1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

МБҚ нарығы, клирингтік ұйымдармен инфрақұрылым және инвестиция көлемінің ұлғаюына әсері

ҚРҰБ Монетарлық операциялар департаменті ақша-кредит операциялары және алтынвалюта активтері басқармасының бастығы Мұхтар Орман: МБҚ нарығы, клирингтік ұйымдармен инфрақұрылым және инвестиция көлемінің ұлғаюына әсері

Мемлекеттік борыштың дамыған нарығын құру талаптары туралы

Тәуелсіз облигацияларды шығару осы нарықта бағалы қағаздарды орналастыру қолжетімділігіне байланысты ұлттық валютада, сол сияқты шетел валютасында да жүзеге асырылуы мүмкін. Шетел валютасында орналастыру валюталық тәуекелмен байланысты, бұл ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттік борышқа қызмет көрсету қабілетіне едәуір теріс әсер еті мүмкін. Бұл жағдайда ұлттық валюталарда мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару ерекше өзектілікке ие болады.

Ұлттық валютада тәуелсіз облигациялар нарығын дамыту қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді, өйткені валюталық тәуекелдерді төмендетеді және макроэкономикалық саясаттың сыртқы күтілмеген өзгерістерге ден қою қабілетін жақсартады.

Ұлттық Банк пен Үкіметтің тәуекелсіз кірістілік қисығын құру жөніндегі шараларымен қатар, инвесторлардың, оның ішінде шетелдік инвесторлардың кең тобының болуы мемлекеттік борыштың дамыған нарығын құру талаптарының бірі болып табылады. Бұл нарықтық бағаны қалыптастыруды, орналастырулардың сұранысы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бейрезиденттердің тарапынан мүдделілік, әдеттегідей, мемлекет қарыздарының құнын төмендетеді, жергілікті инфрақұрылымның дамуына септігін тигізеді және қосымша қорландыру көздерімен қамтамасыз етеді.

Шетельдік портфельдік инвестициялардың ұлғаюы да валюта нарығына едәуір әсер етеді, әдеттегідей, шетелдік инвестициялардың әкелінуі ұлттық валютаның айырбастау бағамының нығаюына септігін тигізеді.

Соңғы жылдары шетелдік инвесторлардың тарапынан дамушы нарықтардың мемлекеттік борышына жоғары сұранысы байқалады. Дамушы елдердегі тартымды мөлшерлемелер сыртқы инвесторлардың төмен пайыздық мөлшерлемесі бар валютадағы (еуро немесе иена) қаражатты тартуды және пайыздық мөлшерлемесі жоғары валютаға (дамушы нарықтардың валюталарына) инвестициялауды білдіретін кэрри-трейд стратегияларын іске асыруына мүмкіндік береді.

Шетелдік инвесторлардың тарапынан жергілікті нарыққа мүддесі ең алдымен қолайлы іргелі көрсеткіштерге, экономика өсуінің серпінді қарқынына байланысты. Жергілікті нарықтың инфрақұрылымы, оның өтімділігі де инвестициялық шешім қабылдау кезінде мәселенің бір бөлігі болып табылады.

Бұл жағдайларда көптеген елдер шетелдік инвесторлар үшін мемлекеттік борыштың ішкі нарығының тартымдылығын, оның ішінде жергілікті инфрақұрылымды дамыту және бейрезиденттер үшін қолжетімділікті жеңілдету арқылы арттыру бойынша белсенді саясат жүргізеді.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес халықаралық клирингтік ұйымдардың жүйелерімен ықпалдасу бейрезиденттердің ішкі нарыққа қолжетімділігін жеңілдету бойынша пәрменді шара болып табылады. Clearstream және Euroclear әлемдік нарықтағы жалпыға танымал клирингтік ұйымдар болып табылады.

Ықпалдасу жергілікті нарықпен халықаралық «көпір» жасау арқылы жүргізіледі, бұл ретте нарықтың әр түрлі аспектілерін, оның ішінде операциялық және технологиялық мүмкіндіктерді, заңнамалық базаны және басқаларды қозғайтын халықаралық депозитарийлердің талаптарына жергілікті нарықтың сәйкес келуі есептік инфрақұрылымды құру талаптарының бірі болып табылады.

Euroclear және Clearstream ұйымдарымен ықпалдасу бойынша халықаралық тәжірибе туралы

Халықаралық тәжірибе Euroclear және Clearstream жүйелерімен ықпалдасу қор нарығының дамуына оң әсерін тигізетінін: шетелдік инвестициялар әкелінуінің ұлғаюына септігін тигізетінін, мемлекет үшін қарыздың құнын төмендететінін және инвесторлық базаны әртараптандыруды қамтамасыз ететінін көрсетеді.

Ресейде Euroclear және Clearstream халықаралық клирингтік ұйымдары 2013 жылы өз қызметтерін көрсете бастады.

Халықаралық депозитарийлердің қатысуы шетелдік инвестициялардың әкелінуін елелулі түрде ұлғайтуға және қайталама нарықтың өтімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Егер 2012 жылдың басында Ресей Қаржыминінің айналыстағы ФҚО-ның 4%-ы шетелдік инвесторларға тиесілі болса, қазіргі кезде олардың үлесі 30%-ды немесе шамамен 41 миллиард АҚШ долларын құрайды, олар Ресей үкіметі үшін қаржыландырудың маңызды көзіне айналды (1-сурет). Халықаралық депозитарийлер бар инфрақұрылым іске қосылғаннан кейін облигациялар бойынша кірістілік төмендеуді көрсетті.

