1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Жалғасып жатқан белгісіздік және теңгенің нығаюы туралы. Әлия Молдабекованың сұхбаты

Геосаяси қақтығыс аясында қаржы нарықтарындағы құбылмалылық сақталып отыр. Бұл жағдай Қазақстанның валюта нарығына қалай әсер еткені және наурызда халықаралық резервтер деңгейінің өзгеруіне не себеп болғаны жөнінде ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Ә.М. Молдабекова түсіндіріп берді.

– Әлия Мейірбекқызы, наурызда сыртқы нарықтарда жағдай қалай қалыптасты?

 Наурызда әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалылық тым жоғары болды. Айдың бірінші жартысында ауқымды санкциялық шектеулер және Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығыстың ушығуы шикізат тауарлары бағасының тез өсуіне және жаһандық деңгейде инвесторлардың тәуекелден бас тартуына себеп болды. Айдың соңына таман Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы келіссөздер туралы жаңалықтардың фонында шикізат нарығы үшін күшті серпін аздап әлсіреді.

Көпжылдық ең жоғары көрсеткіш – бір баррель үшін 139 АҚШ долларына жеткеннен кейін мұнай бағасы ай соңына қарай бір баррель үшін 107,9 АҚШ долларына дейін төмендеді. Алтынның бағасы троя унциясы үшін 2070 долларлық ең жоғары көрсеткіштен айдың соңына қарай 1924 долларға дейін төмендеді. Ресей рублінің биржалық бағамы бір айда бір АҚШ доллары үшін 83,2 рубльге дейін 12,1%-ға нығайып, ақпандағы төмендеуді ішінара теңестірді.

Қаңтар-ақпандағы құлдыраудан кейін жанжалдың реттелуін күткен акциялар нарығы наурыздың соңына қарай да қолдау тапты. MSCI World индексі бір айда 2,52%-ға өсті.

Қарқын алған инфляция аясында АҚШ ФРЖ-ның кезекті шешімі наурыздың маңызды оқиғаларының бірі болды. Соңғы деректер бойынша, ақпанда бағаның өсуі 4 онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішті жаңартып, 7,9% ж/ж болды. Осы жағдайларда, 16 наурызда АҚШ ФРЖ 2018 жылдан бері алғаш рет базалық мөлшерлемені 0,25-0,5%-ға дейін 25 б.т. көтере отырып, саясатты күшейтуге кірісті. Комитет мүшелерінің болжамы нақты диаграммаға сәйкес, биыл тағы 6 мәрте көтеріледі деп болжайды. Осылайша мөлшерлеменің жоғарғы шегі жыл соңына қарай 2% болуы ықтимал. ФРЖ-ның монетарлық талаптарды одан әрі күшейтуі жөніндегі күту дамушы нарықтардың валюталарына қысым көрсете отырып, АҚШ долларының жаһандық нығаюына (бір айда +1,7%) және кірістілік қисығының қысқа мерзімді сегментінің артуына (2 жылдық МБҚ бір айда 2,3%-ға дейін 90 б.т. артты) ықпал етті.

– Сыртқы нарықтардағы құбылмалылық Қазақстанның валюта нарығына қалай әсер етті? Ұлттық Банк валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін қандай шаралар қабылдады?

 Бір ай ішінде теңгенің айырбастау бағамы сыртқы нарықтардағы құбылмалылықты көрсете отырып әлсіреу, сол сияқты нығаю жағына қарай қозғалысқа ұшырады. Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығыстың күшеюі және дамушы нарықтардың валюталары мен активтерінің жаһандық әлсіреуі теңгеге қысым көрсетті. Айдың ортасында теңге бағамы биржалық сауда-саттықта 1 АҚШ доллары үшін 512,17 теңге белгісіне жетті.

Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және теңге бағамын тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау үшін валюта нарығын тұрақтандыру бойынша бірқатар шара қабылданды. 9 наурызда Қазақстан қор биржасында доллар-теңге жұбы бойынша сауда-саттық франкфурттық аукцион нысанында өткізілді. Жалпы алғанда, наурызда Ұлттық Банк 990,5 млн АҚШ долларына валюталық интервенция жүргізді. Ұлттық қордан бюджетке 891 млн АҚШ доллары мөлшерінде трансферттерді жүзеге асыру үшін сату, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 233,4 млн АҚШ доллары мөлшерінде валюталық түсімнің бір бөлігін сатуы теңгеге қолдау көрсетті.

Қолма-қол шетел валюталары нарығында нарықтық бағам белгілеуді ынталандыру үшін Ұлттық Банк айырбастау пунктері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шекгін 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылу мерзімімен АҚШ доллары үшін – 6 теңгеден 15 теңгеге дейін, еуро үшін – 7 теңгеден 20 теңгеге дейін кеңейтті. Алыпсатарлық сұраныстың қысымын төмендету, сондай-ақ шетел валютасының шамадан тыс әкетілуін бақылауды қамтамасыз ету үшін Президенттің Жарлығымен Қазақстаннан шетел валютасында 10 000 доллардан көп қолма-қол шетел валютасын сыртқа шығауға шектеу енгізілді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде және геосаяси шиеленістің салыстырмалы түрде төмендеуіне қарай теңге бағамы шығынның едәуір бөлігін қайтарды және бір айда 5,7%-ға нығайып, айдың соңына қарай 467 болды.

Сәуірдің басынан бастап теңге бағамы экспорттаушылар тарапынан сату және халық тарапынан шетел валютасына сұраныстың төмендеуі аясында нығая түсіп, қазір 459,76 (7 сәуірде) деңгейінде саудаланып отыр.

– Ұлттық Банк қолма-қол доллар тапшылығын болдырмау үшін қандай шаралар қабылдады? Ұлттық Банк шетел валютасын қандай көлемде және қандай кезеңде сатып жатыр?

 Наурызда банк секторы қолма-қол валютаны, бірінші кезекте АҚШ долларын сатып алу мен логистикасы кезінде проблемаларға тап болды. Қолма-қол валютаның дағдарысы тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңіріне де әсер етті. Халық валютаны көптеп сатып алды және шоттардан алып қойды.

Тұрақты уақытта екінші деңгейлі банктер валютаны Еуропадан, Азиядан, ТМД елдерінен өз бетінше сатып алып, әкеліп отырады. Алайда қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Ұлттық Банк жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел шаралар қабылдады.

Біріншіден, біз банктерге өз қорымыздан банкноттарды күнделікті сатып отырдық. Тек наурызда ғана ЕДБ-ға шамамен 500 млн АҚШ доллар мен 80 млн-ға жуық еуро сатылды. Оларды кейін банктер өз бөлімшелері арқылы сатты.

Екіншіден, Ұлттық Банк сатылыммен қатар шетелдік жетекші контрагенттермен және логистикалық компаниялармен қолма-қол ақшаны жеткізудің қосымша арналарын жолға қойды.

Үшіншіден, біз жеткізу мәселесін дербес шешуге мүмкіндігі жоқ банктерге кейіннен сату үшін банкноттарды сатып алу мен әкелуді дербес жүзеге асырдық. Наурызда жиынтығында 17 банк банкноттарды алуға бізге жүгінді.

Қазіргі жағдай бойынша көріп отырғанымыздай, қолма-қол долларға деген сұраныс көбінесе қанағаттандырылып, төмендеп келеді.

– Интервенция жүргізу алтын-валюта активтеріне қалай әсер етті?

 Бір ай ішінде алтын-валюта активтері 310 млн АҚШ долларына төмендеді. Төмендеу валюталық интервенциялар жүргізу және сыртқы борышты төлеу есебінен орын алды. Алтын-валюта резервтері Қазақстан теңгесінің ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қалыптастырылатынын атап өткім келеді. Бұл ретте қазіргі сәтте резервтер деңгейі импорт айларының өтеу деңгейіне қарай жеткілікті саналады.

Келеңсіз факторлардың әсері наурыз бойы алтын бағасының бір унция үшін 1903 доллардан 1924 долларға дейін немесе 1,1%-ға өсуімен және екінші деңгейдегі банктердің валюталық шоттарындағы қалдықтардың ұлғаюымен ішінара теңестірілді. Мен бұған дейін алтынвалюта қоры құрамындағы алтын үлесінің жоғары екенін, яғни үштен екіден астам бөлікті құрайтынын атап өткен едім. Бағалы металдардың бағасы геосаяси аренадағы шиеленістің сақталуына байланысты жоғары деңгейде қалып отыр. Алтын-валюта резервтерінің теңгерімді құрылымын қолдау және олардың өтімділігін арттыру мақсатында бағалы металға сұраныс жоғары болған жағдайда, Ұлттық Банк алтынды тұрақты валютаға сатады. Біз халықаралық резервтерді әртараптандыру үшін алтын үлесін қысқартуды жалғастырамыз.    

 Наурызда Ұлттық қордағы валюталық активтердің өзгеруіне сыртқы факторлар қалай әсер етті?

 Алдын ала деректер бойынша, наурыздың соңында Ұлттық қордың валюталық активтері өткен айда 1,2 млрд АҚШ долларына төмендеп, 52,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді 470 млрд теңгеге бөлу мақсатында алдыңғы айда валюта нарығында 891 млн АҚШ долларына немесе 448 млрд теңгеге активтер сатылды. Трансферттердің бір бөлігі теңгемен шоттағы қалдықтар мен Ұлттық қорға түсетін теңгедегі түсімдер есебінен қанағаттандырылғанын атап өткен жөн. Бұл ретте, наурызда шетел валютасындағы түсімдер 207 млн АҚШ долларын құрады.  

Әлемдегі геосаяси ахуалдың нашарлауы, АҚШ ФРЖ және дамыған елдердің басқа да орталық банктерінің ақша-кредит саясатының күшеюі, сондай-ақ көптеген еркін конвертацияланатын валюталарға қатысты АҚШ долларының нығаюы аясында 2022 жылдың қорытындысы бойынша қорды басқарудан оң инвестициялық кіріс алу ықтималдығы шамалы болып бағаланады. Өткен айдың қорытындысы бойынша, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі теріс қалыптасып, (-)521 млн АҚШ долларын құрады. Бұл ретте Ұлттық қорды басқару стратегиясының ұзақ мерзімді екенін ұмытпаған жөн, ал соңғы 3 жылда инвестициялық кіріс 10,75 млрд АҚШ доллары болды.

Нарықтардағы жоғары құбылмалылық кезеңіне қарамастан, қазіргі уақытта Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтерін консервативтік бөлуден жаңа теңгерімді аллокирлеуге көшу бойынша жұмысты жалғастырып келеді. Бүгінде Ұлттық қордың құрылғаннан бергі орташа жылдық кірістілігі 3,45% болады. Теңгерімді аллокирлеуге көшу тәуекел деңгейі қалыпты болған кезде ұзақ мерзімді перспективада Қордың кірістілігін арттыру жөніндегі міндетті шеше алатын ұзақ мерзімді инвестордың жалғыз дұрыс құралы болып табылады.

– Жуырдағы қаржы нарықтарының сценарийлері мен перспективалары қандай?

 РФ мен Украина арасындағы қақтығыс, сондай-ақ АҚШ пен ЕО тарапынан қолданылған теңдессіз санкциялық шаралар әлемдік сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігін күшейтіп, екі бағытта қауіп төндіреді: әлемдік экономиканың баяулауы және инфляцияның одан әрі жеделдеуі. Бұл дамушы елдердің активтері мен валюталарының серпініне теріс әсер етуі мүмкін.

Бұл жағдайда әлемдік экономикадағы құлдырау кезеңінің басталуы – инфляциялық процестердің тұрақтылығы және экономиканың төмен немесе тіпті теріс өсуі туралы қауіптену пайда болды. Осы жылдың басында пандемия мен омикрон штамы әсерінің әлсіреуі бойынша күтулер экономикалық белсенділікті қалпына келтіру болжамына негізделген болса, онда санкциялық шектеулердің әсерін ескере отырып, осы бағалар төмендеу жағына қарай қайта қаралады. Халықаралық рейтингтік агенттіктер 2022 жылы әлемдік экономика өсімінің болжамдарын төмендетті (S&P 4,2%-дан 3,6%-ға дейін, Fitch 4,2%-дан 3,5%-ға дейін), ХВҚ да өз болжамдарын қайта қарау жоспары барын хабарлады. 

АҚШ-тағы жоғары инфляция мен балансты қысқарту және мөлшерлемелерді тез арада арттыру түріндегі монетарлық саясатты күрт күшейту қажеттілігі аясында рецессия тәуекелдері өсті. Инвесторлар рецессияны бастаушылардың бірі болып табылатын кірістілік қисығының инверсиясын атап көрсетуде. Мысалы, 2019 жылдан бастап алғаш рет 2 жылдық МБҚ бойынша мөлшерлеме АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигациялары бойынша мөлшерлемеден асып түсті. Алайда, АҚШ ФРЖ зерттеуінде инверсия қисығы бойынша нарықтық белгілер қате болуы мүмкін деп болжанады.

РФ мұнай (11%), газ (17%) және бағалы металдар (11%) бойынша ірі өндіруші болып табылатынын ескере отырып, шикізат тауарлары нарығында санкциялық тәуекелдер мен шектеулер бағаның тұрақты өсуіне себепші болады.

Сондықтан сәуір айының басында мұнай бағасы ҚХР-дағы локдаун мен АҚШ-тың стратегиялық қорлардан 6 айда 180 млн баррельге дейін мұнай босату туралы шешімі аясында барреліне 100 АҚШ доллары деңгейіне дейін біршама төмендегеніне қарамастан, сарапшылар мұнай ұсынысының құрылымдық тапшылығы сақталып, мұнай бағасының өсуі жалғасады деп санайды.

Нарықтардағы бұдан былайғы жоғары құбылмалылық пен белгісіздікті күту аясында Ұлттық Банк орын алған оқиғаларды және олардың Қазақстанға ықпалын онлайн режимде бағалауды жалғастыра отырып, Қазақстанның қаржы нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін шаралар қабылдауға дайын.

Дереккөз: Kapital.kz

Жоғарыға