1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк: функцияларды бөлу экономикалық операцияларды мұқият қадағалауға мүмкіндік береді

Елімізде Бас прокуратураның жанынан Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылған болатын. Қазір ол белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметіне сүйенсек, елге қайтарылған активтердің жалпы құны 736 миллион АҚШ долларынан асады. ҚҰБ Төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин бұл мәселеде Ұлттық Банктің қандай рөл атқаратынын, сондай-ақ валюталық реттеу және бақылау органы ретінде қандай шаралар қабылдап жатқанын айтып берді.

– Қазір мемлекеттік органдар елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару үшін ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Виталий Алексеевич, Ұлттық Банктің бұл процестегі рөлі қандай?

– Иә, өзіңіз айтқандай, атқарылып жатқан жұмыс ауқымды және оған әртүрлі мемлекеттік мекемелер жауапты болғандықтан, бірнеше бағытты қамтиды. Қолданыстағы заңнама аясында нақты шаралар қабылдау үшін бірлесіп жұмыс істеу, соның ішінде тығыз ақпараттық байланыс орнату аса маңызды. Бұл бағытта да жұмыс жүріп жатыр.

Енді мұндағы Ұлттық Банктің рөліне қысқаша тоқталып өтейін.

Біріншіден, заңсыз иемденілген және шетелге шығарылған активтерді қайтару мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін Ұлттық Банк Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысына белсене қатысты. Ал 2023 жылы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылымызды арнайы құрылған Комиссия аясында, сондай-ақ осы заңда бекітілген функционалға сәйкес жүзеге асыра бастадық. Дегенмен, Ұлттық Банктің басты мақсаты – ақша-кредит саясатын жүргізу. Сондықтан елдің орталық банкі ретінде біз, негізінен, бекітілген заң аясында Бас прокуратураның жұмысына ақпараттық-талдамалық қолдау көрсетеміз.

Екіншіден, Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, талдау жүргізіп, қаражат шығару схемаларын анықтаймыз және оларды топ-топқа бөліп, жіктейміз. 

Үшіншіден, шетелге шығарылған қаражатқа немесе заң талаптарын айналып өту белгілері байқалған операцияларға қатысты валюталық реттеу және валюталық бақылау шараларын жетілдіру бар. Қазір валюталық заңнамаға түзетулер енгізіліп жатыр. Мәселен, былтыр шетелге шығарылған қаражат белгілері бар операциялар тізімі жаңартылған болатын.

– Виталий Алексеевич, АЖ/ТҚҚ типологиялары деген не, ол қандай мақсатта қолданылатынын тарқатып айтып бере аласыз ба?

– Ұлттық Банк трансшекаралық операцияларға мониторинг жүргізеді. Бұл, ең алдымен, оның сыртқы сектор статистикасындағы көрсеткіштері дұрыс болуы үшін жасалады. Алынған деректерді, сондай-ақ жиі қайталанатын күмәнді операциялар мен схемаларды анықтау үшін де қолданылады. Мұндай операциялар анықталса, Ұлттық Банк өзі жүргізген талдау нәтижесін Қаржы мониторингі агенттігіне жолдайды. Олар оны саралап, топтап-жіктейді және жұмыс барысында қаперге алынсын деп қаржы нарығы субъектілеріне жібереді.

АЖ/ТҚҚ типологиялары дегеніміз – қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы қолданылатын әдістер. Олар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы күрестің тиімділігін ұлттық деңгейге дейін көтеру үшін әзірленеді. Бұл әдіс халықаралық тәжірибеде, сондай-ақ нақты бір елде немесе салада қолданылатын схемалардың белгілерін, яғни «күмәнді қызыл жалаушаларды» бір жіпке тізіп, бөліп көрсету арқылы жүзеге асырылады.

Экономикалық-саяси интеграция сыртқы экономикалық қатынастардың либерализациясына ықпал ететіні жасырын емес. Дегенмен, оң әсеріне қарамастан, бұл – кірістерді заңдастыруда жаңа әрі күрделі схемалардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Олар сан түрлі болады және ақпараттық технологиялардың дамуына, геосаяси ахуал мен әр елдің заңнамасындағы өзгерістерге байланысты үнемі жаңарып отырады. Әйтсе де, мұндай кірістерді заңдастыру схемаларына тән ортақ белгілер болады. Сондықтан типологиялық талдау – мемлекеттік органдардың заңсыз операцияларға қарсы күресін тиімді ете түсуге мүмкіндік береді.

Түсініктірек болу үшін бір мысал келтірейін. Валюталық операцияларды талдаған кезде шетел валютасындағы қомақты қаражат Қазақстан банктерінің шоттарына салынып, кейін келісімшарт бойынша жасалған алдын ала төлем түрінде шетелге аударылған жағдайлар анықталды. Оған қоса, шетелдік серіктестер келісімшартта бекітілген міндеттемелерді орындамаған. Мұндай операциялар әртүрлі банктер арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылып келген. Жеке алып қарағанда, әрбір операция күдік тудырмаған, дегенмен жалпы алғанда, трансшекаралық валюталық операциялар арқылы шетелге ақша шығарудың жолы, басқаша айтқанда, типологиясы анықталды.

Мұндай операциялардың алдын алу үшін банктер қаржы мониторингі субъектісі ретінде қаржы мониторингін жүргізеді. Соның аясында мемлекеттік органдар ақша жымқыру немесе капиталды шетелге шығару схемаларының нақты белгілерін анықтайды. Бұл белгілер қаржы ұйымдарына клиенттердің күдікті операцияларына назар аударуға көмектеседі.

– Ұлттық Банк елдің орталық банкі ретінде қаражаттың елден заңсыз шығарылғанын дер кезінде анықтау үшін капитал ағынын бақылауда белгілі бір құралдарды қолдана ма?

– Еліміз либералды валюта режимін ұстанатынын айтып өту керек. Бұл Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес келеді және резиденттер мен бейрезиденттердің операцияларына қатысты валюталық шектеу енгізу мүмкіндігін айтарлықтай шектейді. 

Валюталық саясат дегеніміз – ең алдымен мемлекеттің ақша-кредит саясатының бір бөлігі және баға тұрақтылығына қол жеткізу үшін қажет негізгі құралдың бірі. 

Сонымен қатар, Ұлттық Банк капитал ағындарын тиімді бақылау және экономиканың әртүрлі субъектілерінің капиталды заңсыз шығаруға бағытталған схемаларына қарсы күрес шараларын қабылдау арқылы елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды екенін түсінеді.

Алайда, қабылданған шаралар ұлттық нарық пен отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кедергі келтіріп, инвесторлардың сеніміне және елдің инвестиция салуға қолайлы болуына кері әсер етпеуге тиіс. Сондықтан капиталдың шетелге шығарылуымен күресте заң аясында жұмыс істеп тұрған бизнеске әкімшілік тұрғыдан кедергі болмайтын және инвестициялық климатқа зиян келтірмейтін шаралар тиімді болады.

Қазір біз қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы құралдарды валюталық бақылау шараларымен үйлестіретін механизмді қолданып жатырмыз. Бұл шаралар қолданыстағы заң талаптарын айналып өтуге арналған түрлі схемалардың жолын кеседі.

– Бұл механизмдер қалай жұмыс істейді?

– Валюталық заңнамада ақшаны елден шығару белгілері бар операциялардың тізімі нақты анықталған. Осындай операцияларды жүзеге асыру тәртібіне қосымша талаптар бекітіледі. 

Банктердің комплаенс қызметі басқа да қаржылық операцияларды зерттегені сияқты трансшекаралық операцияларды да саралайды. Олар АЖ/ТҚҚ саласындағы заңнамаға сәйкес операциялардың күмәнді болу-болмауын тексереді. Басқаша айтқанда, клиент пен оның операцияларына қаржы мониторингі шаралары аясында нақты талдау жүргізіледі. 

Осы механизм арқылы банктер ақшаны елден шығару үшін жасалуы мүмкін күмәнді операцияларды анықтайды және ақпаратты уәкілетті органдарға беруге мүмкіндік алады.

– Биыл мемлекеттік кірістер органдары да шетелге шығарылған қараджаттың Қазақстанға қайтарылуын бақылау жұмыстарына тартылды. Бұл тиімді тәсіл ме, қалай ойлайсыз?

– Бұл – резиденттердің сыртқы сауда операциялары арқылы капиталды шетелге шығаруына қарсы қабылданған шараның бірі. Былтыр біз Үкіметпен бірлесіп, заңнамалық түзетулер әзірлеп, қабылдаған болатынбыз. Соған сәйкес, мемлекеттік кірістер органы валюта бақылау органы деп танылды. Экспорттық-импорттық валюта бақылау рәсімдері де жетілдіріліп жатыр. Мысалы, биылғы 1 қаңтардан бастап кеден шекарасынан өту-өтпеуіне қарамастан барлық экспорттық-импорттық мәмілелер бақылауға алынатын болды.

Тауарларды және қызметтерді экспорттау немесе импорттау мәселелері олардың нақты кедендік құнын анықтау және тиісінше салық салу мәселелерімен тығыз байланысты. Ақша шығарудың тағы бір мысалы – трансферттік баға белгілеуді пайдалану. Мәселен, экспортталатын өнім төмендетілген бағамен контрагентке, көбіне, жеткізушімен байланысты тарапқа сатылады.

Одан бөлек, өз кәсібін адал жүргізбейтін кәсіпкерлер заңнамадағы шарт жасасу еркіндігін теріс пайдаланып, шетелдік серіктестердің міндеттемелерін орындау мерзімін ұзақ уақытқа негізсіз белгілеп, ақшаны алдын ала төлем түрінде шетелге шығарады. Бүгінде экспорт пен импорт бойынша ұзақмерзімді (720 күннен асқан) дебиторлық қарыздың (шетелдік серіктестердің қарызы) көлемі – 13 млрд АҚШ доллары шамасында.

Мұндай қарыздарды тексеру қажет. Сол себепті мемлекеттік кірістер органдарын тарту – өте орынды шешім. Өйткені салықтық және кедендік бақылау құралдары, сондай-ақ мәмілелер туралы негізгі ақпараттың болуы Мемлекеттік кірістер комитетіне күмәнді операцияларды анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Салықтық, кедендік және валюталық бақылауларды интеграциялау экспорттаушылар мен импорттаушылар қызметін кешенді түрде бақылауға жол ашады. Осылайша бағаларды манипуляциялау, жалған құжаттарды пайдалану және ақшаны шетелге шығару мақсатында жасалатын басқа да заң бұзу тәуекелдерін азайтуға, мемлекет қабылдаған шаралардың тиімділігін арттыруға болады.

– 2024 жылы валюталық бақылау ережелеріне қандай өзгерістер енгізілді? Бұл Ұлттық Банк пен мемлекеттік кірістер органының қаржылық заң бұзумен күресуіне қалай көмектеседі?

– Биыл елімізде Экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл қағидаларды Ұлттық Банк Қаржы министрлігімен бірлесіп қабылдаған болатын. Экспорттық-импорттық валютаны бақылау механизмі Ұлттық Банк пен Мемлекеттік кірістер комитеті арасындағы тығыз ынтымақтастық арқылы беки түсті.

Осылайша, мемлекеттік органдар арасындағы тиімді ынтымақтастық қаржыны шетелге заңсыз шығарумен күресуге көмектеседі. Функцияларды бөлу салық және кеден органдарына шаруашылық субъектілерінің операцияларын жақсырақ қадағалауға, ал Ұлттық Банкке қаржы секторын барынша мұқият бақылауға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Tengrinews.kz

Жоғарыға