1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазан айына жасалған шолу:  дамушы елдердегі ұлттық валюталардың динамикасына қандай факторлар әсер етті

Дүниежүзіндегі геосаяси ахуалдың ушығуы аясында қазан айында сыртқы нарықтардағы жаһандық тәуекел сентименті үздіксіз төмендеді. АҚШ-тағы тұрақты инфляция болжамды мәндерден жоғары болып, АҚШ ФРЖ тарапынан мөлшерлемелердің одан әрі көтерілетінін күту де жаһандық инвесторлардың «тәуекелге деген тәбетінің» төмендеуіне ықпал етті. DXY АҚШ долларының индексі қазанда 0,5%-ға біршама нығайып, құбылмалы болды.

Бір ай ішінде дамушы елдердегі валюталар бағамының динамикасы төмендегідей қалыптасты:


Ресей рублі қазан айының қорытындысы бойынша 4,7%-ға (97,97-ден 93,4-ке дейін) нығайды. Бұл, ең алдымен, РФ Үкіметінің 2023 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енетін экспорттаушылардың валюталық түсімді міндетті сату нормасын енгізу туралы мәлімдемесіне орай туындады. Нарыққа қатысушылардың болжамына РФ Орталық банкінің негізгі мөлшерлемені 15%-ға дейін 200 базистік тармаққа арттыруы да әсер етті. Экспорттаушы компанияларды салық төлемдеріне дайындау мен энергия бағасының өсуі де маңызды рөл атқарды. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша инфляция ж/ж 6%-ға дейін жеделдеді;

Оңтүстік Африка ранды сауда балансының жақсаруы аясында 1,4%-ға (18,92-ден 18,65-ке дейін) нығайды. Талдаушылардың болжамы бойынша, қыркүйек айының қорытындысына сәйкес сауда балансының профициті 8 млрд ранд деңгейінде күтілді. Бірақ нақты профицит 13,1 млрд ранд болды. Рандтың оң динамикасына бюджет тапшылығының 47,3 млрд рандтан 14,6 млрд рандқа дейін қысқаруы туралы мәліметтер және жыл соңына дейін базалық мөлшерлеменің тағы бір көтерілуінің мүмкін екенін мәлімдеген ОАР орталық банкінің қатаң риторикасы әсер етті.

Бір ай ішінде Бразилия реалы көп құбылғаны байқалды: ай басында валюта 5,17-ге дейін әлсіреді. Содан кейін 4,99-ға дейін нығайды. Қазан айының қорытындысы бойынша реал 0,2%-ға (5,03-тен 5,04-ке дейін) әлсіреді. Бұл, ең алдымен, АҚШ-тағы ұзақмерзімді жоғары пайыздық мөлшерлемелер аясында капиталдың әкетілуіне байланысты болды. Алайда, қыркүйек айының қорытындысы бойынша 8,9 млрд АҚШ долларын құраған Бразилия сауда балансының оң сальдосына байланысты бұл әкетудің әсері қысқамерзімді болды;

үнді рупиясы 0,3%-ға (83,04-тен 83,26-ға дейін) әлсіреді. Шетел валютасына сұраныс орнықты болғанына, капиталдың қомақты көлемде әкетілгеніне және АҚШ доллары индексінің нығайғанына қарамастан үнді рупиясының динамикасы салыстырмалы түрде тұрақты болды. Талдаушылардың пікірінше, Үндістанның орталық банкі рупияның қатты әлсіреуіне жол бермеу үшін тұрақты түрде интервенциялар жүргізіп отырды. Сөйтіп рупия аз көлемде саудаланды.

Индонезия орталық банкінің мөлшерлемені 6%-ға дейін 25 базистік тармаққа көтеру туралы күтпеген шешіміне қарамастан, Индонезия рупиясы 2,7%-ға (15460-тан 15885-ке дейін) әлсіреді. Валютаның әлсіреуіне жаһандық тәуекел сентиментінің нашарлауы және шетелдік капиталдың әкетілуі әсер етті. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша инфляция болжамды мәндерден де жоғары болып, ж/ж 2,28%-ға дейін баяулады.

Монетарлық саясатты қатаңдату түрік лирасының динамикасына шектеулі түрде әсер етіп  келеді. Түркия Орталық банкінің базалық мөлшерлемені 35%-ға дейін 500 базистік тармаққа көтеру туралы кезекті шешіміне қарамастан, қазан айының қорытындысы бойынша лира
3,2%-ға (27,42-ден 28,3-ке дейін) әлсіреді. Бұған қыркүйек айының қорытындысы бойынша 61,53% болған өсіп келе жатқан инфляция ықпал етті;

Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты жаһандық инвесторлардың тәуекел дәрежесінің нашарлауы, АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігіне қысымның жоғарылауы, сондай-ақ Мексиканың оңтүстік жағалауындағы «Отис» дауылы қазан айында Мексика песосының теріс динамикасына ықпал еткен фактор болды. Мексиканың ұлттық валютасы 3,6%-ға (17,42-ден 18,05-ке дейін) әлсіреді. Елдің өндірістік секторындағы іскерлік белсенділік индексі 49,8-ге дейін қысқарды. Қыркүйек айының деректері бойынша инфляция қарқыны орташа болып тұр.


Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға