1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

2024 жылғы 29 қараша, Астана

 

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн.

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 15,25%-ке дейін көтеру туралы шешім қабылдады.

Шешім қабылданғанда инфляция мен экономиканың өсімі туралы жаңартылған болжамдар, нақты деректер мен тәуекелдер балансының нәтижелері ескерілді.

Қазан айындағы деректер бойынша инфляция жеделдеп, 5%-тік таргеттен жоғары қалыптасты. Базалық инфляция мен маусымдық факторлардан тазартылған инфляция да жеделдеді. Инфляциялық күтулер төмендегенімен, жоғары әрі тұрақсыз болып тұр.

Ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен бағаның өсу қарқыны артты. Сыртқы факторлар: әлемдегі азық-түлік бағасының өсуі, Қазақстанның басты сауда-экономикалық серіктесі – Ресейдегі жоғары инфляция мен айырбас бағамының құбылмалы болуы. Ішкі факторлар: тұрғын үй-коммуналдық қызметтер (ТКҚ) саласындағы реформалар, ішкі ұсыныстан асатын жоғары тұтынушылық сұраныс, инфляциялық күтулердің жоғары болып қалуы. Сонымен бірге, салықтардың жиналмауынан бюджет шығыстарының артуы бағаның өсуін тоқтатуға мүмкіндік бермей тұрғанын жеке атап өткім келеді.

Баға өсімінің динамикасы мен аталған факторлардың жиынтығы инфляцияның біз бұрын болжаған орта мерзімді 5%-тік таргетке баяуырақ жететінімізді білдіреді. Біз жиынтық ақша-кредит шарттарының жеңілдегенін байқап отырмыз. Мұндай жағдайда жалпы макроэкономикалық тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, бекіту үшін олардың ұстамды қатаң аймаққа оралуын қамтамасыз ету керек.  

Енді шешім қабылдауға негіз болған факторларға тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

Қазан айында жылдық инфляция ұзақ уақыт баяулағаннан кейін 8,5%-ке дейін қайта көтерілді. Еске сала кетсем, қыркүйекте ол 8,3% болған еді. Азық-түлік компоненті бойынша ғана төмендеу байқалады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны біршама артты.

Инфляцияның көтерілуіне ақылы қызметтер бағасы әсер етіп отыр. Сервистік инфляцияның өсуіне реттелетін коммуналдық қызметтердің бағасы айтарлықтай үлес қосты. Қазан айында жекелеген нарықтық, атап айтқанда, байланыс пен көлік қызметтерінің бағасы да айтарлықтай өсті.

Қазан айында бағаның бір айдағы өсу қарқыны 0,9%-ке жетті. Бұл оның орташа тарихи динамикасынан біршама жоғары. Қазан айында ол 0,7% құраған болатын. Базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляцияның көрсеткіштері биылғы шілдеден бастап жоғары болып қалды. Бұл экономикадағы проинфляциялық қысымды және инфляциялық үрдістердің тұрақсыздығын білдіреді.

Қазан айында халықтың инфляциялық күтулері төмендегенімен, әлі де болса жоғары деңгейден түспей тұр. Алдағы бір жылда күтілетін инфляция 12,5% болды. Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары инфляциялық тәуекелдердің ұлғаюына байланысты болашақ инфляция бойынша бағалауын көтерді: 2025 жылы 6,9%, оның алдында – 6,7%. 

Қаржы нарығында құбылмалылықтың артып келе жатқанын жеке атап өткім келеді. Бұл белгісіздіктің және инфляциялық күтулердің өсуіне әсер етуі мүмкін.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.

Іскерлік белсенділік артып келеді. Оны қысқамерзімді экономикалық индикатордың динамикасынан көруге болады. Биыл 10 айда индикатор 5,3%-ке дейін жеделдеді.

Бұған дейін біршама тұрақтанған тұтынушылық сұраныс биылғы 3-тоқсанда қайта жеделдеді. Бұл бөлшек сауда деректерімен расталады. Жоғары сұраныс бюджет шығыстарының артуынан және нақты жалақының өсуінен орын алып отыр. Осылайша, бағаларға қысым артты.

Экономиканың шикізатқа жатпайтын секторларындағы инвестициялық белсенділік сақталуда. Ал көлік, ақпарат пен байланыс салаларында және жекелеген қызметтер секторында инвестициялық белсенділік айтарлықтай өсті.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ОРТА ФАКТОРЛАРЫ.

Сыртқы инфляциялық қысым артып келеді. Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, бұл үрдіс келесі жылы да сақталуы мүмкін. Оның негізгі себептері: әлемде азық-түлік бағасының өсуі және Қазақстанның негізгі сауда серіктесі – Ресейдегі жоғары инфляция.

Мәселен, ФАО азық-түлік бағаларының индексі еттен өзге барлық тауардың айтарлықтай қымбаттауынан өсу трендін жалғастыруда. Дәнді дақылдардың бағасы екі ай қатарынан өсті. Бұл үрдіс алдағы уақытта бірқалыпты түрде сақталуы мүмкін.

Ресейде инфляция өсіп келе жатқан инфляциялық күтулер мен жоғары ішкі сұранысқа байланысты Орталық банктің болжамдарынан жоғары қалыптасып отыр. Осының барлығы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында реттеушінің саясатын одан әрі қатаңдату мүмкіндігіне себеп болып отыр.

АҚШ пен Еуроодақта инфляция белгіленген нысаналы бағдарға жақындап келеді. Бұл орталық банктердің ақша-кредит шарттарын біртіндеп жеңілдетуіне ықпал етуде.

Мұнай нарығындағы жағдай біршама нашарлады. Қытай тарапынан сұраныс төмендеп келеді. АҚШ-тың жаңа Президентінің саясатына қатысты белгісіздік бар. Дегенмен, Солтүстік және Оңтүстік Америкада мұнай өндірісінің өсуінен ұсыныс артады деп болжанып отыр. Осы факторларды ескеріп, біз базалық сценарий аясында Brent маркалы мұнай бағасын төмендеттік: болжамды кезеңнің соңына дейін 70 доллар деңгейінде белгіледік.

* * *

Әрі қарай болжамдарға тоқталсақ.

2024 жылға инфляция болжамы 8-9%-ке дейін нақтыланды. 2025 жылы бұрынғыға қарағанда 6,5-8,5% аралығындағы жоғары инфляцияны күтеміз. Инфляцияны қайта қарау ішкі және сыртқы факторлар тарапынан келетін қысымның өсуіне байланысты. 2026 жылы ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты бағаның өсуін 5,5-7,5%-ке дейін бәсеңдетуге ықпал ететін болады. Жалпы инфляция бойынша 5%-тік мақсатқа жету 2027 жылдың қорытындысы бойынша күтіледі. Инфляцияның тұрақты бөлігі, яғни реттелетін бағалар мен басқа да құбылмалы компоненттерін қамтымайтын бөлігі 2026 жылы 5%-ке жуық қалыптасады.

Инфляцияға қатысты болжамдағы негізгі тәуекелдер:  ішкі сұраныстан туындайтын қысымның одан әрі күш алуы, реттелетін бағалардың өсуі және олардың инфляциялық күтулерге жанама әсері және сыртқы ортадағы белгісіздіктің артуы.

Мемлекеттік қаржының теңгерімсіздігі және оны тұрақтандыру құралдарын анықтау экономикалық параметрлерді болжау кезінде басты тәуекел болып қалуда. Өнім шығарудағы проинфляциялық алшақтық бағаларға айтарлықтай қысым көрсетуі мүмкін.

Қазақстан экономикасының 2024 жылға өсу болжамы 4,0-4,5% шегінде нақтыланды. Болжамды кезеңде іскерлік белсенділік фискалдық шаралар мен ұсыныстан асатын ішкі сұраныстың өсуімен ынталандырылады. Келесі жылдан бастап мұнай секторында өндірістің өсуін қалпына келуі экономикаға қолдау көрсетеді. Дегенмен, мұнайдың төмен бағалары есебінен 2025 және 2026 жылдардағы жалпы ішкі өнімнің өсімі бойынша біздің бағамыз 4,5-5,5%-ке және 4,6-5,6%-ке дейін төмендету жағына қайта қаралды.

* * *

Құрметті журналистер!

Жыл басынан инфляцияның және оның тұрақты бөлігінің төмендеуінде оң үрдістің тоқтап қалғанын анық байқап отырмыз. Тәуекел факторларының өсуіне байланысты инфляция тұрақты баяулау траекториясынан болжамды кезеңде біздің 5%-тік мақсаттан ауытқи бастады.

Осылайша, мөлшерлемені байыппен төмендетудің алдыңғы шешімде айтылған алғышарттары іске аспай қалды.

Айырбастау бағамының әлсіреуінен, инфляцияның өсуі салдарынан пайыздық мөлшерлемелердің нақты мәнде төмендеуінен және оның алдағы кезеңдерге жоғарылатылған болжамдарынан жиынтық ақша-кредит шарттары жеңілдеді. Осылайша, ақша-кредит саясатының шараларымен фискалдық саясаттың проинфляциялық әсерін өтеу қажет.

Жоғарыда айтылған факторлар мен тәуекелдер базалық мөлшерлемені көтеру арқылы тез және уақытылы шаралардың қабылдануын талап етті. Инфляцияның тұрақты баяулау траекториясына тез оралуын қамтамасыз ету үшін Комитеттің алдағы отырыстарында біз ақша-кредит саясатын одан ары қатаңдату қажеттігін мұқият бақылайтын боламыз.

Инфляция – халықтың сатып алу қабілетіне және экономиканың орнықтылығына әсер ететін негізгі фактор екенін еске сала кеткім келеді. Тұрақсыз және жоғары инфляция азаматтардың жинақтары мен еңбек табысының құнсыздануына, шетелдік активтерге ауысуға әкеледі. Бизнес үшін ол ұзақ мерзімге жоспарлауды қиындатып, инвестициялауға ынталанудың төмендеуіне әкеледі, экономика өсу қарқынын бәсеңдетеді.

Осыған байланысты біз өз мандатымызға сәйкес әрекет ете береміз және келіп түсетін деректер мен тәуекелдер балансын ескере отырып, негізделген және теңгерімді шешім қабылдау арқылы баға тұрақтылығын қамтамасыз етеміз.

Біздің басты міндетіміз – инфляция бойынша 5%-тік ортамерзімді мақсатқа жетуді қамтамасыз ету.

Жоғарыға