Біздің міндетіміз – халықтың еңбекпен тапқан табысы мен жиғанын құнсызданудан қорғау
Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Zakon.kz-ке берген сұхбатында базалық мөлшерлеме неге өзгеріссіз қалып отырғанын, инфляцияға қандай факторлар әсер ететінін түсіндіріп, елдегі кредит беру жүйесі қалай өзгеріп жатқаны туралы айтып берді.
– Ақылжан Мәлікұлы, Ұлттық Банк инфляция бәсеңдеген кезде базалық мөлшерлемені төмендете бастаймыз деген еді. Қазір инфляция баяулап жатқанын байқап отырмыз, бірақ реттеуші мөлшерлемені төмендетуге асығар емес. Неге?
– Иә, инфляция төмендей бастағаны рас, байқап-біліп отырмыз. Бірақ инфляцияның бір рет немесе қысқа уақытта төмендегені емес, тұрақты түрде төмендегені маңызды. Егер мөлшерлемені тым ерте төмендетсек, инфляция қайта үдеп кетуі мүмкін.
Шешім қабылдарда жеті рет өлшеп, нақты деректерге сүйенеміз. Мысалы, былтырғы қыркүйекте 12,9% болған инфляция биылғы наурызда 11%-ға дейін түсті. Яғни, шамамен 1,9 пайыздық тармаққа төмендеді. Инфляция төмендеп жатыр, бұл – жақсы, бірақ үрдіс әзірге баяу жүріп жатыр. Тіпті Үкіметтің коммуналдық қызмет пен жанар-жағармай бағасын өсіруге мораторий жариялап, қатаң шаралар қабылданғанына қарамастан әлі баяу.
Сонымен қатар инфляция әлі де екі таңбалы деңгейде және біздің көздеп отырған көрсеткішімізден шамамен екі есе жоғары. Бұл инфляцияға әсер етіп отырған факторлар әлі күшін жоймағанын көрсетеді, сондықтан жағдай толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте.
Оған қоса басқа сын-қатер де бар. Сәуірден бастап коммуналдық қызмет тарифтері мен жанар-жағармай бағасын көтеруге жарияланған мораторий аяқталды. Одан бөлек сыртқы ахуал, соның ішінде Таяу Шығыстағы қақтығыс та әсер етіп отыр. Біз бәрін ескереміз және дәл қазір осы өзгерістерге қарамастан инфляция тұрақты түрде төмендей беретініне көз жеткізу маңызды. Мөлшерлемені төмендету үшін соған сай алғышарттар болуы керек. Ең бастысы қолайлы уақытты қалт жібермей, қол жеткізген нәтижені сақтап қалу.
– Коммуналдық тарифтерге жарияланған мораторий туралы айтып қалдыңыз. Ол наурыздың соңында аяқталды. Бұл шара инфляцияға қазірдің өзінде әсер етті ме? Енді баға тағы өсе ме?
– Коммуналдық тарифтердің қымбаттауы инфляцияға тікелей әсер етеді. Бұл маңызды факторды болжам жасаған кезде үнемі ескереміз. Сонымен қатар ол инфляцияны күту көрсеткіштеріне де ықпал етеді. Кейінгі сауалнамаларда халық коммуналдық тарифтердің қайта өсе бастағанына ерекше тоқталғанын байқадық.
Мораторий аяқталғанда тарифтер расымен де қайта қымбаттайды және сәйкесінше инфляцияны үдететін факторға айналады. Бірақ бұл жерде оның қалай жүзеге асатыны маңызды. Егер тарифтер біртіндеп әрі біркелкі көтерілсе, халыққа түсетін салмақ жеңілірек болады, инфляцияға тигізетін әсері де шектеулі болады. Осылайша тариф өсімі 2023-2024 жылдардағыдай қарқынды болмауы мүмкін. Ол кезде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында баға өте жылдам, бір жылда 25-30%-ға дейін өсіп кеткен еді.
Ал мораторийдің өзі, керісінше, 2025 жылдың аяғы мен 2026 жылдың басында инфляцияны уақытша тежеді. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша коммуналдық тарифтердің өсімі 5,6%-ға дейін баяулады, ал 2026 жылғы наурызда тіпті 2,8%-ға төмендеді.
Бұл мәселені Ұлттық Банк Үкіметпен талқылады. Төраға баспасөз мәслихатында біздің ұстанымымызды жеткізді: реформаның нақты мерзімі болуы керек, ал тариф өсімі «инфляция + бірнеше пайыз» формуласы бойынша жүруге тиіс. Егер тарифтер біртіндеп көтерілсе, олардың инфляцияға ықпалы шектеулі болады. Ал егер өсім қайтадан бұрынғыдай, алдыңғы жылдардағыдай қарқын алса, бұл бағаға түсетін қысымды күшейтіп, тіпті инфляцияны қайта өршітуі мүмкін.
Мұнда Ұлттық Банк тарифтердің өзіне тікелей ықпал ете алмайтынын түсіну керек. Бірақ жанама әсер де бар. Бұл әсер бизнес шығындарының өсуі мен халықтың күтуінен болады. Халық пен компаниялар баға өсе береді деп болжаса, олар тауар мен қызмет құнын алдын ала көтере бастайды. Сөйтіп инфляция «шиыршықталып» кетуі мүмкін.
Мұндай жағдайдағы ақша-кредит саясатының міндеті – дер кезінде әрекет етіп, осындай сценарийдің алдын алу және инфляцияны көздеген межеге түсіру.
– ҚҚС-тың өсуі де бағаның қымбаттауына себеп болғаны айтылады. Ол инфляцияға қалай әсер етті? Бұл алда қабылданатын мөлшерлемеге қатысты шешімдерге әсер ете ме?
– 2026 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ғана түпкілікті қорытынды жасауға ерте. Бизнес арасында жүргізілген сауалнамалар мен алдын ала мәліметтерден компаниялардың әлі де бейімделіп жатқанын байқауға болады. ҚҚС төлеушілер саны айтарлықтай көбейді, сондықтан жаңа жағдайға үйренуге уақыт керек.
Сонымен қатар баға былтыр-ақ ішінара өскенін ескеру қажет. Өйткені бизнес ҚҚС өсетінін алдын ала біліп, бағаны көтере бастаған еді. Сондықтан 2026 жылдың алғашқы тоқсанында көпшілік күткендей күрт қымбаттау болған жоқ.
Қазір ҚҚС өсімінің компанияларға әртүрлі әсер етіп жатқанын көріп отырмыз. Кейбірі оны бағаға толық қосып үлгерді, енді бірі шығындарын оңтайландырып, бағаны ұстап тұруға тырысып жатыр. Яғни бейімделу процесі біркелкі жүріп жатқан жоқ.
Бұған қоса бизнеске салық режимін таңдау үшін 2026 жылғы 1 наурызға дейін уақыт берілді. Сондықтан ҚҚС өсімінің кей әсері бизнес толық бейімделіп болған кезде, кейінірек байқалуы мүмкін.
Одан бөлек, әлеуметтік маңызы бар тауарларға 5%-дық төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі қолданылып жатқанын да айта кеткен жөн. Бұл негізгі азық-түлік бағасының шарықтап кетуін тежеді.
Бірақ жалпы алғанда ҚҚС өсімінің инфляцияға тигізетін ықпалының бір бөлігі былтыр-ақ байқалды. Ал биыл оның әсері әзірге шектеулі болып отыр. Бұған теңгенің нығайғаны, компаниялардың шығынның бір бөлігін өз мойнына алғаны және тұтыну сұранысының баяулағаны әсер етті.
Әрине, алдағы уақытта осы фактордың барлығы базалық мөлшерлеме туралы шешім қабылдағанда ескерілетін болады.
– Кейбіреулер инфляция жоғары мөлшерлеменің емес, теңгенің нығайғанының арқасында төмендеп жатыр деп есептейді. Ұлттық Банк валюта бағамына әдейі әсер еткен жоқ па?
– Теңгенің нығаюы инфляцияны тежеуге ықпал етіп жатқанын көріп отырмыз. Ол импорт тауарлары мен қызметтердің арзандауы арқылы әсер етті. Бұл ақша-кредит саясатының қалыпты механизмі екенін айтқым келеді. Қазір инфляцияны төмендетуге қажет қатаң ахуалды айырбас бағамы мен базалық мөлшерлеме бірлесіп қалыптастырып отыр.
Теңгенің нығаюына мөлшерлеменің өзі де ықпал етті. Жоғары базалық мөлшерлеме теңгедегі активтерге деген қызығушылықты өсіреді, соның нәтижесінде капитал ағыны көбейіп, валюта бағамы нығаяды. Ал бұл импорт тауарлары мен қызметтердің бағасын төмендетіп, қосымша дезинфляциялық әсер береді.
Сонымен қатар қатаң ақша-кредит шарттары халықты ақшаны жұмсамай, керісінше жинауға бейім етіп, ішкі сұранысты қалыпқа келтіреді. Яғни түрлі құралдардың әсері бір-бірін ішінара теңестіріп, жалпы теңгерімді нәтиже береді. Барлығы кешенді түрде жұмыс істейді.
Дегенмен Ұлттық Банк валюта бағамына әдейі ықпал етті деу жөн болмас еді. Біздің валюта нарығындағы барлық әрекетіміз барынша ашық. Біз интервенция жасамаймыз, ай сайын жоспарланған операциялар мен олардың орындалуы туралы есептерді жариялап отырамыз. Ол есептерден жоспарға сай әрекет етіп жатқанымыз анық көрінеді.
Алайда базалық мөлшерлеме, алтын сатып алу операцияларын «айналау», МРТ-ны біртіндеп көтеру және тұтыну кредитін реттеп «салқындату» секілді құралдың барлығы нәтиже беріп, инфляция төмендеп, теңге нығайды.
Сондықтан инфляция тек валюта бағамына байланысты төмендеп жатыр немесе бағамды әдейі «әлсіретіп» не «нығайтып» жатыр деу дұрыс емес. Біз барлық құралдың бірлескен әсерінің нәтижесін көріп отырмыз.
– Капитал ағыны валюта бағамына көмектесті дейсіз. Сонда жоғары мөлшерлеме сыртқы инвесторларға тиімді болғаны ма?
– Олай деуге келмейді. Мөлшерлеме валюта бағамына ықпал ету үшін емес, инфляция мен оған жасалған болжамдарға сүйене отырып белгіленеді. Мақсат – сұраныс пен ұсынысты теңгеріп, бағаның шектен тыс өсуіне жол бермеу.
Дегенмен, сыртқы инвесторларға келер болсақ, көпшілікке сәл парадокс болып көрінуі мүмкін бір жайт бар. Инвесторларды тек жоғары мөлшерлеме емес, осы саясаттың нәтиже беретініне деген сенім тартады. Яғни инфляция төмендеп, мөлшерлеме де біртіндеп азаяды, соның нәтижесінде облигациялар бағасы өседі деген сенім болады. Шетел инвесторлары әлемнің кез келген еліне қаржы сала алады. Бірақ олар қазір қаражатын Қазақстанға салып жатыр.
Мұндай сенімді Үкіметпен бірлесіп жүргізіп жатқан антиинфляциялық саясат қалыптастырып отыр. Ол нақты әрекеттермен дәлелденіп те жүр: Ұлттық Банктің мөлшерлеме, «айналау» операциялары, МРТ, тұтыну кредитін реттеп баяулату сияқты шаралары және Үкіметтің антиинфляциялық қадамдары. Капитал келді, ал валюта бағамы мұнай өндірісі азайған кезде де нығайды. Нәтижесінде былтыр мөлшерлеме көтерілгенімен, мемлекеттік қарызды орналастыру құны 2 пайыздық тармаққа төмендеді. Бұл бюджет, квазимемлекеттік компаниялар мен корпоративтік секторға айтарлықтай үнем болды.
Бұл маңызды да. Себебі базалық мөлшерлеме ақшаның қысқа мерзімдегі құнын анықтайды. Ал ұзақ мерзімде оның бағасы инвесторлардың инфляцияға, Үкімет пен орталық банктің саясатына, экономиканың болашағына деген сеніміне байланысты болады.
Біздің міндетіміз – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Қазіргі динамика қабылданған шаралардың бекер болмағанын және біркелкі нәтиже беріп отырғанын көрсетеді.
– Экономиканың өсімі туралы айтайықшы. Кейінгі мәліметтерге қарасақ, ЖІӨ өсімі 3%-ға дейін баяулаған. Мұны Ұлттық Банктің қатаң саясатының салдары дейтіндер бар. Келісесіз бе?
– 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы ЖІӨ өсімінің баяулауы – уақытша үрдіс және ол экономиканың жалпы жағдайының нашарлағанын білдірмейді, сондай-ақ ақша-кредит саясатының әсері деуге келмейді.
Негізгі себеп – мұнай саласындағы ахуал. Өткен жылдың аяғынан бері КҚК-да экспортқа бірнеше рет шектеу қойылды. Бұған айлақтардың біріндегі ақау мен күн райының қолайсыздығы себеп болды. Қаңтардағы Теңіз кен орнындағы апат жағдайды одан әрі қиындатты. Соның салдарынан мұнай өндіру саласы шамамен 20%-ға қысқарды, ал жалпы тау-кен өнеркәсібі қаңтар-наурыз аралығында жылдық есепте 11,4%-ға төмендеді. Қазір Үкімет мұнай саласында өндіріс пен экспортты тежеген барлық мәселе шешілгенін мәлімдеді.
Сонымен қатар экономиканың басқа секторлары жақсы өсім көрсетіп отыр. Құрылыс 14,8%-ға, өңдеу өнеркәсібі 8,5%-ға, көлік саласы 12,8%-ға өсті. Бұл инвестиция мен іскерлік белсенділік сақталғанын білдіреді.
Егер жалпы тау-кен секторын есепке алмасақ, экономика өсімі шамамен 5% немесе одан да жоғары болады. Яғни мұнайға қатысы жоқ секторлар тұрақты әрі жақсы қарқын алып отыр.
Ал базалық мөлшерлеме экономиканы тежеп тұрған жоқ. Бизнес монетарлық жағдайларға әлдеқашан бейімделіп үлгерген. Қазір жүріп жатқан бейімделу – салық реформасына байланысты бейімделу. Көптеген компания салық режимін ауыстырды немесе алғаш рет ҚҚС төлеуші атанды.
Ұлттық Банктің саясаты орта мерзімде инфляцияны төмендетуге бағытталғанын да ескеру керек. Ал төмен әрі тұрақты инфляция – экономиканың орнықты өсуі мен бизнеске жасалған қолайлы жағдайдың негізі.
– Ақылжан Мәлікұлы, сіз экономикаға көп көлемде ақша құю инфляцияны үдетеді деп жиі айтасыз. Осы тұрғыдан қарасақ, «Бәйтерек» арқылы бөлінетін шамамен 8 трлн теңге көлеміндегі қаржыландыру бағдарламасы бағаға қалай әсер етеді?
– Қыруар қаржы экономикаға бірден құйылса, сұраныс өседі. Ал тауар мен қызмет өндірісі дәл сондай қарқынмен бірден өсіп кете алмайды. Мұндай жағдайда баға өсе бастайды. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қаражаттың экономикаға барынша дәл, ұқыпты бөлініп, инфляцияны өршітпеуін қамтамасыз ету.
Бағаның нақты қаншалықты өсетінін дөп басып айту мүмкін емес. Бұл бағдарламаның қалай жүзеге асатынына байланысты. Яғни қаражат қалай бөлінеді, қаншалықты жылдам игеріледі, қандай жобаларға бағытталады және қолдау қандай шарттармен беріледі – осының бәрі маңызды.
Үкімет те, «Бәйтерек» те бұл тәуекелді түсінеді. Сондықтан бағдарламаның барлық параметрі Ұлттық Банкпен талқыланып жатыр. Ортақ мәмілелер келісілді. Қаражат біртіндеп енгізіліп, тауар ұсынысын арттыратын ірі жобаларға бағытталады және банк жүйесіндегі өтімділік те тартылатын болады. Әрине, «Бәйтерек» арқылы айналым қаражатын кредиттеуге болмайды. Бұл міндетті банктер онсыз да атқарып отыр. Ал ел үшін маңызды, өтелу мерзімі ұзақ, өндірісті кеңейтетін әрі жұмыспен қамтуды арттыратын ірі инвестициялық жобалар болса, оған «Бәйтеректің» қатысқаны маңызды. Мұндай тәсіл ақша-кредит саясатымен үйлесімді әрекет ете алады. Соның арқасында бағаға түсетін қысым азаяды.
– Ұлттық Банк жоғары базалық мөлшерлемені банктер көбірек табыс табуы үшін ұстап отыр деген сөз де айтылып жатады. Депутаттар да банктердің «шектен тыс пайда тауып отырғанын» айтып, мәселе көтеріп жүр. Бұған не дейсіз?
– Мұндай пікірлер айтылатын рас. Бірақ жоғары мөлшерлеме инфляциямен күрес құралы екенін түсіну керек. Мөлшерлеме жоғары болса, кредит қымбаттайды, ал депозит тиімдірек болады. Халық пен бизнес ақшаны аз жұмсап, көбірек жинай бастайды. Бұл бағаның өсуін тежеуге көмектеседі. Біздің басты міндетіміз – адамдардың еңбекпен тапқан табысы мен жиғанын құнсызданудан қорғау.
Банктер мен олардың табысына келер болсақ, біз жүйені өзгеріске итермелейтін кешенді саясат жүргізіп жатырмыз. Минималды резерв талаптарын көтердік, бұл банктердің тәуекелсіз құралдардан алатын «жеңіл» табысын азайтты. Соның нәтижесінде банктер жаңа табыс көздерін, соның ішінде кредит беруді дамытуға мәжбүр болды.
Мемлекет қолдауын қайтару да жеделдеді. Өздеріңіз білесіздер, бірқатар банк балансындағы мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын толық өтеді.
Кредит беру теңгерімді болуы үшін және халықтың қарыз жүктемесі тым тез өспеуі үшін Ұлттық Банк пен қаржы реттеушісі бірқатар шара қабылдады. Соның нәтижесінде кепілсіз тұтыну кредитінің шамадан тыс өсу қарқыны бәсеңдеді. Яғни тұтыну кредитін реттеп «салқындату» нәтижесін беріп жатыр. Бұл инфляциямен күреске де, халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға да үлес қосады.
Нәтижесінде банктердің табысы қалыпты деңгейге түсіп келеді. Банктер тәуекелсіз табыс пен жоғары маржадан гөрі клиент тарту бәсекесіне және инвестиция мен кредиттеу сын-қатерін бағалауға көбірек мән бере бастады.
Мұны статистика да растайды: 2026 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша банктердің пайдасы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 11%-ға азайды. Яғни қабылданған шаралардың нәтижесінде банктердің тәуекелсіз «супертабысының» дәуірі аяқталды деуге болады. Кейінгі үш жылда ROE көрсеткіші 36,7%-дан 28,6%-ға дейін, яғни 22%-ға төмендеді.
Сонымен қатар банктердің тұрақты әрі жеткілікті капиталы болғаны маңызды. Бұл оларға қауіп туындаған жағдайда қор жинауға мүмкіндік береді. Ал экономика баяулағанда қауіп күшейетіні белгілі. Күшті әрі тұрақты банк жүйесі экономиканың дамуына кедергі келтірмейді, керісінше, оның қалыпты жұмысының алғышарты болады.
– Кей сарапшылар Ұлттық Банктің талаптарына байланысты банктер қаржысын реттеушінің шоттарында ұстап, бизнеске кредит беруді азайтты дейді. Бұл рас па?
– Шын мәнінде банк жүйесі тұрақты күйінде қалып отыр. Қазір болып жатқан жағдай дағдарыс та, кредит берудің «қысқаруы» да емес. Бұл – неғұрлым теңгерімді модельге көшу.
Иә, минималды резерв талаптары механизмін қайта қарау мен «айналау» операциялары жүйедегі артық өтімділікті азайтады. Бірақ бұл ақша жетіспейді деген сөз емес. Керісінше, банк жүйесінде әлі де айтарлықтай профицит бар, нақтырақ айтсақ, шамамен – 6,9 трлн теңге. Жыл басында бұл көрсеткіш 8 трлн теңгеден асқан еді.
Банктерде қайта қаржыландыру құралдарына қолжетімділік сақталған және қаржы жүйесі күйзеліс белгілерінсіз тұрақты жұмыс істеп тұр. Яғни банктердің клиент алдындағы міндеттемесін орындауға және кредит беруді жалғастыруға қаражаты жеткілікті.
МРТ нормативтерінің өзіне келер болсақ, бізде олар тіпті мақсатты деңгейдің өзінде ең жоғары деңгейде емес, аймақтағы орташа көрсеткіштерге жақын. Біз ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдеріне шолу жасадық. Елімізде МРТ ең төмен деңгейде болды деп сенімді түрде айта аламын. Бұл банктерге тәуекелсіз айтарлықтай табыс табуға мүмкіндік берді, осылайша банктер экономикаға кредит беруге құлықсыз болды. Керісінше, маржасы жоғары тұтыну кредитін беру қарқынды түрде дамыды.
Сондықтан өтімділік дефициті бар деген пікірдің айтылуы бұл шаралардың бәріне бірдей ұнай бермейтінін көрсетеді. Яғни банктердің сол «жеңіл» табыстары азайып, енді тек тұтыну кредиті нарығында ғана емес, басқа бағыттарда да бәсекеге түсу қажет болып отыр. Әрине, реттеушінің шешімдері нарық қатысушыларына әрдайым ұнай бермейді.
Қазір барлық банк капиталға қойылған талаптарды артығымен орындап отыр. Капитал жеткіліктілігінің көрсеткіші шамамен 21% деңгейінде, бұл ең төменгі талаптан едәуір жоғары. Демек банктерде «сақтық қоры» бар және олар ахуал қиынырақ болса да кредит бере алады.
– Ал нақты кредиттеу ше?
– Кредит беріліп жатыр. Бірақ басында айтқанымдай, олардың құрылымы өзгеріп келеді, яғни сапасы жақсарып отыр.
Мысалы, 2026 жылғы бірінші тоқсанда берілген кредит көлемі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 20,6%-ға өсті. Бұл компаниялардың қаржы алып, дамып, инвестиция салып жатқанын көрсетеді.
Бөлшек тұтыну кредитін беру расында да баяулап келеді. Бұл – халықтың қарыз жүктемесін азайту үшін қабылданған шаралардың нәтижесі. Бұрын бұл сегмент шамадан тыс қызып кеткен еді, сондықтан оның «салқындауы» – қалыпты әрі керек процесс.
Нәтижесінде банктер бизнес пен инвестициялық жобаларға көбірек кредит бере бастады. Яғни экономикаға нақты үлес қосатын бағыттарға басымдық беріліп жатыр.
Сонымен қатар кредит сапасы жақсы деңгейде сақталып отыр. Банктер қауіпті мұқият бағалай бастады. Мұны проблемасы бар кредит деңгейінен де көруге болады: төленбегеніне 90 күннен асқан қарыздар 4,1% болды. Бұл – қалыпты әрі бақылауға келетін деңгей.
– Ендеше, сұхбатымызды қорытындылайық. Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жылдың екінші жартысында төмендетуі мүмкін екенін мәлімдеген еді. Яғни мөлшерлеме маусымда төмендеуі мүмкін бе?
– Біз мөлшерлемені инфляция тұрақты түрде баяулаған кезде төмендете бастайтынымызды айттық. Қазір жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Мақсат – экономикаға қауіп төндірмейтін әрі жан-жақты сараланған шешім қабылдау.
Басында айтып өткенімдей, шешім қабылдағанда біз инфляцияның нақты динамикасы және оның болжамға сәйкестігі, инфляцияны күтуді, ішкі сұраныстың жағдайы, сыртқы секторды, сондай-ақ фискалдық саясат параметрлері сияқты көптеген факторды ескереміз.
Маусымдағы отырыс басты жиынның бірі болмақ. Сол кезде біз макроэкономикалық болжамдарды жаңартамыз. Ақша-кредит саясаты комитеті шешімді алдын ала қабылдамайды, шешім жан-жақты талдау мен жаңа деректер негізінде қабылданады.
Ұстанымымыз өзгерген жоқ: егер инфляция тұрақты түрде төмендесе және басқа да сын-қатер туындамаса, базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендету мүмкіндігін қарастырамыз. Бұған қазірдің өзінде жақсы негіз қалыптасып отыр. Бұл бағытта Банк пен Үкімет әрі қарай да бірлесіп жұмыс істей беруі керек.
Дереккөз: Zakon.kz