1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Валюта нарығындағы 2020 жылдың қорытындылары және өткен жылды сипаттайтын жаһандық оқиғалар туралы

Валюта нарығындағы 2020 жылдың қорытындылары және өткен жылды сипаттайтын жаһандық оқиғалар туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың негізгі тезистері

2020 жылғы негізгі оқиғалар, Covid-19 әсері, мұнай бағалары және ақшалай ынталандыру шаралары

2020 жыл қай қырынан алып қарасаңыз да қиын жыл болды. Сөзсіз, өткен жылға Covid-19 пандемиясы дегенін істетіп тұрды. Қысқа уақытта қаржы мен тауарлар нарығында айтарлықтай құлдырау кезектесіп кетті. Covid-19 географиясы кеңейген ақпан айында және оған қабаттаса, наурыздағы карантин кезінде осы көрініс қатты байқалды. 2020 жылдың 1-тоқсанында мұнай бағасы 65,6% құлдырап, $22,74 дейін арзандап кетті.

Қауіпсіз активтерге деген сұраныс артқан соң, АҚШ долларының курсы нығайып, DXY индексі мамыр айының ортасына дейін 100 көрсеткішінен түспей тұрып алды. Әлемнің дамыған экономикалары 2020 жылдың 2-тоқсанының қорытындысы бойынша ЖІӨ екі мағынада қысқарады деп дабыл қақты.

Әлемдік рецессиямен күресу үшін фискалды, яғни, бюджет пен монетарлық ынталандыру жүргізу үшін бұрын соңды болмаған шаралар қабылданды, соның арқасында жағдай тұрақталды. Акциялар нарығындағы жағдай сәуір айында жағымсыз трендтен ақырындап арыла бастады.
Ал, жыл соңына қарай, жасалып жатқан әртүрлі вакцина тиімді деген ақпарат Covid-19 екінші толқынының қауіпін сейілтті. Егер жыл ортасында экономистер нарық U тәрізбен, яғни, ақырын болса да ұзағырақ қалпына келеді деп болжаса, жыл соңына қарай, әлемдік нарықтың қарқынына сүйенген олар нарық V тәрізді формада, яғни, тез қалпына келеді деген пікірге қарай ойысты. Сөйтіп жыл соңына қарай, мұнай бағасы $51,80 деңгейіне дейін қымбаттады.

Сыртқы нарықтардың ішкі валюта нарығына әсері мен жағдайды тұрақтандыру бойынша Ұлттық Банк қабылдаған шаралар туралы

Іргетасы күрт құлдырап, екі есе шок алған біздің экономикамыз наурыз-сәуір айларында валюталық нарықта біраз қысымға ұшырады. Жалпы, валюталық нарығымыз тек осы екі айда емес, бүкіл жыл бойы сыртқы факторлар тарапынан үнемі қысымға түсіп тұрды. Әлемдік нарықтағы алма-кезек құбылған оқиғалар, мұнайдың арзандағаны, активтерін тәуекелге тігуден қорқып, үрке бастаған инвесторлар ұлттық валютаның қарқынына тікелей әсер етті.

Наурыз және сәуір айларында ұлттық валюта бір АҚШ доллары үшін 448,5 теңгеге дейін құлдыраған соң (жыл басынан бері 17,2% құлдырауы) сыртқы нарықтағы түзетулер фонында шығынының жартысын баяу болса да қалпына келтіре бастады.

Мұнай арзандап, коронавирус инфкциясы таралуын тоқтатпаған соң, ішкі валюталық нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк пен Үкімет кешенді іс-шараларды қолға алды.

Біріншіден, сатылым төмендеген кездегі жекелеген кезеңдерде валюталық нарық дұрыс жұмыс істеу үшін Ұлттық Банк нарықты интервенциялар арқылы қолдап отырды. Бір жылдағы интервенциялар көлемі 1,905 млрд АҚШ долларын құрады. Интервенция ақпан, наурыз, қыркүйек және қазан айларында жасалған болатын. Ең үлкен интервенция нарық күрт құлдыраған наурыз айында жасалды, көлемі - $1488 млн.

Екіншіден, KYC немесе «өз клиентіңді біл» процедураларына сәйкес, валюталық операциялардың ашықтығын тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін ұлттық банктер айырбастау операцияларын алдын ала тексеріп, сатып алған валюталардың заңнамалық мерзім ішінде қаншалықты мақсатты пайдаланылғанын тексерді.

Нарықтағы тараптар бағаны қолдан қымбаттатпау үшін айырбастау пункттерінде сату курсын сатып алу курсынан қатты ауытқымайтындай талап орнады.

Үшіншіден, валюталық нарықтағы ұсыныс пен сұранысты теңестірудің маңызды факторы – ҚР бюджетіне түсетін кепілдендірілген трансферлер үшін валюталық конвертация жүргізу жөніндегі операциялар болды. Осындай конвертациялардың бір жылдағы жалпы көлемі шамамен $9,05 млрд болды.

Квазимемлекеттік сектордағы (КМС) субьектілер валюталық пайдаларын валюталық нарықта сатқанын да айта кеткен жөн. Осы норманың аясында КМС компаниялары жыл бойы шамамен 2,1$ сатты.

Сыртқы және ішкі нарықтағы жағдай тұрақталған кезде теңге бағамы наурыз-сәуір айларындағы құлдырау шегімен салыстырғанда, шамамен 6% нығайып, жыл соңында бір доллар 420,71 теңге болды.

2020 жылдың екінші жартысындағы әлемдік нарықтың жағымды қарқынына қарамастан, дамушы нарықтардың кейбір валюталары жыл бойындағы ерекше факторларды есепке алғанда, біраз құнсыздануды бастан кешірді – Бразилия реалы 29,1%, түрік лирасы 25%, Ресей рублі 19,5% құнсызданды. Теңге бір жыл ішінде 10,0% әлсіреді.

Жалпы алғанда, ұлттық валютаның қарқыны әлемдік нарықтағы іргелі факторлар мен тенденциялардың трендін сипаттап отырды.

2020 жылы Ұлттық Банктің алтынвалюта активтерінің өзгеру динамикасы туралы

Өте ауыр жыл болғанына қарамастан, Ұлттық Банктің алтын валюталық активтері $6,7 млрд-қа немесе төрт есе артып, жыл соңында $35,7 млрд жетті.

Жыл бойы әлемдік нарықтағы тұрақсыз жағдай кезінде біз алтын бағасының рекордтық көрсеткішке жеткеніне куә болдық. Жалпы, 2020 жыл ішінде құнды металл бағасының бір унциясы үшін $1523-дан $1891-ға дейін немесе 24% өсті. Осыған байланысты, алтын валюта қорының құрамындағы алтын портфелі $4,7 млрд артты.

Алтын валюта активтерінің құрамындағы алтынның үлкен үлесі өзін толықтай ақтады, сол арқылы сыртқы факторлар нашарлаған кезде, алтын валюта активтерін толтырып, тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Алтындағы активтер валютадағы активтердің тартымдылығын төмендетпей, сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Алтын портфелінің өсімі алтын валюта активтерін арттырған жалғыз фактор емес еді. Мәселен, Ұлттық Банктегі екінші деңгейлі банктердің валюталық есепшоттары да ұлғайды, шамамен $2,6 млрд.

Оң факторлардың әсерімен $1,4 млрд шамасындағы мемлекеттік қарыз төленіп, валюталық интервенциялар жасауға мүмкіндік туды.

Желтоқсандағы жағдайға жеке тоқталғым келіп отыр: Ұлттық Банктің резервтері $3,2 млрд артты. Қарашығанақ Консорциумынан түскен $1,3 млрд салық өтемақысы мен Азия Даму банкінен алынған 0,9 млрд евро көлеміндегі үкіметтік қарыздың есебінен валюталық түсімдердің арқасында резерв осындай көлемде ұлғайды. Желтоқсан айында алтынның бағасы бір унциясы үшін $1727 дейін қымбаттаған соң, желтоқсан айында алтын портфелі де $1,6 млрд көлеміне жетті.

2020 жылы Ұлттық қор активтерінің жай-күйіне әсер еткен факторлар туралы

Алдын ала болжам бойынша, 2020 жылдың соңында Ұлттық қордың активтері $58,7 млрд болып, жыл басынан бері $3,1 млрд азайды. Активтердің төмендеуіне әсер еткен негізгі себеп – бюджетке алынатын Ұлттық қордың трансферті қорға түсетін түсімнен арта түсті.
Ұлттық Банк 2020 жылы кезекті рет өзінің негізгі миссиясын, яғни, экономика үшін «қауіпсіздік жастығы» рөлін атқарып шықты. Мәселен, коронавирус пандемиясының салдарымен күресу үшін Ұлттық қордан бөлінген кепілді трансферттің көлемі 2,07 трлн теңгеден 4,77 трлн теңгеге дейін көбейді. Ал, сол аралықта, мұнай бағасы құлдыраған соң, жылда Ұлттық қорға түсетін түсім бар-жоғы 1,4 трлн теңгені құрады.

Солай бола тұра, Ұлттық қорды басқарудың нәтижесі бойынша жағымды кіріс нетто-шығындардың көп бөлігін өтеді. 2020 жылдың басындағы коронавирус пандемиясының салдарынан қаржы нарықтарының айтарлықтай құлдырауына қарамастан, Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтерін консервативті түрде бөлуден тең бөлу тәртібіне ауысып, акциялар, корпоративті облигациялар мен дамушы елдердің облигациялары сияқты тәуекелді болса да, кірісті активтердің үлесін арттырды. Алтын портфелін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасты. Өткен жылы ҚР Ұлттық қорына 1 млрд АҚШ долларына тең алтын алынды. Соның нәтижесінде, қордың жинақтаушы портфелінің құрамындағы алтын портфелінің үлесі 4,4% немесе 2,4 млрд АҚШ долларына жетті.

Соның арқасында, Ұлттық қордың жағымды кірісіне қол жетті. Алдын ала алынған мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы Ұлттық қордың активтері бойынша инвестициялық кіріс $4,1 млрд. долларды немесе 7,5% құрады.

Қараша айындағы вакцина туралы жағымды жаңалықтардан кейін, желтоқсан айында әлемдік қаржы нарықтарындағы жағымды тенденциялар күшейе түсті. Желтоқсан айындағы өсімге серпін берген жағымды фактордың бірі АҚШ-тағы 900 млрд доллар көлеміндегі ынталандыру пакеті болды. Ұлыбритания ЕО-пен сауда мәмілесін нақты мақұлдаған соң, Еуропада Euro Stoxx600 көлемі 2,6% артты. Ұлыбританиядағы Covid-19-пен байланысты қатаң шектеулерге қарамастан, FTSE 100 Британ қаржы биржасындағы озық индекс желтоқсан айында 3,3% артты. Желтоқсан айында дамушы елдердің акцияларындағы MCSI World жаһандық индексі 4,3% қымбаттады.

Жалпы алғанда, былтыр нарыққа әсер еткен Covid-19 және саяси белгісіздікке байланысты айтылған жағымсыз болжамдарға қарамастан, әлемдік қаржы индекстері жылды рекордты көрсеткіштермен аяқтады. MCSI World индексінің кірісі 2020 жылы 16,5% құрады.

Жақын болашақта нарықтардың динамикасын анықтайтын негізгі факторлар туралы

Біріншіден, әлемдік экономистердің болжамындағы оптимизмнің басты факторы – вакцина. Көптеген сарапшылар дамушы елдердің экономикасы дамыған елдердің экономикасынан озады деп, капитал ағымы қалпына келіп, АҚШ долларының индексі әлсірей береді деп болжап отыр.

Мысалы, осы жылдың қаңтар айында шыққан Дүниежүзілік банктің жаңарған болжамына сенсек, 2021 жылы әлемдік ЖІӨ өсімі 4,0% болады. АҚШ-тағы 3,5%, Еуроаймақтағы 3,6%, Жапониядағы 2,5% болжамды өсімді есепке алғанда, дамыған экономикалардағы ЖІӨ өсімі 3,3% деңгейінде болады деген болжам бар. Дамушы елдердегі экономикалық өсім шамамен 5% құрайды. Дамушы елдер арасында қалпына келу қарқыны тез елдер арасында Қытай (7,9%) мен Үндістан (5,4%) және Аргентина (4,9%) бар.

Екіншіден, АҚШ Сенатынағы демократтардың жеңісі мен қосымша ынталандыру шаралары қабылданады деген болжам 2021 жылы АҚШ экономикасының өсім қарқының болжамын арттырады. Сонымен қатар, 2022 жылдың соңына дейін АҚШ-тағы ставкалар төмен деңгейінде сақталады деген Федералды резерв жүйенің (ФРЖ) бағасы мен әлемдік экономиканың тез қалпына келуі АҚШ долларының курсы сияқты, белгісіздік кезеңінде сұранысқа ие болатын қауіпсіз активке қысым көрсететін факторлар болады.

Үшіншіден, Сovid-19 дейін мұнай ұсынысы мұнай нарығындағы бағаның драйвері болса, қазір, бірлескен шектеу шараларына байланысты, отынның сұранысын ереже бекітеді. Сондықтан, бүкіл назар коронавируспен байланысты жағдайдың тұрақталуына қарай ауады. Кейбір экономистердің есебіне сенсек, халықтың жүріп-тұруын пандемияға дейінгі деңгейге түсіру үшін әлем халқының 60% вакцина салдыруы керек. Вакцина таралып, қолдану аясы кеңейген кезде, экономистер мұнай сұранысы қалпына келіп, мұнай бағасы тиісінше қымбаттайды деген болжам жасап отыр.

Алайда, мұнай бағасы қашан қалпына келеді дегенге қатысты сарапшылардың пікірі екіге жарылып отыр. Мысалы, Goldman Sachs мұнай бағасы бір барреліне 65 доллар болатын кез 2021 жылдың соңында туады десе, JPMorgan бір баррель мұнай 65 доллардан асатын уақыт 2022 жылдың ортасына қарай келеді деп санайды.

2020 жыл 2007 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейінгі ең ауыр жыл болды. Тұтас нарық 2021 жылы эконика қалпына келе бастайды деген оптимистік болжамдарын абайлап айтып отыр. Жалпы, дамушы нарықтарға қатысты, ішінара, теңгеге қатысты біздің болжам жағымды сипатқа ие. Вакцинацияның кідірісімен, ОПЕК+ іс-қимылдарының келісімі мен Covid-19 жұқтырғандар саны көбейіп жатқанымен байланысты тәуекелдерге қарамастан, дамушы нарықтар өзінің тартымдылығын сақтап отыр.

Жоғарыға