Қазақстан Ұлттық Банкі

Шикізат бағасының өсуі 2022 жылы төлем балансының профицитін қамтамасыз етеді. Ақылжан Баймағамбетовтің сұхбаты

«Тамыз-Қыркүйек 2022» болжамдық раунды кезеңінде Қазақстан Ұлттық Банкі еліміздегі макроэкономикалық негізгі көрсеткіштердің бағалауын жаңартты. Бұған дейін де күтілгендей, төлем балансының ағымдағы шоты оң аймаққа өтіп, профицитпен қалыптасады. Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов биылғы экспорттағы өсімнің негізгі драйверлерін атап, төлем балансының орта мерзімді болжамдары мен олардың алғышарттары туралы баяндап берді.

– Ақылжан Мәлікұлы, жуырда ғана Ұлттық Банктің кезекті болжамды раунды аяқталды. Сіздің қысқа мерзімді кезеңге төлем балансы бойынша күтулеріңіз қандай?

 Осы болжамдық раундта базалық сценарий жағдайында біз мұнай бағасы қазіргіден 2023 жылы орташа есеппен 1 баррель үшін 90 АҚШ долларына дейін біртіндеп төмендейді деп отырмыз. Мұндай болжамды баға траекториясы жағдайында биылғы төлем балансының ағымдағы шоты оң аймаққа ауысады, яғни, профицитпен қалыптасады. Бұл соңғы 8 жылдағы алғашқы профицит болады және оған қазақстандық экспорттың негізін құрап отырған шикізаттық тауардың жоғары бағасы арқылы қол жеткізіледі. Тіпті импорттың жоғары деңгейін және шикізат секторындағы тікелей шетелдік инвесторларға кіріс төлемдерін ескергеннің өзінде, базалық сценарий жағдайында профицит 7,0 млрд АҚШ долларын құрайды.

2023 жылы да экспорттың жоғары деңгейі есебінен профицит 7,5 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды.

– Экспорт қандай тауарлардың есебінен және қаншаға өседі?

 Біз 2022 жылы төлем балансы әдіснамасы бойынша экспорт 35,2%-ға, яғни, 81,6 млрд АҚШ долларына дейін айтарлықтай артады деп күтіп отырмыз. Өсім мұнай және мұнай емес тауарларды, оның ішінде, қара және түсті металл, уран, сондай-ақ, астық дақылдарын сатуда аңғарылатын болады. Бұл ретте, әрине, экспорттың артуындағы негізгі үлес мұнай есебінен болатыны сөзсіз. Жалпы алғанда, бүкіл қазақстандық экспорттың шамамен 60%-ы мұнайға тиесілі.

Пандемиядан кейін әлемдік экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келуі және одан кейінгі геосаяси дағдарыс шикізаттың жоғары бағасын ұстап келеді. Бұл биыл сату құнының күтілетін өсуіне әсер етеді.

– Бұл оң динамика келесі жылы да жалғасын табады деп ойлайсыз ба?

 Иә, 2023 жылы базалық сценарийде экспорт құны тағы да жоғары болады, оның өсімі 83,3 млрд АҚШ доллары деңгейінде күтілуде. Осы жылғы жоғары базаның арқасында жалпы өсімнің өзі айтарлықтай болмайды, бар болғаны 2,2% ғана. Бұл көрсеткішке Энергетика министрлігі болжаған 2022 жылы өндіріс көлемін 85,7 млн тоннадан 92,6 млн тоннаға дейін ұлғайту есебінен қол жеткізіледі және ол өткен жылдардағы жоғары шикізат бағаларын біршама төмендетуге қарай сценарийлік түзету арқылы нивелирленеді.

– Жыл басынан бері біз бірнеше рет КҚК тоқтап қалғанына куә болдық. Бұдан басқа, қазақстандық мұнай Brent маркалы мұнайға қарағанда арзанырақ сатылуда. Алайда, Сіз болжамдарыңызға экспорт өсімін қосып отырсыз. Бұл сценарийдің жүзеге асуы қаншалықты мүмкін?

 Қазақстандық мұнай экспортының негізгі арналары – КҚК және Атырау-Самара құбыр желілері. КҚК-ның үлесіне мұнай экспортының айтарлықтай көп көлемі тиесілі. Атап айтар болсақ, ол жалпы экспорттың 80 пайызын құрайды. Сондықтан КҚК-ның тоқтау қаупі қазақстандық төлем балансының жағдайына ықпал етпей қоймайды.

