1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№26 баспасөз релизі. 2021 жылдың қазан айындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

  1. Инфляция және инфляциялық күтулер

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылдың қазан айында инфляция
0,7% (2020 жылғы қазанда – 0,6%) болды.

Жылдық инфляция 8,9% (2020 жылғы желтоқсанда – 7,5%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 11,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 7,8%-ға, ақылы қызметтер – 6,9%-ға өсті.

2021 жылдың қазан айында халық арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша, бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 10,3% болды.

  1. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 2021 жылдың қазан айында, алдын ала деректер бойынша, 0,8%-ға (жылдың басынан бастап 0,5%-ға өсті) ұлғайып, 35,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Резервтердің өсуі негізінен бағалы металл бағасының көтерілуі және басым құқықты іске асыруда алтын сатып алу аясында алтын портфелі есебінен болды. Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер көбіне ЕДБ корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың азаюы есебінен төмендеді.

Алдын ала деректер бойынша, елдің жалпы халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (55,1 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, 2021 жылғы қазанның соңында 90,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақша базасы 2021 жылғы қазанда 2,7%-ға тарылып, 10 402,1 млрд теңгені құрады (жыл басынан бастап 6,4%-ға кеңейді). Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 1,1%-ға 5 878,2 млрд теңгеге дейін кеңейді (жыл басынан бастап – 15,5%-ға кеңейді).

2021 жылғы қазанда ақша массасы 0,6%-ға ұлғайып, 29 024,8 млрд теңге болды (жыл басынан бастап 16,5%-ға өсті), айналымдағы қолма-қол ақша 3 013,6 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға ұлғайды (жыл басынан бастап 6,6%-ға өсті).

  1. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банк 2021 жылдың 25 қазанында базалық мөлшерлемені +/- 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,75%-ға дейін 0,25 п.т. көтеру туралы шешім қабылдады.

Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы[1] 2021 жылғы қазанда пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. 2021 жылғы қазанда TONIA орташа алынған мәні жылдық 9,1% болды (2021 жылғы қыркүйекте – 9,0%).

Ақша-кредит саясатының құралдары

2021 жылғы қазанның соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 5,2 трлн теңге болды.

Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі 82,8 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 246,5 млрд теңге болды. Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 2 045,8 млрд теңге болды.

Айналымдағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 7,1%-ға ұлғайып, 2021 жылғы қазанның соңында 2 936,9 млрд теңге болды.

2021 жылғы қазанда жалпы сомасы 1 864,3 млрд теңгеге 6 аукцион өткізілді, оның ішінде 1 603,3 млрд теңгеге – 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 9,47%), 212,2 млрд теңгеге – 3 айлық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,59%), 48,8 млрд теңгеге – жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,70%) өткізілді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2021 жылғы қазанда 1 689,4 млрд теңге болды.

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 2021 жылғы қазанда 198,1 млрд теңгеге орта мерзімді (МЕОКАМ) және ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. 2021 жылғы қазанда барлығы 13 облигация шығарылымы орналастырылды, онда 2 жылдан 15 жылға дейін өтеу мерзімі бар мемлекеттік бағалы қағаздар орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 10,16%-дан 10, 82%-ға дейін болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналымдағы бағалы қағаздарының көлемі 2021 жылғы қазанда 1,9%-ға өсіп, 10 539,5 млрд теңге[2] болды.

Биылғы қазанның соңында тәуекелсіз кірістілік қисығы[3] базалық мөлшерлеменің көтерілуі аясында алдыңғы айдың соңына қатысты 3 жылға дейін қысқа мерзімді кезеңде жоғарылады.

  1. Валюта нарығы

2021 жылғы қазанда теңгенің биржалық бағамы бір АҚШ доллары үшін 424,55 – 427,59 теңге аралығында өзгерді. 2021 жылғы қазанның соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 0,3%-ға аздап әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 427,15 теңге болды.

Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 11,9 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,7 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 9,2 млрд АҚШ доллары болды. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 74,6% немесе 6,8 млрд АҚШ долларын құрады (2021 жылғы қыркүйекте – 70,6% немесе 6,9 млрд АҚШ доллары), бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысы арақатынасына әсер етпейді.

2021 жылғы қазанда халық нетто-негізде 294,5 млрд теңгеге балама боларлық сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Алдыңғы аймен салыстырғанда бұл шығыстар 2,6%-ға төмендеді (2021 жылғы қыркүйекте – 302,5 млрд теңге), 2020 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда (272,4 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 8,1%-ға ұлғайды. Шығыстың негізгі көлемі 64,0% немесе 188,4 млрд теңге – АҚШ долларын, 24,5% немесе 72,2 млрд теңге – Ресей рублін, 11,5% немесе 33,8 млрд теңге – еуроны сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде, бір айда АҚШ долларын сатып алу шығысы 4,6%-ға төмендеді (өсу 6,3% ж/ж), Ресей рублін сатып алу шығысы – 8,5%-ға ұлғайды (өсу 7,0% ж/ж) және еуроны сатып алу шығысы – 9,9%-ға төмендеді (өсу 23,8% ж/ж).

  1. Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 0,6%-ға ұлғайып (жылдық мәнде өсу 18,6% болды), 2021 жылғы қазанның соңында 26 011,3 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 13 549,5 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға артты, жеке тұлғалардың депозиттері 12 461,7 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 16 755,1 млрд теңгеге дейін 1,6%-ға ұлғайды, шетел валютасында 9 256,1 млрд теңгеге дейін 1,2%-ға азайды. Долларландыру деңгейі 2021 жылғы қазанның соңында 35,6% (2020 жылғы желтоқсанда – 37,3%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылғы қазанда 8 515,9 млрд теңгеге дейін 1,8%-ға өсті, шетел валютасында – 5 033,7 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінің 37,2%-ы) төмендеді.

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 239,2 млрд теңгеге дейін 1,3%-ға өсті, шетел валютасында 4 222,5 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға төмендеді (жеке тұлғалар депозиттерінің 33,9%-ы).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 2,3%-ға ұлғайып, 18 166,4 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 11 888,2 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар – 6 278,2 млрд теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2021 жылғы қазанда 7,5% (2020 жылғы қазанда – 7,0%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,4% (9,5%) болды.

  1. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 1,4%-ға ұлғайып (жылдық мәнде өсу 19,1% болды), 2021 жылғы қазанның соңында 17 201,8 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғаларға кредиттер көлемі бір айда 7 270,8 млрд теңгеге дейін 1,4%-ға төмендеді, жеке тұлғаларға – 9 931,0 млрд теңгеге дейін 3,5%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 15 410,7 млрд теңгеге дейін 2,5%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 0,8%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер – 3,5%-ға өсті. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 791,1 млрд теңгеге дейін 7,4%-ға төмендеді. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 7,4%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер – 6,7%-ға азайды. 2021 жылғы қазанның соңында теңгемен кредиттердің үлес салмағы 89,6% (2020 жылғы желтоқсанда – 87,0%) болды. 

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 14 846,2 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға, қысқа мерзімді кредиттер көлемі – 2 355,6 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2021 жылғы қазанда 3 258,1 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға ұлғайды (корпоративтік сектор кредиттерінің жалпы көлемінің 44,8%-ы).

Корпоративтік секторды сала бойынша бөлуде банктердің экономикаға берген кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп (корпоративтік сектордың жалпы көлеміндегі үлесі – 32,9%), сауда (22,0%), құрылыс (7,6%) және көлік (5,5%) сияқты салаларға тиесілі.

2021 жылғы қазанда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,0% (2020 жылғы қазанда – 11,8%), жеке тұлғаларға – 18,1% болды (16,9%).

  1. Төлем жүйелері

2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударымдары жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2021 жылғы қазанда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 61,8 трлн теңгеге 5,0 млн транзакция жүргізілді (2021 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда саны жағынан 4,1%-ға, сомасы жағынан – 9,2%-ға азайды). Орташа алғанда бір күнде көрсетілген төлем жүйелері арқылы 2,9 трлн теңгеге 235,9 мың транзакция жүргізілді.

2021 жылғы 1 қарашада 19 банк және «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 57,8 млн бірлік болды. Оның ішінде 2021 жылғы қазанда төлем карточкаларының 51,1%-ы (29,5 млн) қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылды.

Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, 2021 жылғы қазанда 9,3 трлн теңгеге 651,7 млн транзакция жүргізілді (2021 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда транзакциялар саны 4,0%-ға, сомасы – 5,6%-ға ұлғайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкалары пайдаланылған операциялардың саны жағынан қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 96,6% (629,8 млн транзакция) болды. Осы кезеңдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің үлесі 80,6% (7,5 трлн теңге) болды.

2021 жылғы қазанда халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 99,4 млрд теңгеге 0,3 млн аударым болды.
2021 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда, ақша аударымдарының көлемі 2,7%-ға төмендеді. Жөнелтілген аударымдардың жалпы көлемінің ішінен Қазақстаннан тыс жерлерге транзакциялардың жалпы санының 78,1%-ы (0,2 млн транзакция) және транзакциялардың жалпы сомасының 93,2%-ы (92,6 млрд теңге) бағытталды. Қазақстан бойынша ақша аударымдары жүйелері арқылы жалпы санының 21,9%-ы (0,1 млн транзакция) және жалпы сомасының 6,8%-ы (6,8 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы 23,3 млрд теңгеге 0,1 млн транзакция алынды.

  1. Зейнетақы жүйесі

2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2021 жылғы қазанда 144,9 млрд теңгеге немесе 1,1%-ға ұлғайып, 13 233,9 млрд теңге болды.

2021 жылғы қазанда зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 2021 жылғы 1 қарашада 6 766 млрд теңгеге дейін 125,2 млрд теңгеге ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескере отырып) 2021 жылғы 1 қарашада 10,9 млн шот болды.

2021 жылғы қазанда зейнетақы төлемдерінің сомасы 116,9 млрд теңгені құрады.

2021 жылғы 1 қарашада БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 37,4%-ы және 25,2%-ы) алады.

  1. ІІІ тоқсандағы кәсіпорындар мониторингі

Кәсіпорындар мониторингінің нәтижесі бойынша өндірістік қуат жүктемесінің ұлғаюына, дайын өнімге сұраныстың артуына, активтер мен айналым қаражатының айналымдылығын жеделдетуге негізделген нақты сектордағы экономикалық белсенділіктің қалпына келу процесінің жалғасуы байқалады.

Кәсіпорындардың өндірістік қуат жүктемесі ұлғайып, жүктеудің орташа алынған деңгейі 53,9% болды (II тоқсанда – 52,4%). Өндіріс көлемінің өсу қарқыны біршама баяулады, алайда диффузиялық индекс (бұдан әрі – ДИ) бұрынғысынша оң аймақта (53,4) тұр.

Кәсіпорындардың дайын өніміне сұраныс өскені байқалды, индекс 50,3-тен 50,6-ға дейін көтерілді. Сұраныс көрсеткіші қызмет көрсету секторында 49,8-ге дейін ұлғайды, ал тауарлар өндірісі секторында 51,3 болды.

Жалпы экономика бойынша кәсіпорындардың өніміне бағаның өсу қарқыны бұрынғы деңгейде сақталды, ДИ 61,6 болды. 2021 жылғы IV тоқсанда кәсіпорындар дайын өнім бағасының өсу қарқынының баяулауын күтуде.

2021 жылғы III тоқсанда сұралған кәсіпорындардың 17,9%-ы кредит алу үшін банкке өтініш берген, кәсіпорындардың 17,3%-ы кредит алған (немесе кредит алуға өтініш бергендердің 96,6%-ы). Кәсіпорындардың басым көпшілігі (85,1%) айналым қаражатын қаржыландыруға кредит тартты (материалдар, шикізат, жартылай дайын өнімдер және т.б. сатып алу).

Бұрынғысынша, кәсіпорындар Қазақстан экономикасының жай-күйін бизнесті жүргізудегі негізгі кедергі деп санайды. Бұл туралы сұралған кәсіпорындардың 34,9%-ы мәлімдеді. Басқа кедергілер: бәсекелестік (29,3%); салық деңгейі (24,0%); өнімге сұраныс (22,5%); білікті кадрлардың жетіспеушілігі (19,2%). Маңыздылығы жағынан қаржыландыруға қолжетімділік 9-орында (11,0%) орналасқан.

2021 жылдың III тоқсанында сауалнамаларда пандемияның кәсіпорындар қызметіне әсері туралы бір реттік сұрақ енгізілді. Нәтижесінде, кәсіпорындардың 66,1%-ы COVID-19 пандемиясы және оның таралуына байланысты шектеу шаралары олардың қызметіне теріс әсер еткенін мәлімдеді. Бұл ретте кәсіпорындардың 12,9%-ының бизнесі айтарлықтай зардап шеккен, ал респонденттердің 32,0%-ы пандемия олардың қызметіне әсер етпегенін атап өтті.

Нақты сектордағы кәсіпорындар арасында жүргізілген сауалнаманы жиынтық бағалауды білдіретін композиттік озыңқы индикатордың (КОИ) серпіні нақты секторда экономикалық белсенділіктің баяу қалпына келу процесінің жалғасуын көрсетеді, КОИ 100,2-ге дейін аздап ұлғайды. 2021 жылғы IV тоқсанда әлсіз өсу үрдісінің сақталуы күтіледі (күту бойынша КОИ 100,2 болды).

[1] Ең төменгі және ең жоғары кірістілігі бар мәмілелердің 5%-ын қысқарта отырып, МБҚ себетінің бағалы қағаздармен бір күндік репо операциялары кірістілігінің орташа алынған мәні

[2] Теңгемен айналымдағы МБҚ (шетел валютасында МБҚ есепке алмағанда)

[3] Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға