1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылдың шілде айындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

  1. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

2022 жылғы 26 шілдеде Ұлттық Банк қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің балансын ескере отырып, базалық мөлшерлемені +/- 1,00 п.т. пайыздық аралықта жылдық 14,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме – TONIA индикаторы[1] 2022 жылдың шілде айында пайыздық дәліз ішінде қалыптасты (1-график). Осы шілдедегі TONIA орташа алынған мәні жылдық 13,1% болды (2022 жылғы маусымда – 13,6%).

 

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2022 жылғы шілденің соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 3,3 трлн теңге болды.

Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 801,2 млрд теңге, Ұлттық Банктегі банктік депозиттер – 500,7 млрд теңге болды. Тікелей репо операциялары арқылы өтімділікті алу бойынша операциялар көлемі 255,1 млрд теңге болды.

2022 жылғы шілденің соңында айналымдағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 0,4%-ға азайып, 1 788,2 млрд теңгені құрады.

2022 жылғы шілдеде жалпы сомасы 1454,52 млрд теңгеге Ұлттық Банктің ноттары бойынша 4 аукцион өткізілді, орналастырудың барлық көлемі 1 айлық ноттарға (орташа алынған кірістілік – 13,99%) келді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2022 жылғы шілдеде 1 481,4 млрд теңге болды.

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары

2022 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 548,1 млрд теңгеге өтеуге дейін 1 жылдан 5 жылға дейін мерзімі бар ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. Олардың кірістілік көрсеткіші жылдық 13,70-14,50% болды.

2022 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналымдағы бағалы қағаздарының көлемі 11 981,4 млрд теңгеге[2]  дейін 2,5%-ға өсті.

2022 жылғы шілдеде тәуекелсіз кірістілік қисығы[3] «дөңес» пішінді сақтайды. Атап айтқанда, 1 жылға дейінгі мерзім аралығындағы кірістілік алдыңғы кезеңге қарағанда жоғары болды, алайда мерзімі 1 жылдан асатын кірістіліктің биылғы маусымға қарағанда төмендегені байқалады.

  1. Валюта нарығы

2022 жылғы шілдеде теңгенің биржалық бағамы 1 АҚШ доллары үшін 464,39 – 484,62 теңге аралығында өзгерді. Шілденің соңында ол бір айда 1,5%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 477,07 теңге болды. 

Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 10,2 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,4 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 7,9 млрд АҚШ доллары болды. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 84,3% немесе 6,6 млрд АҚШ долларын құрады (2022 жылғы маусымда – 81,8% немесе 8,2 млрд АҚШ доллары), бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысы арақатынасына әсер етпейді.

2022 жылғы шілдеде халық нетто-негізде 125,4 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Алдыңғы аймен салыстырғанда, бұл шығыстар 37,1%-ға ұлғайды (2022 жылғы маусымда – 91,5 млрд теңге), 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда (266,2 млрд теңге), нетто-сатып алу көлемі 2,1 есе төмендеді. Шығыстардың негізгі көлемі 65,5% немесе 82,2 млрд теңге – АҚШ долларын, 5,3% немесе 6,7 млрд теңге – Ресей рублін, 28,9% немесе 36,2 млрд теңге – еуроны сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрлеріне қарай бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 1,9 есе өсті (төмендеу 2,0 есе ж/ж), Ресей рублін сатып алуға арналған шығыстар 2,2 есе төмендеп (төмендеу 9,9 есе ж/ж), еуроны сатып алуға арналған шығыстар 8,0%-ға өсті (өсу 12,3% ж/ж).

  1. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

2022 жылғы шілдеде Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері, алдын ала деректер бойынша, 2,6%-ға өсіп, 32,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Алтын-валюта резервтері ЕДБ-ның Ұлттық Банктегі корреспонденттік шоттары көлемінің ұлғаюы есебінен өсті. Резервтердің ішінара өсуі алтын бағасының унциясы үшін 1814 доллардан 1759 долларға дейін төмендеуімен реттелді.

2022 жылғы шілденің соңында Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (53,3 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, елдің жалпы халықаралық резервтері
86,1 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақша базасы 2022 жылғы шілдеде 8,3%-ға кеңейіп, 11 579,1 млрд теңгені құрады (жыл басынан бастап – 5,7%). Тар ақша базасы, яғни, екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 7 574,1 млрд теңгеге дейін 6,7%-ға (жыл басынан бастап 9,1%-ға) кеңейді.

2022 жылғы шілдеде ақша массасы 3,2%-ға ұлғайып, 31 396,3 млрд теңге болды (жылдың басынан бері – 4,3%), айналымдағы қолма-қол ақша 3 344,6 млрд теңгеге дейін 2,6%-ға ұлғайды (жыл басынан бастап 11,6%-ға өсті).

  1. Депозит нарығы

Депозиттік ұйымдардағы резиденттерге тиесілі салымдардың көлемі бір айда 3,3%-ға ұлғайып (жылдық мәнде өсу 11,3% болды), 2022 жылғы шілденің соңында 28 051,7 млрд теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиті бір айда 14 460,9 млрд теңгеге дейін 4,8%-ға ұлғайды, жеке тұлғалардың депозиті 13 590,8 млрд теңгеге дейін 1,7%-ға өсті. 

Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 18 132,4 млрд теңгеге дейін 3,1%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттердің көлемі – 9 919,3 млрд теңгеге дейін 3,5%-ға өсті. Долларландыру деңгейі 2022 жылғы шілденің соңында 35,4% (2021 жылғы желтоқсанда – 36,0%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2022 жылғы шілдеде 9 051,8 млрд теңгеге дейін 3,9%-ға өсті, шетел валютасындағы депозиттер – 5 409,0 млрд теңгеге дейін 6,4%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінің 37,4%-ы) артты.

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 9 080,6 млрд теңгеге дейін 2,4%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер 4 510,2 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға (жеке тұлғалар депозиттерінің 33,2%-ы) артты.

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 4,0%-ға ұлғайып, 18 956,0 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 12 592,3 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар 6 363,7 млрд теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы шілдеде 12,3% (2021 жылғы шілдеде – 7,3%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 11,8% (8,5%) болды.

  1. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 1,6%-ға ұлғайып, 2022 жылғы шілденің соңында 20 362,1 млрд теңгені құрады (жылдық мәнде өсу 27,1% болды). Заңды тұлғалардың кредиттік портфелі бір ай ішінде 7 981,1 млрд теңгеге дейін 1,2%-ға төмендеді (негізінен шетел валютасындағы кредиттердің қысқаруына байланысты), жеке тұлғалардың кредиттік портфелі 12 381,1 млрд теңгеге дейін 3,4%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі бір айда 18 624,3 млрд теңгеге дейін 2,1%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 0,6%-ға төмендеді, жеке тұлғаларға кредиттер  3,5%-ға өсті. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 737,8 млрд теңгеге дейін 3,7%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 3,5%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер 27,3%-ға төмендеді. 2022 жылғы шілденің соңында теңгемен кредиттердің үлес салмағы 91,5% (2021 жылғы желтоқсанда – 89,7%) болды.

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 16 993,0 млрд теңгеге дейін 2,4%-ға ұлғайды, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 3 369,2 млрд теңгеге дейін 2,4%-ға азайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2022 жылғы шілдеде шетел валютасындағы кредиттердің қысқаруы есебінен (корпоративтік сектор кредиттерінің жалпы көлемінің 51,5%-ы) 3 994,8 млрд теңгеге дейін 4,2%-ға төмендеді.

2022 жылғы шілдеде банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 16,1% (2021 жылғы шілдеде – 11,6%), жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша – 16,3% (18,2%) болды.

  1. Төлем жүйелері

2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударымдары жүйелері, төлем карточка жүйелері жұмыс істейді.

2022 жылғы шілдеде Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 65,4 трлн теңгеге 5,4 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы маусыммен салыстырғанда, саны жағынан 3,7%-ға, сомасы тұрғысынан – 3,2%-ға ұлғайғаны байқалады). Орташа алғанда, бір күнде көрсетілген төлем жүйелері арқылы 3,3 трлн теңгеге 267,6 мың транзакция жүргізілді.

2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, 19 банк пен «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 61,5 млн бірлік болды. Оның ішінде 2022 жылғы шілдеде төлем карточкаларының 50,0%-ы (30,7 млн төлем карточкасы) қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылды.

Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, 2022 жылғы шілдеде 11,0 трлн теңгеге 782,5 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы маусыммен салыстырғанда, транзакциялар саны 1,8%-ға, сомасы – 2,3%-ға ұлғайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкалары пайдаланылған операциялардың саны бойынша қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 97,2% (760,6 млн транзакция) болды. Осы кезеңдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің үлесі 83,2% (9,2 трлн теңге) болды. 

