1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Ғ.О. Пірматовтың мәлімдемесі

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн!

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер!

 

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Бүгінгі шешім нақты деректер мен жаңа факторлар ескерілген болжамдарды талдау негізінде қабылданды. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын жаңартумен қатар инфляция тәуекелдерін бағалауды да жаңадан балансқа келтірдік.  

Біздің бағалауымыз тәуекелдер балансының дезинфляциялық жаққа шамалы ығысуын көрсетеді. Сыртқы сектордың бағаға қысымы аздап әлсіреді. Оның себебі – әлемдік азық-түлік бағасының өсу қарқынының төмендеуі және Қазақстанның сауда-серіктес елдерінде инфляцияның едәуір баяулауы. Нақты айырбастау бағамының тұрақты болуына байланысты сыртқы бағалардың барынша баяу өсуі елдегі инфляцияның төмендеуіне қолайлы жағдай жасап отыр. Алайда, фискалдық ынталандырудың жалғасуына, тұрақты ішкі сұранысқа, жоғары инфляциялық күтулерге және жанар-жағармай мен тұрғын-үй коммуналдық қызметтер бағасының көтерілуіне байланысты ішкі факторлардың проинфляциялық ықпалы сақталуда.   

Қабылданған шешім орта мерзімді келешекте бағаның өсуін төмендету мен тұрақтандыру мақсатында елдегі инфляциялық үдерістерді одан әрі тоқтатуға ықпал етеді.

* * *

Қабылданған шешімнің негізгі факторларына толығырақ тоқталайық.

БІРІНШІ. НАҚТЫ ЖӘНЕ КҮТІЛЕТІН ИНФЛЯЦИЯ ДИНАМИКАСЫ

2023 жылдың сәуір айында жылдық инфляция біздің күтулерімізге сәйкес наурыз айында басталған төмендеу үдерісін жалғастырып, 16,8%-ды құрады. Жеміс-жидек пен көкөніс нарығындағы ұсыныстың тұрақтануына байланысты азық-түлік инфляциясы 17,9%-ға дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 18,2%-ға өсіп, жанар-жағармай бағасының көтерілгенін көрсетті. Қызметтер құны 13,7%-ға өсті, бұл жеке көрсетілетін қызметтерге сұраныстың тұрақты болуына байланысты. Бұл жерде тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі жанар-жағармай бағасының көтерілуінен болған жанама әсерді әлі көрсетпей тұрғанын атап өткен жөн.

Инфляцияның айлық көрсеткіші осы жылдың наурыз және сәуір айларында 0,9%-ды құрап, орташа тарихи мәндерден жоғары қалыптасты.

Алайда ақша-кредит саясатының нәтижесінде базалық инфляцияның әртүрлі бағалаулары инфляцияның тұрақты компоненттерінің біртіндеп баяулауын көрсетуде. Дегенмен, жанар-жағармай мен тұрғын-үй коммуналдық қызметтері бағаларының көтерілуінің жанама әсерлері оның динамикасына ықпал етеді.

Жалпы алғанда, баяулауға қарамастан, инфляциялық процестер, ішкі сұраныстың тұрақты болуынан, инерциялық сипатын сақтайды. Өзгерген геосаяси жағдай салдарынан логистикалық және өндірістік тауар жеткізу жолдарын қайта құру үдерісі бағаның өсуіне әсер етуде. Нақты сектор кәсіпорындарынан алынған сауалнаманың нәтижелері де бағаның өсуін растап отыр. Ынталандырушы фискалдық саясат пен халықтың жоғары инфляциялық күтулері маңызды проинфляциялық факторлар болып қалуда.

Биылғы сәуірде алдағы 12 айда күтілетін инфляция 16,7%-ға дейін өсті. Тұрғын үй коммуналдық қызметтері тарифтерінің жоспарланған өсуі және жанар-жағармай бағасының нақты көтерілуі халықтың күтулеріне ішінара әсер етті. Сезілетін инфляция көрсеткіші біршама төмендегеніне қарамастан, әлі де жоғары мәнді көрсетуде. Яғни, күтілетін және сезілетін инфляцияның динамикасында байқалған оң үрдіс туралы айтуға әлі ерте.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКА ФАКТОРЛАРЫ

Биылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі 5,0%-ға өсіп, біздің болжамдық бағалауымыздан жоғары қалыптасты. Тауарлар өндірісі мен қызмет көрсету секторы да өсіп келеді. Құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салалары өсудің ең жоғары қарқынын көрсетіп отыр.

Соңғы айларда оң аймақта болған іскерлік белсенділік индексінің динамикасы да экономиканың нақты секторындағы оң үрдістерді растайды.

Халықтың тұтынушылық сұранысы тұрақты болып қалуда. Бұл бөлшек тауар айналымы, тұтынушылық тауарлардың импорты және тауарлар мен қызметтер үшін халықтың қолма-қол ақшасыз төлемдері туралы деректерден көрінеді. Бөлшек сауданың өсу қарқыны пандемияға дейінгі мәндерге жеткенін атап өткен жөн. Тұтынушылық кредиттеу мен инфляциялық күтулердің жоғары деңгейі азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасының кеңеюіне қолдау көрсетеді. Халықтың номиналды жалақысы мен табысының өсуі байқалуда. Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің шамамен 30%-ы отбасындағы табыс деңгейінің 300 мың теңгеден жоғары екенін атады. Бір жыл бұрын мұндай жауаптардың үлесі 10-15% аралығында болатын. Дегенмен, халықтың нақты табысы жоғары инфляция аясында төмендеп, тұтынушылық сұраныстың белсенді іске асуын тежеп тұр.    

Экономиканы қолдау мемлекеттік бағдарламалармен ынталандырылатын жоғары инвестициялық белсенділік те – ішкі сұраныс драйверлерінің бірі. Биылғы қаңтар-сәуір айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 18%-ға өсті. Атап айтқанда, салымдар көлемі көлікке және қоймада сақтауға 39,3%-ға, ауыл шаруашылығында 26,5%-ға, өнеркәсіпте 18,1%-ға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 10,0%-ға өсті.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА

Жаһандық инфляцияның одан әрі төмендеуі күтіледі. Оған шикізат пен тауар нарықтарындағы қысымның азаюы және логистикалық мәселелердің шешілуі ықпал етіп отыр. Биылғы сәуір айында біршама өскеніне қарамастан, ФАО азық-түлік бағасының индексі төмендеу серпінін сақтап қалды. Ал мол өнім алу мен астық мәмілесін іске асыру аясында дәнді дақылдар бағасы біздің алдыңғы болжамнан да тез төмендеп келеді. Осыған байланысты теңгенің айырбастау бағамының тұрақты болуынан азық-түліктің ішкі бағасы өсуінің одан әрі бәсеңдеуіне мүмкіндік бар.

Қазақстанның сауда-серіктес елдеріндегі инфляцияның төмен қарқыны қосымша дезинфляциялық фактор болып табылады. Бұл әсіресе Ресейде былтырғы жоғары базаның шығуы нәтижесінде және Қытайда экономиканың қалпына біркелкі келмеуіне байланысты тауарларға сұраныстың төмен болуы аясында байқалуда.

Инфляция бойынша жағдайдың біртіндеп жақсаруына қарамастан, көптеген елдегі сыртқы монетарлық шарттар тежейтін сипатын сақтайды. Өйткені бағаның жылдық өсу көрсеткіштері әлі де белгіленген нысаналы бағдардан асып түсті.

Мұнай нарығы бұрын болжанғанға қарағанда бірқалыпты дамитын болады. Ковид шектеулері алынғаннан кейін Қытай экономикасы қалпына тез келеді деген болжам орындалған жоқ. Сонымен қатар, тұрақты инфляция аясында айтарлықтай қатаң монетарлық саясатты жүргізу жаһандық рецессия тәуекелін арттырады. ОПЕК+ тарапынан мұнай өндіруді қысқарту бағаларды ұстап тұруға оң әсерін тигізе алмады. Осылайша, тежеуші факторлардың басым ықпалы мұнай құнының төмендеуіне әсер етіп болжамды бағалауды қайта қарауға әкелді.

Болжамдарымызды қалыптастыру үшін аталған факторлардың негізінде Brent маркалы мұнай бағасының траекториясын да қайта қарадық. Базалық сценарий бойынша 2023 жылы мұнайдың орташа бағасы 1 баррель үшін 82,2 долларды құрайды.  

* * *

Макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған болжамдарына тоқталып өтейік.

Қалыптасқан сыртқы және ішкі факторларды, сондай-ақ жаңа алғышарттарды ескергендегі инфляция болжамдары өсу жағына қарай қайта қаралды. Біздің жаңартылған болжамдарымыз бойынша жылдық инфляция 2023 жылы 11-14%, 2024 жылы 9-11% және 2025 жылы 5,5-7,5% шегінде қалыптасады.

Бағаның өсуі бойынша болжамды бағалаудың өзгеруі, бірінші кезекте, жанар-жағармай мен тұрғын-үй коммуналдық қызметтері құнының өсуінің тікелей және жанама әсерлерінің ықпалына байланысты. Бағаның өсуі инфляцияның орта мерзімді мақсатқа дейін баяу төмендеуіне әсер етеді. Биыл фискалдық импульсті проциклді деп бағалап отырмыз. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамында белгіленген параметрлерге сүйенсек, ол 2024-2025 жылдары контрциклдік бюджеттік ережені сақтауға жоспарлы оралу аясында әлсірейді деп болжануда. Бұл біздің болжамымыздың маңызды алғышарты екенін атап өтейін.

Ақша-кредит шарттарының тежеу сипаты, сыртқы экономикалық конъюктураның жақсаруы инфляцияны шектейтін әсер береді. Ол азық-түлік бағасының одан әрі төмендеуінен және сауда әріптес елдеріндегі төмен инфляциямен байланысты.

Инфляция болжамының тәуекелдеріне фискалдық ынталандырудың күшеюі, жанар-жағармай мен тұрғын-үй коммуналдық қызметтері бағасының өсуінен болатын күштірек жанама ықпал ету, логистикалық және өндірістік тауар жеткізу жолдарын қайта құрудың баға белгілеуге ұзақ әсер етуі, сондай-ақ инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде қалу ықтималы жатады.

Қазақстан экономикасы өсуінің 2023 жылға болжамы жақсарды. 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,2-5,2% диапазонында қалыптасатын болады. Экономиканың 2024-2025 жылдарға арналған өсу болжамы 3,5-4,5% деңгейінде өзгеріссіз қалды.

Биылғы бағалар жалпы ішкі өнімнің нақты динамикасын ескере отырып қайта қаралды. Оған ынталандырушы фискалдық саясат, тұрақты ішкі сұраныс пен жоғары сыртқы сұраныстың күтулері әсер етеді. Бұл ретте импорттың оң динамикасы, теңгенің күштірек нақты айырбастау бағамымен қатар қалыптасатын нақты пайыздық мөлшерлеме инфляцияға қысымды төмендете отырып, экономикалық белсенділікті балансқа келтіретін болады.

Жалпы ішкі өнім болжамдарының тәуекелдері жаһандық инфляцияның тұрақтылығы туралы алаңдаушылыққа байланысты. Бұл орталық банктердің қатаң риториканы сақтауына алып келеді. Ол, өз кезегінде, мұнай сұранысына әсер етіп, дамыған елдерде рецессия тәуекелін арттырады. Қазақстан экспортын халықаралық нарықтарға шығару жолында туындауы мүмкін мәселелер де экономиканың өсу болжамының тағы бір теріс факторына жатады.   

Біздің бағалауымыз бойынша, нақты инфляцияның оң динамикасын ескерсек, ақша-кредит шарттары тежеу деңгейіне жетті. Осыған байланысты Ұлттық Банк биылғы жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлемені бір қалыпты және байыппен төмендету мүмкіндігін қарастырады. Біз қабылдайтын шешімдер бағалардың өсуінің болжамды бағалауға сәйкес келуіне, жанар-жағармай мен тұрғын-үй коммуналдық қызметтері бағасының өсуінен болатын жанама әсер етуден базалық инфляцияның тұрақты баяулауына, инфляциялық күтулер динамикасына, сондай-ақ 2024-2025 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде бюджеттік қағиданы сақтауға байланысты болады. Бұл ретте келесі шешім қабылдау жолында базалық мөлшерлемені түсіру ықтималын жоғары емес деп бағалап отырмыз.

* * *

Құрметті журналистер!

Ұлттық Банк өзінің негізгі мақсаты – бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады.

Қабылданған шешім факторлары, инфляция болжамдары мен тәуекелдері туралы толық ақпаратпен 5 маусымда жарияланатын Ақша-кредит саясаты туралы баяндамадан таныса аласыздар.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 5 шілдеде Астана қаласының уақыты бойынша сағат 12:00-де жарияланады.

505.17 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға