1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қаржыгерлер Конгресінде реттеуші орта мен қаржы инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері талқыланды

Алматы қаласында Қазақстан қаржыгерлерінің XI Конгресі жұмысын аяқтады. Іс-шараны Ұлттық Банк пен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы ұйымдастырды.  

Конгреске қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов елдің қаржы секторы өкілдерін ұлттық валюта – теңгенің 30 жылдығымен құттықтап, қаржы жүйесін дамытудағы басымдықтарға назар аударды.

«Президент жыл сайын Қазақстан халқына арнайтын Жолдауында алдағы жылдарға арналған дамудың негізгі басымдықтарына бағыт береді. Атап айтқанда, қор нарығын, банк саласын одан әрі дамыту, әсіресе, экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі артқаны маңызды. Біз реттеуші ортаны және қаржылық инфрақұрылымды жетілдіреміз, капиталдың сыртқы нарықтарымен байланыс арналарын күшейтеміз және Қазақстан қор биржаларының әлеуетін біріктіреміз», - деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ, ҚҰБ басшысы көшпенділердің бірегей мәдениетінен қазіргі Қазақстанға дейінгі ел мұрасы бейнеленген ұлттық валюта банкноталарының жаңа сериясын таныстырды. Содан соң «Цифрлық теңге» жобасының бірінші кезеңі іске қосылды.

Мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының өкілдері макроэкономикалық саясат пен қаржы секторының аса маңызды мәселелерін, қаржы нарығының жаһандық өзгерісіндегі инновациялардың рөлін талқылады.

«Орталық банктердің бәрінің ортақ мақсаты – инфляцияның қажет деңгейіне қол жеткізу арқылы бағаларды тұрақтандыру. Жоғары инфляция – бүгінгі күннің басты мәселесі. Бұл тұрғыда алғашқы жеңісті де байқап отырмыз. Инфляция барлық жерде шарықтау шыңынан түсіп келеді», – деді ҚҰБ Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.   

Конгреске қатысушылар құбылмалы сыртқы ахуалды ескере отырып, орталық банктердің жұмысын қайта қарау қажет екенін де айтты. Сонымен қатар, қазір монетарлық реттеушілер мен фискалдық органдардың өзара тығыз байланыс құруы ерекше маңызға ие екені де талқыға түсті.

«Тарихи тұрғыдан біз фискалдық органдарға экономикаға әсер ету үшін әрқашан уақыт қажет екенін білеміз. Мұның бәрі саяси цикл мен экономиканың қажеттіліктеріне байланысты. Идеал әлемдегі Орталық банк тұрғысынан қарасақ, фискалдық және мемлекеттік органдар келісіммен жұмыс істеуі керек. Бұл ретте мемлекет ұзақмерзімді мәселелерге – құрылымдық реформалар мен инфрақұрылымды инвестициялауға назар аударуға тиіс», – деп есептейді Швейцария Ұлттық банкінің Басқарма мүшесі Аттилио Занетти.

Панельдік сессияларда Орталық банк басшылары ақша-кредит саясатын жетілдіруде қандай құралдар мен инновациялар маңызды екеніне қатысты өз көзқарасын ортаға салды. Сондай-ақ, реттеушілердің қызметіндегі коммуникация стратегиялары мен рөліне ерекше назар аударылды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға