Серверлік жабдықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ҚҰБ-тың интернет-ресурсы 27 сәуір сағат 9:00-ден 28 сәуір сағат 23:00-ке дейін уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін

1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Құрметті журналистер!

Қайырлы күн.

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.

 

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,75%-ке дейін төмендету туралы шешім қабылдады. 

Бұл шешімде нақты деректер мен жаңартылған болжамдар ескерілді. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын жаңартумен қатар инфляция тәуекелдерінің бағалауы да түзетілді. 

Жылдық инфляция баяулап келеді. Дегенмен, оның баяулау қарқыны да төмендеді. Бұл біздің болжамымызбен сәйкеседі. Инфляцияға қатысты халық күтулерінің үш ай қатарынан төмендеуі – біз үшін оң сигнал. Алайда, инфляцияның орнықты бөлігіндегі көрсеткіштер әлі де жоғары. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын жалғастыруды қажет етеді.

Экономикада проинфляциялық факторлар сақталып отыр. Олардың ішінде: тұтынушылық сұраныс, фискалдық ынталандыру және жоғары инфляциялық күтулер бар.

Сыртқы ортада жаһандық инфляцияның баяулағаны сезіледі. Оған елдердің монетарлық саясаты және энергия көзі мен азық-түлік бағасының төмендеуі ықпал етуде. Кейбір аймақтардағы логистика мәселелері және Ресей мен Қытайдағы инфляцияның қарқын алуы алаңдаушылық туғызады.

Ішкі сұраныс көрсеткіштерінде, инфляциялық күтулерде байқалатын үрдістер, сондай-ақ бюджет саясаты параметрлеріндегі және сыртқы жағдайдағы белгісіздік ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды талап етеді.

Біздің басты міндетіміз – орта мерзімде инфляцияны 5%-ке дейін төмендету.

Енді шешім қабылдауға негіз болған факторларға тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ ЖӘНЕ ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

Инфляция қарқыны жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, билік қабылдаған шаралар мен жаһандық инфляциялық қысым мен басқа да факторлардың әлсіреуінен төмендеп келеді. Дегенмен, 2023 жылғы жоғары базаның есептен шығуына байланысты төмендеу қарқыны бәсеңдеді. 

Қаңтар айында бағаның жылдық өсуі 9,5% деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарларының бағасы қаңтарда 8,2% болды. Бұл өткен айдағы көрсеткіштен төмен. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жылдық инфляциясы 8,6%-ке дейін төмендеді, бұл да 2023 жылғы желтоқсандағыдан төмен. Ақылы қызметтер бағасының өсуі төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.

Қаңтарда айлық инфляция 0,8%-ті құрап, орташа тарихи мөлшерден асып түсті. Ол шамамен 0,6% болған еді. Базалық және маусымдық факторлар ескермеген инфляцияның көрсеткіштері ортамерзімді мақсаттан едәуір жоғары болып, біршама өсті. Бұл – елде инфляциялық үдерістердің сақталғанын білдіреді. Осыған орай инфляцияның тұрақты төмендеу үрдісі қалыптасып болды деп айтуға әлі ерте.

Соңғы айларда күтілетін инфляцияның динамикасындағы оң өзгерісті өз алдына бөлек атап өткен жөн. Қаңтар айының қорытындысы бойынша бір жылға күтілетін инфляция 14,4%-ке дейін айтарлықтай төмендеді. Еске сала кетсем, 2023 жылғы желтоқсанда ол 16,4% болған еді. Қысқамерзімді келешекте инфляциялық күтулердің баяулау үрдісін қалыптастыру және оларды орташа тарихи деңгейіне қайтаруды қамтамасыз ету маңызды.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.

2023 жылы Қазақстан экономикасы жылдық 5,1%-ке өсті. Экономиканың барлық негізгі салаларында іскерлік белсенділік кеңейді. 2024 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім жылдық 3,9%-ке өсті. Іскерлік белсенділік одан әрі кеңеюде.

Құрылыс, көлік, ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсу қарқынын көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде іскерлік белсенділік артты. Оның ішінде химия өнеркәсібі, машина жасау, металл бұйымдары және металлургия салалары өсіп келеді. Бөлек айта кететін жайт, 2023 жылы егіннің аз жиналуынан туындаған құлдыраудан кейін ауылшаруашылық өндірісі өсу аймағына өтті.

Ішкі сұраныс бағаға қысым көрсетіп, тұрақты қалпында қалды. Оны бөлшек тауар айналымының, жекелеген тұтыну тауарлары импортының және тамақтану, қонақүй қызметі деректерінен көруге болады. Халықтың нақты жалақысының өсуі және тұтынушылық кредиттеу ішкі сұранысқа қолдау көрсетті.

Инвестициялық белсенділік артып келеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсімі экономиканың барлық саласында байқалды.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

Сыртқы секторда жаһандық инфляцияның баяулау үрдісі байқалуда. Бұл азық-түлік бағасының оң динамикасына, орталық банктердің тежеуші ақша-кредит саясатына және энергия бағасының төмендеуіне байланысты. Дегенмен, инфляцияға қысым жасайтын жекелеген факторлар да сақталуда. 

Қант бағасының қалыпты өсуімен қатар дәнді дақылдар мен ет құнының арзандауына байланысты әлемдегі азық-түлік бағасы төмендеп келеді. Астық  бағасының төмендеуі мол өнім алу нәтижесінде ұсыныстың артуына байланысты болды.

Сонымен қатар, дамыған елдерде орталық банктер мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырды. Бұл инфляцияның орнықты баяулауына қарай қауіптің болуына байланысты. 

2023 жылдың қорытындысы бойынша Еуроодақтағы бағаның жылдық өсуі қараша айындағы ең төменгі деңгейге жеткен соң 3,4%-ке дейін біршама жеделдеді. Таргетті 2%-ке жеткізу үшін Еуропа Орталық банкінен ұзақ уақыт бойы жоғары пайыздық мөлшерлемелерді сақтауды қажет етеді.

Осыған ұқсас жағдай АҚШ-та да байқалды. Онда инфляция әлі де орнықты. Федералды Резервтік Жүйе риторикасына сәйкес саясатты жұмсарту шарасы биыл басталуы мүмкін. Алайда, реттеуші қажет болған жағдайда мөлшерлемелердің жоғары деңгейі ұзақ уақыт бойы сақталатынын мәлімдейді.

Қытайда жылдық мәнде дефляция жалғасуда. Алайда, о.ж. қаңтарда айлық инфляция көрсеткішінде өсім тіркелді.

Ресейде жылдық инфляция 2024 жылғы қаңтар айында 7,4%-ті құрады. Негізгі фактор бұрынғысынша жоғары инфляциялық күтулер мен ішкі сұраныстың өсуі болып отыр. 2024 жылы инфляцияны орнына қайтару және оны Ресей Орталық Банкі таргетінің маңайында одан әрі тұрақтандыру – қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ кезең бойы ұстауды талап етеді.

Біздің болжамымыз бойынша, әлемдік азық-түлік нарығында бағалар 2024 жылдың ортасына дейін біршама көтеріліп, кейін тұрақтанады және біртіндеп төмендейді.

Алғышарттар, бір жағынан, тасымалданатын тауарлардың құнына әсер ететін Қызыл және Қара теңіздегі ықтимал логистикалық мәселелердің тәуекелдерін білдіреді. Ал, басқа жағынан, 2024 жылғы маусымның соңында халықаралық ұйымдардың егін жинау болжамдары мен әлемдегі астық қорларының өсуі бойынша күтулерін көрсетеді.

Биыл халықаралық ұйымдар мұнай бағасы 80 долларға жақын деңгейде тұрақтайды деп күтеді. Бағаның өсуіне ықпал ететін негізгі факторлар: ОПЕК+тің мұнай өндірісін қысқарту мерзімін ұзартуы, АҚШ-та мұнай өндіру ісінің тұрақты өсімі және Таяу Шығыстағы соғыс бойынша белгісіздік.

Осыны ескере отырып, базалық сценарийде Brent мұнайының бағасы 2024-2025 жылы 80  доллар, 2026 жылы 77 доллар деңгейінде белгіленді. 

* * *

Енді макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамына тоқталып өтейін.

Биылға инфляция болжамы өзгерген жоқ. Баға 7,5-9,5% шегінде өседі деп күтілуде. 2025 жылға арналған болжам 5,5-7,5% деңгейінде сақталды. 2026 жылы біздің бағалауымыз бойынша инфляция таргетке жақындап, 5-6% шегінде қалыптасады.

Осы жылдың ақпан айында өткен жылғы жоғары база толық шыққанына және экономика ішінде баға қысымы факторларының болуына байланысты инфляцияның төмендеу қарқыны баяулайды. Ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаң сипаты және сыртқы ортадағы баға өсу жағдайының одан әрі жақсаруы инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді.  

Болжамда көрініс тапқан негізгі тәуекелдер: бюджет саясаты параметрлерінің жеткіліксіз анықтығы, ағымдағы фискалдық ынталандыру, тұрақсыз инфляциялық күтулерге негізделген инфляцияның орнықтылығы, сондай-ақ Қазақстанның негізгі сауда-серіктестеріне қатысты санкциялық қысымның ықтимал өсуі.  

Қазақстан экономикасының 2024 жылғы өсу болжамы 3,5-4,5%-ке дейін көтеріліп, 2025 жылға 5,5-6,5% деңгейінде сақталды. 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің өсуі іскерлік белсенділік ахуалының жақсаруы аясында ішкі сұраныспен қамтамасыз етіледі. Біз 2025 жылы экономикалық өсімнің мейілінше жоғарылауы, көбіне, Теңіз Шевройлдағы өндірістің ұлғаюына байланысты мұнай өндіруді арттыруды жоспарлап отырған Үкімет шараларының арқасында болады деп болжаймыз. 2026 жылы мұнай бағасының сценарий бойынша төмендеуі және болжамның алғышарттары кезінде өсу қарқыны 3,5-4,5%-ті құрайды.

Осы орайда айта кеткім келеді, бұл болжамдар еліміздің Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен Үкіметтің басқа да бағдарламалық құжаттарына негізделгенін атап өткім келеді. Ал қазіргі уақытта Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдар экономиканың өсу қарқынын арттыру саясатына қатысты жаңа шараларды әзірлеп жатыр. Осы саясатты қалыптастыруға және аталған шараларды іске асыруға қарай біздің инфляция мен жалпы ішкі өнім туралы болжамдарымыз қайта қаралуы мүмкін.

* * *

Құрметті журналистер!

Ұлттық Банктің болжамы мен қазіргі жағдайға сүйенсек, орта мерзімде инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз. Бұған дейін айтқанымыздай, ол үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет. Осыған орай саясатты одан әрі жеңілдету мүмкіндігі шектеулі.

Инфляция факторларының қалыптасқан балансы, баға өсімінің ағымдағы динамикасы және фискалдық саясат параметрлеріндегі белгісіздік – келесі шешімдерді қабылдау кезде базалық мөлшерлемені жоғары ықтималмен қазіргі деңгейде сақтауды қажет етеді.

Ұлттық Банк қолға түсетін экономикалық ақпараттарды қадағалайды, сонымен бірге біз реформалардың іске асуы мен тәуекелдер балансы бойынша мониторинг жүргізуді жалғастырамыз.

Шешім қабылдауға негіз болған факторлар, инфляциялық болжамдар мен тәуекелдер туралы толық ақпаратпен 2024 жылғы 4  наурызда жарияланатын Ақша-кредит саясаты туралы баяндамадан таныса аласыздар.

Енді сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз.

428.9 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға