1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Табиғи ресурстардың сарқылу факторына қатысты түсіндірмесі

ҚР ҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің басқарма бастығы Жандос Ыбраевтың табиғи ресурстардың сарқылу факторына қатысты түсіндірмесі

Салық-бюджет және ақша-кредит саясаттарын жүргізуде табиғи ресурстардың сарқылу факторын ескерудің маңыздылығы жоғары. Бұл бірінші кезекте, жаңаланбайтын табиғи ресурстарға бай елдер, соның ішінде Қазақстан үшін қажет. Халықаралық зерттеулер бұған өндіріс пен бәсекеге қабілеттілікке ынталандырудың төмендеуі, сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінің құлдырауы секілді «голланд ауруы» деп аталатын белгілердің тән екендігін атап көрсетеді.

Табиғи ресурстар серпілісінің салдары мемлекеттік шығындардың шамадан тыс артуын тудырады, ал ол өз кезегінде нақты айырбастау бағамының өсуіне алып келеді. Бұл экономиканың, әсіресе жаңаланбайтын ресурстарды сатумен тікелей байланысы жоқ секторлардың құрылымдық өзгерісіне соқтырады. «Голланд ауруының» әсерін жұмсартудың жолы – салық-бюджет саясаты арқылы табиғи ресурстардан түсетін табысты тиімді басқару болып табылады.

Экономикамыздың шикізат тауарлары экспортына басымдық берілген құрылымдық ерекшелігіне орай, мемлекеттік бюджеттің кірістер мен шығыстар динамикасы сыртқы макроэкономикалық жағдайлардың ықпалына бейімделген.

Табиғи ресурстар сарқылған уақытта жиналған қаражат көлемі жеткіліксіз болса, экономика шығындарды дереу шоғырландыру қажеттілігіне тап болуы мүмкін.  Бұл ұзақ мерзімді тұрақты экономикалық өсімге теріс әсер етеді. Олай болса, мұнай секторынан түсетін рента қаржы активтері түрінде шоғырландырылуға тиіс, ал мұнай емес сектордың кірістері біртіндеп таусылатын ресурстар түсімін алмастыруы керек.

Жаңаланбайтын ресурстар өндіру есебінен жиналған қаражатты шамадан тыс жұмсау секілді келеңсіздікті болдырмау үшін оларды өте үнемді және тиімді пайдалану керек.

Мұнай түсімдерінің бөліктерін шоғырландыру кезінде өтімділік  аралығы пайда болады, бұл әсіресе, шикізат тауарларының баға құбылмалылығымен байланысты аяқастынан болатын жағымсыз шоктарға қарсы тұруға септігін тигізеді.

Біздің елімізде мұнай секторынан түсетін қаржыны бөлу және сақтау функцияларын атқару үшін Ұлттық қор құрылған болатын.

Қорда инвестициялық кірістілік әкелетін активтердің жеткілікті көлемінің жинақталуы тіпті мұнай қоры таусылғаннан кейін де мемлекеттік шығындардың деңгейін ұстап тұруға және жиынтық тұтынуды біркелкілендіруге мүмкіндік береді.

Бұл ретте мұнай емес салық базасын кеңейтуге оң ықпал ететін және сәйкесінше, ұзақ мерзімді перспективада алулар көлемін қысқартуға мүмкіндік беретін болашақ ұрпақ қорының қаражатын пайдаланудың тиімділігін ескеру маңызды. Мемлекеттік шығындарды қазіргі және күрделі деп бөлуге болады. Әдеттегідей, күрделі шығындар экономика өнімділігінің артуына үлкен әсер етеді. Сондықтан оларды пайдалану тиімділігін арттыруда бөлінген қаражаттың қай бағытта қолданылатынын және қайта бөлінуін бақылау айтарлықтай маңызды фактор болып табылады.

Өндірілетін ресурстардың шектеулі қоры жағдайында аса қажет болатын фискалдық тәртіпті күшейтудің тетігі - бюджеттік ереже. Сондай-ақ, мұндай ережені енгізу ақша-кредит және салық-бюджет саясатын үйлестіруді күшейтеді және тиісінше тұрақты экономикалық өсімге ықпал ететін болады.

Жоғарыға