Базалық сценарийде мұнай экспорты бойынша бағалау қалыптастыруда біз Энергетика министрлігінің өндіру көлемі бойынша болжамдарына сүйенеміз. Күтулерге сәйкес, осы жылдың соңында өндіру көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталып қалады және 85,7 млн тоннаны құрайды.

Шынында да, бірінші жарты жылдықта біз КҚК жұмысында үзік-созық кейде ішінара, кейде толықтай тоқтап қалған жағдайларды көрдік. Алайда, Энергетика министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында экспортқа шығарылған мұнай шамалы ғана 2,2%-ға, яғни, 33 млн тоннаға дейін азайғанымен, оның нақты көлемі іс жүзінде өткен жылдың деңгейінде сақталды деуге болады.

Бұл факторды ескере отырып, МКК деректері бойынша, биылығы жылдың бірінші жарты жылдығында мұнай экспортының өсімі 84,7%-ға, яғни, 24,8 млрд АҚШ долларына дейін өсуі, ең алдымен, Brent маркалы мұнайға дисконтқа қарамастан, баға факторымен түсіндірілді.

– Демек, дисконтты есепке ала отырып, қазіргі қалыптасқан мұнай бағасы экспорт өсімін және сәйкесінше, профицитті болжауға мүмкіндік беріп отыр ғой?

 Дұрыс айтасыз. Экспортқа шығарылған мұнайдың 20 пайызға жуығы үлкен дисконтпен сатылды. Бұл мұнай негізінен Атырау-Самара құбыр желісі арқылы ресейлік Urals маркалы мұнаймен бірге тасымалданып жатыра. Thomson Reuters агенттігінің мәліметінше, Urals маркасының Brent маркасына орташа дисконты жыл басынан бері шамамен 1 баррель үшін 18 АҚШ долларын құрады. Қазақстандық мұнайдың көп бөлігі бұрын да айтқанымыздай, CPC Blend маркасымен КҚК құбыр желісі арқылы экспортталып отыр. Ол үшін орташа дисконт осы жылы 1 баррель үшін 3 АҚШ долларын құрады. Бұл – Қазақстан мұнайдың негізгі көлемін сыртқа минималды дисконпен сатып отыр деген сөз.

Осыны және болжамды өндіріс көлемін ескерсек, базалық сценарий жағдайында 2022 жылы мұнай экспортының 60,7%-ға, яғни, 50 млрд АҚШ долларына дейін өсуі біздің есеп бойынша шындыққа негізделген деп бағаланады.

– Мұнай бойынша аз-мұз болса да түсінікті. Ал аса жоғары бөліністегі тауарлар экспортының жайы не боламақ? Экспортты әртараптандыруда жақсартулар күтіле ме?

 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы ресми тауар экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 56,2 пайызға артып, 42,2 миллиард долларға дейін екі есе өсті. Бұл өсімді әр салаға бөліп қарасақ, оның ішінде өсімнің 52,3%-ы шикізат пен оларды алғашқы өңдеу арқылы, ал қалған 3,9%-ы ғана дайын өнім арқылы қамтамасыз етілді.

Екінші жағынан, экспорттағы дайын өнімнің үлесі 2014 жылғы 5,1%-дан 2021 жылы 8,5%-ға дейін артып келеді. Номиналды түрде атасақ, 4,1 миллиард доллардан 5,1 миллиард долларға дейін өсті. Бұған, сондай-ақ, теңге бағамының еркін айналымда болуына байланысты бағаның бәсекеге қабілеттілігінің өсуі ықпал етті. Алайда, шикізаттық емес экспорттың өсу әлеуеті әлі толық іске асырылған жоқ, сондықтан көрсеткіш әлі де болса төмен деңгейде қалып отыр.

Экспортты әртараптандыру – бір күндік жұмыс емес. Ол үздіксіз жүргізіледі. Үкімет 2025 жылға қарай тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортын 41 миллиард долларға дейін өсіруге мақсат қойды, оның 29,5 миллиард доллары – тауарлар. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, күшейте беру керек.

– Төлем балансына қысымды төмендетудің нәтижесіне экспортты әртараптандыру арқылы ғана емес, импортқа тәуелділікті азайту арқылы да қол жеткізуге болады емес пе? Биыл импортқа байланысты не күтесіздер?

 Импорттың ағымдағы шотқа қысымы сақталып отыр. Айта кету керек, осы жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, төлем балансының әдістемесіне сай тауар импорты 15,9%-ға, яғни, 20,7 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Және бұл жаһандық жеткізу тізбегінің бұзылуына қарамастан орын алған жағдай. Болжамдарға сүйенсек, 2022 жылдың соңына қарай өсім 11,3%, яғни, 44,2 млрд АҚШ долларына дейін, ал 2023 жылы 3,4%, 45,7 млрд АҚШ долларына дейін болады.

Қазақстандық өндіріс болмағаннан кейін халықтың және бизнестің қажеттілігі өсуі – импорт көлемінің артуына ықпал етеді және солай бола береді де. Сонымен қатар, оған мемлекеттік бағдарламалар мен экономиканы қолдау шараларына бөлінген бюджеттік шығыстардың аса үлкен көлемі де әсер етіп отыр.

– Импорт қандай тауарлардың есебінен артып отыр? Сіздің болжауыңызша, биыл шетелден сатып алудың негізгі драйвері не болады?

 Болжамдық көкжиекте импорттың ең үлкен өсімі аралық және инвестициялық тауарлар бойынша күтіледі. Бұл тауарлардың импорты 2022 жылы 11,4%-ға өсіп, 32,0 млрд долларға дейін және 2023 жылы 0,9%-ға өсіп, 32,3 млрд долларға дейін жетеді деп болжануда. Бұл шикізат құнының өсуімен, сондай-ақ мемлекеттік және жеке сектордағы инвестициялық жобалар мен бағдарламалардың іске асырылуымен байланысты.

Мұндай жобалар мен бағдарламалар, мәселен, автокөлік нарығында жүзеге асырылып келеді. Жеңілдетілген автонесие, отандық өндіріс қуаттылығын кеңейту және басқа да бастамалар автокөлік құрастыруға арналған ірі тораптық компоненттердің импортын ұстап тұрады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында олардың импорты екі есе өсіп, 1,0 миллиард АҚШ долларына жеткенін біз статистикалық мәліметтерден көріп отырмыз.

Биылғы 1 жартыжылдықта аралық және инвестициялық тауарлар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға өсіп, 15,0 млрд АҚШ долларына дейін жетті. Олар негізінен Ресей мен Қытайдан жеткізілді. Айды өткен жылдың сәйкес айымен салыстыратын болсақ, әр айда өсім болып отырғанын байқаймыз және бұған геосаяси дағдарыс әсер еткен де жоқ. Ресейден келетін импорт бойынша сәл құлдырау сәуір айында ғана тіркелді. Алайда, болашақта Ресей Федерациясынан сатып алу көрсеткіші төмендеген жағдайда да, сұраныстың жаңа нарықтарға қайта бағытталуына байланысты аралық және инвестициялық тауарлар импортының өсу үрдісі сақталып қала береді.

– Сонда 2022 жылы тұтыну тауарлары импорт өсімінің драйвері бола алмай ма?

 Шын мәнінде, біздің күтуімізге сай тұтынушылық импорт та өсіп келеді, бірақ аралық және инвестициялық тауарлар импортына қарағанда біршама баяу қарқынмен өсіп келеді. Егер өткенге көз салсақ, тұтынушылық импорт 2021 жылы 12,4 миллиард АҚШ долларына дейін жетті, бұл 2014 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болатын. Осы жылға болжам бойынша, ол сол деңгейден асып, 13,5 млрд АҚШ долларын құрайды. 2022 жылға арналған күтулер көп бағытты факторларға негізделген.

– Сол факторларды атап өтсеңіз?

 Бір жағынан, логистикалық жеткізу тізбегінің бұзылуына байланысты ұсыныстың төмендеуі және Ресейдің қант пен автокөлік сияқты кейбір тауарларды экспорттауға тыйым салуы – тұтынушылық импорттың қысқаруына әкеп соғады. Жаңа транзиттік бағыттарға қайта бағдарлану, әрине, уақытты талап етеді және бағаға да әсер етеді. Ал бұл сұранысты белгілі бір деңгейде тежейді. Мәселен, Ресейдің наурызда қант экспортына енгізген тыйымы – бірінші тоқсанға қарағанда, екінші тоқсанда қанттың осы елден шығатын импорты 57,6 мың тоннаға дейін төмендеп кетті. Қазақстанның ішкі нарығында пайда болған тапшылық Үндістан арқылы, яғни, мүлдем жаңа жеткізушімен ішінара жабылды. Екінші тоқсанда Үндістан Қазақстанға 17,7 мың тонна қант сатты.

Екінші жағынан, қазақстандық өндірістің болмауының салдарынан ішкі қажеттіліктердің жылдан-жылға артуы тұтыну тауарлары импортының өсуіне ықпал етеді. Төлемге қабілетті сұраныс халықтың жеке қаражатымен де, тұтынушылық несие түріндегі қарыз қаражатымен де қамтамасыз етілетін болады.

Осы факторлардың жиынтығы 2022 жылы тұтынушылық импорттың болжамды 8,6%-ға өсуін қамтамасыз етеді.

Әңгіме тұтынушылық импортқа ауысқандықтан, айта кетейін, осы айда біз төлем балансының қорытынды көрсеткіштеріне «сұр» автомобиль импорты бойынша бағалауды қосамыз. Соңғы бірнеше жылда ресми автокөлік импорты 2016 жылғы 417 миллион АҚШ долларынан 2021 жылы 1,3 миллиард АҚШ долларына дейін үш есе өсті. Айта кететін жайт, бұл ретте, біздің автокөлік нарығымыз ЕАЭО елдерінен және ең алдымен, жеке тұлғалардың автокөліктерді Ресейден бейресми әкелуіне байланысты қарқынды түрде кеңейіп келеді.

ЕАЭО аясында кедендік баждардың және Ұлттық статистика бюросының жеке тұлғаларға салық салу мүмкіндігінің болмауына байланысты автокөлік импортының бұл санаты ресми статистикаға енгізілмеді. Ұлттық Банк бұл «сұр» көлік импортына өзіндік бағалауын жүргізді. Жоспар бойынша, жүргізілген есептеулерге қатысты толық ақпарат қазан айында жарияланады.

– Қорытындылар болсақ, ағымдағы шот 2022 жылы, сіз айтып өткендей, жоғары импорт пен шетелдік инвесторларға кіріс төлемдеріне қарамастан, профициттік аймаққа ауысады. Бұл нені білдіреді және қаншалықты жақсы?

 Төлем балансының ағымдағы шоты елдің басқа елдермен ағымдағы операциялары бойынша белгілі бір уақыт ішінде тапшылық жағдайында қанша төлеуі немесе профицит болған жағдайда қанша табыс табуы керектігін көрсетеді. Бұл – тауарлар мен қызметтердің экспорты, импорт, еңбекақы, инвестициялық кіріс, сондай-ақ халықаралық трансферттер.

Ағымдағы шот дефициті орын алғанда, әсіресе, егер ол шетелдік инвестицияның азаюымен қатар жүрсе, елдің макроэкономикалық көрсеткіштері қысымға ұшырайды.

Бұған дейін де атап өткеніміздей, Қазақстандағы ағымдағы шот соңғы жеті жылда тапшылық аймағында болды. Бірақ 2022 жылдың соңына қарай профициттік аймаққа көшеді деп күтілуде. Қысқа мерзімді перспективада бұл елдің макроэкономикалық көрсеткіштеріне қысымды біршама төмендетеді, дегенмен құрылымдық өзгерістер жасамайды. Себебі, профицит тек мұнай мен металл құнының қымбаттауымен қамтамасыз етіледі, бұның өзі елдің жаһандық күйзелістерге ұшырау қаупінің жоғары екенін аңғартады.

Сыртқы ортаның өзгеруіне тәуелділікті төмендету тек қана төлем балансының құрылымдық проблемаларын, оның ішінде, экспортты әртараптандырудың төмендігін, импортқа жоғары тәуелділікті, экономиканың шикізаттық секторында шетелдік инвестициялардың шоғырлануын шешу бойынша жұмыстар жүргізу арқылы ғана мүмкін болады.

Дереккөз: Forbes.kz

Жоғарыға