2016 жылы Армения мен Грузияның ұлттық валюталарындағы тәуелсіз облигациялар Clearstream жүйесі арқылы есептелетін бағалы қағаздардың тізіміне енгізілді. 2017 жылы Euroclear жүйесіне Чили мен Перудің оқшауланған облигациялары енгізілді.
Чилидің Euroclear-мен ықпалдасуынан кейін жаңа жүйе шеңберінде тәуелсіз облигациялардың шығарылымы шетел инвесторларының рекордты қатысуына ие болды (20%-дан астам), ал ықпалдасқанға дейін мемлекеттік облигациялар нарығында шетелдік қатысу үлесі 5% деңгейінде болды. Чилидің МБҚ-сында бейрезиденттердің көлемі 2017 жылдың басынан бастап 2020 жылғы шілде аралығында 3 есе өсті.

Мемлекеттік борыш тарихи шетел капиталы қатысуының жоғары үлесімен сипатталатын Перуде халықаралық клиринг ұйымымен ықпалдасу қарыз алу құнын 20-25 базистік тармаққа төмендетуге мүмкіндік берді.

Грузияда Clearstream-мен есептік инфрақұрылымды іске қосқанға дейін тәуелсіз облигацияларда бейрезиденттердің үлесі 3%-дан төмен болды, іске қосылғаннан кейін шетелдік инвестициялардың ұлғайғаны байқалды, 2020 жылғы тамыздың басында бейрезиденттердің үлесі 11% болды.

Шетелдік инвесторлардың Қазақстан нарығына қолжетімділігін жеңілдету шаралары туралы

Ұлттық Банк теңгені және теңгемен активтерді жаһандандыру мәселесінде жүйелі саясатты жүргізуде.

2013 жылы Euroclear мен Clearstream жүйесінде валютамен операцияларды жүргізу, Қазақстан теңгесімен сыйақы мен борышты төлеу мүмкіндігі іске асырылды. Теңге жаһандық кастодиандардың есептік валютасының тізіміне енгізілген ТМД елдерінің ішінде Ресей рублінен кейін екінші валюта болды.

2018 жылы ҚР мемлекетті бағалы қағаздары, оның ішінде Ұлттық Банктің ноттары Clearstream жүйесінде есептелетін бағала қағаздардың тізіміне енгізілді. Бұл бастама Қазақстанның заңнамасы шеңберінде Free of Payment (FoP – төлемсіз жеткізілім) типі бойынша Clearstream-де теңгемен шығарылған мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша есеп айырысуды жүргізуге мүмкіндік берді және халықаралық инвесторлардың Қазақстанның қор нарығына қолжетімділігін жеңілдетуде кезекті қадам болды.

2017 жылдың басынан бастап 2018 жылғы сәуір аралығында Ұлттық Банктің ноттарын ұстаушылардың құрылымында бейрезиденттердің үлесі 2,9%-дан 453,9 млрд теңге (1,4 млрд АҚШ доллары) болып рекордты 10,5%-ға дейін өсті, бұл теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюымен бірге жүрді. 2020 жылғы тамыздың соңындағы жағдай бойынша ноттарды ұстаушылардың құрылымында бейрезиденттердің үлесі 149,4 млрд теңге (4,7%) болды.

Бұл жылы есеп айырысудың халықаралық желісі жеткізілім үшін ақы бағалы қағаздарды аударумен біруақытта жүзеге асырылатын Delivery versus Payment (төлемге қарсы жеткізілім) типіне дейін жетілдірілді, бұл тараптарды тарту үшін тәуекелдерді төмендетеді және озық әлемдік практикаға сәйкес келеді.

Clearstream-мен есеп айырысу инфрақұрылымын құру шетелдік инвесторлардың Қазақстан нарығына қолжетімділігін біршама жеңілдетуге мүмкіндік берді. 

Euroclear-мен есеп айырысу инфрақұрылымын құру схемасы бойынша келіссөздер жалғасуда. Euroclear-мен халықаралық желіні құру жергілікті қор нарығын дамытудың және оны әлемнің қаржы жүйесімен ықпалдастырудың кезекті қадамы болады.

Инфрақұрылымды құрумен қоса мемлекеттік облигацияларды дамушы елдердің әлемдік индекстеріне енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл индекстік басқаруды жүзеге асыратын инвесторлар тарапынан да сұранысты қамтамасыз етуге және теңгемен мемлекеттік бағалы қағаздардың әлемдік инвестициялық қоғамдастық арасында тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл бағытта мемлекеттік бағалы қағаздарды дамушы елдердің J.P. Morgan (GBI-EM) индексіне енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, себебі ол дамушы елдердің оқшауланған облигациялары индекстерінің арысында барынша танымал. Осы мақсатта Үкіметпен бірлесе отырып J.P. Morgan талаптарын ескеріп, ҚР МБҚ 2020-2022 жылдарға арналған халықаралық индекстерге енгізу бойынша іс-қимыл жоспары әзірленді, онда ҚР МБҚ-сын GBI-EM халықаралық индексіне енгізу үшін жағдайлар жасау бойынша барлық қажетті іс-шаралар көзделген.
Ішкі нарықта орталық депозитарийдің базасында халықаралық қатысумен пост-сауда инфрақұрылымын құру тәуелсіз облигацияларды халықаралық инвестициялық индекстерге енгізумен қоса Қазақстанның қор нарығын дамытудың стратегиялық бағыты болып табылады.

Жоғарыға