1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстанның төлем балансы жаңа әдіспен есептеледі

Ресми сауда статистикасында мұнай экспортының уақтылы көрсетілмеуі төлем балансы параметрлерінің бұрмалануына әкеледі. Қазақстан Ұлттық Банкі өкілдері мәліметтерді талдап, салыстырып көргеннен кейін осындай қорытындыға келді. Сондықтан, дұрыс мәндерді көрсету мақсатында осы жылдың наурыз айы соңында реттеуші төлем балансы бойынша деректерді қайта қарап шықты.

Мемлекеттің төлем балансын есептеу кезінде монетарлық реттеушінің жаңа әдіске көшу туралы неліктен шешім қабылдағанын және бұл экономиканың сыртқы сектордағы көрсеткіштеріне қалай әсер ететінін Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов бізге берген сұхбатында айтып берді.

Ақылжан Мәлікұлы, 2022 жыл төлем балансы тұрғысынан қандай жыл болды?

2022 жылы мұнай экспорты статистикасындағы уақыт кідірісімен түзетілген төлем балансының ағымдағы шоты профицитпен қалыптасты және 8,5 млрд АҚШ долларын құрады.  Бұл – соңғы тоғыз жылдағы алғашқы профицит. Дегенмен, ағымдағы шоттың оң сальдосына түрткі болған себептер өзгерген жоқ. Яғни, шикізат бағасы жоғары қалпында қалып отыр. Атап айтқанда, мұнай бағасының барреліне 100 АҚШ долларына жуық болуы, тоғыз жыл бұрынғы және өткен жылғы төлем балансының оң динамикасының қарқынын белгіледі.

«Мұнай экспорты статистикасындағы уақыт кідірісіне түзетілген ағымдағы шот»... Шынын айтқанда, түсініксіздеу естіледі екен. Бұл сонда жаңа бір «құбылыс» па?

– Келісемін, шынында да түсініксіз естіледі. Бірақ, бұл тек бір қарағанда ғана.

Мәселе келесіде: мұнай құбыры арқылы мұнайды экспортқа нақты шығару мен оның кедендік статистикадағы көрсетілуі арасында уақыт алшақтығы орын алады, яғни, кідіріс болады. Статистикада көрсетілу уақытындағы мұндай «кідіріс» шамамен үш айды құрайды. Себебі, қорытынды декларация үшін экспорттаушыға партия мұнай құбырына жөнелтілгеннен кейін қалыптасатын құжаттардың толық пакеті қажет.

 Бұл тетікті бір экспорттық мәміле мысалында түсіндіріп көрейін. Қаңтар айының соңында мұнай құбыры арқылы сатылған мұнай экспорты 1000 АҚШ долларын құрады делік. Экспорттаушы «А» осы жеткізу бойынша қорытынды декларацияны сәуір айында – жеткізу аяқталғаннан кейін тоқсаныншы күні тапсырды делік. Кедендік статистикада 1000 АҚШ доллары көлеміндегі бұл экспорт қаңтар айының соңында сатылған экспорт ретінде емес, сәуір айының экспорты ретінде, яғни, қорытынды декларация тапсырылған айда көрсетіледі.

Бұл ресми статистикада мұнай экспортын көрсетудегі уақыт кідірісі болып табылады.

Яғни, осы уақыт аралығына байланысты мұнай экспорты бойынша статистика нақты жағдайды көрсетпейді демексіз бе?

Солай болып тұр. Ұлттық Банкте мұнайды экспортқа нақты жеткізудің күндері бойынша толық ақпарат жоқ. Алайда, уақыт кідірісі бар кедендік ресімдеу жөніндегі мемлекеттік кірістер комитетінің мұнай экспортын кедендік ресімдеу бойынша ресми статистиканы бір жағынан мұнай өндіру және мұнай өнімдерін өндіру көлемі бойынша Ұлттық статистика бюросының деректерімен, екінші жағынан – мұнайды экспортқа жөнелту жөніндегі Энергетика министрлігінің деректерімен және ашық көздерден алынған CPC Blend, Urals және KEBCO маркалы мұнай бағасына қатысты мәліметтермен сәйкестендірдік. Сондай-ақ, әртүрлі тәсілдерді сынап көрдік және мұнай көлемі мен бағасы бойынша кідіріс 90 күнді немесе 1 тоқсанды құрайды деген қорытындыға келдік.

Мұндай есепке алу ерекшелігі тек Қазақстанға ғана тән бе? Әлде мұнай экспортының статистикасындағы уақыт кідірісі басқа елдерде де кездесе ме?

Жоғарыда айтып өткенімдей, қазақстандық статистикада жеткізу аяқталған күннен бастап 90 күн ішінде тапсыруға болатын кедендік қорытынды декларация көрсетіледі. Басқа ірі мұнай экспорттаушы елдерде декларацияны тапсыру мерзімі есепті кезеңнің соңынан бастап санағанда 4 күннен 20 күнге дейінгі аралықты қамтиды. Мысалы, АҚШ-та – 4 күн, Канадада – 5 күн, Норвегияда – 10 күн, Ресейде – 20 күн.

Біздің  бағалауымыз бойынша, бұл елдердің статистикасында мұнай экспорты жеткізілгеннен кейін бірден не бір айлық кідіріспен көрсетіледі.

Басқа тауарлар статистикасында да уақытта кідіріс кездесе ме? Әлде кешіктіру тек мұнай экспортына ғана тән бе?

Теориялық тұрғыдан алғанда, мұндай жағдай экспортқа шығару кезінде саны мен құнын дәл анықтау мүмкін болмайтын кез келген тауарға қатысты туындауы мүмкін. Кейбір тауарлар туралы нақты мәлімет экспортқа шығару кезінде ғана пайда болады. Мұндай тауарға, мысалы, электр қуатын, ал, жүкті құбыр арқылы тасымалдау бойынша – газды жатқызуға болады.

Алайда, Қазақстанның экспортқа шығатын тауарлары ішінде ең ауқымды үлесті бұрынғысынша мұнай алады. Демек, мұнай экспорты статистикасында кідіріс болуына байланысты елдің макроэкономикалық көрсеткіштері айтарлықтай бұрмалануға ұшырайды, солай емес пе?

Тарихи тұрғыдан алғанда, экспорттағы мұнайдың орташа үлесі өте жоғары және шамамен 60%-ды құрайды. Сондықтан, оның халықаралық сауда статистикасында нақты көрсетілмеуі, дәлірек айтсақ, уақтылы көрсетілмеуі кедендік деректердегі мұнай экспортын есепке алатын барлық макроэкономикалық көрсеткіштердің бұрмалануына әкеледі.

Мұнай экспорты есебінен макроэкономикалық көрсеткіштердің бұрмалануы қара алтынның әлемдік бағасының жоғары құбылмалылығы кезеңінде күшейе түседі.

Мысал келтіре аласыз ба?

Коронадағдарыс кезеңіндегі цифрлармен мысал келтірейін.

2020 жылы мұнайдың орташа жылдық бағасы COVID-19 пандемиясына байланысты айтарлықтай қысқарып, барреліне шамамен 40 АҚШ долларын құрады. Қазақстан статистикасында келісімшарттық орташа баға барреліне 43,4 АҚШ доллары болды. Сол жылы ОПЕК+ келісімі аясында біздің мұнай экспортының көлемі 68,6 млн тоннаға дейін төмендесе, ресми статистика 70,6 млн тонна көлемінде экспортты көрсетті. Кедендік статистикадағы бағалар мен физикалық көлемдер нақты деректермен салыстырғанда жоғары болуы оңай түсіндіріледі. Олар кедендік статистикада уақыт кідірісі болуына байланысты пайда болды. Ол іс жүзінде «сырғымалы» жылға сәйкес келетін деректерді ұсынады. Яғни, 2019 жылдың қазанынан 2020 жылдың қыркүйегіне дейін. Естеріңізге сала кетейін, 2019 жылы мұнай нарығында айтарлықтай қолайлы жағдайлар болды.

Осылайша, 2020 жылы мұнай экспорты нақтыдан 3,2 млрд АҚШ долларына жоғары болды. Осы «сырғымалы» логикаға сүйенсек, кейін 2021 жылы жарияланған мұнай экспорты нақты деректен 5,5 млрд АҚШ долларынан төмен болды. Айырмашылықтың өте үлкен екенін көріп отырсыздар. Мұндай ауытқу Ұлттық Банк жариялайтын төлем балансының көрсеткіштеріне әсер етеді.

Демек, егер, уақыттағы кідірістерге түзету енгізілмесе, төлем балансының индикативтілігі мұнай экспортының жоғары құбылмалылығы кезеңінде баға мен физикалық көлем есебінен төмендейді дегенді білдіре ме?

Дүрыс. Төлем балансы бұрмаланбай, нақты жағдайға жақын мәндерді көрсетуі үшін Ұлттық Банк өткен аптада алғаш рет мұнай экспортының статистикасындағы уақыт кідірісімен түзетілген деректерді жариялады. Статистикалық деректерді қайта қарау ретроспективті болды 2005 жылдан бергі кезеңдегі деректерді қамтыды.

Енді, төлем балансының әдіснамасы бойынша, есепті тоқсандағы Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) мен Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) жариялайтын мұнай экспортына қатысты ресми деректер өтіп кеткен тоқсанның экспорты ретінде есептелетін болады. Мұндай тәсіл деректердің дәлдігін қамтамасыз етеді. Бұл макроэкономикалық саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, сарапшылар, рейтингтік агенттіктер, халықаралық ұйымдар сияқты ақпаратты тұтынушыларға инвестициялық шешімдер қабылдауға және неғұрлым дұрыс көрсеткіштер негізінде макроэкономикалық талдау жүргізуге көмектеседі.

Неліктен мұнай экспортының статистикасындағы уақыт кідірісімен түзету төлем балансына енді ғана есепке алынып отыр? Бұл проблема бұрын да болған және оны ертерек шешуге болар еді ғой.

Мұның бірнеше себебі бар. Біз, Ұлттық Банк тауар экспорты мен импорты бойынша барлық статистиканы өзіміз жинамаймыз. Оны уәкілетті органдардан аламыз. Олар тауарлардың, соның ішінде мұнайдың халықаралық саудасы туралы деректерге иелік етеді.

Ұлттық Банк 2020 жылы мұнай бағасының аса құбылмалы болуының «арқасында» уақытта кідіріс барын анықтады. Естеріңізде болса, бүкіл әлем бойынша жаппай локдаундардың шарықтау шегі екінші тоқсанға сәйкес келген еді. Сол жылғы сәуірде мұнай бағасы әр сұрыпқа қарай барреліне 10-18 АҚШ долларына дейін төмендеді. Алайда, қазақстандық статистикада сәуір айында келісімшарттық орташа баға барреліне 57 АҚШ долларын көрсетті. Көріп отырғаныңыздай, айырмашылық жер мен көктей.

Нақты ресми деректердің траекториясы біздің болжамдарымызға және жаһандық тауар нарығындағы үрдістерге сәйкес келмеді. 2020 жылдың тамыз айындағы Ұлттық Банктің кезекті болжамды раунды аясында мұндай ауытқудың себебі ресми статистикадағы экспортты көрсету ерекшелігінде болуы мүмкін екені белгілі болды. Біздің мамандар мұнай экспортын кедендік декларациялау мәселелерін мұқият зерттеп, түрлі дереккөздерден алынған деректерді салыстырып, жан-жақты есептеп көрді. Сайып келгенде, мұнай статистикасындағы уақыт кідірісі туралы біздің теориямыз рас болып шықты.

2020 жылдың тамыз айынан бері екі жылдан астам уақыт өтті. Бұл айтарлықтай уақыт кезеңі, келісесіз бе?

Әрине, мәселенің түйіні мен атқарылған жұмыстың ауқымын есепке алмасақ, екі жыл деген айтарлықтай мерзім.

Мұнай – қазақстандық экспорттың қомақты үлесін құрайды. Сондықтан мұндай түбегейлі қайта қарауға асығыс кіріспеген жөн. Бұл мұқият ойластыруды талап етеді.    

Уақыт кідірісін анықтаған сәттен бастап өткен осы екі жыл ішінде біз Қазақстан мұнайының (барлық сұрыбының) бағасы мен оның экспорты туралы түрлі дереккөздерден алынған мәліметтерді зерттедік.

Осы уақыт ішінде негізділік, шынайылық, уақыт және еңбек шығындары тұрғысынан ең оңтайлысын анықтау үшін бағалаудың түрлі тәсілдері сынақтан өтті.

Осы екі жарым жыл ішінде Ұлттық Банк мұнай экспортының статистикасындағы уақыт кідірісін ескере отырып, екі төлем балансын – «кідіріспен» және «кідіріссіз» есептеп көрді. Жоғарыда аталған себептерге байланысты біз төлем балансын уақыт кідірісіне түзетусіз жарияладық. Түзетілген төлем балансы бүгінгі күнге дейін ішкі пайдалану нысаны болды. Алайда, ақша-кредит саясаты бойынша біздің барлық шешіміміз нақты түзетілген төлем балансын есепке алып отырды.

Егер халықаралық сауда туралы ресми деректердің құрастырушылары мен иелері Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық статистика бюросы болса, Ұлттық Банк «өзгелердің» статистикасына түзетулер енгізе ала ма?

«Өзгелердің» статистикасын түзете алмайды. Бірақ, өзінің статистикасын түзете алады. Төлем балансы Халықаралық валюта қоры әзірлеген бүкіл әлемде қабылданған әдіснаманың негізінде қалыптастырылады. Бұл бізге МКК мен ҰСБ ресми сауда статистикасын негізге алуға және төлем балансы аясында оған әртүрлі түзетулер, қайта қараулар мен бағалаулар енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай өзгерістер, мысалы, негізге алынған бастапқы статистикалық мәліметтер толық қамтымайтын жағдайда енгізіледі. Бұған Ұлттық Банктің былтыр ЕАЭО елдерінен жеткізілген автомобильдердің «сұр» импортын бағалауы айқын мысал бола алады. Біз автомобильдердің 2015-2022 жылдардағы бейресми импортын  4,4 млрд АҚШ долларына бағаладық.

Сонымен, биылдан бастап Ұлттық Банк мұнай экспортының статистикасындағы уақыт кідірісімен түзетілген төлем балансын жариялауға толығымен көшті ме?

Дәл солай. Ұлттық Банк наурыздағы «Ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында» төлем балансының түзетілген ағымдағы шотының алғашқы бағалауын жариялады. Құжат 2022 жылға дейінгі алдын ала нақты деректерді, сол сияқты 2023-2025 жылдарға арналған болжамды деректерді де қамтыды.

Орта мерзімді перспективада түзетілген ағымдағы шот бойынша болжамдарыңыз қандай?

Орта мерзімді перспективада ағымдағы шот 2025 жылдың соңына қарай өткен жылдың профицит аймағынан дефицит аймағына біртіндеп ауысуы мүмкін. Ағымдағы шот профицитінің күтілетін қысқаруы шикізат тауарларына бағаның болжамды төмендеуіне және импортқа деген сұраныстың тұрақты жоғары өсуіне байланысты болады.

Мұнай бағасының болжамды төмендеуіне қарамастан, экспорттың деңгейін ұстап тұру ірі кен орындарындағы мұнай өндіру көлемінің ұлғаюымен көрсетілетін болады. Бірақ тауар импорты халық пен бизнестің тұрақты жоғары сұранысы және де фискалдық ынталандырулар есебінен тұрақты түрде өсе береді.

Осылайша, біз базалық сценарий бойынша мұнай экспортының статистикасындағы уақыт кідірісін түзетуді ескерсек, ағымдағы шот профициті 2022 жылғы 8,5 млрд АҚШ долларынан 2023 жылы 2,2 млрд АҚШ долларына дейін қысқарады деп болжаймыз.

Дереккөз: Forbes.kz

Жоғарыға