1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қарашадағы валюта нарығындағы жағдай бойынша

АҚШ-тағы сайлаудың нәтижелері жөніндегі белгісіздікке байланысты тәуекелдердің төмендеуі және Covid-19-ға қарсы вакциналардың жетістіктері туралы хабарламалар қарашада оң сыртқы аяны қалыптастырды. Мұнай бағасы өсті. Нарықтардағы жаһандық серпін теңгенің бағамына да әсер етті. ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Ә.М. Молдабекова валюта нарығындағы ахуал жөнінде түсіндірме берді

Қарашада теңге бағамының динамикасына әсер еткен негізгі факторлар туралы

Сыртқы нарықтағы, сол сияқты ішкі нарықтағы жалпы позитивке байланысты қарашада теңге бағамының бірқалыпты нығаюы болды.

Қарашадағы басты жаңалық - бірнеше фармацевтикалық компанияның коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан сәтті өткізуі.

9 қарашада Pfizer және BioNTech компаниялары әзірлеген коронавирусқа қарсы әлеуетті вакцинаның сынақтар кезінде 90%-дан астам тиімділікті көрсеткені туралы хабарламалар пайда болды. Кейінірек, 16 қарашада тиімділігі 94,5% болған Moderna компаниясының вакцинасын сынаудың оң нәтижелері жарияланды. Вакциналарды пайдалану және көмірсутектерге сұранысты қалпына келтіру бойынша күтулер аясында мұнай бағасы қарашаның қорытындысы бойынша бір баррель үшін 37,5 доллардан 47,6 долларға дейін немесе 27%-ға өсті.

Сонымен қатар АҚШ-та өткен президенттік сайлау жаһандық инвесторлардың арасындағы шиеленісті жойып, тәуекелдерді қайта бағалауға себеп болды.

Вакцинаның әзірленуі және сайлау нәтижесі әлемдік нарықтарда оң «сентимент» қалыптастырып, тәуекелді активтерге сұраныстың өсуіне әкелді. Бұл пандемияның екінші толқынына байланысты басталған қор индекстерін түзетуді кері қайтарды. Қарашада акциялар барлық нарықта өсті: тиісінше АҚШ-та S&P500 және Dow Jones индекстері 10,8% және 11,8%-ға, азиялық Nikkei 225 және Hong Kong Hang Seng 15% және 9,3%-ға, ал еуропалық DAX және FTSE100 индекстері 15% және 12,4%-ға өсті.

Мұнай бағасынан және жаһандық нарықтардағы инвесторлардың тәуекел дәрежесінің жалпы артуынан басқа, салық аптасы айдың соңында теңгенің нығаюына қосымша фактор болды. Қараша – салық айы, ал экспорттаушылар салық төлемдері үшін шетел валютасын ірі көлемде сатты.

Барлық осы факторлардың жиынтығы қарашадағы теңгенің серпініне оң әсер етті. Нәтижесінде бір айда теңге 432,64-тен 423,87-ге дейін немесе 2%-ға нығайды.

Дамушы нарық валюталарының динамикасына әсер еткен негізгі оқиғалар мен трендтер туралы

Шынында да, қарашада көптеген дамушы елдердің валюталары позитив негізінде өсті. Бразилия реалы 6,6%-ға, Мексика песосы мен Оңтүстік Африка ранды 4,7%-ға нығайды. Жалпы қозғалыспен бірге кейбір валютаға жергілікті факторлар да әсер етті. Ресейде – бұл рубль 3,7%-ға өскен салық кезеңі. Түркияда Орталық банк пен Қаржы министрлігі басшыларының жұмыстан босатылуы негізгі мөлшерлеменің 15% деңгейіне дейін 4,75 проценттық пунктқа көтерілуі аясында лираның 6,2%-ға нығаюына кедергі болған жоқ.

Желтоқсанның басында бұл үрдіс жалғасып, теңге де қалыс қалған жоқ, желтоқсанның басынан бастап бағам бір доллар үшін 423,87 теңгеден 421,51 теңгеге дейін немесе 0,6%-ға нығайды. Негізгі себеп – мұнай нарығындағы оң серпін. Желтоқсанда мұнай нарығындағы «ралли» ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін ұлғайтудың қалыпты қарқыны туралы уағдаластыққа қол жеткізуіне байланысты жалғасты. 2021 жылғы қаңтардан бастап өндіруді ұлғайту бұған дейін жоспарланған көлемнің төрттен бірі тәулігіне 500 мың баррельді құрайды, бұны әлемдік нарықтар оң қабылдады. 4 желтоқсанда мұнайдың бағасы 2020 жылғы наурыздан бастап алғаш рет бір баррель үшін $49 доллардан асты.

Қараша-желтоқсанда вакцина және мұнай нарығын қалпына келтіру жөніндегі үмітке байланысты аталған оқиғаларды ескере отырып, көптеген экономистер өздерінің болжамдарын қайта қарайды, инвесторлар тәуекелдерді қайта бағалайды. Жалпы алғанда, экономистер 2021 жылдың перспективаларын оң бағалап, әлемдік экономиканы біртіндеп қалпына келтіру сценарийіне сүйенеді.

Goldman Sachs және Bank of America сияқты кейбір халықаралық талдаушылар іргелі факторлардың серпіні жөніндегі күтулерді ескере отырып, дамушы елдердің нарықтары, оның ішінде теңге бойынша да 2021 жылға оң баға беріп отыр. Сонымен бірге пандемияға байланысты тәуекелдер қауіпсіз әрі тиімді вакцина расталғанға дейін және жаппай вакцинацияның мерзімі анық болғанға дейін сақталады.

Ішкі валюта нарығы мен валюталық интервенциядағы жағдай туралы

Қарашада валюта нарығы үшін сыртқы және ішкі факторлар қолайлы болды. Жоғарыда атап өткенімдей, шетел валютасын ұсынудың ұлғаюы экспорттаушылардың салық төлемдеріне маусымдық сатуларымен қамтамасыз етілді. Ұлттық қордан сатулар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің $ 244 млн долларға валюталық түсімді сатуы ұлттық валютаға қосымша қолдау көрсетті.

Бір ай ішінде валюта нарығындағы ахуал іргелі факторлардың әсерін көрсетті. Валюталық интервенциялар жүргізу қажет болған жоқ.

Алтын-валюталық активтерге сыртқы нарықтағы жағдайдың әсер етуі туралы

Алдын ала бағалауға сәйкес, қарашада алтынвалюта активтері $33,6 млрд доллардан $32,5 млрд долларға дейін $1,1 млрд долларға төмендеді.

Резервтер қысқаруының негізгі себебі соңғы 4 жылда алтын бағасының бір унция үшін $1876 доллардан $1772 долларға дейін немесе 5,5%-ға рекордтық құлдырауы болды. Вакциналарды әзірлеудегі жетістіктер, сондай-ақ бүкіл әлемдегі іскерлік белсенділіктің қалпына келуі қорғаныш актив ретінде алтынға сұраныстың құлдырауына әкелді. АВР құрамындағы алтын портфелі қарашада $1,2 млрд долларға төмендеді.

Дегенмен, желтоқсанда алтынның бағасы қалпына келе бастап, бүгінгі күні бір унция үшін $1870 доллар деңгейіне жетті. Өсу себептерінің бірі АҚШ-тағы фискалдық ынталандырудың жаңа топтамасының қарсаңында доллар бағамының әлсіреуі болды.

Резервтердің валюталық бөлігі ЕДБ корреспонденттік шоттарының өсуі есебінен $100 млн долларға өсті.

Ұлттық қордағы активтердің жағдайы туралы

Алдын ала деректер бойынша Ұлттық қордың активтері қарашаның соңында бір айда шамамен $1,7 млрд долларға ұлғайып, $58,0 млрд доллар болды.

Жоғарыда атап өткенімдей, вакциналардың сәтті болуы туралы жаңалықтарды, сондай-ақ әлемдік жетекші компаниялардың тоқсандық есептілігіндегі оң деректерді қаржы нарығының қатысушылары оң қабылдады. Нәтижесінде акциялардың негізгі индекстерінің біршама өсуі байқалды. Мәселен, MSCI жаһандық акциялар индексінің кірістілігі қарашада 12,8% болды.

Нарықтарда байқалған оптимизм аясында Ұлттық қордың инвестициялық кірісі қарашада $2 млрд долларды құрады, оның ішінде $1,6 млрд доллардан астамы акциялар портфелі есебінен болды. Ағымдағы жылдың басынан бастап инвестициялық кіріс шамамен
$3 млрд долларға жетті.

Республикалық бюджетке 230 млрд теңге сомасында кепілдік берілген трансферт бөлу бойынша міндеттемелерді орындау мақсатында қарашада Ұлттық қордың валюталық активтерін шамамен $541 млн доллар сомасына сату жүзеге асырылды. Бұл ретте қарашада Ұлттық қорға валюталық түсімдер $198 млн долларды құрады.

Нарықтағы құбылмалалық жағдайында теңге бағамының динамикасы туралы

Теңгенің серпіні іргелі факторлардың серпінін көрсетеді. Теңге құбылмалылығының артуы 2020 жылғы бұрын-соңды болмаған күтпеген өзгерістер жағдайларында сыртқы нарықтардағы жоғары құбылмалылыққа сәйкес келеді. Мәселен, Vix құбылмалылық индексінің орташа мәні 2019 жылғы 15,4%-дан ағымдағы жылы 30%-ға дейін екі есе өсті. Мұнай бағасының орташа күндік құбылмалылығы 2019 жылғы 2,1%-дан 2020 жылы 4,3%-ға дейін өсті.

Теңгенің құбылмалылығы өзгермелі айырбастау бағамының объективті салдары ретінде бағамның нарықтық түзетілуін қамтамасыз етеді және экономикада теңгерімсіздіктің жинақталуын барынша азайтады. Теңге бағамының әлсіреуінен оны ұстап тұру нақты айырбастау бағамының шамадан тыс нығаюына және тиісінше, отандық экономиканың сауда әріптестері алдындағы бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуға әкеп соғады. Керісінше, ұлттық валютаның нығаюына кедергі нақты айырбастау бағамының шамадан тыс әлсіреуіне және инфляциялық процестердің өсуіне әкеп соғады.

Негізделген құбылмалылық қалыпты жұмыс істейтін валюта нарығының сипаттамасы болып табылады және нарық қатысушыларының тиімді іс-қимылына ықпал етеді. Ұлттық Банк алдағы уақытта да теңгенің орынды құбылмалылығын шектемейді. Интервенциялар қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдерді шектеу және іргелі негізі жоқ айырбастау бағамының тұрақсыздандыратын қысқа мерзімді ауытқуларын реттеу мақсатында ғана жүргізілетін болады.

Жоғарыға