Қазақстан Республикасының екі деңгейлі банк жүйесі бар.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі - Ұлттық Банк) Қазақстан Республикасының орталық банкі болып табылады және Қазақстан Республикасы банк жүйесінің жоғарғы (бірінші) деңгейін білдіреді. Ерекше құқықтық мәртебесі бар Қазақстанның Даму Банкін қоспағанда, барлық өзге банктер банк жүйесінің төменгі (екінші) деңгейін білдіреді.
Ұлттық Банк өзінің құзыреті шегінде басқа елдердің орталық банктерімен және банктерімен қарым-қатынастарда, халықаралық банктерде және өзге қаржы-кредиттік ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүддесін білдіреді.
Ұлттық Банк өзінің міндеттерін орындау кезінде пайда алу мақсатын басшылыққа алмауы тиіс.
Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Президентіне бағынышты, бірақ өз қызметін жүзеге асыруда оған заңнамада берілген өкілеттіктер шегінде тәуелсіз.
Ұлттық Банк өз қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметімен үйлестіреді, өзінің қызметінде Үкіметтің экономикалық саясатын ескеріп отырады және егер өзінің негізгі функцияларын орындауға және ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға қайшы келмейтін болса, оны іске асыруға жәрдемдеседі.
Ұлттық Банк сатылап бағыну схемасы бар біртұтас орталықтандырылған құрылымнан тұрады. Ұлттық Банктің жоғары органы Басқарма, ал жедел басқару органы Директорлар кеңесі болып табылады.
Ұлттық Банктің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Негізгі мақсатын іске асыру үшін Ұлттық Банкке мынадай міндеттер жүктеледі:
- мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу және жүргізу;
- төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
- валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру;
- қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
- ақша-кредит статистикасы және сыртқы сектор статистикасы саласында статистикалық қызметті жүзеге асыру.
Жүктелген міндеттерге сәйкес Ұлттық Банк аумақтық филиалдарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Ұлттық Банк туралы ережеде көрсетілген функцияларды орындайды.
Ұлттық Банктің құрылымына мыналар кіреді:
- 21 департаменттен, 2 дербес басқармадан тұратын орталық аппарат;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Алматы қаласындағы тұрақты өкілдігі;
- 20 аумақтық филиал және Алматы қаласындағы бір филиал - Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығы.
3 есеп беретін ұйым:
- «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны;
- «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны;
- «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны.
Ұлттық Банк:
- «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры»;
- «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін қамтамасыз ету орталығы»;
- «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» ;
- «Мемлекеттік кредиттік бюро»;
- «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі»;
- «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы»;
- «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банктік сервис бюросы»;
- «Қазақстанның орнықтылық қоры»
акционерлік қоғамдарының акционерi болып табылады.