Ұлттық Банк: cыртқы нарықтардағы негізгі үрдістер мен Қазақстанның валюта нарығындағы ахуал туралы

Өткен айда қаржы нарықтарындағы оптимизм төмен болып, тәуекелді активтер екі ай қатарынан түзетілді, доллар индексі онжылдықта ең жылдам қарқынмен төмендеді. Бұның Қазақстанның валюта нарығы мен елдің халықаралық резервтеріне қалай әсер еткенін ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтып берді.

 Өткен сұхбатыңызда жаһандық инвесторлардың инфляция мен мөлшерлемелердің шарықтау шегін күтетінін айтқан едіңіз, нарықтардың осы көрсеткіштер бойынша ең жоғары мәнге жақын екендігінің белгісі бар ма және бұл әлемдік валюта нарығына қалай әсер етті?

– Иә, шынында да, белгісі бар және әзірге АҚШ ФРЖ саясатын қатаңдату қарқынының төмендегенін көрсетеді. Қараша айында АҚШ ФРЖ-ның негізгі мөлшерлемені
3,75%-4%-ға дейін тағы да көтергеніне қарамастан, қазан айында АҚШ-та инфляцияның 7,7%-ға дейін айтарлықтай баяулауы туралы деректердің шығуы қараша айының басында доллар индексінің әлсіреу және АҚШ-тың қазынашылық облигациялары кірістілігінің төмендеу факторына айналды. Бұл АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемені көтеруді қысқартуына негіз болады.

Сонымен қатар өткен айда нарықтың одан әрі қатаңдату қажеттілігі туралы хабарларға реакциясы салыстырмалы түрде қалыпты болды. Мәселен, ФРБ басшысы Сент-Луис Дж. Буллардтың мөлшерлемелерді кемінде 5-7%-ға дейін көтеруге шақыру туралы түсіндірмесі аясында DXY индексі күн қорытындысы бойынша небәрі 0,4%-ға нығайды.  

Инвесторлар ақша нарығындағы жағдайды қалыпқа келтіру туралы мәлімдемелерге белсенді түрде жауап береді. Мысалы, қараша айында АҚШ-та өндіріс саласындағы іскерлік белсенділік индексінің 47,6 тармаққа дейін төмендеуі, сондай-ақ АҚШ ФРЖ басшысының мөлшерлемелерді көтеру қарқынының ықтимал баяулауы туралы түсіндірмесі қараша айының соңына қарай АҚШ доллары позицияларының одан әрі әлсіреуіне ықпал етті.

Жалпы алғанда, қарашада әлемдік валюта нарығында бір жағынан АҚШ ФРЖ ақша-кредит саясатын күшейтуінде жедел үзіліс болуы жөніндегі сигналдармен, екінші жағынан ҚХР-да ковид шектеулері жеңілдеуі туралы хабарлармен қолдау тапқан оң тәуекел-сентименті басым болды. Қытай Үкіметі Covid-19 тежеу саясатын оңтайландырудың 20 шарасы, оның ішінде байланыста болатын адамдар үшін карантинді қысқарту, пандемиямен күрес бойынша неғұрлым нақты шараларға көшу туралы жариялады, бұл шектеу шараларына жататын адамдардың санын азайтуға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде, айдың қорытындысы бойынша доллардың DXY индексі 2010 жылдан бері ең жылдам қарқынмен 5%-ға әлсіреді, ал дамушы нарықтар валюталарының индексі 3%-ға нығайды.

Тәуекел-сентименттің жақсаруы да негізгі қор индекстерінің динамикасына оң әсер етті, айдың қорытындысы бойынша акциялардың жаһандық MSCI World индексі қарашада 6,8%-ға ұлғайып екі ай бойы өсуде.

Мұнай нарығындағы динамика түрлі бағытта болды. ҚХР-да Zero Covid саясатын ықтимал жеңілдетудің белгілері, ОПЕК+ өндіруді 500 мың баррельге көтеруді қарастыру туралы хабары, одан кейін ресми тұлғалардың осы жаңалықты теріске шығаруы, Ресей мұнайы бағасының шегін бұрын көзделгеннен жоғары деңгейде талқылау артқан құбылмалыққа әкелді. G7 елдері, Австралия және Еуроодақ Ресейден келетін мұнай бағасының шегін 60 АҚШ доллары деңгейінде келісті, ол күшіне 5 желтоқсанда енді. Бұдан басқа, осы күннен бастап Ресей мұнайын ЕО-ға теңіз жолымен экспорттауға тыйым салынды. Осы жағдайларда мұнай құны бір айда бір баррель үшін 85,43 АҚШ долларына дейін 9,9%-ға төмендеді және бір баррель үшін 80 АҚШ долларынан төмен түсіп, желтоқсанның басында теріс динамикасын жалғастырды.

 Ішкі валюта нарығында бір ай бойы қандай жағдай орын алды? Ұлттық Банк интервенция жүргізді ме? Кейде әлеуметтік желілерде Ұлттық Банк жасырын интервенциялар жүргізіп жатқандықтан, теңге тұрақты деген әңгіме шығып жатады.

– Айдың қорытындысы бойынша, теңге бағамы айтарлықтай өзгерген жоқ. Тоқсандық салықтарды төлеу бойынша міндеттемелерді орындау мақсатында экспорттаушылардың сатылымдары, сондай-ақ 500 млн АҚШ доллары көлемінде валюта түсімінің бір бөлігін міндетті түрде іске асыру шеңберінде квазимемлекеттік секторының субъектілерін сату валюта нарығына қолдау болды.

Валюта нарығы бұрынғысынша орташа құбылмалылығымен және теңгерімділігімен сипатталады, бір ай ішінде интервенция жүзеге асырылмады.

Қараша айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттерді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк валюта нарығында 70 млн АҚШ долларын сатқан болатын. Бұл ретте жекелеген сауда күні ішінде операциялар көлемі 10 млн АҚШ долларынан аспады. Бұл Ұлттық Банктің қарашадағы валюта нарығындағы барлық операциялары, ешқандай «жасырын» операциялар жүргізілген жоқ.

Транспаренттілік қағидаты шеңберінде біз ай сайын Ұлттық қордың және Ұлттық Банктің басқаруындағы басқа да қорлардың қаражатын конвертациялауды қоса алғанда, валюта нарығындағы іс-әрекеттеріміз туралы толық ақпарат беретінімізді атап өту қажет.

 Қарашада резервтер қалай өзгерді?

– Алдын ала деректер бойынша, қарашада алтын-валюта резервтері 945 млн АҚШ долларына артып, 33,9 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен айдың ішінде ЕДБ қаражатының Ұлттық Банктегі валюта шоттарынан әкетуін байқағанымызға қарамастан, резервтер алтын бағасының 7,4%-ға өсуі аясында бір унция үшін
1639 доллардан 1760 долларға дейін өсті.

Бағалы металдың қымбаттауы АҚШ-тағы инфляция бойынша деректердің шығуына және мемлекеттік облигациялар кірістілігінің кейіннен төмендеуіне, сондай-ақ АҚШ долларының әлсіреуіне байланысты болды.

Алтын бағасының өсуі аясында Ұлттық Банк халықаралық резервтерді әртараптандыру үшін алтын үлесін қысқарту саясатын жалғастыру шеңберінде алтынды тұрақты валютаға сатты.

 Сіз Ұлттық Банктің алтынды тұрақты валюталарға сататынын бірнеше рет айтып өттіңіз. Сол рәсімді түсіндіріп бересіз бе әрі ол қандай мақсатты көздейді? Алдағы жоспарлар қандай?

– Иә, алтынвалюта активтерін аллокирлеуді әртараптандыру мен теңестіруді арттыру мақсатында Ұлттық Банк жыл басынан бастап резервтердегі алтын үлесін 68%-дан 63%-ға дейін төмендетті. Алтын нарық талаптарына сәйкес толық сатылады. Бұл ретте, бағаның өзгеру тәуекелін хеджирлеу мақсатында алтынның бір бөлігі опциондық стратегияларды қолдана отырып сатылады.

World Gold Council ұйымының соңғы рейтингіне сәйкес, Қазақстан резервтер құрамындағы алтын қоры бойынша 16-шы орында тұр. Оған қоса, Қазақстан резервтер құрамындағы алтын үлесі бойынша ең жоғары 10 елдің қатарына кіреді. Қазақстаннан басқа, 82%-бен Венесуэла, 70%-бен Португалия, 66%-бен АҚШ және 65%-бен Германия сияқты елдер резервтер құрамындағы алтын үлесі бойынша көшбасшы елдерге жатады. Бұл ретте Қазақстан резервтерінің құрамындағы алтынның үлесі РФ, Ұлыбританияға, Үндістанға, Швейцарияға, Жапонияға және Қытайға қарағанда айтарлықтай жоғары, олардың резервтер құрамындағы алтын портфелі шамамен 20%, 10%, 8%, 6%, 4% және 3%-ды құрайды.

Біз алтынвалюта активтерін аллокирлеуді әртараптандыру мен теңдестіруді арттыру үшін резервтер құрамындағы алтын үлесін біртіндеп төмендету саясатын жалғастырмақпыз.

 Қараша айында Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі қалай өзгерді және оған қандай факторлар әсер етті?

– Алдын ала деректер бойынша Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі өткен айда 3,27 млрд АҚШ долларына ұлғайып, қараша айының соңында 55,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық қордың активтері өсуінің негізгі себебі ағымдағы жылдың тамыз және қыркүйек айларында елеулі құлдыраудан кейін қараша айында акциялардың әлемдік нарықтарда қалпына келуі жалғаса бастады. Бұған дейін айтылғандай, инвесторлар үшін негізгі жағымды триггер АҚШ ФРЖ риторикасының салыстырмалы түрде жеңілдеуі және мөлшерлемелердің өсу қарқынының баяулауын күтуі болды.

Қаржы нарықтарындағы құбылмалылыққа байланысты Ұлттық қор активтерінің құны жылдан жылға ауытқуы және жекелеген кезеңдерде теріс болуы мүмкін. Бірақ Ұлттық қордың ұзақ мерзімді мақсаттарын ескере отырып, оның активтерін басқару инвестициялаудың ұзақ мерзімді келешегі бар, яғни кірістілікті арттыру жөніндегі мақсаттарға қол жеткізу жеке алынған жылы емес, бірнеше жыл кезеңінде қол жеткізіледі, бұл қабылданатын тәуекел мен кірістілік арасындағы неғұрлым тиімді комбинациямен инвестициялық стратегияны іске асыруға мүмкіндік береді.

Мұнай бағасының жоғары әрі тоқсандық салық аптасының болуына байланысты Ұлттық қорға түсетін түсімдердің едәуір көлемі активтердің өсуіне ықпал еткен қосымша фактор болып табылады.

Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер түрінде 153 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында бұрын атап өтілгендей активтер 70 млн АҚШ доллары сомасына сатылды. Бірақ қаражаттың негізгі бөлігі қорға теңгелік түсімдер есебінен бөлінді.

 Жақын арада қаржы нарықтарының келешегі қандай? АҚШ доллары бойынша жаһандық индекстің төмендеуі жалғаса ма?

– Соңғы үш жыл ішінде әлемдік нарықтар жалпы тәуекел-факторлар – пандемия және геосаясатпен бетпе-бет келуге тура келді, бұл ретте жаһандық валюта нарығының динамикасы көбінесе тәуекел-сентименттің және ақша-кредит және фискалдық саясаттың осы факторларға жауап ретіндегі шаралардың ықпалында болды. Әлемдік нарықтарда белгісіздіктің өсуі жағдайында АҚШ долларының қорғау активі ретіндегі рөлінің өсуі байқалды. АҚШ қаржы нарығындағы ағымдағы жоғары мөлшерлемелер ақша-кредит саясатының қарқынды қатаңдатуы нәтижесінде долларлық активтерге олардың абсолюттік көріністегі жоғары кірістілігіне байланысты сұраныстың өсуіне ықпал етеді. 

Алайда сарапшылар АҚШ доллары индексінің өсуін қолдайтын факторлардың әлсіреуіне қарай 2023 жыл дамушы нарықтардың валюталары үшін доллардың шегіне жету және қолайлы динамика жылы болуы мүмкін деп санайды. Сонымен қатар әлемдік экономиканың баяулауы сценарийі мен рецессияның басталуы кезінде АҚШ ФРЖ саясатын «қатаңдату» жағдайында АҚШ долларын нығайту жалғасуы мүмкін.

Мұнай нарығында Еуроодақтың баға шегін енгізуі салдары мен ҚХР-дағы Zero Covid саясатын жеңілдету ықтималдығына қатысты белгісіздікті көрсететін құбылмалылық сақталып отыр. Ресей мұнайын сатып алу бағасы бойынша лимиттің әр түрлі салдары бар. Бір жағынан, баға бойынша дисконт енгізу мұнай нарығына кері әсерін тигізуі мүмкін, екінші жағынан – өндірісті қысқарту бойынша РФ-ның ықтимал қарсы шаралары баға белгілеуді арттыруға ықпал етеді. Екінші белгісіздік Қытайдағы карантиндік шектеулерді жеңілдетуге қатысты, бұл экономикалық белсенділікті арттыруға және әлемнің екінші ірі экономикасы тарапынан энергия ресурстарына сұраныстың кейіннен өсуіне ықпал етуі мүмкін. Bloomberg медиандық болжамында 2023 жылғы 1-тоқсанның соңындағы баға белгілеудің ағымдағы бір баррель үшін
78 доллардан 92 долларға дейін өсуі болжанады.

Дереккөз: Kapital.kz

Жоғарыға