1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

2024 жылғы 11 қазан, Астана

 

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн.

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Бұл шешімді қабылдағанда инфляцияның динамикасы мен тәуекелдер балансы ескерілді. Жылдық инфляция шілде айында өскен соң тамыз, қыркүйек айларында баяу төмендеуін жалғастырды. Инфляция біздің болжамымызға сай қалыптасып келеді, алайда 5%-тік (бес проценттік) таргеттен жоғары болып тұр. Халықтың инфляциялық күтулері де өзгеріп, жоғары деңгейде қалды.

Сыртқы ортада әлемдік азық-түлік бағалары өскені байқалады. Қазақстанның негізгі сауда-серіктесі – Ресейде инфляция қарқыны жоғары. Жалпы айтқанда, әлемде инфляция төмендеп келеді. Оған орталық банктердің жоғары ставканы ұзақ уақыт бойы ұстап тұруы себеп. 

Ішкі экономикада проинфляциялық қысым сақталуда. Оған фискалдық ынталандырудың күшеюінен қалыптасқан тұтынушылық сұраныс, тұрғын үй коммуналдық қызметі бағаларының өсуі және халықтың инфляциялық күтулердің артуы әсер етіп отыр.

Біздің шешім қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұру саясатын жалғастыруды көздейді. Ол баға өсімін баяулатып, инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізу үшін қажет.

Енді шешім қабылдауға негіз болған факторларға тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ

Қыркүйек айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 8,3%-ке дейін баяулады. Есіңізде болса, тамыз айындағы көрсеткіш 8,4% болған еді. Негізінен ол азық-түлік компонентінің дезинфляциясынан пайда болды.

Азық-түлік бағасының өсуі тамыздағы 5,5%-тен қыркүйекте 5,1%-ке дейін баяулады. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 7,7%-тен 7,6%-ке дейін бәсеңдеді. Ақылы қызметтер инфляциясы шілдедегі ең жоғары мәндерден (14,5%) төмендеп, екі ай қатарынан 13,6% деңгейінде қалыптасты. Жалпы сервистік инфляцияға тұрғын үй коммуналдық қызметтер құнының өсуі мен бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы айтарлықтай үлес қосты.

Қыркүйекте айлық инфляцияның динамикасы 0,4-ке дейін төмендеді. Алайда, ол орташа тарихи мәндерден біршама жоғары болды да, 0,3% деңгейінде қалыптасты. Базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляция көрсеткіштері шілдеде айтарлықтай жеделдегеннен кейін баяуласа да, көктем мен жаз басындағы ең төмен мәндерден әлі де жоғары. Яғни, инфляциялық үдерістер тұрақты төмендеп отыр деп айтуға әлі ерте.

Сонымен бірге, жекелеген көрсеткіштер өндіріс шығындары есебінен бағаларға қысым артқанын көрсетеді. Осылайша, ауыл шаруашылығында, азық-түлік өндірісінде және тауарлар импортында бағалардың өскені байқалып отыр.  

Қыркүйекте халықтың инфляциялық күтулері 14,1%-ке дейін өсті. Тамыз ол 13,1% болған еді. Респонденттер азық-түлік, аяқкиім мен киім-кешек және коммуналдық қызметтер бағасының өскенін атап өтті.

Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары болашақ инфляцияға баға бергенде байыпты ұстанымда. Олардың бағалауы бойынша ол жыл соңына дейін 8,4%-ды құрайды. Бұл да өсімді көрсетеді, себебі бұрын олар 8% шамасында күткен болатын.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР

Қаңтар-тамыз аралығындағы қысқамерзімді экономикалық индикатор жылдық мәнде 4,4% деңгейінде бағаланып отыр. Іскерлік белсенділіктің кеңеюі ішкі және сыртқы сұраныспен қамтамасыз етіледі.  

Айтарлықтай өсім құрылыс, көлік, ақпарат және байланыс салаларында байқалуда. Өнеркәсіпте өңдеу секторының оң динамикасы сақталады. Ал, тұрақты ішкі сұранысқа байланысты сауда саласының көрсеткіштері қарқынды. 

Ішкі сұраныс халықтың нақты табысының өсуімен қамтамасыз етіліп отыр. ҰСБ-ның жаңартылған мәліметтері бойынша, шілде айының соңында нақты кірістердің өсімі 4,5% болды. Сондай-ақ, бұған экономиканың ресурстық емес секторындағы инвестициялық белсенділіктің кеңеюі мен жүргізіліп жатқан фискалдық ынталандыру өз ықпалын тигізуде.

Ұлттық Банк бақылап отырған іскерлік белсенділік индексі жылдың көп бөлігінде немесе сегіз жыл тарынан оң аймақта қалыптасып отыр. Кәсіпорындар бизнес жүргізудің келешек шарттарын оң бағалады.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА

Сыртқы ортада жекелеген тәуекел факторлары артқанын байқауға болады. Бұл негізінен еліміздің басты сауда-серіктестерінің бірі РФ-дағы инфляцияның жеделдеуіне және әлемдік азық-түлік нарықтарында бағаның өсуіне байланысты.

ФАО индексі шілде-тамызда біршама баяулағаннан кейін қыркүйекте өсті. Индекс ішіндегі азық-түліктің барлық түрі қымбаттады.

Сонымен бірге, бірқатар елде монетарлық саясаттың жеңілдей бастауынан сыртқы ақша-кредит шарттарының қатаңдығы аздап төмендеді. Әлемде жалпы инфляция баяулап келеді, алайда базалық инфляцияның, яғни оның орнықты бөлігіндегі көрсеткіштерінің төмендеуі – мейілінше баяу.

Еуроодақта инфляцияның шілдедегі 2,8%-дан тамызда 2,4%-ке дейін төмендегені байқалды. Еуропа Орталық банкі өз саясатын жеңілдете түсті. Дегенмен, ЕОБ 2%-тік таргетке жету үшін жеткілікті қатаң ақша-кредит шарттарын сақтайтынын атап өтті.

АҚШ-та да инфляцияның тамызда 2,5%-ке дейін айтарлықтай баяулағаны байқалды. Бұл қыркүйекте АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемені соңғы 4,5 жыл ішінде алғаш рет төмендетуіне түрткі болды. Олар қыркүйекте бірден 0,5 пайыздық тармаққа төмендетті.

Ресейде инфляция шілде-тамызда 9,1-ге дейін өсті. Бұл жағдайда Ресей Федерациясының Орталық банкі негізгі мөлшерлемені көтеру үрдісін жалғастырып, ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату қажет екенін атап өтті. Әріптестердің бағалауы бойынша, бұл дезинфляция процесін жаңартады, инфляциялық күтулерді төмендетеді және инфляцияның 2025 жылы мақсатқа жетуін қамтамасыз етеді.

Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің өсуіне байланысты мұнай бағасы қазан айының басынан бері 75-80 доллар деңгейінде сақталып отыр. Бағаға ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірудегі шектеуді жеңілдету ниетін биылғы желтоқсанға дейін жылжытуы және Қытайда қабылданған бірқатар фискалдық ынталандыру да қолдау көрсетті.

* * *

Құрметті журналистер!

Қорыта келе, инфляцияның қайта төмендей бастауына қарамастан, сыртқы секторда және экономиканың ішкі контурында тәуекел факторларына байланысты бағаларға белгілі бір қысым артқанын айтқым келеді.

Ерекше атап өткім келетін фактор – өсіп жатқан фискалдық алшақтықты жабу құралдарына және оны Ұлттық қордың қаражаты есебінен қаржыландыруды жалғастыруға қатысты белгісіздік.

Айырбастау бағамының әлсіреуінен және ақша нарығындағы мөлшерлеме динамикасынан туындаған, біршама жеңілдетілген ақша-кредит шарттарын ескерсек, мұның бәрі базалық мөлшерлемені төмендетуге айтарлықтай шектеу қояды.

Сол себепті, инфляция және оның орнықты бөлігі тұрақты түрде төмендесе және фискалдық алшақтық мәселесі тиімді әрі жүйелі шешімін тапса, алдағы шешімдерді қабылдау кезінде мөлшерлемені байыпты және теңгерімді негізде төмендету мүмкіндігі қарастырылады.

Осы орайда біз алдында жариялаған бағытта әрекет ете береміз. Болжамды кезеңде күтілетін экономиканың өсуін ескерсек, біз қазіргі ақша-кредит шарттарын ұстамды қатаң деп бағалаймыз. Ұлттық Банк инфляцияның 5%-тік ортамерзімді мақсатына тезірек қол жеткізу үшін ақша-кредит шарттарын осы деңгейді сақтап қалуға тырысады.

Біз макроэкономикалық салалық деректерді бақылаймыз. Қарашада болатын болжамды раунд барысында қалыптасып жатқан факторлар мен тәуекелдердің күтілетін инфляция динамикасына әсерін, сонымен бірге жалпы және базалық инфляцияның таргетке жақындау траекториясы бағаланады.

Жоғарыға