1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Біз әр адамның мүддесі үшін цифрлық қаржы инфрақұрылымын құрып отырмыз. Берік Шолпанқұловтың сұхбаты

Қазақстан Ұлттық Банкі ұлттық төлем жүйесін дамыту стратегиясының бір бөлігі саналатын лездік төлемдер жүйесі (ЛТЖ) іске қосылатынын жариялады. Жаңа 24/7 төлем сервисінің ерекшеліктері, сондай-ақ төлем нарығын белсенді цифрландыру жағдайындағы реттеушінің мақсаттары мен міндеттері туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндап береді.

 – Берік Шолпанқұлұлы, Қазақстанда лездік төлемдер жүйесі қалай және қандай мақсатпен іске қосылып отыр?

– Лездік төлемдер жүйесі банкаралық онлайн-аударымдар мен төлемдерді 24/7 режимінде жылдам өткізуге арналған. Мұны енгізудегі басты мақсат – азаматтарға жеңілдетілген деректемелерді, мәселен, телефон нөмірі арқылы тәулік бойы режимінде банкаралық аударымдар мен төлемдер жүргізудің қарапайым әрі ыңғайлы жолын ұсыну. Әртүрлі банктердің клиенттері арасындағы есеп айырысу уақыты қысқарады – енді бұл бірнеше секундта ғана жүзеге асатын болады.

 Қоданушы үшін оның қандай мүмкіндік беретіні түсінікті, ал банк үшін ЛТЖ қызметіне қосылу қандай мүмкіндіктерге жол ашады?

– Банк үшін бұл, ең алдымен, қызмет көрсету сапасын арттырудағы жаңа мүмкіндіктер. Қазіргі уақытта ЛТЖ-да телефон нөмірі бойынша жеке тұлғалар арасында аударымдар қолжетімді. Ал алдағы уақытта QR-код бойынша банкаралық төлемдер сервисі қосылады.

Ғаламдық тұрғыдан алғанда, лездік төлем жүйесі Қазақстанда құрылып жатқан Ұлттық төлем жүйесі құрамдастарының бірі ғана. Біз әр адам үшін цифрлық қаржы инфрақұрылымын құрып отырмыз – ол бәсекелестікті ынталандыруға, қауіпсіздік пен қолайлылықты арттыруға, сондай-ақ, ең бастысы, түпкілікті тұтынушылар үшін қаржы қызметтерінің құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Мұндай жүйе әлемнің көптеген елдерінде – барлығы 60-қа жуық елде, соның ішінде Ұлыбритания, ЕО елдері, Сингапур, Швеция, Ресейде табысты жұмыс істеп тұр.

 Бұл жүйені қай банктің клиенттері пайдалана алады?

– Өз клиенті үшін ЛТЖ сервисін 4 банк іске қосып үлгерді. Тағы 5 банк қосылуға әзір. Қалған банктер дайын болғанына қарай, жүйеге қосыла береді. Қосылғаннан кейін банктер өз клиенттеріне ресми мобильді қосымшаларында ЛТЖ қызметтерінің қолжетімділігі туралы хабарлайды.

– Ұлттық төлем жүйесінің екінші құрамдас бөлігі банкаралық төлем карталары жүйесі болып табылады. Оны іске қосқаннан кейін ішкі банкаралық операциялар қалай өңделетінін айтып берсеңіз?

– Төлем карталарының банкаралық жүйесін құрудағы негізгі мақсат – ел ішінде карточкалық операцияларды өңдеу инфрақұрылымын дамыту, яғни, оларды оқшаулау болып табылады. Бұл Қазақстанның халықаралық төлем жүйелерінің карточкаларына қызмет көрсету үшін тең жағдай жасайды және ішкі карточкалық төлемдердің қауіпсіздігі мен үздіксіз болуын қамтамасыз етеді.

– Бұл жүйені іске қосу жұмыстары қай кезеңде жүзеге асырылады?

 Төлем карточкаларының банкаралық жүйесі өндірістік пайдалануға беруге дайын – ол 2022 жылғы 1 шілдеге жоспарланған. Негізгі жұмыс аяқталды: құқықтық база әзірленді, инфрақұрылым құрылды, Visa, Mastercard және UnionPay халықаралық төлем жүйелерімен келісімдер жасалды, екінші деңгейлі банктер өз жүйелерін бейімдеу және халықаралық төлем жүйелерімен өзара іс-қимыл процестерін қайта баптау бойынша жұмыстар жүргізді. Оператор – Қазақстандық банкаралық есеп айырысу орталығының алаңында тестілеу сәтті жүзеге асырылды.

– Ұлттық Банк Ұлттық төлем жүйесін дамыта отырып, қандай негізгі мақсаттарды көздеп отыр?

– Ұлттық Банк өз жобаларын, оның ішінде Ұлттық төлем жүйесін нарық үшін инфрақұрылым ретінде іске асыруда және дамытуда.

Біз клиенттермен тікелей жұмыс істемейміз және жұмыс істеуді жоспарламаймыз – бұл нарық қатысушыларының міндеті. Біздің міндетіміз – бәсекелестік үшін қолайлы жағдайлар жасау және сенімді, ыңғайлы, қауіпсіз технологиялық және реттеуші ортаны дамыту арқылы қазақстандықтар үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру.

 Цифрлық сервистерді дамыту кезінде реттеуші үшін басымдық не болып табылады?

– Қаржы нарығының цифрлық инфрақұрылымына қол жеткізудегі нарықтың барлық қатысушыларының тең болуы. Яғни, әрбір нарық қатысушысының цифрлық форматта қаржылық және төлем қызметтерін жасау мүмкіндігі болуы керек деп есептейміз. Мұндай тәсіл бәсекелестіктің дамуын ынталандырады және іскерлік айналымның барлық қатысушысы үшін сапаның жоғарылауына және шығындардың азаюына әкеледі.

Тағы бір маңызды мәселе – қауіпсіздік. Қаржылық қызметтерді белсенді цифрландыру жағдайында дербес деректер мен оларға қолжетімділікті ұйымдастыру – маңыздылығын айшықтап келеді. Азамат өз деректерінің меншік иесі және ол оған қолжетімділікті бақылау мүмкіндігіне ие болуы керек деп есептейміз.

Ол үшін біз басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, қашықтан цифрлық сәйкестендіру инфрақұрылымын, «цифрлық келісім» сервистерін және басқа да жобаларды дамытып жатырмыз.

 Сонда цифрлық теңгенің рөлі қандай?

– Нарықпен бірге біз цифрлық теңгені енгізу мәселесін де зерттеп жатырмыз. Болашақта цифрлық валюта да Ұлттық төлем жүйесінің бір бөлігіне айналады. Инфрақұрылымның басқа элементтерімен қоса, бұл интернет болмаған жағдайда да есеп айырысу мүмкіндігінің арқасында қолма-қол ақшасыз төлемдердің үздіксіз және қолжетімді болуын қамтамасыз етеді, сол секілді смарт-келісімшарт аталатын технологияның арқасында нарық қатысушыларына инновация үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазір бұл мәселе нарықпен және халықаралық сарапшылармен бірге терең зерттеліп жатыр, жылдың соңына дейін біз түпкілікті шешімге келеміз.

Дереккөзі: Zakon.kz

Жоғарыға