Серверлік жабдықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты 19 мамыр күні сағат 10-нан 11-ге дейін ҚҰБ-тың интернет-ресурсы уақытша ажырауы мүмкін

1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Жекелеген салаларда төлем карточкаларын пайдалана отырып қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін банктік комиссияны төмендету туралы

Өзгерістер 2020 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енеді және маңызды әлеуметтік мәні бар мынадай экономиканың жекелеген салаларын қозғайды: білім беру, медициналық қызметтер, дәріханалар, тұрақ орындарына, ақылы жолдарға ақы төлеу, ауыл шаруашылығы сервистері, жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелер. Елде төтенше жағдайдың енгізілу, коронавирус пандемиясының таралу жағдайларында осы салаларға қолдау көрсету уақтылы және маңызды болып табылады.

Қазақстан Ұлттық Банкі осы өзгерістерді қабылдау үшін халықаралық төлем жүйелерімен және екінші деңгейдегі банктермен қажетті жұмыс жүргізді.

Бірлескен жұмыстың, талдау мен талқылаулардың нәтижесі бойынша жаңа сегменттер айқындалды, 2020 жылғы 1 мамырдан бастап Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелері банкаралық комиссияның мөлшерлемесін қазақстандық банктер үшін 2 есе - 1%-ға дейін, фармацевтика сегментінде – 1,3%-ға дейін төмендетеді.

Сауда комиссиясын төмендету бастамасын төлем карточкалары нарығының негізгі қатысушылары қолдады. Олардың қатарына «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ, «АТФБанк» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Jysan Bank» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ кірді. Аталған екінші деңгейдегі банктерге эквайрингтік қызмет нарығында (төлем карточкасын пайдалан отырып қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету) жиынтығында 96% тиесілі.

Жоғарыда аталған қаржы институттары сауда (эквайрингтік) комиссиясын орташа алғанда 35%-ға (2,3% ағымдағы орташа мәннен транзакция сомасының 1,5%-ы орташа мәніне дейін) төмендетеді.

Сауда комиссиясын төмендету кәсіпкерлер мен азаматтарға банктік комиссия бойынша өз шығыстарын төмендетуге мүмкіндік береді. Банкаралық және сауда комиссиясын төмендету жөніндегі бірлескен шаралардың нәтижесі бизнес субъектілері шығыстарының нақты үнемделуі ретінде жылына 2 млрд теңге деңгейінде болжанады.

Жалпы алғанда, қабылданған шаралар жеке қолма-қол ақшасыз есеп айрысуды одан әрі дамыту үшін жағдайларды елеулі түрде жақсартады және «көлеңкелі экономиканың» көлемі қысқаруына оң әсер етеді. 

Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Е. Біртановтың түсіндірмелері

2019 жылғы қарашадан бастап төлем карточкалары нарығында банкаралық комиссияны оңтайландыру және төмендету үшін Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелерімен келіссөздер жүргіздік. Бұл қолма-қол ақшасыз төлемдерді одан әрі ілгерілету үшін қажет. Нарық бойынша банкаралық комиссияның орташа мөлшері транзакция сомасының 1,7%-ы болады.

Сонымен қатар біз отандық екінші деңгейдегі банктермен жұмыс жүргіздік, өйткені банкаралық комиссияны оңтайландырудан бизнес үшін айтарлықтай нәтижені банктердің тарапынан сауда комиссиясы (эквайрингтік комиссия) төмендетілген жағдайда алуға болады. Бірлескен үлкен жұмыс нәтижесінде біз жекелеген әлеуметтік маңызы бар сегменттерде кәсіпкерлер карточкалық төлемдерге қызмет көрсеткені үшін банктерге төлеген комиссияны төмендетуге қол жеткіздік.

Эквайер банктің сауда комиссиясы карточка ұстаушысының банкіне (эмитент) төленетін банкаралық комиссияны (егер операция әртүрлі банктер арасында жүргізілсе) қамтитынын түсіндіріп өтейін. Бұл төлемдер кейіннен бонус немесе кэшбек түрінде карточка иелерін көтермелеуге берілуі мүмкін. Осылайша, барлық қатысушылардың мүдделерін сақтау үшін оңтайлы нұсқаны табу қажет болды.

2020 жылғы 1 мамырдан бастап, мысалы, медициналық қызметтерге немесе оқуға ақы төлеу кезінде медициналық мекеме немесе білім беру ұйымы банкке бір карточкалық операциядан транзакция сомасының 2,3-3%-ын емес, орта есеппен 1,5%-ын төлейді, бұл 35-50%-ға аз. Жеке тұлғалардан, бұрынғысынша, қолма-қол ақшасыз төлемдер үшін ешқандай комиссия алынбайды.

Кейбір сегменттерде (супермаркеттер, жанармай құю орталықтары, авиатасымалдар, т/ж көлігі қызметтері, тез тамақтану мейрамханалары, автомобильдерді сату, почта және телекоммуникациялық қызметтер, коммуналдық төлемдер, бюджетке төленетін төлемдер) халықаралық төлем жүйелері банкаралық комиссияның 1% немесе одан төмен деңгейде белгіленген мөлшерлемесін қолдануда.

Жаңа шаралар топтамасын енгізудің нәтижесінде банкаралық комиссияның дифференциалды мөлшерлемелері қолданылатын сауда мен қызмет көрсетудің (әлеуметтік, жаппай пайдаланудағы) жеңілдік берілген сегменттерінің жалпы үлесі төлем карточкалары пайдаланыла отырып, қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы айналымының 40%-ынан астамын құрайтын болады.

Жоғарыға