1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі 

2024 жылғы 31 мамыр, Астана

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн.

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,50%-ке дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Қабылданған шешім инфляция мен экономика өсімінің жаңартылған болжамдарына негізделді. Нақты деректер мен тәуекелдер балансы талданған нәтижелер ескерілді.

Қазіргі кезде біз жылдық инфляцияның өз болжамдарымызға сәйкес төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Наурыз бен сәуірде баға өсіміндегі орнықты бөліктің төмендей бастауы – біз үшін жақсы белгі. Алайда инфляциялық күтулердің қайта өсе бастағаны байқалады. Бұл инфляцияны төмендету саясатын жалғастыруды қажет етеді.

Экономикадағы проинфляциялық факторлардың әсері сақталып отыр. Ол жоғары инфляциялық күтулермен қатар фискалдық ынталандыруға, орнықты ішкі сұранысқа және тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласындағы реформалардың жалғасуына байланысты. Су тасқынынан экономика мен инфляция бойынша тәуекелдер болжағаннан төмен болды. 

Сыртқы инфляциялық жағдай орталық банктердің тежеуші монетарлық саясаты мен азық-түлік бағасының төмендеу нәтижесінде нейтралды болып бағаланады.

Қазіргі ақша-кредит шарттары ортамерзімді инфляцияны 5% деңгейіне дейін төмендету және тұрақтандыру мақсатында елдегі инфляциялық үдерістерді тоқтатуға ықпал етеді.

Енді шешім қабылдауға негіз болған факторларға тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ ЖӘНЕ ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

Жаһандық инфляциялық қысымның әлсіреуінен, тамақ өнімдерін өндірушілер бағасының төмендеуінен және ұстамды қатаң ақша-кредит саясатынан инфляция баяулайды.

Сәуірде бағаның жылдық өсуі 8,7% құрады. Азық-түлік  инфляциясы айтарлықтай төмендеп, 6,3%-ті құрады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі баяулап, 7,6% болды. Ал ақылы қызметтер инфляциясы тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің көтерілуінен жылдық мәнде 13,5%-ке дейін жеделдеді.

Сәуірде айлық инфляция 0,6%-ті құрады. Бұл орташа жылдық динамикаға сәйкес келеді. Азық-түлік тауарлары бағасының төмен өсуінен базалық және маусымдық факторлар қамтылмаған инфляцияның көрсеткіштері қатарынан екі ай бойы төмендеді. Бізге осы үрдісті әрі қарай ұстап тұру маңызды.  

Сәуірде инфляциялық күтулер өсті. Алдағы бір жылда күтілетін инфляция 16,1% болды. Респонденттердің пікірі бойынша, бағалардың өсуін күтудің негізгі себептері – су тасқынының салдарынан азық-түлік бағасының өзгеруі және тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласындағы реформа.

Өз кезегінде экономиканың нақты секторында жүргізілген сауалнама болашақ инфляция бойынша барынша ұстамды болжамдарды көрсетеді. Кәсіпорындар дайын өнім, шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны баяулайды деп күтеді. Соңғы сауалнаманың қорытындысы бойынша қаржы нарығының кәсіби қатысушылары инфляция осы жылдың соңына қарай 8,5% деңгейінде қалыптасады деп болжап отыр.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.

Қысқамерзімді экономикалық белсенділік индексіне сәйкес 2024 жылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстан экономикасы жылдық 3,9%-ке өсті. Іскерлік белсенділіктің өсуі ішкі және сыртқы сұраныспен қамтамасыз етіліп отыр. Экономиканың барлық негізгі салалары орнықты қарқынмен өсіп келеді.

Құрылыс, ақпарат, байланыс және көлік салаларында ең жоғары өсу қарқыны тіркелді. 2023 жылғы құлдыраудан кейін ауыл шаруашылығындағы өндіріс қалпына келе бастады.

Жиынтық ішкі сұраныс орнықты болып қалып отыр. Нақты жалақының қалыпты өсуі экономиканың шикізатқа жатпайтын секторындағы инвестицияларды ұлғайту және бюджет шығыстарын арттыру сұранысқа қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, тұтынушылық кредиттердің жоғары көлемде берілуі сақталып отыр. Бұл тұтыну көлемі халықтың нақты табысының өсу қарқынынан айтарлықтай асып түсетінін көрсетеді.  

Шикізатқа жатпайтын сектордағы инвестициялық белсенділік өсіп келеді. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында 18,4% болды. Олар –  өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау, құрылыс, көлік және ақпарат пен байланыс.

Өндірісте және қызмет секторында іскерлік белсенділік индексі (ІБИ) соңғы үш ай қатарынан оң аймақта қалыптасып келеді. Кәсіпорындар бизнес жүргізудің қазіргі және болашақтағы шарттарын оң бағалап отыр.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

Сыртқы сектордағы инфляциялық жағдай нейтралды болып бағаланады. Бұл тежеуші ақша-кредит саясатының жалғасуына және бүкіл әлемде азық-түлік бағасының оң динамикасына байланысты.

Өсімдік майын қоспағанда, азық-түліктің барлық түрінің әлемдік бағасы наурыз бен сәуірде біршама өскеніне қарамастан, жылдық мәнде төмендеді.

Дамыған елдердің орталық банктері пайыздық мөлшерлемелерді жоғары деңгейде сақтап отыр. Бұл инфляцияның нысаналы бағдарға дейін орнықты баяулауын қамтамасыз ету үшін қажет.

Биыл наурыз бен сәуірдің қорытындысы бойынша Еуроодақта бағаның жылдық өсімі 2,6%-ке дейін баяулады. Еуропа орталық банкінің бағалауы бойынша ақша-кредит шарттары инфляцияның төмендеу үдерісіне елеулі үлес қосатын деңгейде қалыптасқан, ал саясатты жұмсарту осы жазда басталуы мүмкін.

АҚШ-тағы инфляция сәуірде 3,4 болды. Федералдық резервтік жүйенің (ФРЖ) риторикасына сәйкес соңғы айларда инфляция 2%-тік мақсатқа жетуді көрсетпеді. Соған сәйкес мөлшерлемелердің жоғары деңгейі ұзақ уақыт сақталуы мүмкін.

Қытайда тұтынушылық инфляция ішкі сұраныстың біртіндеп қалпына келуі аясында қатарынан үш ай бойы өсуде. Бағаның жылдық өсуі сәуірде 0,3%-ті құрады.

Ресейде инфляция сәуірде 7,8-ге жетті. Бағалардың өсуіне бұрынғыдай жоғарылатылған ішкі сұраныс пен жоғары инфляциялық күтулер ықпал етіп отыр. Ресей Федерациясы Орталық банкінің (РФОБ) бағалауы бойынша, инфляцияның мақсатқа жетуі және оның 4%-ке жуық деңгейде ұстануы экономикада қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт сақтауды талап етеді.

Мұнай нарығы бір баррель үшін шамамен 82 доллар деңгейінде тұрақталу белгілерін көрсетуде. Биылғы екінші тоқсанның соңына дейін ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіруді қысқарту бойынша келісімшарттарын ұзарту, АҚШ-та өндірудің тұрақты өсуі және Таяу Шығыста жалғасып жатқан соғыс қимылдары мұнай бағасына әсер етті.

Осыған байланысты базалық сценарийде 2024 жылғы Brent маркалы мұнайдың бағасы орташа есеппен 85 доллар деңгейінде белгіленіп, 2025 және 2026 жылдарғы – 80 және 77 долларға дейін төмендетілді.  

* * *

Енді макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамына тоқталып өтейін.

Биылға инфляция болжамы өзгерген жоқ, оның шегі – 7,5-9,5%. 2025 жылға арналған болжам 5,5-7,5% деңгейінде сақталды. 2026 жылы фискалдық ынталандырудың төмендеуіне және ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарының толық қалыптасуына қарай  инфляция 5-6%-ке дейін баяулайды деп күтеміз. Дегенмен базалық инфляция 2025-2026 жылдары 5% деңгейінде қалыптасып, жалпы инфляция деңгейінен төмен болады деп күтеміз. Атап өткім келеді, біз негізгі инфляцияны назарға аламыз. Өйткені ол тұрғын үй коммуналдық қызметтер (ТКҚ) бағасының реформасы сияқты уақытша факторларды қамтымайды және жалпы баға деңгейінің өзгеруіндегі тұрақты үрдістерді толық бағалауға мүмкіндік береді.

Күтілетін бюджеттiк шоғырлануға және инфляцияның төмендеуiне ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары және сыртқы ортадағы баға өсу жағдайының одан әрi жақсаруы ықпал етеді.

Болжамның негізгі тәуекелдеріне бюджет саясаты параметрлерінің белгісіздігі, реттелетін бағалар саласындағы реформалардың жалғасуы, тұрақсыз инфляциялық күтулер жағдайындағы ішкі сұраныс тарапынан қысымның өсуі, геосаяси шиеленіс жатады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсуі 3,5-4,5% шегіндегі болжамда сақталды. Биыл іскерлік белсенділік фискалдық ынталандыру аясындағы ішкі сұраныспен қамтамасыз етіледі. Ол салықтардың жиналу динамикасынан және бюджеттің мұнайсыз тапшылығының нақты динамикасынан байқалады. Кейінгі жылдарға арналған болжамға қатысты айтсақ, олар бізбен қайта қаралды.

Біздің бағалауымыз бойынша ТШО-ның кеңейту жобасын 2025 жылдың екінші жартысына ауыстыруы экспорт пен жалпы ішкі өнімнің өсу үрдісін жылжытады. Яғни, біз 2025 жылы экономика 4,8-5,8% шегінде өседі деп күтеміз. 2026 жылы ТШО-дағы өндірісті ұлғайтудың кейінгі әсерін ескерсек, жалпы ішкі өнімнің өсуі бұрын болжанғаннан жоғары болып, 4,9-5,9%-ті құрайды.

* * *

Құрметті журналистер!

Біздің басты міндетіміз – ортамерзімді келешекте инфляция бойынша белгіленген мақсат – 5%-ке қол жеткізу. Бұл ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізуді талап етеді. Сол арқылы қалыптасқан инфляцияның баяулау үрдісі бекітіледі.

Ұлттық Банк тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің реформасынан соң бағалардың тікелей өсуіне құрал ретінде базалық мөлшерлемені көтермейді. Сонымен бірге, жүргізіліп жатқан реформалардың жанама әсерін қадағалап, қажет болған жағдайда негізгі мандатымызға сәйкес шаралар қабылдаймыз.

Ақша-кредит саясаты бойынша келесі шешім нақты инфляцияның болжамды траекторияға сәйкестігіне және тәуекел балансын бағалауға байланысты қабылданады. Баға өсімінің орнықты бөлігінің тұрақты баяулауы 2024 жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлемені одан әрі байыппен төмендету мүмкіндігін қалыптастырады.

Енді Сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз.

479.87 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға