақпарат алмасуға және нәтижелі пікірталас жүргізуге тиімді алаң болды.
Құрметті әріптестер,
Қазақстан қаржыгерлерінің Конгресіне қатысушылар!
Сіздерді қаржы саласындағы үздік сарапшылар мен мамандардың, реттеушілер мен мемлекеттік орган басшыларының, Парламент депутаттарының басын қосқан бүгінгі Конгресімізде көргеніме қуаныштымын.
Геосаяси шиеленіс пен жаһандық экономикалық тұрақсыздық салдарынан әлемдік экономкикаға айтарлықтай сын-қатер төнді. Нарықтағы құбылмалылықтың жоғарылығы, сауда қатынастарындағы қазіргі және алда болуы мүмкін өзгерістер, келер жылғы қаңтардан бастап капиталдардың қайта бөліну ықтималдығы – тұтас елді өз экономикалық стратегиясын қайта қарауға және жаңа жағдайларға бейімделуге мәжбүр етіп отыр.
Осының барлығы жаһандық технологиялық эволюцияның, ал кей салаларда революцияның жалғасуы аясында жүріп жатыр. Туындаған жаңа тәуекелдер мен сын-қатерлерге байланысты мемлекеттер алдында өзінің «ойын ережелерін» бейімдеуге қатысты ауқымды міндет тұр. Бұл ретте жаңа технологиялар мен сауда тәртібіндегі, әлемдік экономика құрылымындағы өзгерістер ескерілуі керек. Әрине, бұл трансформация тек қаржы нарығы мен оның қатысушыларынан ғана емес, қаржы реттеушілерінен де икемділікті талап етеді.
Біздің еліміз де жаһандық экономикалық жүйенің бір бөлігі, экономикасы ашық мемлекет ретінде осы сын-қатер мен ауқымды бетбұрыстарға бейімделу қажеттілігімен бетпе-бет келіп отыр. Қазіргі экономикалық ахуал туралы бәріңіз жақсы білесіздер. Дегенмен, сандарды сөйлеткен жөн болар.
Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 4%-ға жеткені баршаңызға мәлім. 2023 жылғы 5,1%-дық өсімді ескерсек, бұны айтарлықтай жақсы нәтиже деп есептеймін. Бұл – кейінгі 10 жылдағы рекордтық өсім. Оған қоса, былтырғы базалық ставка жоғары болды, сондықтан биылғы өсім – айтарлықтай жақсы, оптимистік көрсеткіш.
Сондай-ақ, біз инфляция төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Егер жылдық мәндерге тоқталсақ, көрсеткіш былтырғы ақпандағы шарықтау шегінен 2,5 есе төмендеп, қазан айының қорытындысы бойынша 8,5%-ға түсті. Осыған қарамастан, мақсатымызға әлі жетпегеніміз түсінікті. Бұл деңгей әлі де біз көздеген көрсеткіштен 70%-ға жоғары. Сол себепті макроэкономикалық реттеуші ретінде қатаң ақша-кредит саясатын ұстануымыз керек.
Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі де төмен межеде қалып отыр: биылғы 3-тоқсанның қорытындысы бойынша көрсеткіш 4,6% болды. Жалақы өсіп жатыр. Нақты жалақы индексі 102,7%-ды құрап, орташа айлық жалақы 2023 жылдың осы кезеңіндегі тоқсанмен салыстырғанда 11,3%-ға өсті.
Биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 0,6%-ға артты. Бұл ірі макроэкономикалық көрсеткіш тұрғысынан назар аударуға тұрарлық ең маңызды фактордың бірі деуге болады. Сонымен қатар, жағымды жаңалық та бар: шикізаттық емес секторға салынған инвестиция көлемі әлдеқайда жоғары қарқынмен өсіп, 10,2%-ға жетті. Осы орайда біз банктік несиелендірудің рөлі мен жаңа инвестициялық цикл құру үшін жалпы қаржы секторының экономиканы қаржыландыруы туралы сөз қозғаймыз.
Қазақстанның экономикалық тұрақтылығын сақтап, өсімін қамтамасыз етуде қаржы жүйесі маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Тәуелсіздік жылдарында біз заманауи және қазіргі талаптарға жауап беретін тұрақты қаржы инфрақұрылымын құрдық. Мұны алғы буын әріптестеріміз де растайды. Жалпы, қаржы жүйесінен айтарлықтай оң өзгеріс байқауға болады.
Қазақстанның қаржы жүйесі банкке негізделгендіктен, бұл саладағы сандарға да тоқталып өткен жөн. Жиынтық активтер ЖІӨ-нің шамамен 47%-ын құрайды және жыл басынан бері шамамен 13%-ға өсті. Халықаралық мысалдарға қарасақ, әлі де алға ұмтылу керек, дегенмен динамика анық байқалады. Банк секторының табысы да артып келеді: қаңтар-қыркүйек айларында ол 1,9 трлн теңгеге жетіп, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 17%-дан астам өсті. Корпоративтік және бөлшек кредиттеу де өсіп келеді, есесіне, NPL деңгейі төмендегенін көріп отырмыз. Бұл мәселені де алда талқылайтын боламыз. Яғни, банк жүйесінде тұрақтылық бар.
Бұл ретте, банктерде ғана өсім байқалып отырған жоқ. Біздің екі негізгі алаңымыз – KASE мен АХҚО-да акциялар нарығының капитализациясы айтарлықтай өскені қуантады. KASE-де өсім – 29%, ал АХҚО-да 15% болды. Көлем де, өтімділік те артып келеді. Таяу арада қаржы жүйесі – банкке тәуелділіктен арыла бастайды деп сеніммен айта алатын жағдайға жетеміз деп үміттенемін. Басқа секторлардың да өсіп жатқанына қуаныштымын.
Қазақстанның қаржы секторы бүгінде ел экономикасының цифрлануы жолында қозғаушы күшке айналып отыр. Бұл кез келген ел экономикасының дамуындағы маңызды бағыттың бірі және бұл ретте қаржы секторы лидер екені сөзсіз.
Кейінгі 5 жылда халықтың қолма-қол ақшасыз транзакциялары 10 есе өсіп, бөлшек сауда айналымындағы үлесі 90%-ға жетті. Цифрлық арналар қаржылық қызмет көрсетудің басым әдісіне айналды (әрбір 10 транзакцияның 8-і онлайн-банкинг арқылы жүргізіледі), ал мобильді банк қосымшалары электрондық коммерция, GovTech және басқа да салалар үшін негізгі интерфейске айналды.
Сонымен қатар, әлі де реттеу қажет мәселелер бар.
Қазақстанда кредиттерді пайдалану деңгейі төмен (ссуда портфелінің ЖІӨ-ге қатынасы – 26,7%), бұл – басқа дамушы экономикаларға қарағанда әлдеқайда төмен көрсеткіш. Кредит портфелі құрылымына байланысты белгілі бір мәселелер бар: корпоративтік кредиттеудің өсу қарқыны бәсеңдеп, тұтынушылық кредит көлемі айтарлықтай өсіп келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев экономиканы либерализациялау бағытында түбегейлі реформа жүргізу қажет екенін айтып, нақты тапсырма берді. Қаржы секторы ретінде біз нақты секторға жағдай жасауымыз керек.
Осы міндетті жүзеге асыру үшін қаржы жүйесі тиімді жұмыс істеп, тұрақтылықты қамтамасыз етіп, экономикалық өсімге ықпал етуі аса маңызды. Осыған байланысты Конгрестің негізгі тақырыбы қаржы секторын либерализациялауға, сондай-ақ банк туралы жаңа заңға арналып отыр. Заң бізге аса қажет екені сөзсіз. Оны әзірлеу үшін бірге жұмыс істеп, жіті талдау жасап, конструктивті диалог құра білуіміз қажет.
Мұндағы басты мақсат – банк секторындағы бәсекелестікті арттыру, сол секілді Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейдегі позициясын нығайту.
Қазір Қазақстанның қаржы нарығы Орталық Азияда көш бастап тұр. Біздің міндетіміз – өңірдегі көшбасшы позициясын сақтау.
Осы мақсатта біз ҚНРДА-мен және нарық қатысушыларымен бірлесе отырып, алдағы 5 жылға арналған қаржылық реттеушілерді цифрландыру стратегиясын әзірлеп жатырмыз.
Біз нарықтың даму жолын тежегіміз келмейді, саланың өзі мен оған қатысушылар қалай дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біздің технологиялық мүмкіндіктеріміздің қарқынды түрде өсуі бүкіл саланың цифрлық дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймыз. Біздің міндетіміз – аймақтағы ең үздік, үлгі аларлық цифрлық орталық банк құру, бұл – оңай емес екені де анық.
Біз Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды одан әрі дамыту бағытында жұмыс істейміз. Оның ішінде Цифрлық теңге платформасы, Open API & Open Banking платформасы мен ұлттық төлем жүйелері сияқты жобалар бар. Банкаралық инфрақұрылымның барлығына тең мүмкіндік беру – инновациялардың, бәсекелестіктің қозғаушы күші, түрлі банк өнімдерін дамытудың негізі болады. Осы бастамалардың маңызын ескере отырып, банктер туралы жаңа заңда Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымның мәртебесін бекітуді, нарыққа қатысушылардың барлығы оның сервисіне міндетті түрде қосылуын қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл бәсекелстікке, бейтараптыққа, адамға бағдарлануға жол ашады.
Біздің Стратегиямыздың тағы бір маңызды аспектісі — data-driven тәсілін дамыту. Біз деректер жеткіліксіз дегенді жиі естиміз, олар түсініксіз, мемлекеттік органдардың қолында, ал нарық оларды қажетті көлемде және формада ала алмайды. Сондықтан біз деректер фабрикасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол Ұлттық Банктің экожүйесіндегі деректерді жасанды интеллектті пайдалану арқылы интеграциялайды. Бүгінгі таңда біз бета-тестілеу жүргізіп жатырмыз.
Одан бөлек, ашық деректер репозиториін іске қостық. Ол біздің ашық деректерімізді машина оқитын форматта бөлісуге мүмкіндік береді. Біздің веб-сайтта шамамен 80 дерек жиынтығы бар. Бұл туралы әріптестеріміз баяндайтын болады. Сондай-ақ, біз сарапшылар мен талдаушылардан бастаманы сынақтан өткізіп көріп, кері байланыс беруді сұраймыз. Біз барлық ұсынысты ескеріп, қажет болған жағдайда түзетулер енгіземіз.
Сонымен қатар, жаңа алтын цифрлық монетаны таныстырамыз. Оны AIX биржасының «Tabys» қосымшасы арқылы цифрлық форматта сатып алуға, сатуға және сыйға тартуға, сондай-ақ эксклюзивті UKI дизайнындағы заттай инвестициялық монетаға айырбастауға болады. Алғашқы монеталар 2025 жылдың басында сатылымға шығады.
Бір жағынан, біз токенизация трендтерін қадағалап отырмыз, ал екінші жағынан, еліміздің барлық инфрақұрылымын, оның ішінде негізгі биржа – KASE мен жаңа құралдарды дамыту тұрғысынан баса мән беріліп отырған AIX-ті белсенді пайдаланып отырғанымызды көрсетеміз.
Бастамалар мен жобалар туралы толығырақ әріптестеріміз өз баяндамаларында айтып береді.
Енді мен баршаңызды осынау айтулы мерекемен құттықтағым келеді! Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығына, әсіресе, Елена Леонидовнаға және оның командасына кәсіби әрі конструктивті көзқарасы үшін алғыс айтқым келеді. Бұл – дұрыс және жан-жақты сарапталған шешім қабылдаудың негізі.
Алда келе жатқан жаңа жыл – табысты жыл болсын! 2025 жыл біз дайын болуға тиіс кейбір сілкіністерге қарамастан қолайлы әрі жайлы болады деп ойлаймын.