1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстан Республикасының 2020 жылғы төлем балансы туралы

Ұлттық Банк 2020 жылдың қорытындысы бойынша есептік төлем балансын қалыптастырды. Төлем балансының ағымдағы шоты 2019 жылғы 7,3 млрд АҚШ доллары дефицитімен салыстырғанда 6,3 млрд АҚШ доллары дефицитімен қалыптасты. Ағымдағы шотты жақсартудың негізгі факторы шетелдік инвесторларға төленетін кірістің қысқаруы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Консорциум арасындағы дауды реттеу аясында Қарашығанақ консорциумының қатысушыларынан түскен 1,3 млрд АҚШ доллары сомасындағы валютаның әкелінуі болды.

2021 жылы қаңтарда жарияланған алдын ала деректер бойынша 2020 жылғы төлем балансының ағымдағы шоты 5,9 млрд АҚШ доллары дефицитімен қалыптасты. Дефициттің 406,1 млн АҚШ долларына ұлғаю жағына қарай өзгеруі негізінен халықаралық сауда жөніндегі деректерді нақтылауға және респонденттердің капитал қозғалысы бойынша келіп түскен есептеріне байланысты.

Есепті кезеңде тауарлар экспорты 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 46,7 млрд АҚШ долларына дейін 19,7%-ға қысқарды. Экспорттың қысқаруы негізінен мұнай мен газ конденсаты экспортының төмендеуіне байланысты. Тауарлар импорты 36,2 млрд АҚШ долларына дейін 9,6%-ға төмендеді, бұл инвестициялық және аралық тауарларды әкелудің қысқаруына байланысты. Нәтижесінде сауда балансының оң сальдосы 10,5 млрд АҚШ долларына дейін 42,1%-ға азайды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвесторларға төленетін кіріс мұнай бағасының төмендеуі мен COVID-19 пандемиясының әсерінен 13,9 млрд АҚШ долларына дейін 34,6%-ға төмендеді.

Қаржы шоты бойынша капиталдың таза әкелінуі (Ұлттық Банктің резервтік активтері мен операцияларды қоспағанда) 2020 жылы 15,3 млрд АҚШ долларын құрады, 2019 жылы капиталдың таза әкетілуі 1,6 млрд АҚШ доллары болды. Капиталдың әкелінуі негізінен «Теңізшевройл» ЖШС болашақ кеңейту жобасын іске асыруды қаржыландыруды жалғастырумен, ҚР Қаржы министрлігінің тәуелсіз облигацияларды орналастыруымен, Азия Даму Банкінен үкіметтік қарызды тартумен және ҚР Ұлттық қорының операцияларымен қамтамасыз етілді.

Резервтік активтер (ҚР Ұлттық Қорының активтерін есептемегенде) 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 35,6 млрд АҚШ долларына бағаланды, бұл қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортын 9,7 ай қаржыландыру қажеттілігін өтейді.

Толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады:
+7 (7172) 77 52 05
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға