Қазақстан Ұлттық Банкі

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемеге қатысты шешімі инфляция бойынша мақсатқа бірден емес, орта мерзімді перспективада қол жеткізуге бағытталған. Ғалымжан Пірматовтың сұхбаты

Ұлттық Банктің Төрағасы Ғалымжан Пірматов Egemen Qazaqstan-ға арнайы сұхбат беріп, инфляция бойынша орта мерзімді болжамдар, валюта нарығындағы ахуал, сондай-ақ Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені көтеру факторы және оның экономиканы кредиттеуге әсері туралы әңгімеледі.

– Құрметті Ғалымжан Олжаұлы, соңғы уақытта Ұлттық Банк ба­залық мөлшерлемені екі мәрте кө­терді. Ал кейінгі жолы оны өзгеріссіз сақ­тап қалды. Мұндай шешім қабыл­дауға не себеп болды?

– Бұл шешім осы жылдың мамыр-маусым айларында жүргізілген болжамдық раундтың қорытындысы негізінде қабылданды. Біз инфляция өсіп, жыл соңына қарай 13-15 пайыз деңгейінде қалыптасады деп болжап отырмыз.

2022 жылғы наурыздан бастап геосаяси жағдайдың шиеленісуінің және Қазақстанның қаржы нарығына қысымның айтарлықтай күшеюінің салдарынан елімізде инфляция үдей түскенін ескерген жөн. Ресей Феде­ра­циясына қарсы санкцияларға байланыс­ты жаһандық жеткізілім тізбегіндегі проблемалардың күрделенуі әлемдегі өн­діріс құнының қымбаттауына алып келіп отыр. Шешім қабылдағанда біз осы факторлардың барлығын еске­реміз.

Орта мерзімді кезеңде инфляцияны бәсеңдету мақсатымен инфляция­мен күрес және экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді ескере отырып, біз базалық мөлшерлемені 14 пайыз деңгейінде сақтап қалдық.

Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы контрциклдік бюджет саясатымен және сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуімен бірге 2023 жылы инфляцияның 7,5-9,5 пайызға дейін баяулауына ықпал етеді.

– Ал Ресейдің Орталық банкі инфляция мен геосаяси факторларға қара­мастан, базалық мөлшерлемені төмен­дету бағытын ұстанды. Нелік­тен біздің Ұлттық Банк, керісінше, ақша-кредит саясатын қатайтуды жалғастырып келеді?

– Кейбір сарапшылардың Қазақ­стан мен Ресей орталық банктерінің базалық мөлшерлемелерін салыстыратыны рас. Ресей банкі биыл ақпан айында негізгі мөлшерлеменің 9,5 пайыздан 20 пайызға дейін – екі есе артуынан кейін экономиканың құлдырауынан болып жатқан дефляциялық процестерді ескере отырып, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін оны 9,5 пайызға дейін төмендетті. Сондай-ақ Ресейде бірнеше аптадан бері дефляция байқалып отыр, маусымдық түзетілген инфляция соңғы уақытта межеленген деңгейден айтарлықтай төмен болды, бұл ретте мөлшерелемені қарқынды төмендету – заңды құбылыс.

Ресейдегі жағдайға қарағанда, Қазақ­станда рецессия күтілмейді, кері­сін­ше, іскерлік белсенділіктің, сұра­ныстың өсуі жағдайында қосым­ша фискалдық импульс аясында инфля­циялық қысымның одан әрі күшеюі күтіліп отыр. Осы орайда Ресей мен Қазақстандағы базалық мөлшер­лемелерді салыстыру дұрыс емес.

– Кейбір сарапшылар базалық мөлшерлеме көтерілсе де, оның айтарлықтай нәтижесі болмады деп санайды. Инфляцияның өсу қар­қыны да тез болды. Сонда бұл шара шынымен тиімсіз болып шықты ма?

– Ұлттық Банк инфляциялық таргеттеу режімінде ақша-несие саясатын жүргізе отырып, ортамерзімді перспективада инфляциялық мақсатқа қол жеткізуді көздейді. Макроэкономикада қабылданған шешімдердің бірден нә­тиже бермейтінін түсіну керек. Ұлт­тық Банктің ағымдағы шешімі ин­фляция бойынша мақсатқа бірден емес, бірнеше айдың көлемінде қол жет­кізуге бағытталған.

Ұлттық Банк орта мерзімді нысаналы бағдарлардан болжанатын инфляция траекториясының алшақтығын қысқарту үшін барлық қажетті шараны қабылдап отыр, инфляциялық таргеттеудің мәні де осында.

Әзірге біз ставканы төмендетуге себеп көріп отырған жоқпыз. Мөл­шер­леме 2024 жылдың аяғында таргеттелетін диапазонға жақындайтын траекторияға сәйкес инфляция деңгейі азайған жағдайда төмендейді.

– Базалық мөлшерлемені көтеру экономиканы кредиттеу үшін тиімсіз деген пікір бар. Ұлт­тық Банк экономиканы несиелеу қан­ша­лықты төмендегенін анықтау үшін қандай да бір талдау жасады ма? Статистика бұл туралы не айтады?

– Негізі, экономиканы несиелендіру мәселелері – Қаржылық реттеу және қаржы нарықтарын дамыту Агент­тігінің құзыретінде. Ұлттық Банк өз тарапынан 2021 жылдың шілде айынан ақша-кредит саясатын қатаңдату циклін бастады. Егер беріліп жатқан жаңа несиелерді қарастыратын болсаңыз, оның көлемі, әсіресе бизнеске беріліп жатқан несиелер, айтарлықтай қомақты. Мысалға, өткен жылдың өзінде бизнеске берілген жаңа кредиттер 20,3 пайызға өсіп,11,1 трлн теңгеге дейін жетті. Экономикаға берілген несиелердің жалпы көлемі 24,8 пайызға, 19,5 трлн теңгеге дейін өсті. Яғни несиелендіру азайған жоқ. Ал біздің ортақ мақсатымыз – берілетін несиенің санын емес, сапасын арттыру. Есіңізде болса, осыдан жиырма шақты жыл бұрын ел экономикасы қарқынды өсіп, халыққа несие беру үдей түскен. Бірақ одан сапалы нәтиже шыға қойған жоқ.

Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдағанда инфляциямен күрес пен экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді ескере отырып, инфляцияны төмендету бойынша неғұрлым икемді сценарийді таңдады.

– Қазір Ұлттық Банкке қос мандат беру мәселесі көп айтылып жүр. Бұған қатысты ұстанымдарыңыз қандай?

– Ұлттық Банктің құзыретінде ин­ф­ляцияның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік бере отырып, экономиканың өсуіне тікелей әсер ететін немесе оны тікелей ынталандыратын тетіктер жоқ.

Әлемдік тәжірибеде, шынымен де, орталық банктердің қос (көп) ман­датты қолдану тәжірибесі бар. Алайда бұл инфляциясы бұрыннан төмен әрі тұрақты дамыған елдерге ғана тән. Сондай-ақ көп жағдайда мұндай орталық банктердің басты мақсаты – баға тұрақтылығын сақтау, ал экономикалық өсу (экономикалық саясат) мандаты екінші орында қалады.

Қазір елімізде жоғары инфляция орын алып отырған жағдайда Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатын тұрақтандырушы рөлін сақтап қалуы әлдеқайда маңызды.

– Неліктен Ұлттық Банк тең­ге­нің рубльге қатысты тікелей баға­мын қалыптастыру мәселесін қарас­тыр­майды?

– Ұлттық Банк ұлттық валюта бағамының еркін өзгермелі қағи­даттарын ұстанады.

Маусым айында рубльдің бағасы барлық валютаға, ең алдымен, АҚШ дол­ларына қатысты айтарлықтай нығайды. Осындай нығаю Ресей Федера­циясында енгізілген капитал қоз­ғалысын шектеу шаралары, энер­гия ресурстарын қоса алғанда, негізгі экспорттық тауарлардың жоғары ба­ғалары аясында, импорттың айтарлық­тай қысқаруымен бірге орын алды. Бұрын енгізілген валюта­лық шектеулердің айтарлықтай жеңіл­деуіне қарамастан, Ресей рублі мұнай мен газдың жоғары бағасы мен импорттың төмен көлемі аясында нығаюын жалғастырды.

Өз кезегінде, теңгенің Ресей руб­ліне қатысты айырбас бағамы тікелей қалыптаспайды, ол теңге мен рубльдің долларға қатысты бағамына қарай жекелей қалыптасады. Теңге/рубль нарығы дербес қалыптасу үшін біздің мемлекеттер арасындағы сауда-сат­тық теңесуі қажет. Ал қазір біздің Ре­сейден әкелетініміз Ресейге апараты­нымыздан әлдеқайда көп және біздің тауар сатушыларымыз өз тауар­ларын Ресейге сатқанда теңгеге емес, валютаға сатқанды таңдайды. Сон­дықтан теңгеге деген сұраныс төмен.

Құбылмалы айырбас бағамы саясатын ұстану – теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайды және сонымен қатар елдің алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан рубльмен немесе кез келген басқа валютамен паритетке әсер ету мақсатында ұлттық валютаның айырбас бағамы бойынша кез келген амалды жасауға жол берілмейді.

– Доллар бағамы нарық шартына қарай қалыптасып отыр ма және Ұлттық Банк бұған расымен араласпай ма?

– Ұлттық Банк валюталық интервенцияларды және валюта нары­ғында жүргізілген барлық операция туралы ақпаратты айдың соңында ашып көрсетеді. Ұлттық Банк ішкі валю­та нарығында жүргізілген опера­циялардың көлемін және оларды жүргізу себептерін жариялап отырады. Сонымен қатар теңге баға­мы­ның құбылу себептерін де үздіксіз түсіндіріп келеміз.

Бұл ретте қаржылық тұрақтылыққа қауіп-қатерге жол бермеу мақсатында Ұлттық Банк бағамның шамадан тыс құбылмалылығы кезінде валюталық сауда-саттыққа араласу құқығын сақтайды.

Бұған дейін Ұлттық Банктің ресми мәлімдемелерінде айтылғандай, қысқа мерзімді перспективада теңге бағамының құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады.

– Қазір әлемде күрделі геосая­си жағдай қалыптасты, жағдай тез өзгеріп жатыр. Реттеуші және тұтас­тай алғанда біздің қаржы жүйеміз жаңа сынақтарға дайын ба?

– Иә, біз қиын сын-қатерлерге кезігіп отырмыз, бірақ қаржы жүйесі оларға төтеп беріп, қиындықтарды табысты еңсеріп келеді. Атап айтқанда, біз қабылдаған шаралар ақпан айында бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірген оқиғалар кезінде қаржылық тұрақ­ты­лықты сақтап қалуға сеп болды.

Болашақта бізді не күтіп тұрғанын қазір ешкім тап басып айта алмайтыны анық, бірақ жағдай біршама тыныш. Біз бәріміз қиындықтар мен тәуекелдерді көріп отырмыз, қаржылық институттарымыз тұрақты. Қазіргі уақытта біздің қаржы жүйемізде не болып жатқанына ерекше алаңдаудың жөні жоқ. Рас, көптеген сынақ, тәуекел бар. Бірақ біз кез келген құбылысқа дайынбыз.

Біз жағдайды үнемі бақылап отырамыз, жаңа санкцияларды, басқа елдердегі шешімдердің экономикамыз бен қаржы жүйемізге әсерін сараптаймыз. Ұлттық Банкте өте білімді әрі білікті мамандар жұмыс істейді және олардың барлығы өз ісіне адал. Қаржылық және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық құрал мен ресурс жеткілікті.

Біз ашық коммуникациялық сая­сатты ұстануды жалғастырамыз, нарықтың кәсіби қатысушылары не істеп жатқанымызды және оны қалай қамтамасыз етуге тырысып жат­қа­нымызды түсінуі үшін шешімдері­міз­дің логикасын мейлінше тез ашып көрсетуге тырысамыз. Меніңше, қазір­гі жағдайда бұл өте маңызды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелесекен

Кәрібай МҰСЫРМАН.

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Жоғарыға