1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Зейнетақы активтері қалай басқарылады және неліктен уақытша ауытқулардан қорықпау керек?

Жыл басынан бері қазақстандықтардың көбі БЖЗҚ зейнетақы шотындағы ақшасы азайғанын байқаған. Зейнетақы жинақтары қалай жиналып, инвестицияланатыны, не себепті кейде шоттағы сома азаюы мүмкін екені туралы ҚР Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Zakon.kz сайтына берген сұхбатында айтып берді.

– Зейнетақы шотындағы қаражат неліктен азайды, халықтың алаңдауына негіз бар ма, осы мәселеге тоқталып өтсеңіз...

– Расымен, салымшылар 2025 жылдың басынан бері зейнетақы шотындағы ақшасы азайғанын байқаған болуы мүмкін. Биылғы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша инвестициялық кірістілік – (-)1,05%, ал жалпы теріс қайта бағалау көлемі 231,5 млрд теңге болды.

Бірден айтайын, бұл портфельдегі активтердің нарықтағы құны қайта бағалануына байланысты болды. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Өйткені сәуірдің өзінде-ақ инвестициялық кіріс оң көрсеткішке, (+)215 млрд теңгеге жетіп, жыл басынан бергі шығынның едәуір бөлігін жапты.

– Кірістіліктің бұлайша «теріс мәнге» түсуіне не себеп болды? Неліктен активтер аяқ астынан арзандап кетті?

– Табыс мөлшерінің уақытша төмендеуіне басты екі себеп бар. Біріншісі – Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары бойынша кірістіліктің өсуі. Кірістілік өскен кезде, облигациялардың нарықтағы құны төмендейді. Бұл инфляциялық күтулер мен республикалық бюджет тапшылығын жабу үшін Қаржы министрлігінің осы бағалы қағаздарды көбірек шығарғанына байланысты болды.

Екінші себебі – АҚШ долларына шаққандағы теңге құнының нығаюы: доллар 525,11 теңгеден 512,34 теңгеге дейін төмендеді. Бұл шетел валютасындағы активтердің теңгемен есептелген бағасын азайтты, ал ондай валюта активтерінің жалпы портфельдегі үлесі – шамамен 40%.

Мұндағы басты нәрсе – бұл қағаз жүзіндегі, яғни іске аспаған шығын екенін түсіну керек. Яғни, бұл нарықтағы қайта бағалаудың нәтижесі, нақты ақшалай шығын емес. Активтердің нарықтағы құны қалпына келіп, валюта бағамы өзгерген кезде бұл шығындар табыспен жабылады.

– Демек, алаңдаудың қажеті жоқ қой?

– Дәл солай. Зейнетақы активтері дегеніміз – ұзақ мерзімге инвестиция салу, сондықтан қысқа уақыттағы ауытқулар – қалыпты жағдай. Басқару тиімділігін шын мәнінде бағалау үшін жылдық және одан да ұзақ уақыт аралығындағы көрсеткіштерге қарау қажет.

Мысалы, 2024 жылғы мамырдан 2025 жылғы сәуірге дейінгі кейінгі 12 айда зейнетақы портфелінің кірістілігі 13,35%-ға жетті, ал осы кезеңдегі инфляция 10,7% болды. Демек, нақты табыс оң нәтиже көрсетіп отыр, яғни қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары өсіп келеді.

Жалпы алғанда, 2014 жылғы сәуірде зейнетақы активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) шоғырланған сәттен бастап жинақталған кірістілік – 180,2%, ал осы уақыт ішінде жинақталған инфляция 156% болды. Бұл зейнетақы жинақтарының нақты мәнде тұрақты түрде өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Ұлттық Банк зейнетақы активтерін тұрақты түрде бақылап, тәуекелді басқарып отырады. Біз жағдайға тез бейімделіп, жедел әрекет етеміз. Бұл шешімдер тиімділік, нарықтағы ахуал, мүмкіндіктер мен басқа да факторларды ескере отырып қабылданады. Мұның бәрі салымшылардың мүддесін қорғау үшін қажет.

– Қазір БЖЗҚ-да қанша зейнетақы активі жиналды, жалпы ахуал қалай?

– БЖЗҚ-да жиналған қаражат – 22,6 трлн теңге. Бұл – қазақстандықтардың міндетті, ерікті және кәсіптік зейнетақы жарналары түрінде қорға аударылған ақшасы. Бұл ақшаны басқаруда еліміздің заңы қатаң сақталады.

Ең бастысы – зейнетақы жинақтары жай ғана сақталып жатқан жоқ. Жинақтарды сақтап, көбейту үшін олар инвестицияланады. Бұл – көптеген елде бар тәжірибе.

Активтерді Ұлттық Банк пен жекеменшік басқарушы компаниялар басқарады. Біз тәуекел деңгейі тұрақты табыс табуға мүмкіндік беретін инвестициялық стратегия жүргіземіз. Бұл – зейнетақы активтері елімізде де, халықаралық нарықтарға да шығарылады деген сөз.

– Ал сандар не дейді?

– Портфель құрылымы валюта бойынша әртараптандырылған: активтердің 60%-ы – теңгеде, ал 40%-ы – шетел валютасында. Бұл кірістілікті теңгерімді етуге және валюта тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Біз отандық әрі шетелдік эмитенттердің облигацияларына, акцияларына, депозиттеріне және басқа да қаржы құралдарына инвестиция саламыз.

Сандарға тоқталсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялық портфельдің кірістілігі 17,84% болды, ал инфляция деңгейі 8,6% болды. Осылайша, салымшылар жоғары, оң, нақты табыс алды. Жыл ішіндегі жалпы инвестициялық табыс 3,4 трлн теңгеге жетті.

Айта кетейін, БЖЗҚ ай сайын өз сайтына портфель құрылымы мен инвестициялық нәтижелер туралы толық есеп жариялап отырады. Бұл ақпарат баршаға ашық.

– Салымшылардың ақшасы кейінгі кезде еліміздің квазимемлекеттік секторына салынып жатыр. Бұл инвестициялаудың тиімді құралы екеніне күмән келтіретіндер көп. Ақша экономиканы қолдауға жұмсалып, нақты табыс әкелмесе ше?

– Бұл мәселе қоғамда жиі көтеріледі әрі мұндай сұрақтың туындауы да – орынды. Өйткені азаматтар өзінің жинағы өз пайдасына жұмыс істейтініне сенімді болғысы келеді. Мұнда маңыздысы – қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдарына инвестиция салу – бұл қалыптасқан тәжірибе, әрі ол салымшылардың да, жалпы экономиканың да мүддесіне сай келеді.

БЖЗҚ қаражаты сенімді қазақстандық эмитенттердің облигацияларына тұрақты түрде инвестицияланады. Мысалы, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сияқты ұйымдар. Бұл компаниялардың кредит рейтингтері жоғары, мемлекеттің рейтингтерімен деңгейлес келеді.

Бұл ретте, осы эмитенттер тартылған қаражатты энергетика, көлік, коммуналдық инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да стратегиялық маңызды салалардағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға пайдаланады.

Ең маңыздысы – инвестиция тек нарық шарттарына сай жүзеге асырылады. Яғни, қайтарымды, ақылы негізде, күтілетін кірістілік пен тәуекелдер ескеріле отырып орналастырылады. Бұл – зейнетақы активтері нақты инвесторлық капитал ретінде жұмыс істейді деген сөз, яғни тікелей қаржыландыру көзі ретінде пайдаланылмайды.

– Сонда салымшылар пайда көре ме?

– Әлбетте, мұндай тәсіл салымшылардың нарықтан тұрақты табыс табуына жағдай жасап қана қоймай, елдегі әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан маңызды жобаларды қолдауға да мүмкіндік береді. Қазақстандықтардың ақшасы, ең алдымен, Қазақстанда жұмыс істеуі керек: өз экономикамызды, инфрақұрылымды дамытуға және жалпы халықтың әл-ауқатын жақсартуға негіз болуға тиіс.

Дегенмен, Ұлттық Банк эмитенттер мен инвесторлардың мүддесін нақты бөліп қарайтынына ерекше тоқталып өткім келеді. Барлық инвестициялық шешім тек салымшылардың мүддесін ескере отырып қабылданады.

– Зейнетақы ақшасын басқару туралы қоғамда сұрақ көп екенін ескерсек, оған қандай да бір өзгеріс енгізу жоспарда бар ма?

– Иә, бірқатар шараны жоспарлап отырмыз. Басты мақсат – келешекте зейнетақы төлемдерінің деңгейі жеткілікті болуына жағдай жасап, ұзақмерзімді тұрақтылығын арттыру. Тиімділіктің басты көрсеткішінің бірі – табысты алмастыру коэффициенті, яғни зейнетақы адамның еңбек жолы аяқтағаннан кейінгі әдеттегі шығынын қаншалықты жаба алатынын білдіреді. Бұл көрсеткіш лайықты деңгейде болуы үшін инфляциядан жоғары нақты табысқа қол жеткізу аса маңызды.

– Сонда нақты не өзгереді?

– Біріншіден, біз валютадағы әртараптандыруды ары қарай сақтап қаламыз. Активтердің 40%-ы валютада болады. Екіншіден, портфельдің валютадағы бөлігінің құрылымын кірістілігі жоғары активтерге, мысалы, акциялар мен жылжымайтын мүлік қоры, жеке капитал қорлары, хедж-қорлар сияқты балама құралдарға көшіруді жоспарлап отырмыз. Әлемдегі дербес қорлар альтернативті құралдарды кеңінен қолданады, ал Қазақстанда олар 2015 жылдан бері валюталық резервтерді басқаруда, ал 2023 жылдан бастап Ұлттық қорда қолданылады.

Үшіншіден, жеке басқарушы компаниялар институтын дамыту бағытындағы жұмыс жалғасады: қазірдің өзінде салымшылар зейнетақы жинағының 50%-ға дейінгі бөлігін осы компанияларға басқаруға бере алады. Иә, жеке компаниялардың көлемі Ұлттық Банкпен салыстырғанда әлі шағын, өйткені олар өз портфельдерін салыстырмалы түрде жақында ғана құра бастады. Бірақ дәл осы себептен олар икемдірек болып келеді, сондықтан салымшыларға портфельдің кірістілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – қазақстандықтарда инвестициялық стратегияны таңдау және тәсілдерді тарату құқығы бар. Бұл өз кезегінде зейнетақы портфелінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, құқықтық базаны жетілдіру және халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін де белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз, сонда әрбір салымшы инвестициялық басқарушыны саналы түрде әрі тиімділігін бағалап таңдай алады.

Бұл жұмыстың барлығының мақсаты – зейнетақы жүйесін тұрақты етіп, зейнеткерлердің жайлы өмір сүруіне жағдай жасау.

Дереккөз: Zakon.kz

Жоғарыға