1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылдың сәуір айындағы іскерлік белсенділік индексі туралы

ҚР ҰБ ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің түсіндірмесі

Сәуірде іскерлік белсенділіктің қайта қалпына келу белгілері байқалды. Еске сала кетейік, әлемдегі геосаяси ахуалдың күрт өзгеруіне байланысты наурыз айында экономика қысымға ұшыраған еді.

Іскерлік белсенділік индексі 49,5-ке дейін көтерілді (наурызда – 48,2), алайда ол әлі де теріс аймақта қалып отыр. Іскерлік белсенділіктің өсуі тек өндіріс саласында байқалды: индекс 50,5-ке дейін көтерілді (наурызда – 50,0), қалған секторларда 50-ден төмен мәнге ие болды.   

Қызмет көрсету секторы мен тау-кен өнеркәсібінде[1] іскерлік белсенділік қалпына келе бастады (сәйкесінше, 49,6 және 49,9), ал құрылыс саласында индекстің төмендеуі 4 ай бойына жалғасып келеді (44,5).

Барлық салада да жеткізу мерзімі ұзарды, ал құрылыс кәсіпорындары жаңа тапсырыстар көлемі мен жұмыспен қамту деңгейінің айтарлықтай төмендегенін алға тартты. 

Өндірісте және тау-кен өнеркәсібінде тауарлы-материалдық қор көлемі ұлғайды.

[1] 2022 жылдың сәуірінде алғаш рет тау-кен өнеркәсібі жеке бөлініп қаралды, осыған байланысты деректер қатары қайта есептелді.

 

Аймақтар бөлінісі бойынша қарастырғанда, ІБИ-дің ең төмен мәні Алматы мен Ақмола облыстарында (сәйкесінше, 42,9 және 43,1), ал ең жоғары мәні – Маңғыстау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында (сәйкесінше, 56,4 және 55,6) тіркелді.

2022 жылдың сәуір айында кәсіпорындар ағымдағы бизнес-жағдайды жақсы қырынан бағалағанымен, жалпы алғанда теріс болып қалды: оң және теріс жауаптар арасындағы теңгерім (-)3,5-ті құрады (наурыз айында (-)8,5 болған).

2022 жылдың сәуір айында бизнес-ахуал факторларын бағалауда теріс жауаптар басым болды. Солай бола тұра, факторлардың аздап жақсарғанын да аңғаруға болады. Салық жүктемесі мен қаржы/кредитке қолжетімділікті бағалау наурыз айымен салыстырғанда айтарлықтай өзгермей, (-)2,3 және (-)9,7 құрады. Қалған факторлар (сұраныс, коммуникациялардың қол жетімділігі және бизнесті қорғау мәселелері) қалпына келе бастады.

Кәсіпорындардың алдағы 6 айға болашақ бизнес-жағдайларға қатысты сенімділігі айтарлықтай жақсарды: болашақ жағдайларды бағалау 7,3-ті құрады (наурызда – (-)12,1). Нәтижесінде, ағымдағы және болашақ бизнес-жағдайлардың орташа бағалауын білдіретін бизнес-климат индексі 1,8-ге (наурызда – (-)10,3) теңесіп, айтарлықтай жақсарды.

2022 жылғы сәуірде жүргізілген сауалнамаға 465 кәсіпорын қатысты: тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 42, өндірісте – 136, құрылыста – 72, қызмет көрсету саласы бойынша – 215.

[1] 2022 жылдың сәуірінде алғаш рет тау-кен өнеркәсібі жеке бөлініп қаралды, осыған байланысты деректер қатары қайта есептелді.

Толығырақ: https://nationalbank.kz/kz/page/indeks-delovoy-aktivnosti-po-kazahstanu-ida

Жоғарыға