2022 жылғы шілдеде халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 95,1 млрд теңгеге 0,28 млн аударым болды. 2022 жылғы маусыммен салыстырғанда, ақша аударымдарының көлемі 19,7%-ға азайды. Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілген аударымдардың жалпы көлемі ішінен транзакциялардың жалпы санының 73,5%-ы (0,21 млн транзакция) және жалпы сомасының 91,2%-ы (86,7 млрд теңге) жіберілді. Қазақстан бойынша ақша аударым жүйелері арқылы жалпы санының 26,5%-ы (0,07 млн транзакция) және жалпы сомасының 8,8%-ы (8,4 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аударым жүйелері арқылы 88,2 млрд теңгеге 0,17 млн транзакция алынды.

  1. Зейнетақы жүйесі

2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2022 жылғы шілдеде 279,9 млрд теңгеге немесе 2,1%-ға ұлғайып, 13 664,4 млрд теңге болды.

2022 жылғы шілдеде зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 2022 жылғы 1 тамызда 7 412,5  млрд теңгеге дейін 165,9 млрд теңгеге ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескергенде) 2022 жылғы 1 тамызда 10,9 млн шот болды.

2022 жылғы шілдеде зейнетақы төлемдерінің сомасы 26,0 млрд теңгені құрады.

2022 жылғы 1 тамызда БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше, зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 43,9%-ы және 21,3%-ы) алады.

  1. II тоқсандағы кәсіпорындар мониторингі

Кәсіпорындар мониторингінің нәтижесі бойынша, дайын өнім өндіру көлемінің ұлғаюына, дайын өнім бағасының өсуіне, сатудың орташа рентабельділігінің өсуіне, сондай-ақ активтер мен айналым қаражатының айналымдылығын жеделдетуге байланысты нақты сектордағы экономикалық белсенділіктің оң динамикасы байқалады.

Кәсіпорындардың өндірістік қуат жүктемесі ұлғайып, жүктеудің орташа алынған деңгейі 53,7% болды (2022 жылғы I тоқсанда – 52,7%).

Дайын өнім өндірісінің көлемі ұлғайды. Диффузиялық индекс (бұдан әрі – ДИ) 47,0-ден 53,7-ге дейін өсу аймағына өтті.

Кәсіпорындардың дайын өнімдеріне сұраныс біршама баяулады. ДИ 52,7-ден 51,3-ке дейін өзгерді. 2022 жылғы III тоқсанда кәсіпорындардың болжамы бойынша сұраныстың қалпына келу процесі бұрынғы қалпында сақталады.

Жалпы экономика бойынша кәсіпорындардың дайын өніміне бағаның өсу қарқыны жеделдеп, ДИ 66,0 болды. 2022 жылғы III тоқсанда кәсіпорындар шикізат пен материалдардың және тиісінше дайын өнім бағасының өсу қарқыны баяулайды деп  күтеді.

2022 жылдың II тоқсанында сұралған кәсіпорындардың 16,2%-ы кредит алу үшін банкке өтініш беріп, кәсіпорындардың 15,2%-ы кредит алды (немесе алуға өтініш бергендердің 93,9%-ы). Кәсіпорындардың басым көпшілігі (82,5%) айналым қаражатын қаржыландыруға кредит тартып отырды (материалдар, шикізат, жартылай дайын өнімдер және т.б. сатып алу).

Қазақстан экономикасының жай-күйі кәсіпорындардың 38,9%-ы үшін бизнесті жүргізуге әлі де негізгі кедергі болып отыр. Басқа кедергілер: нарықтық бәсекелестік (28,0%), салық ауыртпалығының деңгейі (23,3%), сатып алушыларды іздеу (23,0%), білікті кадрлардың жетіспеушілігі (21,6%), дебиторлық берешекті қайтарудағы күрделілік (12,9%), ал маңыздылығы жағынан қаржыландыруға қолжетімділік 8-орында (12,5%).

Кәсіпорындардың сауалнамаларын жиынтық бағалауды білдіретін композиттік озыңқы индикатор (КОИ) өткен тоқсанмен салыстырғанда, бұрынғы 100,4 деңгейінде сақталды. 2022 жылдың III тоқсанында экономикалық белсенділіктің өсу қарқыны баяулайды деп күтіледі (күту бойынша КОИ 100,0 болды). 

 

[1] Ең төменгі және ең жоғары кірістілігі бар мәмілелердің 5%-ын қысқарта отырып, МБҚ қоржынының бағалы қағаздармен бір күндік репо операциялары кірістілігінің орташа алынған мәні

[2] Теңгемен айналыстағы МБҚ (шетел валютасындағы МБҚ есепке алмағанда)

[3] Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға