1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк теңге туралы: Ұлттық валютаның үздіксіз нығаюына не себеп?

Бұл динамикаға қандай факторлар әсер етті? Ел ішінде валютаға деген сұраныстың азаюына не себеп? Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Informburo.kz-ке берген сұхбатында осы сұрақтарға жауап берді.

– Әлия Мейірбекқызы, қазір күннен күнге күшейіп жатқан теңге туралы қоғамда көп айтылып жүр. Жалпы, валюта нарығында не болып жатыр?

– Расында да қазір теңге нығайып келеді. Жалпы, бұл үрдіс былтырғы қазаннан бері байқалып отыр. 7 сәуірде 1 доллар 462,99 теңгеге түсті. Сонымен қатар Таяу Шығыстағы қақтығыс бітіммен аяқталады деген хабар тарауына байланысты мұнай бағасы 110 доллардан 95 долларға дейін төмендеді. Соған байланысты 9 сәуірде бағам біршама түзеліп, 1 доллар 478,78 теңге деңгейіне жетті. Негізінен, жыл басынан бері ұлттық валюта шамамен 5,3%-ға нығайды. Бұл бір ғана емес бір мезетте әсер еткен ішкі және сыртқы факторлардың жиынтық нәтижесі екенін ескерген жөн.

– Онда ішкі факторлардан бастайық. Неге валютаға сұраныс азайды?

–  Ең алдымен ел ішінде шетел валютасына сұраныс айтарлықтай азайды. І тоқсанда халық та, бизнес те валютаны аз сатып алған. Ал былтыр бәрі керісінше болған еді.

Егер жағдайға кеңінен қарасақ, компаниялардың «мінез-құлқы» да өзгергенін көреміз. 2025 жылғы алғашқы тоқсанда олар негізінен нетто-сатып алушылар болса, 2026 жылдың дәл осы кезеңінде, керісінше, нетто-сатушылар ретінде әрекет бастады. Бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда, тоқсан ішіндегі бұл өзгерістің жалпы көлемі шамамен 1,1 млрд доллар болды.

Бұдан бөлек, валютада кірісі бар компаниялар өздерінің теңгедегі міндеттемелерін қайта қаржыландыру үшін доллармен қаржы тартатын кей жағдайларды да қосу керек. Бұл шетел валютасына деген нарықтағы ұсынысты арттырады және тиісінше теңге бағамын қолдайды.

– Ал маусымдық факторлар қандай да бір рөл атқарып отыр ма? Бұл уақытша жағдай ма?

– Маусымдық факторлардың да маңызы зор. 

Жыл басында іскерлік белсенділік әдетте баяу болады: бюджет қаржысы енді игеріле бастайды, инвестициялық жобалар басталып жатады. 

Кейінгі жылдардың дерегіне сүйенсек, бірінші тоқсанда теңге орта есеппен шамамен 2,2%-ға нығайған. Яғни, мұндай динамика – қалыпты құбылыс. Алайда биыл бұл үрдіс айқынырақ байқалды. Себебі бұл жолы маусымдық фактор ғана емес, айтарлықтай іргелі себептердің де әсері бар. 

Негізінен, сыртқы ахуал шешуші рөл атқарып отыр деуге болады. Ең алдымен, мұнай бағасы маңызды болып тұр. Геосаяси шиеленіс салдарынан оның бағасы барреліне 90–95 доллар деңгейінен төмен түспей тұр. Қазақстан үшін бұл аса маңызды. Өйткені жоғары баға экспорттан түсетін түсімнің артуына және елге валютаның көбірек келуіне ықпал етеді. Ал бұл теңгені тікелей қолдайды. Бұдан бөлек, нарықтағы қатысушылардың болжамы да рөл ойнайды. Егер олар Қазақстанның экспорттағы мүмкіндігі жақсарады деп болжаса, соған сай шешімдерін қазірден соған бейімдеп, қабылдай бастайды.

Дегенмен, мұнай нарығы әлі де тұрақсыз. Бұл Ормуз бұғазының ішінара жабылуы мен аймақтағы қақтығыстардың жалғасуына байланысты болып отыр. Бітімге келу туралы айтылып жатқанымен, жағдай толық тұрақталған жоқ. Тіпті логистика қалпына келген күннің өзінде, мұнай жеткізілімі бірден бұрынғы қалпына түсе қоймайды. Себебі өндіріс пен өңдеуді қайта жолға қоюға апталар кетеді. Осындай белгісіздік мұнай нарығымен бірге валюта нарығына да әсер етіп, теңге бағамына ықпалын тигізеді.

– Шетелдік инвесторлардың әсері ше?

– Бұл – екінші маңызды фактор. Қазір Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына шетел инвесторлары тұрақты түрде инвестиция құйып жатыр. Жыл басынан бері бейрезиденттердің салымы шамамен 375 млрд теңгеге өсіп, жалпы көлемі 2,2 трлн теңгеге жетті.

Яғни, шетелдік инвесторлар теңгедегі құралдарға қаржы салып, валютасын теңгеге айырбастауға көшті. Бұл өз кезегінде теңгеге сұранысты арттырып, бағамның нығаюына ықпал етеді.

Бұған қоса, жаһандық ахуалдың да әсері бар. Таяу Шығыстағы оқиғаларға байланысты кейбір инвесторлар қаржысын басқа дамушы нарықтардан шығарып, қазір әлдеқайда тартымды көрінетін бағыттарға, соның ішінде Қазақстанның облигацияларына салып жатыр.

– Ұлттық Банк бағамды қолдауға араласып жатыр ма?

– Ұлттық Банктің операциялары жоспарлы түрде және нарықтың бейтарап қағидатымен жүргізілетінін түсінген маңызды. 

Мәселен, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша шамамен 2,1 млрд доллар көлемінде валюта сатылды, бұл – «айналау» қағидаты аясындағы операциялар. Сонымен қатар Ұлттық қордан шамамен 1,2 млрд доллар көлемінде трансферт бөлу қарастырылған. Бұл шаралар нарықта шетел валютасының тұрақты әрі алдын ала болжауға келетін ұсынысын қалыптастырады. Яғни бұның бәрі айырбас бағамын белгілі бір деңгейде ұстап тұру үшін қабылданбайды.

– Бағам одан әрі нығая береді деуге бола ма және Ұлттық Банк жағдайға араласуы мүмкін бе?

– Жалпы алғанда, теңгенің нығайғанына бірнеше фактордың қатар келуі себеп: валютаға сұраныс азайды, ұсыныс көбейді, теңгедегі активтерге қызығушылық артты, ал сыртқы жағдай әзірге қолайлы болып тұр.

Ұлттық Банк жағдайды жіті бақылап отыр. Қазір нарыққа араласуды қажет ететін факторлар байқалмайды. Нарық негізгі экономикалық заңдылықтарға сай жұмыс істеп тұр.

–  Кейінгі кезде БАҚ-та ұлттық валюта бағамын белгілі бір аралықта ұстап тұру керек деген ой талқыланып жатыр. Мұндай саясат қаншалықты орынды деп ойлайсыз?

– Теңге бағамын қолдан ұстап тұру туралы ұсыныстар ара-тұра айтылып тұрады. Бірақ алдымен бірқатар маңызды жайтты түсініп алған жөн.

Біріншіден, бағамды қолдан ұстап тұрар болсақ, мемлекет сыртқы соққының бәріне өзі төтеп беріп, интервенция жасап, қолда бар қорын жұмсауға мәжбүр болар еді. Ал ол өз кезегінде резервтердің тұрақтылығына нұқсан келтіріп, нарықта «бағам бәрібір бір қалыпта тұрады» деген жаңсақ болжам қалыптастырады. Ал мемлекеттік резервтер соншалық ауқымды болғанымен, шексіз емес. 2014–2015 жылдардағы тәжірибе соны көрсетті: бағамды ұстап тұруға шамамен 35 млрд доллар жұмсалды, бірақ ол теңгенің екі еседен астам құнсыздануына бөгет бола алған жоқ. Оның салдары халық пен бизнеске ауыр боп тиді. Яғни, бағамды қолдан ұстап тұру түптің-түбінде теңгенің бір сәтте күрт құлдырауына әкеледі.

Екіншіден, нарықтан тыс белгіленген кез келген бағам экономикада теңгерімсіздік тудырады. Қолдан күшейтілген теңге импортты арттырып, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілетін әлсіретеді. Ал, керісінше, төмендетілген бағам экспорттаушыларға тиімді болғанымен, бағаның өсуіне және халықтың нақты табысының төмендеуіне әкеліп соғады.

Сондықтан ең ұтымды жол – бағамның сұраныс пен ұсынысқа сай, нарықта қалыптасуына мүмкіндік беру. Ал интервенциялар тек қажет болған жағдайда, валюталық алыпсатарлықты тежеу мен қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін ғана қолданылуға тиіс.

Дереккөз: Informburo.kz

Жоғарыға