1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Теңгенің біршама әлсіреуі жаһандық нарықтардағы доллардың нығаюына байланысты – Н.Тұрсынханов

Ұлттық Банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың теңгенің айырбастау бағамымен ахуалға қатысты түсіндірмесі

Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы мұнай бағасының айтарлықтай өзгермегеніне қарамастан өткен аптадағы 426,60 деңгейінде жабылумен салыстырғанда 28 қыркүйекте сауда-саттықтың ашылуында 0,38%-ға әлсіреп, 428,20 теңгені құрады. Бұған не себеп?

Жаһандық нарықтардағы доллардың нығаюына байланысты бүгін біз ұлттық валютаның біршама әлсіреуін байқап жатырмыз.

АҚШ долларының индексі коронавирустың екінші рет қайталануына байланысты алаңдаушылықтардың күшеюі аясында, сондай-ақ АҚШ-та алдағы уақытта болатын Президет сайлауына байланысты негізгі әлемдік валюталар қоржынына қарсы нығайып, екі айдағы шарықтау шегіне жетті. ХВҚ өкілдерінің айтуы бойынша коронавирус пандемиясына байланысты дағдарыс күтілгеннен ұзағырақ жалғасады және кейбір елдердің экономикасына өсуге қайта оралу үшін жылдар қажет болады. Еуропада коронавирустың екінші рет қайталануы туралы үрейлену және шектеу шараларын енгізу де долларға қолдау көрсетеді.

Сыртқы нарықтардың қысымын дамушы елдердің валюталары да сезінді. Түрік лирасы бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіштерді жаңартуды жалғастырса, Бразилия реалы мен Мексика песосы жұмада 0,9% әлсіреді, Оңтүстік Африка ранды доллармен салыстырғанда құнын 1,2%-ға жоғалтты. 

Ресей рублі өткен аптада бір доллар үшін сәуірдегі деңгейдің ең жоғары көрсеткіші – 78 рубль белгісінен асып, артта қалушы атанды. Мәскеу биржасындағы сауда-саттық 78,19 деңгейінде жабылып, жұма күні 1,35%-ға төмендегенін көрсетті.

Доллар индексінің өсуі мұнай бағасының төмендеуіне себеп болды. Бейсенбі және жұма күндері сауда-саттықта мұнай бағасын белгілеу әлсіз қалпына келуіне қарамастан, қара алтын бағасының апталық үрдісі теріс аймақта – минус 2,9% болып қалып отыр. Сонымен қатар, мұнайға сұраныстың өсу перспективасы COVID-19 жағдайларының жаңа өсуі және бірқатар елдерде шектеу шараларын енгізу аясында күмәнді болып қалуда. 

Дамушы елдер валюталарының жалпы қозғалысы және мұнайға сұраныстың қалпына келуіне қатысты белгісіздік жағдайында теңге бағамы іргелі сыртқы факторлардың серпініне сәйкес қалыптасады.

Жоғарыға