1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2021 жылғы 23-30 шілде аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 30 шілдеде теңгенің нарықтық бағамы апта ішінде 0,1%-ға (424,68-ден) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 424,44 теңге деңгейінде қалыптасты. 

Сыртқы валюта нарығында 2021 жылдың 23-30 шілде аралығындағы кезеңінде дамушы елдер валюталарының серпіні әртүрлі бағытта болды. Апта басында алыпсатарлық пен ҚХР-ға инвестиция салуға қатысты АҚШ инвесторларына реттеушілік шектеу туралы қауіп аясында Қытай акциялары мен юань бағамы күрт төмендегендіктен дамушы нарықтардың валюталарына қысым жасалды, бірақ кейін АҚШ ФРЖ Төрағасының экономиканы қолдау үшін барлық құралдарды пайдалануға дайын екендігі туралы түсініктемесінен соң теріс пікір жойылды. АҚШ ФРЖ ақша-кредит саясатының өлшемдерін өзгеріссіз (базалық мөлшерлеме 0-0,25% аралығында) сақтай отырып, активтерді сатып алу бағдарламасын қысқарту үшін қойылатын талаптарды орындаудағы ілгерілеуді атап өтті, бұл ретте осындай қысқарту мерзімдері туралы шешім әлі қабылданған жоқ. АҚШ ІЖӨ 2021 жылдың 2-тоқсанында 6,5%-ға ж/ж өсті, бұл экономистердің болжамынан да асып түсті.

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:

  • Оңтүстік Африка ранды АҚШ ФРЖ отырысынан соң және Д. Пауэллдің бұдан әрі айтарлықтай ілгерілегенге дейін активтерді сатып алуды жалғастыру қажеттілігі туралы түсініктемелерінен кейін 1,7%-ға (14,85-тен 14,6-ға дейін) нығайды;
  • түрік лирасы туристер санының өсуі мен сауда балансы тапшылығының мамырдағы (-)4,1 млрд-тан маусымда (-)2,85 млрд дейін қысқарғаны туралы деректер аясында 1,2%-ға (8,55-тен 8,45-ке дейін) нығайды;
  • Ресей рублі мұнай бағасының өсуі аясында (аптасына+3%) 1%-ға (73,91-ден 73,17-ге дейін) нығайды;
  • Мексика песосы АҚШ ФРЖ отырысынан кейін АҚШ доллары бағамының жаһандық әлсіреуі аясында 1%-ға (20,07-ден 19,87-ге дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы айдың соңында валюталық түсімді экспорттаушыларға сату аясында 0,2%-ға (14 493-тен 14 463-ке дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы апта ішінде өзгерген жоқ, 74,41-ден 74,42-ге дейін әлсіреді;
  • Бразилия реалы осы айдағы сауда-саттықтың соңғы күнінде құбылмалылық пен өтімділіктің төмен болуы аясында (фиксинг қалыптасқанға дейін трейдерлердің шетел валютасын сатып алуы аясында) 0,2%-ға (5,2-ден 5,21-ге дейін) әлсіреді.

[1] АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға