Базалық ставканың динамикасын болжау нарық қатысушыларына нақты бағдар береді
Қазақстан Ұлттық Банкі ақша-кредит саясаты бойынша тоқсан сайынғы есебі аясында базалық ставканың динамикасына байланысты болжамын жариялай бастайды. Базалық ставканың траекториясы өзгеруі мүмкін бе? Ұлттық Банк осы болжамдарға сүйене ме? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Forbes басылымына берген сұхбатында айтып берді.
– Ақылжан Мәлікұлы, жақында базалық ставка бойынша өткен брифингте Ұлттық Банк басшысы бұдан былай реттеуші орган базалық ставканың траекториясы туралы ақпарат беріп отыратынын мәлімдеді. Бұл нарыққа не береді?
– 2022 жылдан бастап Ұлттық Банк forward-looking guidance, яғни, алдын ала болжау стратегиясының элементтерін өз жұмысына енгізе бастады. Ставка траекториясының сапасына баса мән беріліп, қабылданатын шешімдер оған дейінгі коммуникация мен сарапшылар қауымдастығының болжамына барынша негізделетін болды. Негізі, осылайша біз алдын ала дайындалдық деуге болады.
Мөлшерлеменің алдағы траекториясын жариялау – келесі қадам, бұл жүргізіп отырған саясатымызды барынша ашық етіп, шешім қабылдау процесіндегі екіұштылықты азайтуға мүмкіндік береді. Ставкаға қатысты болжамдарды жариялау – ЖІӨ мен инфляция болжамы туралы ақпарат берудің заңды жалғасы.
– Базалық ставка траекториясын жариялау тәжірибесін енгізу туралы шешім қалай қабылданды? Шешімді Ұлттық Банк сарапшылары бірауыздан қолдады ма? Мұны сұраған себебім – халықаралық тәжірибеге қарасақ, барлық ел мұндай болжамды жарияламайтынын байқауға болады…
– Иә, біз бұл мәселені бір жыл бойы талқыладық. Ақша-кредит саясаты комитетінің мүшелері ставка траекториясын жариялап отыру туралы шешімді әу баста бірауыздан қолдады. Тек мұны жариялаудың ең ұтымды жолын анықтау мәселесі ғана талқыланды. Біз халықаралық тәжірибемен танысып, өз ішімізде сауалнамалар жүргіздік, түрлі форматтарды талқыладық. Сондай-ақ банктердің болжамын, макроэкономистердің қабылданған базалық ставка шешімдеріне байланысты пікірлерін зерттедік.
Қазір әлем бойынша оннан астам орталық банк ставканың алдағы траекториясын әртүрлі формада жариялайды. Негізінен, бұл үрдіс инфляциялық таргеттеу режиміндегі елдерге тән. ТМД елдерінің орталық банктері де бұл тәжірибені кеңінен қолдана бастады. Мысалы, қазір Грузия, Ресей, Украина және Армения сияқты елдер болжам жариялап отырады. Әр ел бұл мәселеге әр қырынан келді деуге болады. Кей елдер ставканың жыл бойғы немесе жылдың соңғы тоқсанындағы орташа мәнін жариялайды, енді бір елдер ауқымын көрсетеді. Кейбір елдер белгісіздікті сенім интервалы арқылы, яғни мөлшерлеменің белгілі бір аралықта қандай ықтималдықпен ауытқуы мүмкін екенін көрсетеді.
Жарияланатын болжамдарда, негізінен қызметкерлер дайындаған модельдік бағалаулар да, шешім қабылдаушы орган мүшелерінің сараптамалық пікірлері де ескеріледі.
– Базалық ставканың алдағы траекториясы қалай қалыптасады және ең аяғында қалай көрініс табады? Базалық ставка болжамдары Ақша-кредит саясаты туралы баяндамада жарияланатыны айтылған еді...
– Иә, траектория сауалнама негізінде қалыптасады. Ақша-кредит саясаты комитетінің мүшелері базалық ставка мөлшерін дауысқа салып, ортақ шешім шығарғаннан кейін арнайы жиын өткізеді. Жиында олар инфляцияны 5%-ға дейін төмендетуге ықпал ететін жыл аяғындағы және алдағы 3 жылдағы базалық ставка туралы болжамдарын жазып, сауалнама толтырады. Енді сауалнаманы тоқсан сайын болжам раунды кезінде жүргізетін боламыз. Осы арқылы сауалнамаға қатысушылар өзекті ақпарат негізінде өз ойын өзгертуге немесе қайтадан нақтылауға мүмкіндік алады.
Сауалнамадан алынған нәтижеден пікір медианасы мен диапазоны есептеледі. Пікір медианасы – сауалнамаға қатысқандардың орташа пікірін, ал диапазоны – сауалнамаға қатысқандардың пікірі бір-бірінен қаншалықты алшақ екенін көрсетеді. Медиана мен диапазонды динамикада қадағалау арқылы Ақша-кредит саясаты комитеті мүшелерінің жиынтық пікіріне қандай да бір оқиғалардың, болжамдар мен жағдайлардың қалай әсер ететінін байқауға болады.
Сонымен қатар, біз сауалнама нәтижелерін Ақша-кредит саясаты туралы баяндамада графика және кескін арқылы көрсететін боламыз. Баяндаманың келесі шығарылымы 9 қыркүйекте біздің ресми сайтымызда жарияланады.
– Ұлттық Банк жариялаған ставка траекториясы нақты траектория болады деген сөз бе, әлде ол өзгере ме?
– Иә, жарияланған ставка траекториясы міндетті түрде басшылыққа алынады деген сөз емес екенін ескерте кету – аса маңызды. Ставкаға қатысты алдағы шешімдер сол кездегі өзекті мәліметтерге байланысты қабылданады және жарияланған траекториядан өзгеше болуы мүмкін. Алайда, бұл Комитет мүшелерінің болжамы бойынша инфляцияны мақсатты деңгейге жеткізетін ең ықтимал траектория екенін де ескерген жөн. Тағы да айта кетейін, шешім сол кездегі қолда бар, өзекті ақпарат пен ахуалды ескере отырып қабылданады.
Сонымен қатар, егер жағдай мен алғышарттар өзгерсе, бәрі өзгеруі мүмкін. Мәселен, сыртқы экономикалық ахуал немесе фискалдық саясат параметрлері басқаша сипат алуы ықтимал. Тағы қайталаймын, бұл Ұлттық Банк ставканы сол деңгейде міндетті түрде ұстап тұрады деген сөз емес, бірақ бұл нарық қатысушыларына нақты бағдар береді.
Мөлшерлеме траекториядан ауытқыса, Ұлттық Банк шешім қабылдауға қандай факторлар мен алғышарттар әсер еткенін хабарлап отырады. Осылайша, нарық біз қабылдаған шешімдерді жақсырақ түсінетін болады.
– Базалық ставка демекші, оның деңгейін белгілеуде қандай факторлар негізге алынады?
– Базалық ставкаға қатысты шешімді реттеуші жылына 8 рет қабылдайды және олардың әрқайсына макроэкономикалық параметрлердің жан-жақты талдауы негіз болады. Инфляция, фискалдық саясат, экономикалық белсенділік динамикасы және т.б. талданады. Соның ішінде нақты инфляцияның болжамдарға сәйкес келу-келмеуіне, инфляцияны күтудің динамикасына және сыртқы сектор мен ішкі экономикадағы тәуекелдер балансына баса назар аударылады.
Жүргізілген талдау негізінде Ақша-кредит саясаты комитеті базалық ставка деңгейін анықтайды. 8 шешімнің 4-еуі болжам раундынан кейін жарияланатынын айтып өту керек.
– Сонда шешімді Комитет мүшелері қабылдай ма? Болжамдарыңызды талқылауға Үкімет атсалыса ма?
– Әрине, шешімді Комитет мүшелері қабылдайды. Шешім қабылдау үшін біз 2015 жылы Forecasting and policy analysis system (FPAS) жүйесін енгіздік. Бұл жүйеде макроэкономикалық модельдер қолданылады. Болжамды әртүрлі макроэкономикалық сегменттегі кәсіби мамандардан құралған топ жасайды. Олар сол кездегі жағдайға баға беріп, орта мерзімдегі кезеңге арналған болжамға негіз болатын алғышарттарды жасайды.
Айтпақшы, сайтымызда FPAS жүйесі модельдерінің сипаттамасы жарияланған. Біз соның негізінде болжам жасаймыз. Бұл – еліміздегі экономикалық ахуалды математика, эконометрика және статистика тілімен қалай түсінетініміздің көрінісі.
Сіздің ынтымақтастық туралы сұрағыңызға қайта тоқталып, біз әлеуметтік-экономикалық даму болжамы аясында Үкіметпен тығыз жұмыс істеп жатқанымызды айтып өткім келеді. Бұл бірлескен жұмыс болжамдардың негіздемелеріне, экономика салаларының болашақ динамикасына және фискалдық саясатқа қатысты бағаларды жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді.
– Базалық ставка траекториясы халық пен бизнеске не береді?
– Ставка траекториясы халыққа қай уақытта ақша жинау қажет екенін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Ал бизнес Ұлттық Банктің болжамы арқылы өз жоспарлары мен инвестицияларына бағыт ала алады.
Қарапайым сөзбен айтқанда, ақшаны қашан жинап, қашан жұмсау тиімді екенін түсінгіңіз келеді делік. Сіз біздің сайтқа кіріп, комитет мүшелерінің келесі жылы ставканың төмендеуін күтіп отырғанын көресіз. Бұл барлық алғышарт сақталса, қазір экономикадағы ақша құны ең жоғары деңгейде тұр дегенді білдіреді. Яғни, ақшаны депозитке салып, жинау дұрысырақ деген сөз, мысалы, ұзақ мерзімде пайдаланылатын тауарларды сатып алу үшін ақша жинау тиімдірек болады.
Бұл – сіздің кірісіңізді көбейтетін және тұтынуды біркелкі бөлетін саналы таңдау. Экономикадағы процестер неғұрлым біркелкі болса, соғұрлым олар тұрақты болып, нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік азаяды.
– Сіздің ойыңызша, бұл бастама Үкіметпен ынтымақтастықты үйлестіруге қалай әсер етеді?
– Ставка траекториясын жариялау Ұлттық Банк пен Үкіметтің координациясын күшейтетініне сенімдімін. Бұл, әсіресе Президенттің фискалдық саясат пен ақша-кредит саясаты арасындағы алшақтықты жою туралы тапсырмасына қатысты. Үкімет Ұлттық Банктің қандай да бір жайттарға қалай жауап қайтаратынын дәлірек бағалай алады және базалық ставка траекториясын өз болжамдарына енгізеді.
Ал реттеуші Үкіметтің фискалдық саясат, мемлекет қарызы туралы болжамдарын пайдалана отырып, базалық ставкаға қатысты өз көзқарасын ұсынады. Нәтижесінде, қос тарап бір-бірінің әрекетін түсініп, ескеретін болады, осылайша экономиканы тұрақты даму даңғылына бағыттай алады.
Болжам жариялау тәжірибесінің басты артықшылығы – нарықтың болашақтағы ақша-кредит саясаты туралы нақты күтулерін қалыптастыруда. Бұл, жалпы алғанда, экономикалық активтерді тиімдірек бағалап, бөлуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, осы арқылы барлық тарап қаржы ахуалын анығырақ бағамдай алады.
– Реттеуші ретінде болжам жариялаудан қандай нәтиже күтесіздер?
– Орталық банк алдағы базалық ставка траекториясын жариялау арқылы нарық қатысушыларына ақша-кредит саясатындағы өзгерістер туралы анағұрлым нақты түсінік береді. Бұл белгісіздікті азайтып, бизнес пен инвесторларға алдағы қадамын жақсырақ жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл ставкадағы болуы мүмкін өзгерістерге байланысты экономикаға төнетін шоктардың ықтималдығын төмендетеді және экономикалық мінез-құлықтың тұрақтылығына ықпал етеді.
Көбіне, орталық банк ставка траекториясымен бірге неліктен ставка солай өзгеруі мүмкін деп есептейтінін және алдағы мөлшерлеме туралы болжамдары не себепті өзгергенін қатар түсіндіріп отырады. Осылайша, орталық банк өз шешімдеріне байланысты үлкен жауапкершілік алады. Ұлттық Банк жеке мүддесі үшін жұмыс істемейді, біз баға тұрақтылығын сақтау міндетін жүзеге асыру арқылы бүкіл қоғамның игілігі үшін жұмыс істейміз. Біз барынша ашық болуға, яғни қоғам алдында есеп беруге ұмтыламыз.
Жалпы алғанда, базалық ставканың күтілетін траекториясын жариялау тұрақты әрі болжауға келетін экономикалық орта құруға ықпал етеді. Бұл Ұлттық Банкке фирмалар мен үй шаруашылықтарының инфляцияны күтуін жақсырақ бақылауға және инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа қол жеткізуге көмектеседі.
– Сөз аяғында Ұлттық Банктің коммуникация саясаты туралы айтып өтсеңіз. Алда қандай мақсат-міндеттер тұр?
– Коммуникация саясаты – инфляциялық таргеттеу режиміндегі ақша-кредит саясатының маңызды құрамдас бөлігі. Сол себепті біз осы бағытты жақсарту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мысалы, түрлі сауалнама деректері негізінде кері байланыс құралдарын енгіздік. 2022 жылдан бастап Ұлттық Банктің кәсіби нарық қатысушыларымен байланысын жақсарту үшін макроэкономикалық сауалнама жүргізе бастадық.
Жақында ғана сайтымызды жаңарттық. Енді реттеушінің қызметі туралы статистикалық немесе аналитикалық ақпарат алу әлдеқайда жеңілдеді. Ақпараттық материалдар жарияланған бөлімдер ретке келтірілді.
Біз ақша-кредит саясатын барынша болжауға келетіндей ету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, мақсат пен қабылданған шешімдердің факторларын барынша нақты түсіндіру, қолда бар мәселелерді сипаттап, оларды шешу жолдарын ұсыну, экономикадағы ахуал туралы жеткілікті ақпарат беру және шешімдер мен өз көзқарасымыздағы өзгерістер туралы жедел хабарлау сияқты бағыттарда шара қабылданып жатыр.
Біз бағаны тұрақтандыру мандатын берген қоғам алдында барынша ашық болып, есеп беруді жақсарту мүмкіндіктерін үнемі іздейміз. Ең бастысы – біздің ашық коммуникациялық саясатымыз халық пен кәсіпорындардың жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатына деген сенімін арттыруға бағытталған. Біз қоғаммен барлық алаңда – ресми отырыстарда, кездесулерде, сайтымызда, әлеуметтік желілерде ақпарат жариялау арқылы байланысты күшейтуге тырысамыз.
Базалық ставкаға қатысты шешімдерді түсіндіруге келер болсақ, мұндағы негізгі тәсілдер – баспасөз хабарламасын жариялау, БАҚ сұрақтарына жауап берумен қатар Төрағаның мәлімдемесін назарларыңызға ұсыну. Шешім бойынша біз ақша-кредит саясатының болжамдары, ахуалы және сол кездегі жағдайға жасалған талдау туралы ақпарат берілетін есеп жариялаймыз.
Сондай-ақ, қабылданған шешімге негіз болған факторлар мен басқа да мәселелерді толығырақ талқылау үшін сарапшылармен және макроэкономикаға болжам жасаушылармен тұрақты түрде кездесу өткіземіз.
Дереккөз: Forbes.kz