Серверлік жабдықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ҚҰБ-тың интернет-ресурсы 27 сәуір сағат 9:00-ден 28 сәуір сағат 23:00-ке дейін уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін

1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Инфляциялық күтулер бойынша пікіртерімге қатысты түсіндірмесі

ҚР Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты департаментінің макроэкономикалық зерттеулер және болжау басқармасының бастығы Нұрғайша Төреханованың инфляциялық күтулер бойынша пікіртерімге қатысты түсіндірмесі

2020 жылғы тамызда жылдық инфляцияның 7,0%-ға дейін баяулағанын (1-график) хабарлады. Жылдық көрсетуде 10,9%-ға қымбаттаған азық-түлік тауарлары бағасының өсуі инфляцияға негізгі үлес қосуды жалғастыруда. Азық-түлікке жатпайтын және сервистік инфляцияның серпіні қалыпты болып қалуда. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсуі 5,5%, ақылы қызметтер – 3,4% болды.

Соңғы айларда инфляциялық процестер коронавирустық инфекцияның таралуы және кейіннен белгілі бір тауарларға сұраныстың артуы аясында карантин шараларының қолданылу әсерінен қалыптасты. Бұл өз кезегінде тұрақсыз серпінмен сипатталған және жалпы эпидемиологиялық жағдайдың өзгерістерін көрсеткен халықтың инфляциялық күтулеріне әсер етті. 2020 жылғы тамызда халықтың инфляциялық күтулері жылдамдап, 6,9% болды.

Көкөніс пен жеміске, әсіресе алма (тамызда жылдық өсуі 42,4% болды), лимон (24,5%), апельсин (44%), сарымсақ (53,7%) сияқты иммунитетті көтеретін өнімге сұраныстың артқаны байқалды. Ұзақ сақталатын өнім ретінде қарақұмық жармасына сұраныс өсті, ол қарақұмық бағасының 69,5%-ға (ж/ж) өсуіне әсер етті.

Бұл ретте тірі салмақта өндірушілердің және өңдеу өнеркәсібіндегі баға өсуінің жылдық қарқыны тиісінше 1,3%-ға және 5,4%-ға дейін баяулау аясында тамызда ет пен ет өнімдері бағасының өсу қарқыны жылдық көрсетуде 11,3%-ға дейін бәсеңдегенін атап өткен жөн. Жылдық азық-түлік инфляциясына қант дефляциясы тежеуші әсер етуді жалғастыруда (2020 жылғы тамызда – 7,7%-ға төмендеді, ж/ж).

Әлсіз тұтынушылық сұраныс аясында импорттық жеткізілімдер бағасының өсуіне қарамастан, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың көпшілігі бағасының өсу қарқыны дағдарысқа дейінгі деңгейде сақталды. Сонымен қатар, қысқа мерзімді пайдаланылатын тауарлар бағасының өсу қарқынының жеделдеуі байқалады, атап айтқанда жуу және тазалау құралдары 9,4%-ға, оның ішінде сабын – 10,9%-ға, сусабын – 10%-ға, тіс пастасы – 9%-ға қымбаттады. Тауарлардың осы тобына бағаның өсуі карантин кезінде өз қызметін жалғастырған азық-түлік дүкендерінде осы тауарлардың еркін сатылуына байланысты айырбастау бағамының әлсіреуін бағаларға ауыстыру әсерінің орын алуымен байланысты.

Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы нәтижесінде жаз айларында антисептикалық құралдар мен жекелеген дәрілерге (қызуды төмендететін) сұраныс өсті, бұл 2020 жылғы тамызда фармацевтикалық өнім бағасының 8,7%-ға (ж/ж) дейін өсуін жылдамдауына әкелді. Бағаның ең жоғары жылдық өсуі коронавирустық инфекцияны емдеу және алдын-алу үшін қолданылатын дәрі-дәрмектер мен тауарларға тіркелді: антисептиктер 26,1%-ға, корвалол – 22,4%-ға, қызуды төмендететін дәрілер - 14,8%-ға, шприцтер - 8,9%-ға қымбаттады.

Сонымен қатар, шекаралардың жабылуы және халықаралық ұшақпен ұшу санының қысқаруы әуе тасымалы қызметтеріне, туристік қызметтерге, сондай-ақ басқа да қызмет түрлеріне (фитнес-орталықтар, химиялық тазалау, сұлулық салондары қызметтері) бағаның төмендеуіне әкелді. Осы тауарлар мен қызметтерге баяулаған сұраныстың нәтижесінде бағалар әлсіз өсуді немесе төмендеуді көрсетті (2-график).

Жоғарыға