Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі
Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі
2024 жылғы 12 шілде, Астана
Құрметті журналистер!
Қайырлы күн.
Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,25%-ке дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
Шешім қабылдау барысында инфляцияның динамикасы мен тәуекелдер балансы ескерілді. Мамыр мен маусымда жылдық инфляция Ұлттық Банктің болжамдары шегінде біртіндеп төмендеуін жалғастырды және ол болжамды диапазонның ортасынан сәл төмен қалыптасты. Ал ифляциялық күтулерге келетін болсақ, сәуірдегі жоғары көрсеткіштен кейін инфляциялық күтулері маусым айында
13,3%-ға дейін төмендеді.
Сыртқы инфляциялық жағдай әлемдік азық-түлік бағасының динамикасына және Ресейдегі инфляцияның жеделдеуіне қарай қолайсыз қалыптасты.
Сыртқы ақша-кредит шарттары әлі де қатаң қалпында.
Ұлттық экономикада орнықты тұтынушылық сұраныс инфляциялық қысымды сақтап отыр. Ол фискалдық ынталандыруға және тұтынушылық кредиттеуге байланысты. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына сәйкес тарифтердің көтерілуі жалғасуда.
Сонымен бірге, маусым айында ақша-кредит шарттары теңге бағамы әлсірегендіктен жұмсарды.
Дегенмен, қалыптасқан тәуекел факторлары базалық мөлшерлеменің деңгейін өзгертуде байыптылықты қажет етеді. Біз базалық мөлшерлеменің болашақ динамикасын мұқият бағалап, келіп түскен деректерді, оның ішінде баға өсімінің тұрақты бөлігін және инфляцияның өзгеру траекториясын қадағалауды жалғастырамыз.
Қабылдаған шешіміміз ақша-кредит саясатының ұстамды қатаң сипатын сақтау позициясына негізделген. Бұл бағаның өсуін бәсеңдетуге және инфляция бойынша 5% мақсатқа қол жеткізуге арналған трендті бекіту үшін қажет.
Енді шешім қабылдауға негіз болған факторларға толығырақ тоқталып өтейін.
БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ ЖӘНЕ ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.
Маусымның қорытындысы бойынша, бағаның өсуі азық-түлік компонентіне және тарифтік реформаны іске асырудың төмендеген қарқынына байланысты жылдық мәнде
8,4%-ке дейін баяулады.
Инфляцияның қазіргі динамикасы ауыл шаруашылығындағы және тамақ өндірісіндегі бағаның төмендеу әсерімен қалыптасып келеді. Дегенмен, өндірушілердің бағаларды төмендету үрдісі әлсірей бастады.
Инфляция құрылымында барлық компоненттің баяулағаны байқалуда. Атап айтқанда, азық-түлік компоненті мамырдағы 5,5%-дан маусымда 5,4%-ке дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,6%-дан 7,4%-ға дейін, сервистік инфляция 13,9%-тен 13,8%-ке дейін баяулады.
Оң фактор ретінде айлық инфляцияның динамикасын өз алдына бөлек атап өткім келеді. Маусым айында ол 0,4% құрады. Бізде ол орташа тарихи мәндерден төмен – 0,5%.
Сонымен бірге базалық және маусымдық фактордан тазартылған инфляция көрсеткіштері мамырда төмендегеннен кейін біршама өсті.
Алдағы бір жылда күтілетін инфляцияны бағалау теңгенің номиналды айырбастау бағамының әлсіреуінен сәуірдегі жоғары мән – 16,1%-тен маусымда 13,3%-ке дейін төмендеді.
ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.
Қазақстан экономикасының өсуі 2024 жылғы қаңтар-мамырда қысқамерзімді экономикалық индикатор негізінде 3,7% деңгейінде бағаланды. Бұл ЖІӨ-нің барлығы деген сөз емес, қысқамерзімді экономикалық индикатор деген сөз. Іскерлік белсенділіктің өсуіне ішкі және сыртқы сұраныс әсер етті.
Ең жоғары өсу қарқыны құрылыс, көлік, ақпарат және байланыс салаларында байқалды. Өнеркәсіпте өңдеу секторының орнықты динамикасы ерекшеленді. Ол 5,2%-ға өсті. Сауда саласы орнықты ішкі сұранысқа байланысты 2,3%-тен 3,1%-ке дейін жеделдеді.
Жиынтық ішкі сұраныс орнықты. Ішкі сұранысқа халықтың нақты табысының өсімі қолдау көрсетіп отыр. Жаңартылған деректерге сәйкес, 1-тоқсанда ол аздап артта қалды. Нақты табыстың өсімі 4,7%-ды құрады. Сондай-ақ, бұған экономиканың шикізатқа жатпайтын секторындағы инвестициялық белсенділіктің өсуі де ықпал етіп отыр. Бұл көрсеткіш 13,9 пайызға артқан және оған фискалдық ынталандырудың жалғасын тапқаны да бар.
Ұлттық Банк қадағалайтын іскерлік белсенділік индексі бес ай қатарынан оң аймақта қалыптасып келеді. Бизнес-цикл сағаты экономиканың өсу фазасында екенін көрсетіп тұр.
ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.
Сыртқы орта факторларының жиынтығы қолайсыз сыртқы инфляциялық жағдайды қалыптастыруда. Ол алдымен азық-түліктің әлемдік бағасына және біздің басты сауда-серіктесіміздің бірі – Ресейдегі инфляция динамикасына байланысты.
ФАО индексі үш ай қатарынан өсіп, мамыр мен маусымда 120,6 тармақ деңгейінде сақталды. Маусым айында астық құнының төмендеуі өсімдік майлары, қант және сүт өнімдері бағасының өсуін өтеуге мүмкіндік берді.
Сыртқы ақша-кредит шарттары қатаң қалпында қалды. Осылайша, әлемдегі инфляцияның баяулау үрдісі жалғасуда. Бірақ базалық инфляция көрсеткіштері барынша тұрақты және көп елде таргеттен жоғары қалыптасып отыр.
Жалпы инфляцияның төмендеуі жаһандық экономикалық белсенділік қарқынының баяулауынан және энергия көздері бағасының төмендеуінен қалыптасып отыр.
Еуроодақта мамырда инфляцияның 2,7%-ке дейін аздап жеделдеуі байқалады. Сәуірде ол 2,6% болған еді. Алайда, Еуропа Орталық банкі базалық инфляция мен инфляциялық күтулердің төмендеуінен мөлшерлемелерді 9 ай бойы өзгеріссіз деңгейде ұстап тұрғаннан кейін саясатты жеңілдетуге көшті.
Сонымен қатар, Еуропа Орталық банкі мақсатқа қолжеткізу ұстанымы туралы мәлімдеп, болашақта ұстамды проценттік мөлшерлемелерді сақтап қалу ниетін білдірді.
АҚШ-та инфляцияның 3%-ке дейін баяулағаны байқалады. Дегенмен, инфляцияның деңгейі әлі де жоғары деп бағаланады. АҚШ Федералды Резервтік Жүйенің риторикасына сәйкес инфляцияның мақсатқа жақындауының сенімді белгілерін алғанша мөлшерлемелерді төмендету жоспарда жоқ.
Маусым айында Ресейде инфляция 8,6%-ке дейін өсті. Осы арада Ресей Федерациясы Орталық банкінің риторикасы айтарлықтай қатаңдады. Реттеушінің мәлімдемесіне сәйкес, инфляция бойынша мақсатқа қолжеткізу қатаң ақша-кредит шарттарын неғұрлым ұзақ уақыт бойы сақтауды талап етеді. Бұл ретте РФОБ негізгі мөлшерлеме де артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Мұнай бағасы биылғы маусымда орта есеппен 83 АҚШ доллар деңгейінде қалыптасты. Бұл ОПЕК+ елдерінің шикі мұнай өндірудегі шектеулерін биылғы қазаннан бастап біртіндеп жеңілдету туралы күтулерге байланысты.
* * *
Қорыта келе, инфляция біртіндеп баяулағанымен, бірнеше тәуекел факторларының сақталып отырғанын атап өткім келеді.
Сыртқы ортада олар Ресейдегі неғұрлым жоғары инфляциядан және азық-түлік бағасының көтерілуінен туындап отыр.
Ел ішіндегі тәуекелдер бюджет саясаты параметрлерінің қайта қаралуымен, реттелетін бағалар саласындағы реформалардың жалғасуымен байланысты. Өздеріңіз білетіндей, реттелетін бағалар саласындағы реформа жалғасуда. Ішкі сұраныс орнықтылығын сақтап отыр және инфляциялық күтулер әлі де тұрақсыз. Тұтыну несиесі де маңызды рөл атқарады. Теңге бағамының динамикасына байланысты ақша-кредит шарттары да жұмсарып келеді.
Алдағы болжамды раунд аясында қалыптасатын тәуекелдер балансы, сондай-ақ фискалдық саясат параметрлері мен айырбастау бағамының динамикасы бағаланатын болады.
Қалыптасатын тәуекел факторлары шешім қабылдауда мұқият болуды талап етеді. Бұл жағдайда біз баға өсімінің тұрақты бөлігін және жалпы инфляцияның нысаналы деңгейге жақындау траекториясын бақылай отырып, қолға түскен деректерді талдай береміз.