1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Халықаралық инвестициялық позиция

Деректер: қамтылуы, кезеңділігі және уақтылы болуы

Қамту сипаттамасы

 

Халықаралық инвестициялық позиция Қазақстан Республикасы резиденттерінің сыртқы қаржылық активтері мен міндеттемелерінің нақты уақыт мезетіндегі құнын көрсететін статистикалық есеп. Қазақстан Республикасының халықаралық инвестициялық позициясында есепті кезең ішіндегі қаржылық операциялар, қайта бағалау және өзге өзгерістер нәтижесінде орын алған өзгерістер көрсетіледі.
Халықаралық инвестициялық позиция резиденттердің бейрезиденттерге қатысты барлық шетелдік қаржылық активтері мен міндеттемелерін қамтиды.
Халықаралық инвестициялық позицияны қалыптастырудың әдіснамалық негізі Халықаралық валюталық қордың «Төлем балансы және халықаралық инвестициялық позиция бойынша нұсқаулықтың» 6-шы басылымы (ТБН6), 2009 ж. болып табылады.

Есепті күні қаржылық активтер мен міндеттемелердің стандартты компоненттері келесі жіктеулерді көздейді:
– функционалды категориялар бойынша – тікелей инвестициялар, портфельді инвестициялар, туынды қаржы құралдары және қызметкерлерге арналған акциядағы опциондар, басқа инвестициялар, резервтік активтер;
– қаржы құралдары бойынша – капиталға қатысу құралдары және инвестициялық қорлардың үлеспұлдары, борыштық құралдар (қолма-қол валюта және депозиттер, борыштық бағалы қағаздар, кредиттер мен несиелер, сақтандыру, зейнетақы бағдарламалары және стандартты кепілдік бағдарламалары, арнайы несие алу құқықтары, сауда кредиттері мен алғытөлемдер, өзге активтер/міндеттемелер);
– институционалды секторлар бойынша – орталық банк, банктер, мемлекеттік басқару органдары, басқа секторлар, өз кезегінде басқа секторлар – басқа қаржылық ұйымдар және қаржылық емес ұйымдар, үй шаруашылықтары мен үй шаруашылықтарына қызмет ететін коммерциялық емес ұйымдар (ҮШҚКЕҰ) болып екі ішкі секторға бөлінеді;
– өтеу мерзімдері бойынша (борыштық құралдар үшін) – қысқа мерзімді (алғашқы өтеу мерзімі бір жыл және одан кем) және ұзақ мерзімді (алғашқы өтеу мерзімі бойынша бір жылдан жоғары).

Халықаралық инвестициялық позицияны қалыптастыру үшін келесі ақпарат көздері:
– банктердің, басқа қаржылық ұйымдардың және шетелдік компаниялардың филиалдары мен мемлекеттік органдарды қоса алғандағы қаржылық емес ұйымдардың статистикалық және әкімшілік есептері, жеке тұлғалардың әкімшілік есептері;
– Ұлттық Банк бухгалтерлік есебінің мәліметтері, сыртқы басқарушылардың және Ұлттық қордың активтері бойынша ғаламдық кастодианның есептері;
– Ұлттық Банк респонденттердің қаржылық есептері және ақпараттың өзге көздері негізінде жасайтын бағалау пайдаланылады.

Деректер АҚШ долларында қалыптастырылады.

Кезеңділік

Тоқсан сайын 

Ұсыну мерзімділігі

 Есепті кезеңнен кейінгі 90-шы күн

Қоғамдық қол жетімділік

Деректерді жариялау мерзімінің күнтізбесі

Ұлттық Банк ресми статистикалық ақпаратының, оның ішінде сыртқы сектор статистикасы бойынша ақпаратының таратылу күнтізбесі Ұлттық Банк сайтында орналастырылады:
https://nationalbank.kz/kz/page/kalendar-rasprostraneniya-dannyh.
Сонымен қатар күнтізбе Ұлттық статистика бюросының сайтында қолжетімді: https://stat.gov.kz/inf/standard/calendar.

Барлық мүдделі тараптарға бір уақытта ақпарат ұсыну

Халықаралық инвестициялық позиция бойынша деректер орнатылған мерзімдерде Ұлттық Банк сайтында орналастырылады: https://nationalbank.kz/kz/news/mezhdunarodnaya-investicionnaya-poziciya және барлық пайдаланушыларға бір мезгілде қолжетімді болады.

Шынайылығы

Жеке респонденттер бойынша мәліметтердің құпиялылығын сақтай отырып, статистикалық деректерді қалыптастырудың нормативтік-құқықтық шарттары туралы ақпаратты тарату

 

Халықаралық инвестициялық позиция бойынша деректерді жинау және тарату мыналармен реттеледі:

• Қазақстан Республикасының “Ұлттық Банк туралы” 1995 жылғы 30 наурыздағы №2155 Заңымен.
Заңның 8-бабына сәйкес Ұлттық Банк міндеттеріне елдің төлем балансы, халықаралық инвестициялық позициясы және сыртқы борышы бойынша статистикалық ақпаратты қалыптастыру және тарату кіреді.
• Қазақстан Республикасы Үкіметінің “Қазақстан Республикасының төлем балансын жасау туралы” 1999 жылғы 29 қаңтардағы №71 қаулысымен.
Осы қаулыға сәйкес Ұлттық Банк төлем балансын қалыптастыру және жариялау үшін жауапты мемлекеттік орган болып табылады және оған барлық респонденттен төлем балансы жөніндегі статистикалық ақпаратты жинау құқығы беріледі.
• Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік статистика туралы” 2010 жылғы 19 наурыздағы №257-IV Заңымен.
Заңға сәйкес алғашқы статистикалық деректер құпия болып табылады және оны мемлекеттік статистика органдары тек қана статистикалық ақпаратты түзу мақсатында пайдаланады. Мемлекеттік статистика органдары алғашқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде осы деректердің құпиялылығын қамтамасыз етеді.
• Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V кодексімен.
Кодексте мемлекеттік статистика органдарының, мемлекеттік статистика облысында уәкілетті орган ведомствосының ведомстволық бағынышты ұйымдарының лауазымды тұлғасының алғашқы статистикалық деректерді, статистикалық ақпаратты және (немесе) деректер қорларын жоғалтып алуы, сатуы немесе өзге де заңсыз түрде жария етуі үшін жазалау шаралары көзделген.

Халықаралық инвестициялық позицияны қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының Төлем балансы департаменті жауапты болып табылады.

 

Жарияланғанға дейін мемлекеттік органдардың ақпаратқа қол жетімділігі (қол жетімділіктің болмауы)

 Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдары ақпаратқа ол ресми түрде жарияланғанға дейін қол жеткізе алмайды.
Статистикалық мәліметтерді шығару кезінде министрліктердің ескертулерінің болуы Деректер министрліктер мен ведомстволар тарапынан қандай да болмасын түсініктемелерсіз жарияланады. 
Деректерді нақтылау туралы ақпарат беру және жарияланатын деректер әдіснамасына өзгерістер енгізу туралы алдын ала хабарламаларды жариялау Есепті кезең үшін деректерді шығару кезінде бұрын басылып шығарылған кезеңдер өзектендіріледі, бұл есептердің немесе әдіснаманың нақтылануымен, жаңа ақпарат көздерінің пайда болуымен және т.б. байланысты.
Деректер бір жылда екі рет қайта қаралады: қазан және сәуір айларында. Деректерді қайта қарау есепті жылдың алдындағы екі жылды қамтиды.
Деректерді қайта қарауға қатысты түсіндірмелер жаңартылған деректермен бірге Ұлттық Банктің «Қазақстан Республикасының төлем балансы және сыртқы борышы» тоқсандық басылымында жарияланады.
Әдіснамадағы негізгі өзгерістер пайдаланушыларға осындай өзгерістер енгізілген сәттен бастап хабарланады.

Сапа

Әдіснама және статистикалық деректерді дайындау кезінде пайдаланылатын дереккөздер туралы ақпаратты тарату

 Ұлттық Банктің ДТАС бойынша тарататын ақпаратына әдіснамалық түсіндірмелер келесі мекен-жай бойынша орналастырылған: https://nationalbank.kz/kz/news/metodologicheskiy-kommentariy/7330.
Сонымен қатар, дереккөздер туралы ақпаратты және жеке көрсеткіштерді бағалаудың әдістемелік қағидаттарын қоса алғандағы түсіндірмелер https://nationalbank.kz/kz/news/platezhnyy-balans/rubrics/1574 мекен-жайы бойынша қолжетімді болып табылатын Ұлттық Банктің «Қазақстан Республикасының төлем балансы және сыртқы борышы» тоқсандық басылымында жарияланады.

Әр-түрлі статистикалық жүйелерді қолдану арқылы деректердің егжей-тегжейлі компоненттерін тарату, өзара байланысқан көрсеткіштерді сәйкестендіру, тоғыспалы тексерістер жүргізу және деректерді растау мүмкіндіктері

 

Ұлттық Банк халықаралық инвестициялық позицияны деректердің егжей-тегжейі түрлі деңгейде ашылған презентацияларда таратады:
– стандартты компоненттер;
– экономика секторлары бойынша;
– ағындар, қорлар мен кірістердің келісуі.
Одан басқа, Ұлттық Банктің сайтында тоқсан сайынғы негізде резиденттердің экономикалық қызмет түрлері, активтер мен міндеттемелердің географиялық құрылымы бойынша халықаралық инвестициялық позиция кестелері, Қазақстан резиденттерінің сыртқы міндеттемелері бойынша тоғыспалы кестелер: экономикалық қызмет түрлері мен негізгі елдер бойынша, 10 ірі инвестор-елдер мен экономикалық қызмет түрлері бойынша, сонымен қатар салыну бағыты бойынша тікелей инвестициялар кестелері орналастырылады.

Халықаралық инвестициялық позиция көрсеткіштері төлем балансы, халықаралық резервтер, сыртқы борыш статитикасы, ұлттық шоттар жүйесінің деректерімен өзара байланысқан:
– төлем балансы: төлем балансы қаржы шотының баптары халықаралық инвестициялық позициясындағы операциялар есебінен болған өзгерістерге толығымен сәйкес;
– халықаралық резервтер: деректер толық сәйкестікте болып табылады;
– сыртқы борыш: сыртқы борыш бойынша деректер халықаралық инвестициялық позициядағы туынды қаржы құралдарын қоспағанда борыштық құралдар бойынша міндеттемелермен толық сәйкестікте;
– ұлттық шоттар жүйесі: халықаралық инвестициялық позиция деректері ҰШЖ қаржы шотымен және қаржылық активтер мен міндеттемелердің балансымен толық келісілген.

Халықаралық инвестициялық позиция деректері ҚРҰБ «Қазақстан Республикасының төлем балансы және сыртқы борышы» ресми басылымында жарияланады (тоқсан сайын).

Тарату форматтары:

Тоқсандық баспасөз басылымы:

Қазақ және орыс тілінде ҚР-ның төлем балансы және сыртқы борышы

Электрондық:

ҚҰБ-нің интернет-ресурсы: http://www.nationalbank.kz

Деректердің ұлттық беті

Жоғарыға