Серверлік жабдықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ҚҰБ-тың интернет-ресурсы 27 сәуір сағат 9:00-ден 28 сәуір сағат 23:00-ке дейін уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін

1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022-2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында қолма-қол ақша айналымын дамыту тұжырымдамасы туралы

ҚҰБ Қолма-қол ақша айналымы департаментінің директоры Арман Адибаевтың түсіндірмесі

Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тиімді қолма-қол ақша айналымын (ҚАА) ұйымдастыру Қазақстан Ұлттық Банкінің (ҚҰБ) негізгі міндеттерінің бірі саналады. Қолма-қол ақшасыз төлемдердің қарқынды дамуы аясында қолма-қол ақша халық үшін маңызды төлем құралы қызметін атқаруды жалғастырып отыр.

Банкноттарды қолдан жасаудан қорғаудың жоғары деңгейін ұстап тұру, сондай-ақ қолма-қол айналымының ашықтығын қамтамасыз ету үшін ҚҰБ ҚАА-ның даму үрдістері мен халықтың төлем қалауы бойынша зерттеулерін жүргізеді.

Қазақстан Республикасында қолма-қол ақша айналымын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу әлемдік практиканы және ҚАА-ның өзекті үрдістерін зерделеудің нәтижесі болды. Құжатта банкноттар үшін қорғау элементтерін жетілдіру және халықтың түпнұсқа ақша белгілерін тану тәсілдері туралы хабардарлығын арттыру жөніндегі шаралар көзделеді. Қолма-қол ақша мен құндылықтар үшін жаңа форматтағы логистикалық бірліктерді, сондай-ақ автоматты сәйкестендіру құралдарын (штрих-кодтар, RFID-белгілері және т.б.) және GS1 халықаралық стандарты негізінде электрондық деректер алмасуды енгізу жоспарланған. Бұл екінші деңгейдегі банктермен жаңа технологиялық деңгейде өзара іс-қимылды көздейді.

Сонымен қатар, ҚАА-ның ішкі бизнес-процестерін цифрландыру және роботтандыру жүргізіледі, бұл операциялық шығындарды оңтайландырып қана қоймай, өнімділікті арттырады.

Шет елдердің банкноттары мен монеталарын дайындау бойынша ҚҰБ-нің теңге сарайы мен Банкнот фабрикасының әлемнің орталық банктерімен ынтымақтастығын дамыту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, бағалы емес металдардан жасалған коллекциялық монеталардың жаңа сегментін енгізу көзделген. Бұл, өз кезегінде, халық үшін монеталарды жинауды қолжетімді етеді. Осы ретте бағалы металдардан (алтын, күміс) жасалған монета өнімін шығару жалғасады.

«Qazaqstan» брендінің танымалдылығын арттыру үшін ішкі және шетелдік нарықтарда коллекциялық монеталарды сату мен жылжытудың жаңа арналары мен әдістерін дамыту жоспарланып отырғанын атап өткім келеді.

ҚҰБ ҚАА-сын регламенттейтін әдіснамалық базаны өзектендіру және жетілдіру бойынша тиісті жұмыс жүргізетін болады. Бұл жоғарыда аталған бағыттарды іске асыруға мүмкіндік береді.

Тұжырымдаманы сәтті іске асыру еліміздегі қолма-қол ақша инфрақұрылымын дамытудың сапалы жаңа деңгейіне көшуге жол ашады. Бұл халықтың қолма-қол ақшамен байланысты қызметтерінің сапасын арттыруға, ҚҰБ үшін де, қаржы секторының қатысушылары үшін де шығындарды қысқартуға ықпал ететін болады.

Жоғарыға